Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінде “2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасындағы көрсеткіштерді талқылау аясында ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларын бюджеттік қолдау, аграрлық сектор салаларын әртараптандыру, аймақтық инфрақұрылымдарды нығайту мәселелері қаралды.
2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет бойынша Қаржы министрінің орынбасары Л.Кармазина баяндама жасады. Белгілі болғанындай, 2011 жылғы республикалық бюджет түсімі 4 триллион 41 миллиард теңгені, 2012 жылы – 4 триллион 465 миллиард, 2013 жылы 4 триллион 470 миллиард теңгені құрайды деп белгіленіпті. Корпоративтік табыс салығы 20 пайыз мөлшерінде қалса, мұнай экспортына кедендік ставка тоннасына 20-дан 40 долларға арттырылған.
Комитетте сондай-ақ “Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2011-2013 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы” және “Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы” заң жобалары да талқыланды. Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Қ.Бишімбаевтің сөзіне қарағанда, жергілікті бюджеттердің кірістері болжамға сәйкес 2011 жылы 922 миллиард теңге, 2012 жылы – 999,4, 2013 жылы 1 триллион 79,1 миллиард теңге көлемінде жоспарланып отыр екен. Бюджеттік субвенциялар көлемі 2011 жылы 789,9 миллиард теңге, 2012 жылы – 880,6 және 2013 жылы 865,8 миллиард теңге көлемінде қалыптастырылыпты. Кепілдендірілген трансферт 8 миллиард доллар көлемінде айқындалған. Макроэкономикалық болжам бойынша 1 доллар бағамы 150 теңге болып белгіленіп отыр. Соған сәйкес Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылатын кепілдендірілген транферттің көлемі 1 триллион 200 миллиард теңгені құрайды.
Сонымен қатар, белгіленген саланы мемлекеттік қолдау бағыттары туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары М.Оразаев, Көлік және коммуникация министрінің орынбасары Д.Көтербеков түсініктер беріп, депутаттар сауалдарына жауап қайтарды.
Сенатор Баймаханов Павлодар каналына 436 миллион теңге бөлінсе, ал Қызылорда облысындағы магистралдық каналдарға былтыр тек 88 миллион теңге қарастырылғандығына қынжылыс білдірді. Сондай-ақ депутат астық экспортын күшейтуге деп сұралған өткен жылы тасымалдау үшін тоннасына 40 доллар болып белгіленген қаржының қайда, кімнің қалтасында кеткендігін сұрады. Сенатор бюджеттен бөлінген 12,7 миллиард теңгенің 5 миллиарды бір мекемеге берілгендігімен де бөлісті.
Ю.Кубайчук Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы мемлекеттік табиғи қорығына қаржы қарастыру жайына назар аудартты. 5 миллион теңге археологиялық қазба жұмыстарына, 67 миллион теңге мұражай ғимаратын күрделі жөндеуге, 11 миллион теңге мұражай экспозицияларын құруға, 3 миллион теңге полиграфиялық өнім шығаруға жұмсалуы көзделген. Бұл сұраққа жауап берген Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Ж.Құрманғалиева Ұлытау ұлттық мәдени-тарихи және табиғи мұражайына деп 2011 жылғы республикалық бюджетте 26 миллион 928 мың теңге қарастырылғандығын алға тартты. Ал археологиялық қазба және өзге де жұмыстарға қаржы 2012 жылғы бюджетті талқылаған кезде тағы қаралатын болды.
Бұдан басқа, депутаттар көптеген жергілікті мәселелерге назар аудартты. Атап айтқанда, заң жобасына сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік саланың құрылыс нысандары, АӨК-тің бәсекеге қабілетті салаларын дамыту, өңдеу секторлары, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру мәселелеріне қатысты жиырмадан астам ұсыныс енгізілетін болды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.