Таяуда Түмен қаласында өткен “Тіл саясаты және мигранттар бейімделуінің әлеуметтік-құқықтық аспектілері: проблемалары, жүзеге асырылуы, перспективалары” атты халықаралық ІІІ ғылыми-практикалық конференция шеңберіндегі дөңгелек үстел мәжілісі шекаралас көрші ел Ресей мен Қазақстанға арналды. “Ресей – Қазақстан: халықтар мен мәдениеттер тоғысында” деп аталған сол мәжілісте “Қазақ тілі ресейлік көп мәдениетті білім интеграциясының құралы” атты баяндама жасаған қазақтың қара қызы Ұлжан Мұсабековаға Ресейдің түкпір-түкпірінен және Қазақстаннан барған ғалымдар тарапынан сұрақтар жаңбырша жауды. Мәскеу Лингвистикалық университетінің қазақ тілі мен мәдениеті орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Есенқызы сұрақтардың барлығына байыппен жауап беріп отырды. Оған сұрақ қойғандардың көпшілігі Ұлжанның тіл үйрету тәжірибесіне қызығушылық білдірген еді. Ал жас ғалым тілдік ортадан алыс, түрлі ұлт өкілдерінен тұратын мәскеулік студенттерге қазақ тілін үйретеді. Осы конференция тұсында оны әңгімеге тартудың сәті түскен.
– Ұлжан Есенқызы, ана тілімізді, мемлекеттік тілді оқып-үйренудің проблемалары өз елімізде жеткілікті болып тұрғанда, тілдік ортасы жоқ Мәскеуде қазақ тілін үйретіп жүргеніңіз құлаққа тосын әрі жағымды естілді.
– Мәскеу Лингвистикалық университетінде студенттер өз ана тілі–орыс тілінен басқа үш тілді меңгеріп шығуы тиіс. Біріншіден, әлемдегі көп қолданылатын ағылшын, француз, неміс, араб тілдерін негізгі пән ретінде алады. Қазақ тілі сирек тілдерге жатады. Сонда да менің тобым оны екінші тіл ретінде оқиды. Ал үшінші тілді студенттердің өздері қалайды. Оқу үдерісінде бірінші тілді үйрену үшін сағат көп бөлінеді. Екінші тілге бөлінген сағат саны бірінші тілден сәл ғана аз. Осының өзі қазақ тіліне қаншалықты мән берілгендігін көрсетеді.
– Мәскеулік орыстардың қазақша тіл сындыруы қалай?
– Менің мәскеулік студенттерімнің қазақ тілін қаншалықты меңгергеніне бір мысал айтсам, жеткілікті болар деп ойлаймын. Өткен жылы Астанада мемлекеттік тілден ұлты қазақ емес студенттер арасында болған байқауға қатысып, төртінші орын алдық. Қазақстандық студенттердің қанша дегенмен тілдік ортасы бар, ал мәскеулік балалар тілдік орта түгіл қазақтың өзін сирек көреді ғой. Осы тұрғыдан алғанда, байқау біздің жұмыс нәтижеміздің жаман еместігін көрсетті. Менің студенттерімнің қазақ тілін оқи бастағанына екі жарым жыл ғана болды.
– Демек, қазақ тілі үйренемін дегенге соншалықты күрделі болмағаны ғой?
–Бастапқы кезде оларға қазақ тілін екінші тіл етіп ұсыну тосын көрінген. Бұл тілді олар ешқашан үйрене алмаймыз деп ойлаған. Өйткені, олар бұрынғы империалистік пиғылмен Қазақстанды шикізаты көп, қазба байлықтары мол ел деп қана біледі. Басқа ақпарат жоқ. Әсіресе, тілдің иесі қазақ халқы туралы ештеңе білмейді екен. Мен алдымен жұмысты тіл үйретуден емес, оларға халқымызды, Қазақстанды таныстырудан бастадым. Насихат ретінде көп жұмыс істедім. Адамның ықыласы аумай, тіл оған бағынбайды. Ал қазіргі жағдайда қазақ тілі оларға не үшін керек? Мәскеуліктер мақсатсыз ештеңеге уақытын кетірмейді. Кез келген тілді үйрену үшін оған ынта-ықылас керек. Ынтаны мүдде оятады. Ал экономикасы қарқындап дамып келе жатқан, халықаралық ұйымдарда беделі мол Қазақстан–Ресейге көрші ел. Ертең маман болған кезде олардың Қазақстанға жолы түсуі әбден мүмкін, бәлкім, біздің елде қызмет істеудің де сәті түсер. Екіншіден, қазақ халқының бай тарихы мен мәдениеті туралы көп әңгімеледім, кітаптар ұсындым. Өзім олармен лингвист емес, тарихшы сияқты жұмыс істедім. Студенттердің біртіндеп қазақ тіліне бетін бұрдым. Қазір олар Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде, қазақ диаспоралары орталықтарында өтіп жататын шараларға қатысқанды ұнатады. Өйткені, қазақ халқының бай дәстүр-салты оларға өте қызықты әрі ұнайды. Жыл сайын дүрілдеп өтетін Наурыз мейрамының өзі неге тұрады! Бір студент машина алғанда мен оған байғазы бердім. Ол таңғалды. Қазақ халқының осындай жақсы дәстүрлерін айтып қана қоймай, оны олардың өмірінде қолдануға тырысамын. Осындай істерім нәтижесін берді. Алғашқы кезде студенттер жаттап алған құттықтауларын қазақ тілінде айтып беріп жүрді. Қазір олар жыл бойы не бітіргендерін, қандай байқауларға қатысқанын, қандай кітаптар оқығанын, жалпы өздерінің ой-пікірін қазақша қайырады.
Олар күнделікті қолданылатын сөздерді жақсы түсінеді. Жақында бір студентім “Махаббат өмірде бар ма?” деген тақырыпқа өзінің ойын екі бетке толтырып жазып әкеліпті. Сосын айтарын мақал-мәтелмен өрнектеп, дәлелдеп сөйлеуге тырысады. Қысқасы, олар өздері көп ізденеді.
– Бұл іс негізі қалай басталды?
– 2003 жылы Қазақстанның Ресейдегі жылы деп аталғаны белгілі. Осы шараның шеңберінде біздің Президентіміздің қолдауымен Мәскеу Лингвистикалық университетінде қазақ тілі және мәдениеті орталығын ашуға келісім болған. Оны жүзеге асыруға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, белгілі лингвист ғалым, орыс тілі және әдебиеті халықаралық ассоциациясының мүшесі Элеонора Сүлейменова көп күш-жігер жұмсады. Ол Мәскеу университетінің ректорына ұсыныспен шығып, осы орталықтың жұмыс істеуіне қол жеткізді. Университетте әлемнің талай тілдері оқытылады. Оның ішінде Кеңес Одағы құрамына кірген республикалардың тілдері де бар. Қазір онда қазақ, қырғыз, армян, әзірбайжан орталықтары құрылды, яғни сол халықтардың тілі де оқытылады. Рас, менің тобымда 9 студент бар. Бұл көп те емес, бірақ аз да емес. Осы тоғыз студентті қазақша сөйлетіп шығарсам, менің жұмысымның жақсы нәтижесі болар еді. Мәскеу лингвистикалық университетінің бекіткен ережесі бойынша осы жастар қазақша сөйлеп, оқу орнын бітіргеннен кейін ғана келесі топты алуға рұқсат етіледі. Мен өзімді Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің оқытушысымын деп санаймын. Ал Мәскеу университетінде келісім-шартпен жұмыс істеп жүрмін.
– Тілдік орта жоқ жерде қазақ тілін оқытудың, үйретудің, ең бастысы оның нәтижесін көрудің қандай ерекше әдістемесі бар?
– Біз онда ағылшын тілінің грамматикасын, терминологиясын (шақ категориялары) қолданамыз. Өйткені, ағылшын тілін үйретудің барлық терминологиялары, әдістемелері жетілдірілген, әбден қалыптасқан. Біз тіл үйреткенде бұрынғыдай тіл ғылымынан емес, тілдің өзінен бастаймыз. Тілді білмеген адамға ол тілдің ғылыми жағының қаншалықты қажеті бар? Қазақтың ұлттық университетінің оқытушысы Ләйла Асқар екеуміз және басқа да авторлар тобымен “Практический курс казахского языка” деген оқу-әдістемелік кешенін жазып шықтық. Бұл оқулық, хрестоматия және мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал болып үш кітаптан тұрады.
“Тіл–құрал” деп Ахмет Байтұрсынов атамыз бекер айтпаған. Тіл болмаса адам қалай күн көреді? Қазақ тілін үйреткенде бірінші өте қажет деген жерде тұтынатын сөздерден, оны сөйлеп үйренуден бастауды бірінші орынға қоямыз. Мұны орыс тілінде “уровень выживания” деп атаймыз. Жүзу білмейтін адамды суға тастап жіберсең, ол тұншығып қалмау үшін жандалбаса жасап, малтымай ма?
– Мемлекеттік тілді қазақстандықтардың тез меңгеруі үшін ең алдымен қандай жұмысты алға қояр едіңіз?
– Тілді үйретуге үш тірек керек. Соның ең біріншісі – оқулық. Оқулық дұрыс болмай жұмыс нәтиже бермейді. Екіншіден, тіл үйрету үшін мотивация, яғни сол тілге қызықтыру керек. Бұл мәселенің шет жағасын жоғарыда айттым. Мәскеуде араб тілін үйренетін студенттерге араб мемлекеттері стипендия төлейді. Қырғыз тілін үйренетіндерге Ресей астанасындағы қырғыз жастарының “Жастар қоры” ұйымы ынталандыру сыйлықтарын беріп тұрады. Әзірбайжан тілінде оқитындарға Г.Алиевтің қоры да сый-сияпатын жасап, студенттерді жыл сайын 2-3 рет Бакуге апарып қыдыртады. Мұның барлығы да жастардың сол тілді үйренуге деген ынтасын арттырады. Біздің Мәскеудегі диаспорамыз қазақ тілін үйреніп жүрген жастарды құшақ жайып қарсы алады, ештеңе бермесе де осындай қонақжай аңқылдаған көңіліміз олардың ықыласын аударып қояды. Үшіншіден, мұғалім кадрларын сапалы дайындау көп жетістікке жеткізеді. Мұғалімнің ізденісі, шығармашылық дәрежесінде жұмыс істеуі сан бұлақтардың өзенге құйғаны секілді тұтаса келіп, қазақ тілінің әдістемесін жетілдіре түседі.
Қазақстанда тіл үйренуге бөлініп жатқан мемлекет қаржысы аз емес. Алайда, жұмысты ұйымдастыру жағы кемшін секілді. Тіл ғылымымен айналысатын ғалымдар мен практиктер күш біріктіруі керек. Бізде олай емес, ғалымдар өз бетінше, тіл үйретіп жүрген мұғалімдер өз алдына жұмыс істейді. Қазақ тілі, жалпы лингвистика төңірегінде өтетін “дөңгелек үстел” мәжілістеріне, ғылыми-теориялық конференцияларға тек ғалымдар шақырылады. Неге қазақ тілі мұғалімдері шақырылмайды? Елде мұндай конференциялар өтіп те жатқан болуы мүмкін, бірақ жүйелі деп айта алмаймын. Оқулықты ғалымдар мен практиктер қосылып жазса, бірін бірі толықтырып, ұтар еді. Мұндай тәжірибе мәскеуліктерде бар. Қазір техникалық мүмкіндіктің шегіне жетіп, дамыған кезі. Кассеталарға жазылған дистанциялық тіл үйрету сабақтарын жасап қойған. Шетелдіктерге арналған “Бастапқы қадам”, “Тіл ұстарту” атты оқулықтар бар. Бірақ олар аздық етеді және олар тілдік орта бар Қазақстандағы тіл үйренушілерге арналған. Негізі оқулық шығаруға мемлекеттік жобалар жасалғаны дұрыс. Оған арнайы тендер жарияланып, қаржы бөлінсе, талантты ғалымдар мен білікті мұғалімдер оқулық жазуға атсалысар еді. Сонда шынайы бәсеке жүзеге асып, таңдау болар еді.
Мәскеудегі кез келген кітапханада, кітап дүкендерінде шетелдіктерге арналған орыс тіліндегі тіл ұстарту оқулықтары, құралдары толып тұрады. Ағылшын, неміс, француз тіліне арналған оқулықтардан, сөздіктерден сөре майысады. Қазақ тілін үйрету мәселесінде біз әлі ондай дәрежеге жеткен жоқпыз. Қазақ тіліндегі сөздіктер де жеткіліксіз. Орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздіктердің сөздік қоры жұтаң, көңіл көншітпейді. Соңғы кезде оқулық жазуға мәскеуліктер де атсалыса бастады. К.Мұсаевтың “Қазақ тілі” деген оқулығы шықты. Бірақ ол аз данамен ғана басылған.
– Сіз ғалым ретінде аударма сөздердің бекітілуіне қалай қарайсыз?
–Бұл туралы пікірталастар жетерлік. Аударма–үлкен өнер, оның тілді дамытуда маңызы күшті. Латын тіліндегі сөздерді аударып қажеті не? Ол басқа тілдерге де сол күйінше енді ғой. Сонымен қатар орыс тіліндегі сөздердің де аудармасы сәтті шығып жүрген жоқ. Қазақы ұғымнан алыс аударма қазақ тіліне кірігіп кете алмайды. Және аударма дегенде, тіл тазалығы еске түседі. Ауызекі тілде сөйлескенде кейде сөздердің жап-жақсы аудармасы бола тұра, оны орысша айтып, тілді шұбарлаймыз. Тілді жасаған халық болғандықтан, алдымен қазақ тілінің тазалығына біз, қазақтар өзіміз жауапты болуымыз керек. Екінші жағынан ғылыми терминдерді аудару міндетті емес.
Тілімізді стилистік, нормативтік жағынан реттеу керек деген пікір тілші ғалымдардың арасында кең тарап отыр. Мен де осы пікірге қосыламын. Оның варианттары көп. Сонда техникалық ғылымдардағы еңбектер қазақ тілінде жазылатын болады. Шынын айтқанда, қазақ тілінің ғылымда қолданылуы әлі мәз емес.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
__________________________________
Суретте: Ұлжан Мұсабекова мәскеулік студенттерімен бірге.