Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Парижге ресми сапары барысында ықпалды қоғамдық-саяси қайраткер және белгілі публицист Пьер-Люк Сегийонның жетекшілігіндегі шығармашылық ұжым дайындаған француз және ағылшын тілдеріндегі “Қазақстан – Еуразия түпқазығы” деп аталатын жаңа кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды.
Кітаптың француз тіліндегі нұсқасына алғысөзді П.-Л.Сегийон, ал ағылшын тіліндегі нұсқасына Бүкіләлемдік банктің бұрынғы президенті Дж.Вульфенсон жазған.
Кітапта Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік құрылыстың түрлі қырлары көрініс тапса, негізгі екпін республиканың демократиялық дамыған, экономикалық қуатты және халықаралық қоғамдастықтың лайықты да құрметті әріптесі ретінде ырғақты өсу үстіндегі мемлекет екендігіне түсіріледі.
* * *
Пьер-Люк СЕГИЙОН.
Қазақстан әлемнің саяси ортасында сәнді әріптеске айналды. Бұл – Батыс кезінде ресейлік “Байқоңыр” космодромы арқылы білген, бүгінде Шығыстағы да, Батыстағы да барлық ірі астаналардың назарын өзіне аударған бұрынғы кеңестік республика.
Мұндай жаңадан пайда болған қызығушылық екі айшықты себептермен – геостратегиялық орналасуымен (Ресей мен Қытай арасында орын тепкен) және қойнауы толы байлығымен түсіндіріледі. Бірақ Қазақстанның имиджін сыртқа оның табиғи байлықтары ғана көтеріп отырған жоқ. Өйткені, дәл осындай табиғи байлықтары бар басқа елдер Қазақстан секілді нәтижелерге қол жеткізе алмай келеді.
Қазақстанның экономикалық және саяси табысы, түптеп келгенде бірнеше ондаған жылдар бойы жоғары тұрақтылыққа кепілдік беріп келе жатқан елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында мүмкін болып отыр.
Ұлы тарихшы Элен Каррер д Анкос Қазақстан Республикасының ырғақты дамуы мен оның өңірлік держава ретіндегі айтулы рөлі Президенттің тұлғалық қасиетінің арқасында қол жеткізілген елдің байлығы болып табылады деп есептейді. Француз академигі сондай-ақ “Нұрсұлтан Назарбаев өзінің еліне жалпыұлттық танымалдылық әкелді және оның дамуының сабақтастығы мен тұрақтылығына кепілдік берді” деп санайды.
Қазақстан Президенті жиырма жыл бойы табысты жүзеге асырып келе жатқан жобаның мақсаты – қуатты да тәуелсіз мемлекет құру.
Ептілікпен айқындалған ұстаным Қазақстанға дипломатиялық қызметті интенсивті жүргізуге мүмкіндік берді. 1990 жылдардың басынан бастап Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көршілерімен екі жақты келісімдер мен уағдаластықтарға қол жеткізіп, әріптестік қатынастарды дамытуға ұмтылды. Ол сондай-ақ ХВҚ, ЕҚДБ, АДБ, Орталық Азия одағы, АӨСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) сияқты барлық өңірлік және халықаралық ұйымдарға жүйелі түрде қосылу саясатын жүргізді. Қазақстан, сонымен қатар, Шанхай тобының шешуші мүшелерінің бірі болып табылады. Президент стратегиясының мәні сол, халықаралық аренада өзіндік іс-қимыл еркіндігін сақтай отырып, ұйымдардағы өзінің әріптестерінің де еркін қимылдауына жағдай туғызу. Ол Ресей мен Қытайға қатысты ашық саясат жүргізіп келеді. Сонымен бір мезгілде, Құрама Штаттармен де байланыс орнатуға қол жеткізді. Қазақстан басшысы сондай-ақ Еуропа Одағымен, оның ішінде, әсіресе, Франциямен жақсы қарым-қатынасын өрістете түсуде.
Ресей, түркі әлемі, Қытай және Еуропа ынтымақтастығы аясында Қазақстан болашақта бірқатар жанжалдарды: Палестина-Израиль, НАТО мен Ауғанстандағы “Талибан” қозғалысы арасындағы жанжалдарды реттеуде модератор рөлін атқара алады... Оның, ең бастысы, Иран мен халықаралық қоғамдастық арасындағы тайталасты шешуге қатысу мүмкіндігі зор. Өйткені, ол Иранмен дәстүрлі байланыстарды ұстанып келеді. Оның түрлі халықаралық форумдарға қатысуы, тұрақты және дипломатиялық белсенді мемлекет ретіндегі атағы көптеген проблемаларды шешуге жәрдемдесуі тиіс.
Бүгінгі Қазақстан – бұл бұрынғы кеңестік блоктың жетекші елі және ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған мұсылмандары басым тұратын алғашқы ел.
Төрағалығы барысында ол өзін Орталық Азияны дамытудың қозғалтқышы ретінде бекітіп, аймақты Еуропа Одағымен жақындату үдерісін жеделдету ниетінде.
Қазақстанның қазіргі кездегі саяси және дипломатиялық беделі айтарлықтай экономикалық әлеуетімен кепілдендіріліп отыр. Оның орасан энергетикалық әлеуеті мен орасан шикізат қоры – болашақтағы экономикалық қуатының кепілі. Мұнай мен газды пайдалану индустрияландыруды жеделдетеді деп күтілуде. Әзірше ел дамудың барлық қиындықтарын еңсермегенімен, ол әлемдік рынокта жоғары сұранысқа ие сирек кездесетін пайдалы қазбалардың бірнеше түріне ие. Қазақстан бұл саладағы экономикалық әріптестігін Ресеймен, Қытаймен, Құрама Штаттармен және Еуропамен дамытып келеді.
Дипломатиялық қызмет пен экономикалық даму нұсқалы саяси тұрақтылыққа кепілдіксіз мүмкін болмас еді. Бұл соңғы отыз жыл бедерінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев арқылы қамтамасыз етілуде.
* * *
Джеймс ВУЛЬФЕНСОН,
Wolfensohn & Company директорлар кеңесінің төрағасы, Бүкіләлемдік банк тобының президенті (1995-2005 ж.ж.).
Аталған кітапта жазылғанындай, Қазақстан оның халқы лайықты мақтан тұтатын тарихи тұрғыдан өткені бай ел болып табылады. Көне тарихына қарамастан, мемлекет өзінің қазіргі саяси пішінінде жақында құрылған. Тәуелсіздік алған сәтінен бері аз ғана уақыт өткен Қазақстан тұтас бір дәуірге татитын оқиғаларды басынан кешірді. Екі он жылдыққа сыятын кезеңді: Кеңес Одағы ыдырасымен пайда болған мазасыз уақыттардан тамаша экономикалық өсімге жол салған 2000-жылдардан кейінгі аралықты кейде оңай ұмытуға болатын сияқты көрінеді. Және де елдің әлемдік дағдарыс туындатқан жақындағы есеңгіреулерден енді-енді айығып келе жатқаны да жасырын емес. Бірақ Қазақстан барлық жас мемлекеттер секілді көңіл түпкірінде әлі де болса өзін-өзі айқындауға, сөйтіп, өзінің азаматтарының үмітін ақтауға, сондай-ақ кең мағынасында алғанда, өзінің тууынан пайда болған есеңгіреулерді еңсеруге ұмтылып отыр.
Менің Қазақстанда алғаш болған кезім астан-кестеңі шыққан жылдар еді.
1995 жылы мен Бүкіләлемдік банк президенті лауазымына тағайындалдым. Бұл қызмет әуелі маған осы айтарлықтай тартымды елді зерттеуге, ал кейінірек сонда баруыма мүмкіндік берді. Бұл жұмыссыздық деңгейі жоғары, инфляция ауыздықталмаған, нақты табыс құлдыраған, көптеген адамдар Қазақстан экономикасының аяғынан тұру мүмкіндігіне күмәнмен қараған уақыт еді.
Дей тұрғанмен, осындай қиын кезеңнің өзінде елдің әлеуеті зор екені айқын аңғарылатын. Орасан мұнай және минералды ресурстар бүкіл әлемдегі шет ел инвесторлары тарапынан жоғары бағаланды және үкіметті айтарлықтай кіріспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жақсы біліммен қаруланған ел тұрғындары жоғары білікті және бәсекеге қабілетті жұмыс күшіне деген сұранысты толық дерлік көлемде өтей алды.
Қалай дегенмен де, Қазақстанның Еуразия құрлығының кіндігіндегі географиялық орны маңызды рөл атқарғаны анық. Ұлы Жібек жолы уақытындағы сияқты Қазақстан бүгінгі кезде де Қытай, Үндістан, Ресей және қанатын кеңге жайып келе жатқан Еуропа Одағы елдерінің – көптеген ірі әлемдік экономика алыптарының тоғысқан жерінде орын тепкен. Егер болашаққа көз тіксек, табиғат берген тиімді орналасу Қазақстанға айтарлықтай бағалы басымдық болады деп айтудың жөні бар. Бүгінгі күні Еуразия әлемдік өндірістің бар болғаны 60 пайызын иеленіп отыр десек, мұны қазірдің өзінде үлкен табыс деуге болады. Бірақ 30 жылдан соң осы серпінді өңір, қазіргі қарқынына қарағанда, әлемдік өндірістің 75 пайызынан астамына қол жеткізетін секілді.
Аталған ұзақ мерзімді перспективаларды назарға алсақ, бүгінгі Қазақстан еуразиялық интеграцияның ағымдағы үдерістерінен тиімділік алуға қауқарлы мемлекет ретінде көрінеді. Мемлекет қазірдің өзінде қуат көздерімен сауда-саттық саласындағы өңірлік интеграцияның жемісін жеп отыр. Бұған оның мұнайын Ресейдегі, Қытайдағы тұтынушыларымен жалғастырып жатқан мұнай құбырлары дәлел бола алады. Ал мұндай құбырлар Еуропада да жұмыс істеп тұрса, ол бойынша кейбір жобалар қарастыру қарсаңында тұр. Келесі міндет энергетика саласына бағдарланбаған еуразиялық интеграцияны кеңейтуге барып тіреледі. Бүгінгі күні энергетикалық емес саладағы ішкіеуразиялық сауда-саттық жоғары қарқынмен дамып келеді және Азия, ТМД, Еуропа елдері үшін қазір Солтүстік Америкамен сауда-саттыққа қарағанда үлкен маңызға ие.
Қазақстан суперконтиненттің жүрегінде орналасқандықтан, дамушы бағыттарды ұтымды пайдалануға тамаша мүмкіндігі бар. Өркендеген, интеграцияланған жаңа Еуразияны аша отырып, Қазақстан қазіргі заманғы әлемдік экономикалық құрылыстың басымдықтарын пайдалана алады және қолайлы XXІ ғасырға дайындалуға мүмкіндігі жеткілікті.
Ел алдында әлі де болса нақты міндеттер тұр. Қазақстан бұл міндеттерді өзінің аса зор мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін еңсеруі тиіс.
Қазақстан жас мемлекет үшін мақтауға тұрарлықтай табыстарға жетті, Кеңес Одағының қирандыларынан нәтижесі оның тұрғындарының әл-ауқатына оң әсер еткен табыскер және тұрақты мемлекет деңгейіне көтерілді. Оның жолында әлі де кездесетіні күмәнсіз қиындықтарға қарамастан, Қазақстанның болашағы аса жарқын көрінеді. Мен Президент Назарбаев пен барлық қазақстандықтар әлемдік қоғамдастықтың көмегімен және қолдауымен өзінің бай, қауіпсіз және демократиялы Қазақстан құру туралы армандарының жүзеге асқанын өз көздерімен көреді деп шын жүректен үміттенемін және сенемін.