Еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, өзінің ой-пікірлерін білдіруге әркімнің де құқы бар. Бұдан нәзік жандылар қауымы да тыс қалмайды. Бұл күндері Қазақстанда саясатта да, өзге салаларда да іскерлігімен танылып жүрген қыз-келіншектер аз емес. Қазір мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 58 пайыздан асады. Солардың бас қосатын “Саясаткер әйелдер” клубы Алматы, Астана қалалары мен Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында құрылған болса, енді Атырауда да осындай жаңа қоғамдық ұйымның алғашқы отырысы өтті. Оған Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.
– Қазақстанда әйелдердің іскерлігі, көшбасшылық танымалдығы артып келеді. Әйелдер атқармайтын жұмыс қалмады деуге болады. Олар билікте де, заң шығарушы органда да өздерінің осал еместігін байқатып жүр. Мәселен, Ақтөбе облысының әкімдігінде екі құрбымыз орынбасарлық қызметті атқарады. Атырауда облыс басшысының орынбасары лауазымына бір құрбымыз тағайындалды. Әр деңгейдегі мәслихаттарда қыз-келіншектер сайлаушыларының аманатына адалдық танытуда. Әсіресе, Қостанай өңірінің мәслихаттарында ел аманатын жүктеген қыз-келіншектер көп, – деді Гүлшара Наушақызы атыраулық саясаткер, іскер замандастарымен кездесуде.
Атырауда да көшбасшылық талабын ел-жұрты қолдайтын қыз-келіншектер қатары көбейе бастағандай. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Әлия Бекқожиеваның есімі алғашында кәсіпкерлік саласында кеңірек танымал болды. Әрине, оның кәсіпкерлігі алыпсатарлыққа мүлдем үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Халықтың күнделікті тіршілігінің күйбеңімен көбірек бас сұғатын тұрмыстық қамту үйінің жұмысын жандандырудан бастаған кәсіпкер келіншектен көмек қолын сұраушылар жетерлік. Алғашқы еңбек жолын осында бастағаннан әлі табан аударған емес. Ол мұқтаждарға көмектесуден де тартынған емес. Сонымен бірге, өңірдегі кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің облыстық одағына да жетекшілік етеді. Кәсіпкерлердің сөзін сөйлеп, кедергілерді болдырмаудың қам-қарекетімен шапқылап жүретініне талай куә болғанбыз. Әсіресе, кеденшілер мен кәсіпкерлерді жиі жүздестіреді. Атқаратын қоғамдық жұмысы да жетерлік. Өз бағын мәслихат сайлауында сынап еді, сайлаушылардың сеніміне ие болды.
Мәслихатта да, өмірдің күнделікті тірлігінде кездесетін былайғы сәттерінде де Әлия секілді жұртшылықтың сеніміне жол тапқанның бірі – Толқын Бейісқали. Өңірдің бір қиырындағы Қызылқоға ауданының мәслихатына хатшылық ететін Толқынның мамандығы мұғалім. Мәслихаттың сессияларында, жұртшылықпен жүздесулерде салмақты ойын айтады. Атырауда көшбасшылық талабымен танылғандар қатарын тек Әлия мен Толқынмен шектеуге болмайды. Ондап, тіпті жүздеп санауға болады, дегенмен, бұл екеуін текке мысалға алып отырған жоқпыз. Бұл екеуі де ойын ашық, әрі жатық жеткізе алатын шешендік мектептен дәріс алғандай шебер сөйлейді. Тыңдаушы сөзімен ұйыта алу да, тыңдата алу да оңай емес десек те, бұл жөнінен Әлия мен Толқынның бір артықшылығы байқалады.
Атыраулық саясаткер әйелдер клубының алғашқы басқосуында аттарын атаған қос арудың алғашқылардың қатарында мүшелікке қабылданғанын орынды санадық. Рас, өзгелерін де құптаймыз. Отырыста Әлия да, Толқын да өз ойын білдірді. Және бір адам жөнінде ерекше тоқталудың реті бар. Атыраулықтар ғана емес, өңірде алғаш құрылған “Теңізшевройлдай” шетелдіктермен бірлескен кәсіпорынның басшылары да айрықша құрмет тұтатын Мәрия Қаражігітованы барша таниды. Қазақша, орысша және ағылшынша сөйлегенде талайды таң-тамаша қалдыратын Мәрия апаның жүзінен ұдайы шуақ төгіліп тұрады. Бірлескен кәсіпорында беделді лауазымда жұмыс істегенмен, қазақтың үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету қағидасымен, қарапайымдылығынан танған емес. Өңірдің әлеуметтік ахуалы үшін талай шыбын жаны шырқырап жүргенін көрдік. Бірлескен кәсіпорын басшыларының сөзін ағылшын тілінен қазақшаға тікелей аударма жасаудың алғашқы жүлдесін салған өнегесі жас аудармашыларға үлгі болғандай. Оны бірлескен кәсіпорын мен жұртшылық арасындағы дәнекер десе артық емес.
– Көшбасшы әйел қандай болуы керек? – деп сауал тастады Мәрия Қаражігітова атыраулық саясаткер әйелдер клубының алғашқы отырысында. – Рас, саясатта, не өзі жұмыс істейтін салада табысқа жеткенін орынды делік. Бірақ бұл аздық етеді. Көшбасшы әйелдің жетістігін тек мұнымен өлшеуге болмайды. Меніңше, көшбасшылыққа жетудің және бір жолы бар. Ол – өнегелік жол. Әйел ең бірінші, отбасының ұйытқысы, өмірге ұрпақ әкелетін, бала тәрбиелейтін ана екенін ұмытпауы тиіс. Қазақтың әйеліне тән ибалы мінезбен ерінің абыройын асырып, мейірімді, қайырымды, саналы ұрпақ тәрбиелеумен де өзгелерге үлгі-өнеге болуы, ерекшеленуі тиіс. “Әйел бір қолымен бесікті тербетіп, екінші қолымен әлемді әлдилейді”, деп тегін айтылмаған ғой. Қазақ әйелі соған лайық болғанда ғана оның көшбасшылығына ешкім шек келтірмейді.
Ұлағатты отбасынан алған тәрбиесін ата жолын жалғаған өз балаларына үлгі-өнеге етіп, бір әулеттің жан жылуы болып отырған Мәриядай жанның пікірі әр кімге ой салғандай. Айтқандай, саясаткер әйелдердің Атыраудағы клубына Нұрлы Әйтиева жетекшілік ететін болды. Оны клубтас құрбылары бірауыздан қолдады. Ал клуб мүшелері ел экономикасын өркендетуге, мемлекетімізді әлемдегі беделді, қуатты, дамыған, зайырлы Қазақстан ретінде танытуға үлес қосу жөнінде қарар қабылдады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.