06 Қараша, 2010

Талант салтанаты

412 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Алматыдағы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында КСРО халық әр­тісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Еркеғали Рахмадиевтің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Атақты композитордың кешіне келген қала жұртшылығы өкілдерінің алдында той иесіне арналған Президент Н.Назарбаевтың Құттықтауын қала әкімі А.Есімов оқып берді. Бұдан кейін сахна төріне көтерілген сенатор А.Бижанов Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізсе, Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед Премьер-Министр К.Мәсімов пен Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың құттықтауларын оқыды. Салтанатты кеште сөз алған Е.Рахмадиев жиналған жұртшылыққа көңілі толқи тұрып рахмет айтып, Елбасына деген ризашылық сезімін білдірді. Өткен өмір жолын еске алып, замандастары туралы толғана сыр шертті. Кеш соңында мерейтой иесінің қазақ өнеріне зор атақ-абырой әкелген “Қамар сұлу”, “Алпамыс” опералары мен “Дайрабай күйі”, “Құдаша-думан” сияқты симфониялық поэмалары­нан үзінділер орындалып, көптеген ән-романстары шырқалды. “Егемен-ақпарат”.