06 Қараша, 2010

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы № 652

1332 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
2010 жылғы 18 тамыз, Астана қаласы Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу ережесін және Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыру және еңбекақы төлеу ережесін бекіту туралы “Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысына сәйкес бұйырамын: 1. Мыналар: 1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу ережесі; 2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыру және еңбекақы төлеу ережесі бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегиялық даму департаменті (Б.Т. Төкежанов) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін. 3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаменті (Ф.Б. Бисмильдин) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін. 4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі А.Д. Құрманғалиеваға жүктелсін. 5. Осы бұйрық оны алғаш ресми жариялаған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Министр   Ж.ДОСҚАЛИЕВ. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 18 тамыздағы № 652 бұйрығына 1-қосымша Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу ережесі 1. Жалпы ережелер 1. Осы Ереже денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу тәртібі реттейді. 2. Мамандық бойынша жұмыс өтіліне сол мамандық бойынша ұйымдастырушылық-құқықтық нысандарға қарамастан мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары мен басқа да ұйымдардағы жұмыстың уақыты есептеледі. 3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады: денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға; жұмыс өтілі – қызметкердің еңбек міндеттерін жүзеге асыруға жұмсаған, күнтізбемен есептелген уақыт. 2. Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу тәртібі 4. Дәрігерлік лауазымда жұмыс істейтін қызметкерлердің мамандығы бойынша жұмыс өтіліне жоғары медициналық білімі болған жағдайда дәрігерлік, лауазымдарында, оның ішінде басшылық лауазымдарындағы жұмыс уақыты, сондай-ақ клиникалық практикаға байланысты интернатурада, резидентурада клиникалық ординатурада, аспирантурада, магистратурада, докторантурада оқу, біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан өту уақыты есептеледі. 5. Орта медицина қызметкері лауазымдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің мамандығы бойынша жұмыс өтіліне орта медицина қызметкерлері немесе фармацевтикалық (зертханашылар үшін) лауазымдарындағы, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымдарында басшылық және медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының хатшысы лауазымындағы жұмыс уақыты есептеледі. 6. Провизор лауазымында жұмыс істейтін қызметкерлердің мамандығы бойынша жұмыс өтіліне жоғары фармацевтикалық білімі болған кезде фармацевтикалық қызметкерлері лауазымдарындағы, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымдарында басшылық ету лауазымдарындағы жұмыс уақыты есептеледі. 7. Орта фармацевтика қызметкері лауазымында жұмыс істейтін қызметкерлердің мамандықтары бойынша жұмыс өтіліне орта фармацевтика қызметкері лауазымдарындағы, оның ішінде басшылық лауазымындағы жұмыс уақыты есептеледі. 8. Медициналық емес психолог, зертханашы, энтомолог, зоолог, биолог және басқа да лауазымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің мамандығы бойынша жұмыс өтіліне жоғары оқу орнында алған мамандығы бойынша, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымында басшылық лауазымындағы жұмыс уақыты есептеледі. 9. Кіші медицина қызметкері лауазымында жұмыс істейтін тұлғалардың мамандығы бойынша жұмыс өтіліне барлық денсаулық сақтау ұйымдарындағы, сондай-ақ медициналық ғылыми ұйымдары мен денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарындағы жұмыс уақыты есептеледі. 10. Медицина және фармацевтика қызметкерлері лауазымында жұмыс істейтін адамдардың мамандығы бойынша жұмыс өтіліне осы лауазымдарда жұмыс істеуге арналған медициналық немесе фармацевтикалық білім талап етілетін барлық мекемелердегі, кәсіпорындар мен ұйымдардағы лауазымдар жұмыс уақытына есептеледі, бұл жұмыс істеген мекеменің, кәсіпорынның немесе ұйымның тиісті құжатымен расталады. 11. Мамандығы бойынша жоғары немесе орта медицина және фармацевтикалық білімі бар мамандардың жұмыс өтіліне денсаулық жағдайына байланысты өзгерген бұрын алған мамандығы бойынша лауазымдардағы жұмыс уақыты есептеледі. 12. “Денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының біліктілік сипаттарын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 26 қарашадағы № 791 бұйрығына (2009 жылғы 30 қарашада Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5945 тіркелген, 2010 жылғы № 7 Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған) сәйкес дәрігерлік және провизорлық лауазымдарға жіберілген мамандардың жұмыс өтіліне 2010 жылғы 30 сәуірге дейінгі жұмыс уақыты есептеледі. 3. Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу шарттары 13. Медицина және фармацевтика қызметкерлері лауазымдарында жұмыс істейтін тұлғалардың жұмыс өтіліне қосымша шарттар мен шектеулерсіз: 1) жұмыстан заңсыз босатылған жағдайда жұмыста болмаған уақыты; 2) жөнсіз себептер бойынша қызметінен босатылған адамдардан басқа, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСРО) Қарулы Күштеріндегі, ішкі, шекаралық әскерлеріндегі, азаматтық қорғаныс басқармаларының органдары мен бөлімдеріндегі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен бұрынғы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің органдары жүйесіндегі, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіндегі және Қазақстан Республикасының Республикалық ұланындағы офицерлік құрамдағы адамдардың, прапорщиктердің, мичмандардың мерзімнен тыс қызмет әскери қызметшілерінің нақты әскери қызмет өткерген уақыты; 3) мамандығы бойынша мемлекеттік қызметте сәйкес ведомостволарда, Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істеген уақыты; 4) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Еңбек кодексі) сәйкес жүктілігі мен тууы бойынша демалыс уақыты, сондай-ақ заңнамаға сәйкес жалақысы сақталмайтын бала күтімі бойынша берілген демалыс уақыты; 5) медициналық қызметі бойынша шетелге жіберілген жағдайда, егер қызметкер шетелге барар алдында медициналық қызметте жұмыс істеген болса, халықаралық ұйымдардағы жұмыс уақыты; 6) егер осы лауазымдар медицина және фармацевтика қызметкері лауазымдарына жатқызылған болса, денсаулық сақтау ұйымына техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырған және оның жұмыс істеуін қамтамасыз еткен қызметкерлер қызметтеріндегі жұмыс уақыты; 7) егер қызметкер оқуға түскенге дейін медициналық қызметте жұмыс істеген және оны бітіргеннен кейін медициналық қызметке байланысты жұмысқа қайтып келген болса, жұмыстан қол үзіп даярлау, қайта даярлау және кадрлардың біліктілігін арттыру жөніндегі курстарда оқыған уақыты есептеледі. 14. Қызметтің барлық саласы үшін лауазымдарға арналған мамандық бойынша жұмыс өтіліне: 1) осы Ереженің 13-тармағында көрсетілген барлық шарттар; 2) оның еңбек қызметін өткерген қызмет саласына қарамастан мамандығы, сондай-ақ ұқсас мамандығы бойынша жұмыс өтілі есептеледі. 15. Жұмыс өтілі осы Ережеге сәйкес есептеліп, күнтізбелік есептеумен ескеріледі. 16. Мамандық бойынша жұмыс өтілі, құрамын денсаулық сақтау ұйымының басшысы бекітетін еңбек өтілін белгілеу жөніндегі ұйымның комиссиясы жұмысқа қабылдағанда белгілейді. 17. Мамандық бойынша жұмыс өтілін белгілеу туралы комиссияның шешімі хаттамамен рәсімделеді. Шешімнің үзінді көшірмесі екі данада жасалады да, бір данасы ұйымның кадр қызметіне, екіншісі - ұйымның бухгалтериясына беріледі. 18. Мамандығы бойынша жұмыс өтілін белгілеуге арналған қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасына сәйкес анықталады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 18 тамыздағы № 652 бұйрығына 2-қосымша Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыру және еңбекақы төлеу ережесі 2. Жалпы ережелер 1. Осы Ереже денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыру және еңбекақы төлеу тәртібін белгілейді. 2. Стационарлары бар денсаулық сақтау ұйымдары медициналық көмекті тәулік бойы көрсететін үздіксіз жұмыс режимі бар ұйымдарға жатады. 3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады: денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға; еңбекке ақы төлеу – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ келісімдерге, еңбек, ұжымдық шарттарға және жұмыс берушінің актілеріне сәйкес жұмыс берушінің қызметкерге еңбегі үшін берілетін сыйақының міндетті төлеуін қамтамасыз етуге байланысты қатынастар жүйесі; жұмыс уақыты – қызметкер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт, сондай-ақ өзге де уақыт кезеңдері; мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері. 3. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыру және еңбекақы төлеу тәртібі 4. Медициналық көмекті тәуліктің кез келген уақытында және апта күндері көрсету кезінде стационар жұмысының өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес медициналық қызметтері үшін түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері кезекшілік белгіленеді. Кесте Кодексте белгіленген жұмыс уақыты ұзақтығының талаптары ескеріле отырып құралады. 5. Медицина қызметкерлерінің еңбегін ұтымды ұйымдастыру мақсатында ұйым басшысы бар дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерінің құрамымен тәулік бойы көмекті немесе кезекшілікті қамтамасыз ету үшін штат кестесіне қосымша дәрігерлік және мейірбикелік лауазымдарын енгізеді. 6. Дәрігерлер, орта медицина қызметкерлері жұмыс уақытының нормасынан артық кезекшілік уақытындағы жұмысы үшін ақы төлеу кемінде бір жарым есе мөлшерде жүргізіледі. 7. Мереке және демалыс күндеріндегі кезекшілікке қызметкердің күндік (сағаттық) ставкасы негізге алына отырып, кемінде екі есе мөлшерде ақы төлеу жүргізіледі. 8. Барлық жағдайда түнгі уақыттағы әрбір жұмыс сағатына (кезекшілік) кемінде бір жарым мөлшерде ақы төленеді (түнгі уақыт болып кешкі сағат 22-ден таңғы 6-ға дейінгі уақыт есептеледі). 4. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыру және еңбекақы төлеу 9. Дәрігерлердің негізгі қызметі бойынша атқарылатын жұмысының (кезекшілік) шарттары кестеге сәйкес негізгі жұмыс орны бойынша еңбек шартында ескеріледі. 10. Медицина қызметкеріне, оны демалыс күні кестеде көзделмеген жұмысқа тартқан кезде, оған кемінде екі есе өтемақы төленеді. Қызметкердің қалауы бойынша өтемақы демалыс күніне ауыстырылады. 11. Демалыс күндері кезекшіліктегі қызметкерлерге кестеге сай кезекпен аптаның әр күндері ұсынылады. 12. Денсаулық сақтау ұйымдарының дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлері үшін ұйымның түріне және оның орналасқан орнына қарамастан үйдегі кезекшілік енгізу қарастырылған. 13. Жұмыс уақытының нормасы шегінде күндізгі де, түнгі де уақытта атқарылатын үйдегі кезекшілікке жұмсалған уақыт кезекшіліктің әрбір сағатының жарты сағаты ретінде есептеледі. 14. Көрсетілген кезекшілікті атқаратын қызметкер ұйымға, оқиға орнына, науқастың үйіне шақырылған жағдайда, шақыруға жұмсалған уақытқа денсаулық сақтау қызметкерлерінің мереке күндері және түнгі уақыттағы еңбегіне ақы төлеудің қолданыстағы тәртібін сақтай отырып, маманның іс жүзінде атқарылған жұмыс уақыты үшін лауазымдық айлықақысы (ставка) есебінен ақы төленеді. 15. Осындай тәртіппен тұрақты даярлықтағы медициналық бригадалардың және апаттар, зілзалалар мен басқа да төтенше жағдайлар кезінде тікелей шұғыл медициналық көмек көрсету және құтқару жұмыстары үшін ұйымдастырылған арнайы тағайындалған көптеген жұмыстар атқаратын медициналық жасақтардың мамандарына үйдегі кезекшілікке ақы төлеу жүргізіледі. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылғы 15 қыркүйектегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6496 болып енгізілді.