СҰРАҚ-ЖАУАП
– Қалай ойлайсыз, қазір тауарды кімнен алған арзанырақ: өндірушіден бе, әлде оны өткізумен айналысатын дилерден бе?
– Тауарды шығарып жатқан зауыттың күзетшісінен алған арзанырақ-ау деймін...
* * *
– Неғып жолда жол көлігі апаты жиі болады?
Өйткені, біз алдағы күндердің жылдамдығына ие ертеңгі күннің көлігімен кешегі жолдармен жүйткіп жүрміз.
* * *
Әке, мына дағдарыс бізге әсер ете ме?
– Балам, ол байшыкештерге әсер етеді, ал біздің жон арқамызды сыпырып туталақай етеді!
* * *
Біреу кешке әйеліне:
– Қымбаттым, ертең үйге қызметтестерімді қонаққа шақырып қойдым. Барыңды салып, дастарқаныңды гүл-гүл жайнатуға тырысасың ғой, – дейді.
Сонда әйелі: – Тағамдарды қалай дайындайын: олар жиі-жиі келгісі келіп тұратындай ма, әлде ендігәрі келместей етіп пе? – депті.
* * *
– Түс көруім шет тілде болса қайткен жөн?
– Жаныңа аудармашы алып жатқан дұрыс.
* * *
– Апа, өмірлік нағыз махаббатты қанша күтуге болады?
Өмір бойы күтесің, қызым. Бірақ оған жеткенше уақыт өткізу үшін күйеуге шығып алған да дұрыс.
* * *
– Тіршілігің қалай?
– Тура ертегідегідей.
– Қалай сонда?
Барған сайын қорқынышты.
* * *
– Сіз отбасылық өмірде бақыттысыз ба?
Әрине! Әйеліміз екеуміздің бір-бірімізді сүйетініміз соншалық, осымен үшінші рет ажырасқалы тұрған жерімізден қайта татуластық.
_______________________________
ҚАЙДАҒЫ МЕН ЖАЙДАҒЫ
Газетке жазылған хат: “Құрметті редакция! Жақында милиция қызметкерлері үйіме келіп, көп жылдан бері күн-көрісім болып келген самогон аппаратын тәркілеп алып кетті. Білейін дегенім, мен енді асыраушысынан айрылған пенде ретінде зейнеткерлікке ерте шығуыма бола ма?”.
* * *
“Көлік жүргізушісі болсам да, бүгін кондуктордың орнына билет сатып көлік ішінде жүрдім. Ал ана құрған, кондукторды айтамын, ішіп алып, айырмадан ұтылып, ел-жұртпен ұрсыса берген соң ол пәтшағарды рөлге отырғызып қойдым”.
* * *
Өтініш: “Мені айлықты көтерудің курсына жіберуіңізді сұраймын”.
* * *
“Жалғызсырап жүрген еркекпін. Маңызды мәселе бойынша әйел адаммен танысқым келеді. Телефон нөмірімді бере отырып айтарым, егер телефонды әйел көтере қалса, бірден нөмірден жаңылыппын дей қойыңыз...”
* * *
Хабарландыру: “Жар болар өмірлік қосақ іздеймін. Бірінші және соңғы қабатта тұратындар әуре болмай-ақ қойғаны жөн”.
______________________
КІМ КІМДІ ТАҢДАЙДЫ?
Алаяқ аңқауды таңдайды,
Аңқауды ол оңай алдайды.
Ұры тұманды күнді таңдайды,
Көбіне жиірек түнді таңдайды.
Жалқау жайлы орынды таңдайды,
Мешкей майлы орынды таңдайды.
Жезөкше қалталыны қалайды,
Тұзаққа түсірсе, түк қалдырмай талайды.
Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ.
Қызылорда.
__________
ҚАЛТАФОНҒА ҚҰЛДЫҚ
Қалтафон деп отырғаным – “сотовый” телефон.
Пәлекетке құлдық!
Ең алдымен, бетпе-бет келмей-ақ, жүзбе-жүз жүздеспей-ақ кез-келгенге хат жазысып, айтарыңды ағыл-тегіл жолдайтының ғажап!
Бастығым бассыздығымды айтып, иттерімді басыма қаптаған күннің ертеңінде аты-жөнімді бүгіп қалып, айда оған деген қыжылымды әріппен әспеттей теріп жолдап кеп жібердім.
Сондағым: “Балық басынан шіриді. Қызметтің құлдилағанына бір өзің кінәлі. Бір орында омалып отырғаныңа он жылдан асты. Қауашағыңның кеуіп қалғанын түсінсең етті. Зейнеткерлікке дейін сіресіп отыра бермекпісің!? Жұмыс жүрсін десең, орныңды босат! Заман жастардікі. Қалғып-мүлгімей ес жинап, есің барда еліңді тап!” дедім.
Ертесінде бастығыма барлай көз тастап едім, жүні жығылған, дауысы да бәсең, еңкіш тартып есеңгіреп қапты... Ішімнен “қалтафонға құлдық” айттым.
Қалтафонның тағы да бір-екі сұмдығын айтайын.
Өзім де білдей бір бөлімді басқаратындықтан, келімді-кетімді кісі болып, кейбірі ұзақ-сонар “ертегі” айтып іш кептіріп отырғанда, айналайын қалтафон әнге басып, көзімді шарадай жандырады емес пе... Көл-көсір “көсемге” “айып етпеңіз” деп, “басекең еді” деп құтыламын-ай кеп.
Кей-кейде қалтарыста өзіме кезіге алмай жүрген көкезуді көзім шалса, шылдырламаса да қалта құлдығымды құлағыма тақап, анаумен амандасқан болып, айда ұзақ-сонар әңгімеге ерік беріп талтайып тұрып аламын... Ары тосады, бері тосады, шыдамның да шегі бар, қол сілтеп қарасын батырады...
Үйде де көмегі тиеді... Әйелім әңгімені әріден бастағанда, білдіртпей қалта құлдығымнан Қилыбай құрдастың нөмірін түртіп қоя қоямын... Іле-шала қоңыраулатқан Қилекеңе құлдық... Әңгімені әріден бастаған болып телефонды өшірген қалпы ұзақ-сонар гөй-гөйді гулетемін келіп... Әйел қашанғы отырсын, тірлігі бар, басқасы бар, алара қарап әріге кетеді.
Несін айтайын, қалтафонның осындай-осындай ғаламаттықтарына риза болып жүргенімде, өзіме біреу хат жолдапты, әйелдің келесі кергуінен құтқарған бұған “бәрекелді” деп оқып отырмын.
Онда: “Балық басынан шірісе, сенде біздегі бастың бірісің. Қызметтің кері кеткеніне бас бастықпен бірге сен де кінәлісің. Бір орында омалып отырғаныңа он жылдың жүзі болды. Біткен екенсің, басқара алмайды екенсің – орныңды өзгеге бұйырт! Құдайға шүкір, алымды да алғыр жастар жетеді. Орныңды босатшы, ертең-ақ ілгері кеткен істі көріп өзің де риза боласың. Миғұла болмасаң, мәмілеге кел, жөніңді тап!” делініпті...
Қайтейік, бұған да құлдық...
Ерсұлтан ЖЕҢІС.
Алматы.
_______
ШЕН КЕРЕК ПЕ, ШЕКПЕН КЕРЕК ПЕ?
“Баламды медресеге біл деп бердім,
Шен алсын, қызмет қылсын деп бермедім”.
Сабыр етіңіз, таңданбаңыз, мұны айтқан қазіргі емес, бұрынғының адамы.
Ал қазіргілер ше?
Баласы кейін пагон тағатын оқуға түссе – генерал болса дейді, тақпайтын
оқуға түссе – баяғы, әкім (ауылдыкі емес) немесе министр болса екен дейді.
Тәңірден сұрағанға келгенде тәбетіміз жақсы. Ол заңды да! Тәңір де тартынып қалып жатқан жоқ. Баяғыда кинодан ғана көретін генерал дегеніңіз... пожалыста, “честь” беріп те, қол беріп те амандас, керек болса құшақта, бәрімізге жетеді. Ал, қызмет дегеніңіз де қыруар.
Жұмыртқадан шыға салып теңізге қарай тапа-тармағай жүгіретін теңіз тасбақасының балаларындай медресесін (оқуын) бітірер-бітпестен қызмет іздеп шауып жүрген ел. Дұрыс! Көз майын тауысып не үшін оқыды онда?
Оқудың қандай қиындықпен келетіні жайында жаныңнан шошытатын небір бейнелі сөздер бар. Солардың бірі, осы көз майын тауысу. Шамның майы таусылса, өшетінін білеміз. Көздің майы да сол. Сондықтан, оқымасақ оқымай кетейік, майымызды тауыспайық. Бірақ, шен керек, қызмет керек. Ал, ол үшін диплом керек. Міне, сол дипломыңызды оқымай-ақ алудың жолын таптық біз қазір. Оның айғағы – диплом бар, білім жоқ көбімізде.
Ал, білімі жоқ деп іске жарамай қалып жатқан адам тағы жоқ. Сонымен, қасқыр тоқ, қой түгел. Басқаша айтқанда – коммунизм! Бірақ, сол басында арман етіп, кейін жеріген коммунизмді тұрғызу үшін үш қайтара оқу керек болды. Оқыдық та.
Сонда, шеке тамыры тырысқан, ашушаң атаның тілімен айтқанда, “не құдай ұрды бізді?”.
– Құдай ұрған жоқ, ақша деген әзәзіл сара жолдан бұрды, “Титаниктің” капитанындай рөлге барып тұрды, – дейді біреулер.
Жаны бар бұл сөздің. Себебі, қазіргі ұранымыз – ақша, ақша және ақша!
Шен керек пе, шекпен керек пе, қызмет керек пе, тіптен құрмет керек пе... ақшаң болса бәрі болады.
“Группа түгелдей “взносын” берді, ешқайсысын құлатпа”, – деп, бетке ұстар бір жоғары оқу орнының бір оқытушысының әріптесіне тастап кеткен “запискасын” бір бетке ұстар (оппозициялық емес) газет тілшісінің қолға түсіргендігін кезінде бәріміз оқығанбыз.
Ал, заңгерлер даярлайтын тағы бір бетке ұстар оқу орыны ректорының оқытушыларға: “Студенттердің арқасында айлық алып отырсыңдар, құлатсаңдар өз обалдарың өздеріңе”, – дегенін өз құлағыммен естігенім бар.
Бұл – түк істемесең де, айы-күні жеткен баланың өзі-ақ дүниеге келетіні сияқты, оқымасаң да мерзімі жеткен соң дипломың қалтаңа келіп түседі деген сөз.
Білімнің бар екендігін растай алмайтын сол қатты қағаз түбінде бізді, қоғамымызды сазға отырғызып кетпесе деңіз.
Сағаділдә ӘЖІБАЕВ.
Алматы.
________
АТ ҚОЙҒЫШ
Менің құрдасым Жарықбай балаға ат қойғыш. Нарықтың алғашқы жылғы қыспағына түсіп, осыған дейінгі барлық жиған-тергенін тауысып, оның үсітіне ақша да ауысып, арып-ашып жүргенде әлжуаздау болып дүниеге келген тұңғышының атын Арықбай қойған еді.
“Өтпелі кезеңнен несібесі бар екен, тарықпаспыз сірә” деп ырым қылып, былтыр баға біткен бой бермей босап кеткен мезгілде туған ұлының атын Тарықбай қойды.
Сол босаған баға күн сайын аспанға көтеріліп шарықтаған шақта Жарықбай жарықтық тағы бір ұлды болып, “әй, нарық деген осы екен ғой, босаған бағадай тез өсер ме екен” деп ырымдап үшінші баласының атын Нарықбай қойды.
Ат қойғыш құрдасым мен зайыбының дені-қарны сау болса әлі де талай-талай тамаша тарихи аттарға қарық болатынымызға күмән жоқ.
Аталық ӘБДЕШҰЛЫ.
Маңғыстау облысы.
_________________
СОТТАҒЫ «СОЛАҚАЙ» СӨЗ
– Айыпкер, сіз 22 қараша күні ертеңгі сағат 10-да қайда болып, не істедіңіз?
– Сот мырза, тура сол күні, сол уақытта сіздің алдыңызда болып, 5 маусым күні кешкі 8-де не істегенімді баяндаған болатынмын…
***
– Мен сізге екі-ақ сұрақ қойдым, сіз соған 1000 теңге сұрайсыз,– деп ренжіпті біреу заң жөніндегі кеңесшіге, – тым көп емес пе?
– Үшінші сұрағыңыз үшін тағы 500 теңге, – депті сонда заңгер.
***
– Сіз күйеуіңізге нендей айып тағасыз?
– Ол мені мысыққа теңеді.
– Содан?
– Нағыз мысықсың деген соң, байқап көрейін, төрт тағандап топ ете қалам ба деп үшінші қабат балконынан өзімді-өзім лақтырып кеп жіберсем…
***
– Сіздің күйеуіңізбен ажырасуыңыздың себебі неде? – деп сұрайды сот арыз беруші әйелден.
– Оған тиісудің ешқандай себебін таба алмай дал болып жүрмін.
***
– Көршіңіз үйіңізге кіріп, тапа-тал түсте зорлық-зомбылық жасады деп айып тағасыз ғой?
Иә! Он жыл көрші болып тұрып бір-ақ рет бас сұққанына жыным келді! Ондай ойы бар, бұрыннан-ақ “кіріп-шығып” жүрсе қайда қалып еді!..
_____________________________________
ҚҰЛҚЫН ҚУЛЫҚ
Бір пенде өзінше қулық ойлап тапқан болды. Ол неке сарайын төңіректеп жүреді де, үйленіп үй болып жатқан бір топқа қосыла салады. Ондағы қулығы осы топпен жүріп ішіп-жеу, қыз-келіншекпен танысып көңіл көтеру. Қай топқа кірмесін жігіт жағы бұны қыздың туысы екен деп, ал қыз жағы жігіттің ағайыны болар деп ойлайтынын біледі...
Бірде құдай ұрып, бұл қосыла қалған топтағы қыз жағы бұның итжеместі жеп жауласып ажырасқан бұрынғы әйелі жағынан екен... Біразы алара қарап, қауқылдасып барып бұның иттерісін басына қаптасын...
Сол тойдан ауруханаға түсіп айығып шыққан соң бұл ендігәрі бөтен біреудің той-домалағына жоламайтын болған... Ал ауру қалса да әдет қалмайды екен, бұл тек қайтыс болған пенде атаулының жерлеуінің бас-аяғында тапжылмай жүреді... Әзірше қарны тоқ. Негізі қуып жатқан ешкім жоқ, өйткені өлген кісінің бар танысын ешкім тап басып тани бермейді емес пе...
Константин МЕЛИХАН.
_______________________
ЖЕТІ СТАКАН АРАҚ
Жеті жасқа жеткенше,
Жерден таяқ жегізіп,
Сәбиін қазақ тыймаған.
“Жеті қазынаның бірі” деп,
Итін де қазақ сыйлаған.
Құдайың да жеті нан,
Садақаң да жеті сан,
Жердегісін кім білген...
Аспанда жеті қарақшы,
Жетімен, қане, таласшы.
Мен жетіге иланам,
Арақ құйған екенсің
Жеті стакан құй маған!
ДҰҒА
Өтірігін айтарда –
Құдайды куә қылады.
Серік болып сайтанға,
Тірі адамға дұға қылады.
ЖЕБІР
Кеңес өкіметінің аламаны,
Енді коммерсант болып саналады.
Бұрын жесе жасырынып,
Қазір қадалған жерінен қан алады.
БІР КҮН
Күні өтті әзіл-сықақ күлкінің,
Баға бейне құйрығындай түлкінің.
Келешекке көзі жетпей көпшілік,
Амалсыздан ойлап жүр-ау бір күнін.
Бәкеш АЙСИН.
Қостанай.
_____________________________
Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.