05 Қараша, 2010

Қазақстан “Doіng Busіness 2011” рейтингінде төрт позицияға көтерілді

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүкіләлемдік банктің есебіне сәйкес Қазақстан “Doіng Busіness 2011” рейтингінде төрт позицияға көтеріліп 59-орынға ие болды (2010 жылғы есеп әдістемесі бойынша 63-орын болған). Соңғы екі жыл ішінде Қазақстанның кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай жасауда бірталай жетістіктерге қол жеткізген 10 елдің тізімін бастап келе жатуы ерекше маңызға ие. 2009-2010 жылдары республикада жүргізілген реформалардың саны және нәтижелері бойынша бизнесті жүргізу жағдайы біршама жақсарды. Осы орайда елдің жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне Президент Н.Назарбаевтың бизнеске жасаған зор қолдауының үлкен ық­пал еткенін атап өту қажет. Соңғы жылдары “Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы”, “Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы” және т.б. заңдарға өзгерістер енгізілді, кәсіпорындарды құру үрдісі жеңілдетілді, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін шекті жарғылық капитал көлемі 100 теңгеге (0,70 доллар) дейін төмендетілді. 2009 жылы бірнеше нормативті ережелерді енгізудің арқасында құрылысқа рұқсат алу жеңілдетілді. Кедендік ақпараттың автомат­тандырылған жүйесі және саудаға тартылған жақтардың тәуекелдерін ескеретін жүйе жетіл­дірілді. Сауда үдерістері шеңберінде ресімдеуді қажет ететін бірқатар құжаттар енді элек­тронды түрде тапсырылады, ал кедендік декла­рацияны жүк келгенше тапсыруға болады. Жүргізілген реформалардың нәтижесінде экспорттық өнім жеткізуге жұмсалатын уақыт 8 күнге, ал импорттық сатып алуларға – 9 күнге қысқарды. Елдегі бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар Қазақстанға рейтингтің бизнесті ашу (35 позицияға), салық төлеу (13 позицияға), инвесторларды қорғау (13 позицияға) тәрізді индикаторлары бойынша өз ұстанымдарын жақсартуға мүмкіндік туғызды. Үкімет бизнестің жеңіл жүргізілуін жақсарту жөніндегі жұмысты Бүкіләлемдік банк және USAІD бағдарламасының сарапшыларымен, қазақстандық бизнес-қауымдастықпен өзара тығыз байланыста жүргізуде. Қазіргі уақытта реформалар жалғасуда және олар Бүкіләлемдік банктің 2010 жылға арналған “Doіng Busіness” рейтингі индикаторларын жақсарту жөніндегі кешенді жоспарына сәйкес іске асырылуда. “Егемен-ақпарат”.