Өтембаева Баян қажының балалық шағы қазақтың аударылып-төңкеріліп жатқан уақытына дөп келген. 1929 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы, Алғабас ауылында жарық әлемнің есігін ашқан ана “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда дүниеге келдім” деп айта алмайды. Балалық шақ ауыр өтті. Қазақтың басына алапат қайғы әкелген зұлмат жылдар бала болса да есінде, еш ұмыта алмайды.
Таңның атысы күннің батысы бел жазбай еңбек еткен күндердің өтеуін Алла тағала балаларынан қайырыпты. Ері Өтембаев Мылтықбай екеуі үш ұл, төрт қыз өсірді. Азаматы дүниеден өтсе де артында үлкен әулет қалды. Ормандай болып. Он алты немересі “апалап” жан-жағынан төнгенде, бетінен өпкенде сонау қаһарлы жылдардың жүрекке салған жарасы ұмытылып-ақ кетеді.
Баян апа ұлы Елемеспен ең алғаш рет қажылық сапарға рұқсат етілген 1990 жылы Алла алдындағы аманатын орындап, қажылық сапарға барып қайтқан. Қазақ аналары ақ тілеудің үстіндегі жандар ғой. Кейбір Еуропа елдеріндегі “Өсірдім, бақтым. Енді маған тыныштық беріңдер. Өз-өзіммен өмір сүремін” демейді.
Ең ғажап демалысы – балаларының, немерелерінің ортасы. Амандықтарын тілеп, алаңсыз күлкілеріне тоқ болып отырады.
Анамыз әлі күнге газет оқиды. “Егемен Қазақстанды”. “Бірді-бірге ұратын, ел арасын ала тайдай бүлдіретін, мемлекеттің жақсылығынан гөрі көлеңкелі жақтарын аңдып жүретін басылымдардың басшыларын түсінбеймін. Өз елін жамандағанда кім жақсы мемлекетін береді”, – дейді.
Расы рас-ау. Кем-кетігін көрсеткен дұрыс. Бірақ, азаннан кешке дейін мемлекет басындағы азаматтарды жерге ұра берсе азаматтықтың қалыбынан шығып та кетеді.
Баян ананың көзі ашық. Көкірегі ояу. Бүгінгі саясатқа өз байламын айтып отырады.
– Біз қазақтың өз жерінде өгейлік көріп, өмірі өксігенін көріп өстік, – деп еді қажы апа. – Келімсектердің өз жерімізде төбемізде ойнағанын ұмытқан жоқпыз. Тәуелсіздік алдық, теңелдік. Есіктегі қазақ төрге озды. Қызметтің бәрі өз азаматтарымыздың қолына тиді. Көшіміз түзелді. Анау Еуропа дегенің қазақ деген халықтың осы дөңгеленген дүниеде бар екенін білмейтін еді. Елбасымыздың арқасында енді төрін ұсынып, қолына бас ұстатып отыр. Алла қос көрсе, желтоқсанның басында Астанада елу алты мемлекеттің басшылары бас қосып, келелі жиын өткізеді дейді газет. Теледидардан да тыңдап жатырмыз. Құдай абыройын берсін, Бұл, қазаққа Алланың берген бағы ғой. Ел аман, жұрт тыныш болсын.
Қария осылай дейді.
Ол кісі дүниеге келген уақыт қазақтардың ақсөңке болып аштықтан қырылған кезеңіне келеді. Сол жылдардың зобалаңын, жылаулы қазақ даласының қорғансыз күнін көрген апа “құдая, бүгінгідей жақсы заманды көрсеткеніңе шүкір. Енді қазақтың басынан бақ таймасыншы”, деп Аллаға мінәжат етеді.
Ақ тілеулі аналарымыздың ниеті қабыл болсын деп тіледік.
Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.
Суретте: Баян қажы Өтембаева.