06 Қараша, 2010

Спорт

404 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Таңғажайып тоғызқұмалақ Осы күндері Астанада Туризм және спорт министрлігі, Тоғызқұмалақ қауымдастығы мен қалалық туризм, спорт және дене тәрбиесі басқармасының ұйымдастыруымен, Халық­аралық тоғызқұмалақ федерациясының қолдауымен тұңғыш рет осынау ұлттық ойынымыздан әлем чемпионаты өтуде. Оның мақсаты – тоғыз­құма­лақты әлемдік деңгейде наси­хаттау, ең үздік ойыншыларды анықтау мен ойынның бұқаралық сипатын арттыру. Алғашқы чемпионатқа Әзір­байжан, Германия, Испания, Қа­зақстан, Қырғызстан, Қытай, Өз­­б­екстан, Грузия, Моңғолия, Түр­кия, Түркіменстан, Ресей, Чехия, Швейцария, Украина, Египет және Антигуа-Барбадуа сияқты елдерден 50-ден астам ойыншылар қатысуда. Онда әр елдің құрамасында 3 ер адам және 3 әйел бар. Чемпионат ерлер және әйелдер арасында жеке-жеке өткізіліп жатыр. Бәсекеге Қазақстан құрама­сында ерлер арасында халықаралық дәре­же­дегі спорт шебері Ғ.Темір­баев, А.Сейіт­жанов, спорт шебері Б.Әбіл­беков, қыздар арасында х.д.с.ш. Д.Кенина, Ә.Далиева, С.Сапарбекова қатысуда. Әзірше чемпионаттың 5-ші туры аяқталып отыр. Онда ерлер арасында Ғ.Темірбаев 5 ұпаймен көш бастап келеді. Ал А.Сейітжанов пен Б.Әбілбеков және моңғолиялық А.Шындәулет 4 ұпайдан иеленіп отыр. Қыздар арасында Ә.Далие­вада 5 ұпай болса, Д.Кенина мен С.Са­парбековада 4 ұпай бар. Тоғыз­құма­лақтан мемлекеттік жаттық­тыру­шы­ Мақсат Шотаев­тың айтуын­ша, қазақтың төл зият­керлік ойынынан әлем чемпио­натын өткізу – үлкен жетістік. Бұл жерде қауым­дастықтың (президенті Әлихан Бай­менов) ат­қарып жатқан жұмысы бір төбе. Қа­зір елімізде бұл ойынмен айналыс­у­шылардың саны 100 мың адамға жақындады. Тоғыз­құмалаққа шетел­де де қызығушы­лар көп. Бүгін­де онымен шеттегі қандас­тарымыз ғана емес, Англия, Франция, Герма­ния, Испания, Чехия, Ресей, Украи­на, Қы­тай елдерінде айналысушылар артып келеді. Оған мысал ретінде осы чемпионатқа Еуропадан келген ер­лі-зайыпты ойыншылар мен Аме­­рика, Азия және Африкадан келген қызығушыларды айтуға болады. Чемпионат кезінде біз осылар­дың ішінен ерлі-зайыпты Дэвид Котин мен Хана Котинова­ны әңгімеге тартқанымыз бар еді. Дэвид КОТИН: – Осы чем­пио­натқа арнайы келіп отыр­мын. 2006 жы­лы Мақ­сат Шо­­­таевпен кез­дескенімде ол маған то­ғыз­­құмалақ сияқты тамаша, таңға­жайып ойынды үйретті. Әзірше мен кәсіпқой ойыншы емеспін, бірақ тоғызқұмалаққа қатты қызығамын. Қазір осы ойыннан Еуропа елдерінде шығатын басылымдарға материалдар беріп жүрмін. Біздің отбасымыздың 400-ден астам зияткерлік ойын түрлерінен хабары бар. Осылардың ішінде тоғызқұмалақтың алар орны ерекше. Өйткені, ол өзінің ережесімен, әділ-тәсілдерімен басқаларға қарағанда қызықты. Біз Чехияда жыл сайын тоғызқұмалақтан жарыстар өткізіп келеміз. Әрине, оның бәрі демеуші­лердің көмегімен өтіп тұрады. Біздің басты демеушіміз – доктор Мазуш. Хана КОТИНОВА: – Мені бұл ойынға Мақ­сат Шо­таев қы­зық­тыр­ды. Ол 2006 жылы жол­дасым Дэ­видпен кезде­сіп, бізді ере­желерімен та­ныс­тырды. Содан бері тоғызқұма­лаққа қызығып келемін. Бұл ойын овариге ұқсас екен. Бірақ ережесі бас­қашалау. Біздің елімізде зият­кер­лік ойын десе, сегіз жастағы баладан сексен жастағы қарияға дейін ішкен асын жерге қояды. Өйткені, мұндай ойындар адамның ойлау қабілетін арттырады, батыл шешім қабылдауға үйретеді, ең бастысы ой-өрісін өсіреді. Сон­дықтан Чехияда оған қызығушылар көп. Мәселен, Прага мен Пар­дубицада одан жыл сайын сайыстар өтіп тұрады. Оған 20-30 адам қаты­сады. Ал жылына екі рет балалар арасында өтетін жарысқа 50-ден астам адам қатысып келеді. _____________________________ ДИНАРА – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ! Таяуда Грекияның Порто-Каррас қаласында шахмат­тан жастар арасында өткен әлем чемпионаты өз мәре­сіне жетті. Зияткерлік жа­рыс­қа 87 елден бір жарым мың­дай шахматшылар қа­тыс­ты. Төрткүл дүниенің мық­ты ой шеберлері ара­сында 18 қазақстандық та ел намысын қорғады. 8 бен 18 жастағы ұлдар мен қыздар арасындағы жарыс 6 дәреже бойынша өтті. Ал чемпионаттың өзі швейцариялық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұрды. Осы сында ФИДЕ шебері, Қазақстанның көп дүркін және абсолютті чемпионы, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы Динара Садуа­қасова шахматтан әлем чемпионы атағына ие болды. Қазақстан құрама командасын­да сонымен қатар бір күміс және бір қола жүлделерге ие болған спорт­шыларымыз да бар. 12 жасар қыздар арасында Жансая Әбді­­мәлік 9 ұпайды жинап, екінші орын­­ды иеленді. Жансая төрт партияны қарсыласымен тең аяқ­тап, қалған ойындарды өз пайда­сына шешті. Құраманың ең кіш­кен­тай мүшесі Әсел Серікбай болса 8 жасар шахматшылар арасында тамаша ойын көрсетіп, 8 ұпаймен қола жүлделі болып оралды. Дастан КЕНЖАЛИН. __________________ Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.