09 Қараша, 2010

Ақын мен әкім

673 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Махаббат пен жастық шақтың жыршысы Тұмағаң туған жерінде тағы да көктемімен кездесті Қазақтың аса көрнекті ақыны,  халық жазушысы, Мемлекеттік һәм Физули атын­­дағы халықаралық сыйлықтардың лау­реаты Тұманбай Молдағалиев ағамызды туған жері әлі күнге дейін ақсақалдыққа қимай, “Тұмашым!” деп баладай еркеле­те­тінінің куәсі болдық. Ақынның атаме­кені Еңбекшіқазақ ауданының Мәдениет үйі сахнасының төрінде: “Тұмаш аға 75 жаста! Мерейтойыңыз құтты болсын!” деп жазылған айшықты сөздерден-ақ елдің өз сүйінер ұлына деген риясыз ықыласы білінгендей. Әлемге Алтын адам – Сақ жауынгерімен әйгіленген бұл өңір алтын қалам иесі, махаббат пен жастық шақтың жыр­шысы Тұманбай ақынды орынды мақ­таныш етеді, құрметтейді, ардақ тұтады. Туған ауылда тізгін ұстаған  азаматтар ақы­нын өздері іздейді. “Жүз ауыз жұ­мыс­басты боп жазылмай жүрсе жай, тегі, Алматыға ағам қайда деп ызвандай салсаң қайтеді?!” деп жырлайтын Төлеген Айбер­генов базынасы бұл күндері, әсіресе Алматы облысында, Жетісу өңірінде толық тү­сіністік тапқандығы Тұмағаң жерлес­терімен жүздескен осынау мерейтойлық әдемі жиын үстінде аңғарылып тұрды. Нешеме буын ұрпақты жырымен, жүрекке жетер сөз құдіретімен жүгіндіріп келе жатқан Тұманбай Молдағалиевке облыс әкімі Серік Үмбетов жылы лебізін айтып, ел атынан сый-сияпатын жасап, құндыз жағалы шапанын жапты, астына мерейжасымен үндескен “075” нөмірлі арғымақ мінгізіп құрмет көрсетті. Сүйікті ақынға айтылған ақ тілектер ағыл-тегіл риясыздығымен ерекшеленді. Серік Әбікенұлы 20 том жыр кітабын, 500-ден астам әннің мәнді мәтіндерін жазған Тұмағаңның тойы – оның өзінің ғана емес, бір өңірдің ғана емес, жалпақ Қазақ елінің  тойы екендігін атап көрсетті. Қалай десек те, қазақта Тұманбай біреу. Әбділда ақын айтқандай, ол адамдарды сүю үшін туған. Оның өлеңі жазбай танылады. Тау баласы тауға қарап өсетінінің өнегесін та­нытқан да өзі. Бірақ қаншама биік болса, соншама кішік. Әкім өзі жастайынан құрметтейтін ақын ағаның осы қасиетін де дәл аңдаған екен. Күні кеше белгілі жазушы, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы Жұма­бай Шаштайұлының 60 жылдық мерей­тойын атап өткен осы облыстағы Жамбыл ауданының өкілдері: аудандық мәслихат хатшысы Бейсенбек Қазиев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Қырғызбек Атагелдіұлы бүгін Тұманбай ақынды құттықтауға асығыс жетіпті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин нақ осы залда өткен Тұмағаң­ның 50 жылдық тойына да қатысқан екен, 60 жылдығында арнау өлеңін оқыған, 70 жылдығында сөз толғаған. Бүгін де жү­рекжарды лебізін білдіре келе, аға ақын­ның қазақ поэзиясындағы, лирикасындағы ірі құбылыс, өлеңіне өлмес қасиет дарыт­қан дарқан дарын екендігін қадап айтты. Тұмағаңның бала күнгі достары Қалтай Бастаубаев пен Едіге Сатаев естеліктерінен жас Тұмаштың жарқын қырлары көрініп, тырнақалды ақындық қадамдары көзіміз­ден елестеп өтсе, қаламдас қарындасы Шәр­бану Құмарова құттықтауымен қоса  “Сұрмергенді” шырқап, “Қара жорғаны” билеп беруі де ақын тойын айшықтай түсті. “Жас Өркен” ЖШС бас директоры, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек біздің ұрпақ Тұмағаң өлеңдерін жаттап өсті десе, атақты ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 60-жылдары жұрт назарын поэ­зияға бұрған бірегейлердің бірі Тұманбай ағасы болғанын, оның  шығармашылығы өсуге, дұрыс бағыт алуға игі әсер еткенін баяндады. Сөйтіп, қырық жыл бойы ұмы­тыл­маған ақын өлеңін жатқа оқыды. Бұдан әрі Мұхтар Шаханов ақынды құрметтеп отырған әкім Серік Үмбетовке үлкен рахметін айтты. Сонымен бірге ке­зінде жеке меншікке өтіп кеткен жүздеген балабақшаларды халыққа қайтарғаны үшін, ұлттық өнер-мәдениетке, әдебиетке үнемі жанашыр қамқорлық жасап жүретіні үшін Серік Әбікенұлын көптеген басқа әкімдердің ішінде ерекше құрмет­тей­тіндігін мәлім етті. Иә, ақын мен әкім хақындағы әңгімені осы арада басқаша бір жарқын қырынан, сәл кеңейтіңкіреп өрбітуге тура келеді. Серік Үмбетовтің рухани құндылықтарды, тіл мен діл мәселелерін, халқымыздың өткен тарихын әрдайым назардан қағыс қалдырмай қастерлеп жүретіні көпке мәлім. Облыс аумағында Қарасай мен Қабанбай, Наурызбай батырлардың, ғұлама Қадырғали Жалайыридың, ұлы Жамбыл пір тұтқан Сүйінбай мен ақын Сараның, Қаблиса ақынның, Желтоқсан батырлары Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанованың, күні кеше ғана Талғарда Бауыржан Момышұлының ескерткіштері ашылуы – осының айғағы. Сонымен бірге облыс әкімі Жетісу өңірінде тұратын ақын-жазушылардың кітаптарын шығарып тұруға да хал-қадерінше қомақты қаржы таба білуде. Жиырма қаламгер мен өнер иелеріне арнайы грант тағайындалған. Осы жағдайдың аясында жетісулық ақын-жазушылар, сазгерлер әр тоқсан сайын аудандарда болып, халықпен кездесулер өткізеді, өлең-жырларын оқиды, қызықты әңгімелерін айтады. Сөйтіп, халықтың рухын көтереді, жақсылықтың жаршылары болады. Бұл жағдай Елбасы қозғау салған “Мәдени мұра” бағдарламасының облыс ауқымында да өзіндік қолтаңбамен жүзеге асып жатқанын байқатқандай. Иә, ұлт рухын асқақтатуға, ақыны мен батырын ардақтауға келгенде әкім пейілі кеңдіктен жазбайды. Баукеңдей Алаш ардақтысы біртуардың республика көле­міндегі 100 жылдық мерейтойын да, сайып келгенде, Алматы облысы бастап берді. Осыдан кем болған жоқ. Ел-жұрттың алғысына кенелді, аруақтың ризашылы­ғына бөленді. Себебі, дейді Серік Әбі­кенұлы, адамның рухани байлығынан, елдік мұраттан артық ештеңе жоқ. Олай болса, С.Үмбетов рухани байлығымыздың үлкен бір саласы – баспасөзге де өзгеше бір салиқалылықпен, көбірек көңіл бөлетіндігін осы жолы тағы бір дәлелдеді. Есік қаласында өткен Тұма­ғаңның мерейтойы аясында облыс әкімі жиынға келген “Егемен Қазақстан” газеті” АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановпен ой бөлісіп, еліміздің бас газеті жөнінде толымды пікірлерін айтып, басылымға жазылу мәселелерін талқылауға уақыт тапқанын да ғанибет демей тұра алмай­мыз. Әңгіме қорытындысына біздің де көңіліміз тоқ.  Жетісу өңіріндегі оқырман­дарымыз келер жылы биылғыдан да көбірек болады деп сендірілді. Тұмағаңдай жыр пырағына да, ел газеті “Егеменнің” жур­налист қауымына да көктем көңіл сый­лаған әкімге біз де ақ ниетті тілек­тестігімізді жасырмадық. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.