Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі жалпы отырысы жақында Санкт-Петербург қаласында орын алған ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының пленарлық отырысы барысында еңбектері аталып өткен депутаттарға марапаттар табыс етуден басталды.
Депутаттық сауалдар жолданып болғаннан кейін бірқатар құқық саласындағы заңдық құжаттар қорытынды әзірлеу үшін заңнамалық айналымға алынды. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев 11 заң жобасына қорытынды әзірлеу уақытын белгілеуге байланысты қысқаша түсінік бере кетті. Осы ретте Ирак Елекеев “Медиация туралы” заң жобасына қорытынды әзірлеудің қажеті бар ма, деген сауалын ортаға салды. Депутат бірқатар осы тектес заңдардың жұмыс жасамайтындығына қынжылыс білдірді. Әріптесінің сауалына жауап берген комитет төрағасы медиация институты елімізде бірінші рет енгізіліп жатқанын тілге тиек етті. Тіпті оның Орталық Азия бойынша тұңғыш рет енгізіліп отырғанын көлденең тартты. Мұндай институт тараптарды бәтуаға келуге шақырып, жапа шегушіні сотқа жеткізбей, мәселені өзара ымыраға келу арқылы шешуге ықпал ету тетігі болып табылады.
Аталған заң жобасын қолдауға шақырған Айгүл Соловьева онда қоғамның қатысуы қамтылғандығына ерекше назар аударды. Тұтынушылар құқын қорғау, кәсіпкерлерді қолдау және өзге де салалар бойынша қоғамның қатысуын қамтыған заңдық құжаттың жұмыс істемей қалуына қоғамның өзі жол бермейді, деп тұжырымдады сөзін депутат. Медиация деген сөздің қазақ тіліндегі баламасы бар ма деген сұраққа әзірге жауап табыла қоймады. Аудармашылар заң жобасының жақында түскендігін айта отырып, бұл мәселе көп қиындық туғызбайтынын жеткізді.
2006 жылғы 5 мамырдағы Қазақстан Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Экономикалық даму жөніндегі Қазақстан-Америка бағдарламасы бойынша өзара түсіністік меморандумына Қосымша келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы туралы депутаттарға Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов түсінік берді. Өткен төрт жылда бөлінген 40 миллион доллар нендей мақсатқа жұмсалғандығын және алдағы уақытта қарастырылған 13 миллион доллардың жаратылуын сұраған Розақұл Халмұрадовтың сұрағына жауабында вице-министр қаржы оқыту және техникалық көмек беретін жобаларға бағытталғандығын ерекше атап кетті. Және де жетілдіру бойынша көптеген ұйымдастыру, қолдау көрсету жұмыстары атқарылғаны белгілі болды. Кенжеғали Сағадиев АҚШ-тың Қазақстанның БСҰ-ға мүшелікке кіру мәселесіне қиын шарттар қойып, қарсы болып келгендігін мысалға келтірді. Депутат аталған мәселе талқылануы кезінде осы сұрақ қойылды ма деп сұрады. Оған жауабында Марат Әбсеметұлы қазір БСҰ-ға кіру мәселесі әлі де талқылану үстінде екендігін жеткізді. Заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тауып, мақұлданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.