2010 жылғы 30 қазан Астана, Үкімет үйі
Жеңіл дистиляттарды және өнімдерді, керосинді және газойлды әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы
2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімнің 9-бабына және 2009 жылғы 9 маусымдағы Үшінші елдерге қатысты бірыңғай кедендік аумақта тауарлардың сыртқы саудасын қозғайтын шараларды енгізу және қолдану тәртібі туралы келісімнің 8-бабына сәйкес, мұнай өнімдерінің ішкі нарығында күрделі тапшылықты болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Арнайы бензиндерден (КО СЭҚ ТН 2710 11 2100-2710 11 2500) және тұрмыстық пеш отынынан басқа, жеңіл дистилляттарды және өнімдерді (КО СЭҚ ТН 2710 11), керосинді (КО СЭҚ ТН коды 2710 19 2100-2710 19 2500) және газойлды (КО СЭҚ ТН коды 2710 19 4100-2710 19 4900) әкетуге алты ай тыйым салынсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 1-тармағының орындалуы бойынша бақылауды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулының 1-тармағында көрсетілген тыйым салуды енгізу туралы Кеден одағына қатысушы мемлекеттерді, сондай-ақ Кеден одағы комиссиясының Хатшылығын хабардар етсін;
2) Кеден одағы комиссиясының қарауына осы қаулының 1-тармағында көрсетілген шараларды Кеден одағына қатысушы басқа да мемлекеттердің қабылдауы туралы ұсыныс енгізсін;
4. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінің Хатшылығына Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтын Сыртқы сауда қызметін реттеу жөніндегі шаралар туралы күнтізбелік он төрт күн ішінде хабарласын.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік үш күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.