05 Қараша, 2010

Төлемдер тең болуы тиіс емес пе?

397 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының күн тәртібінде Ресей Федерациясымен арадағы қарым-қатынастарды реттейтін заң жобалары талқыға түсті. Жалпы күн тәртібіне қойылған мәселелердің саны бесеу болды. 1996 жылғы 18 қазандағы Қа­зақ­стан Үкіметі мен Ресей Үкі­меті арасындағы темір жол көлігі кә­сіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құ­қықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы рати­фи­ка­ция­лауға қа­тыс­ты заң жобасы алды­мен қа­ралды. Хаттамаға сәйкес елімізге ұзындығы 261 шақырым транзиттік учаскелердің мүлкі және транзитке жатпайтын 314 ша­қырымдық темір жол желісі (барлығы 575 шақырым) бе­ріле­тін болады. Ал көршілерімізге ұзын­дығы 514,4 шақырымды құ­райтын транзиттік темір жол мүл­кі мен транзитке жатпайтын 52 шақы­рымдық темір жол же­лісін (бар­лы­ғы 566,4 шақырым) беру көзделуде. Хаттаманы жү­зеге асыру темір жол тасымалын арзандатып, меншікке берілген нысандардың жағдайын жақ­сар­та­ды. Сонымен қатар, күзет қыз­метін жетілдіруге және темір жол көлігі саласындағы құқықтық қа­ты­настардың тиімділігін арт­ты­ру­ға өз септігін тигізеді деп күті­луде. Осы ретте сенатор Қуаныш Ай­таханов Оңтүстік Қазақстан об­­лы­сы Мақтаарал  ауданына  қа­тынай­тын автожол және темір жол беке­тінің жабылып қалған­дығын мәселе етіп көтерді. Қазір аталған аудан­мен қатынас тек “Дос­тық” көпірі арқылы ғана жү­зеге асып отыр екен. Жол жүз ша­қырымға дейін ұзарған. Осыған орай жауабында Көлік және ком­муникация ми­нистрі Әбілғазы Құ­сайынов бұл мәселе бойынша екі-үш отырыс өт­кендігін, Өзбекстан тарапына ар­найы хаттама жөнел­тілгендігін жет­кізді. Заң жобасы бірауыздан қа­былданды. Келесі қаралған заң жобасы 1998 жылғы 12 қазандағы Қазақ­стан Үкіметі мен Ресей Үкіметі ара­сындағы Қазақстан Республикасы­ның Ресей Федерациясындағы және Ресей Федерациясының Қа­зақ­стан Республикасындағы дип­ло­матиялық өкілдіктері мен консул­дық мекемелерін орналастыру және оларға қызмет көрсету шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы болды. Келісім­нің 2-бабына сәйкес Мәскеу қаласының Чистопрудный буль­варын­дағы Қазақстан Елшілігі қарамағындағы тұрғын жайлар мен жылдық жал төлемі 1 рубльді құрайтын жер учаскесі 49 жылдық жалға беру мерзімімен Қазақстанға берілуге жатады. Сол сияқты Астана қаласында орналасқан Ресей Елшілігі ғимараттары мен жылына 1 теңге жалдық төлеммен резиденция салу үшін қажетті жер телімін 49 жылға жалға беру көз­делген. Сенатор Иран Әміров Ресей тарабы Алматыдағы Бас кон­сулдығы ғимаратына жылдық жалға алу төлемі келісіміне сәйкес 1 теңге төлеп отырғандығын, ал Қазақстан Санкт-Петербург қала­сындағы Бас консулдық ғима­ратына жылына 130 мың доллар, ал Астрахань облысындағы ғимарат үшін жылына 72 мың доллар беріп келе жатқанына қынжылысын білдірді. Оған жауап берген Сырт­қы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев Санкт-Петербург қаласындағы консулдық ғимаратқа төрт жылда 274 мың доллар төленгендігін, жалпы жалға төленген қаржының көлемі 1 миллион 172 мың теңгені құра­ғандығын хабарлады. Қосымша баяндама жасаған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтановтың сөзінен кейін заң жобасы қолдау тауып, қабылданды. Сол сияқты депутаттар Салық салу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заң жобасын екі оқылымда мақұлдады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.