02 Қараша, 2010

Қылмыстық жазаны ізгілендіру – уақыт талабы

983 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Сәкен Абдуллаевпен әңгіме – Сәкен Жүсіпахметұлы, еліміз Пре­зидентінің құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығы республикамызда жүр­гізіліп жатқан сот-құқықтық реформаға жаңа қарқын беретіні сөзсіз. Құқықтардың сотпен қорғалуы туралы конституциялық ережелердің одан әрі жүзеге асырылуы, сотқа дейінгі және сот өндірісін оңайлату, бітім­гершілік процедураларын қолданудың саласын кеңейту сияқты тағы басқа да мәселелер осы Жарлықта айқын көрінеді. Сұхбатымызды соған қатысты әңгімеден бастасақ... – Елбасының бұл Жарлығында мемле­-кет­тің күш құрылымдарын модернизациялау қарастырылған. Себебі, құқық қорғау орган­да­рының қазіргі құрылымы, бірқатар функ­ция­лары мен өкілеттіктері қоғамда қалып­тасқан нарықтық қатынастарға сай емес және олардың қызметі басқару жүйесінің ебе­дей­сіз үлкендігімен, қызметтердің қай­та­ланып, астасуымен сипатталады. Осының бәрі халықтың құқық қорғау органдарына деген сеніміне салқынын тигізеді. Реформаның шешуші мәселелерінің бірі құқық қорғау органдарының құзыретін айқын шектеу және оларды өздеріне сай емес қызметтерден босату, қылмыстық іс­тер­ді тергеу жүйесін оңтайландыру және құ­қық қорғау органдары жұмысының тиім­ді­лі­гін арттыру болып табылады. Мемлекеттің қылмыстық саясатын одан әрі ізгілендіру мәселесі қоғамға үлкен қауіп туғызбайтын қылмыстарды қылмыс­тық сипаттан арылтуға бағытталған. Бас бос­тандығынан айырумен байланысты емес ба­лама жазалардың саласын, сондай-ақ қыл­мыс­тық сот ісін жүргізуде бітімгерлік рәсім­дер­дің саласын кеңейту, оның ішінде медиа­ция институтын дамыту туралы да Жар­лықта айтылған. Сонымен бірге қыл­мыс­тың алдын алу, қылмыстық жазаны өтеген адам­дарды әлеуметтік бейімдеу мен оңал­тудың жүйесін реформалауға да зор ма­ңыз беріл­ген. Сот жүйесі қызметінің тиім­ділігі – сот өндірісін атқару мен оңайлатуға, құқықтар мен заңды мүдделердің жедел де әділ қор­ға­­луына, сотқа дейінгі іс жүргізуде соттың ба­­қылау шегін кеңейтуге, азаматтық-құқық­тық даулардың және оларды шешудің ба­ла­ма тәсілдерін сотқа дейін реттеуге бағытталған. Осы Жарлықта көтерілген мәселелерге байланысты қосарым, қылмыстық істер бойын­ша, оның ішінде аса ауыр емес са­нат­тағы істер бойынша жазаны жеңілдету мә­селесі өте орынды деп есептеймін. Әсі­ре­се, кәмелетке толмағандар мен әйелдерге қатысты мәселе уақыт талабынан туындап отыр. Сотталғандарды түрмеде бірнеше жыл қамақта ұстағанымен, қоғамға келіп жатқан пайда жоқ. Сондықтан Елбасы Жарлығы сол қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру, атап айтқанда, бас бостандығынан айыру сияқты жазаны азайту, оны Қылмыстық кодекстің кейбір баптарынан алып тастау, адамды қоғамнан оқшауламайтын жаза түрлерін кеңінен қолдану мәселесін ұсынып отыр. Конституциялық ережелердің одан әрі жүзеге асырылуына бағытталған бұл шара­-лар бірінші кезекте еліміздің құқық қорғау және сот жүйесі қызметінің тиімділігін арттырумен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының әділ де шынайы қорғалуын қамтамасыз етеді деп ойлаймын. – Соттарға экономика мен жалпы қоғамда болып жатқан өзгерістерді ескере оты­рып, одан әрі мамандандыруды жүргізу уақыт талабы. Еліміздің сот жүйесін сол уақыт талабына сәйкестендіру деген ұғымға қалай жауап берер едіңіз? – Елбасымыз республика судьяларының V съезінде елдегі әділет төрелігіне қол жеткізу Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалардың жемісті болуының бірден бір кепілі екеніне назар аударған болатын. Соңғы жылдары айтулы өзгерістерге толы сот-құқықтық реформасы сот төрелігін жоғары деңгейде жүзеге асы­рудың негізіне айналды. Маман­дандырылған соттар саны артып, алқабилер соты жұмыс істей бастады. Еліміздің сот жүйесі ұйымдық және құқықтық жағынан мейлінше ны­ғайып, судьялардың әлеуметтік мәселелері оң шешімін тапты. Соңғы кездері сот сала­сын­дағы жетістіктердің басты негізі – Қазақстан Республикасы 2010-2020 жыл­дарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы. Соңғы кезде жиі айтылып жүрген ма­ман­дандырылған кеден, салық соттарын құру мәселесі пісіп-жетілген, өз шешімін табуға тиіс мәселе деп білемін. Сонымен бір­ге Алматы, Астана қалаларында құрылып, жұ­мыс істеп жатқан кәмелетке тол­ма­ған­дардың ісін қарайтын ювеналды соттарды облыстарда құру мәселесі жуық арада ше­-ші­леді деп ойлаймын. Сондай-ақ, өрке­ниетті елдерде бітімгершілік рәсімін жүр­гі­зетін медиаторларды қолдану жақсы дамыған. Сот жұмысының ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз ететін осы бір тиім­ді тәсіл бізде де қолданысқа енсе, құба-құп болар еді. – Сіздің Маңғыстау облыстық сотының тізгінін ұстағаныңызға біршама уақыт болды. Осы өңірдегі өз салаларыңызға қатысты жұмыс сапасы туралы не айтар едіңіз? – Жалпы алғанда, облыс соттары судьяларының жұмысына көңілім толады. Бүгінгі таңда Маңғыстау өңірінде барлығы 86 судья, 3 қалалық, 5 аудандық, 4 маман­дандырылған сот жұмыс істейді. Биыл мамандандырылған ауданаралық қылмыс­тық сот құрылды. Олардың барлығы бүгінгі заманның талабына сай материалдық-техникалық жағынан ойдағыдай қамтамасыз етілген. Үстіміздегі жылдары елеулі өзгеріс­тердің бірі – еліміздің үш сатылы сот жүйесі құрылып, облыстық сотта қадағалау алқасы қысқартылып, кассациялық сот алқасының жұмыс істеуі өміршеңдігін көрсетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қылмыстық және азаматтық істерді қарауда алдыңғы жылдармен салыстырғанда, облыс соттары оң нәтижелерге қол жеткізді. Қаралған істердің сапалық көрсеткіштері жөнінен республика бойынша алғашқы орындардан көріне білдік. Атап айтқанда, аза­маттық істер бойынша апелляциялық жә­не қадағалау тәртібімен өзгертілген немесе бұзылған шешімдер мен қаулы­лардың саны күрт азайды. Ал қылмыстық істер бойынша апелляциялық және қадағалау тәртібімен бірінші сатыдағы соттардың бірде бір үкімі бұзылған жоқ. Облыс соттарындағы соңғы үш жылдағы сот төрелігінің атқарылу сапасына қарасақ, статистикалық мәліметтерге сай оның үнемі жақсарып келе жатқанын, жылдан-жылға бұзылған және өзгертілген сот актілерінің кемігенін байқауға болады. Мысал келті­ре­тін болсақ, қылмыстық істер бойынша 2008 жылы қабылданған актілердің 5 үкімі бұзылып, 35 тұлғаға қатысты үкім өзгерсе, 2009 жылы бірде бір үкім бұзылмай, 16 тұл­ғаға қатысты үкім өзгерген. Ал биылғы жыл­дың өткен мерзімінде бір тұлғаға ғана қа­­тысты үкімнің бұзылғанын айтуға болады. – Сот үдерісіндегі қандай про­бле­ма­лар­ды ерекше айтар едіңіз? – Біздің өңір республикамыздың басқа аймақтарына қарағанда, оралмандардың көп шоғырлануымен ерекшеленеді. Тек соңғы он жылдың ішінде ғана жүз мыңға жуық қандасымыз облысымызға орныққан. Осыған байланысты әлеуметтік мәселе­лер­дің күрделене түскені жасырын емес. Сон­дай-ақ, еңбек дауларының көбейгені, жиі-жиі наразылық шеруінің өтуі азаматтық істерді сапалы қарауға кері әсерін тигізері анық. Сондықтан облыс соттары еңбек дау­ла­рына және заңсыз шерулер өткізуге қатысты заң нормаларының бұрмалан­ба­уына, бұл жөнінде сот практикасын дұрыс жолға қоюға айрықша назар аударады. Тағы бір мәселе, Маңғыстау өңірі транс­шекаралы аймаққа жатады. Иран, Ресей, Қарақалпақстан, Әзірбайжан және Түркі­мен­станмен шектесеміз. Мұның өзі өңірі­мізге заңсыз көші-қонның көбеюіне, заңсыз есірткі тасымалының артуына жағдай ту­ғы­зып отыр. Әсіресе, есірткі тасымалына қатысты қылмыстық істер көбейе түсті. Облыстың бірінші саты соттары бойынша ағым­дағы жылдың жеті айында ғана есірт­кі­ге қатысты 46 қылмыстық істің қаралғаны сө­зімізге дәлел бола алады. – Сәкен Жүсіпахметұлы, жаңа бір сөзіңізде облыстық сотта сот төрелігін атқару сапасы арта түсті дедіңіз. Әлбетте, бұрнағы жылдармен салыстыра айттыңыз. Осы бір “сапалық жетістіктің” сыры неде? “Бә­рін де кадр шешеді”, деген ескірмейтін қа­ғидаға да байланысты емес пе? – Сот кадрларын іріктеуге де, судь­-ялардың кәсіби біліктілігі мен моральдық-этикалық келбетінің талап деңгейінде бо­луы­на да баса назар аударамыз. Мәселен, об­лыстық соттың сот әдебі жөніндегі ко­мис­сиясына 2008 жылы заңды және жеке тұлға­лар­дан судьялардың сот әдебін бұзуына бай­ланысты 25 арыз-шағым түссе, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш екі есеге дейін азайды. Келіп түскен арыз-шағымдарда айтылған уәж­дер­дің көпшілігі расталған жоқ. Тәртіпті қатай­тып, талапты күшейткен сайын судьялардың ант бұзуы, заңды бұрмалауы сияқ­ты келеңсіз көріністер біздің облы­сымызда біршама тыйылды деп сеніммен айта аламын. Құқықтық-сот реформасы судья кадрла­рын іріктеу және тағайындау мәселесіне барынша қатаң талап қойып отыр. Осыған байланысты облыстық сотта, аудандық және оған теңестірілген соттарда судьялық қыз­мет­ке үміткерлердің тағылымдамадан өтуіне айрықша көңіл бөлеміз. Жалпы, соңғы кездері атқарылған шаралар азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бос­тан­дықтарының қорғалуын жақсартып, соттың беделін өсіруді, сот органдарына сенімділікті күшейтуді, соттардың рөлі мен әлеуметтік маңыздылығы туралы жұртшылық пікірінің жақсаруын қамтамасыз етті дей аламын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Шарафаддин ӘМІР. Ақтау.