10 Қараша, 2010

“Жасыл елдің” Көкшетаудағы жиыны

386 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Көкшетау қаласында Елбасы Н.Назарбаевтың “Жасыл ел” баста­ма­сының бес жылдығына арналған сту­денттер мен жастардың рес­пуб­ли­калық слеті болып өтті. Оның жұ­мысына барлық облыстардан, Аста­на және Алматы қалаларынан пат­риоттық қозғалыстың 600 өкілі қатысты. Үш күнге созылған шараның әр сағаты тиімді пайдаланылғанын атап өту керек. Облыстық штаб бастық­тарының жұмыс кеңесінен кейін ішкі саясат басқармасында баспасөз мәслихаты өткізілді. Республикалық “Жасыл ел” штабының бастығы Ес­кендір Салиходжаев Елбасының 2005 жылғы 18 ақпандағы Жол­дауынан бастау алатын қозғалыс 123887 жастың басын қосып, осы жыл­дар ішінде 37,2 миллион түп ағаш көшеті отырғызылғанын, бұл іс белсенді түрде жалғасатынын айтты. Жасыл өскіндер 63626 гектар алқапта жайқалып тұр. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің бас­қарма бастығы Шыңғысбек Сұл­танбеков, Астана, Тараз, Өскемен, Алматы қалаларынан келген де­ле­га­ция жетекшілері журналистер сұрақ­тары бойынша мазмұнды мәлімет­тер берді. Шығысқазақстандық Игорь Шацкий “Жасыл ел” шара­па­тымен 841 жігіт пен қыз жұмысқа орналасқанын, қазір Өскеменнің 100 ауласы күтімге алынса, алдағы үш жылда қала түгел қамтылатынын және Беларусь Республикасымен ын­тымақты байланыс орнатылған­дығын хабарлады. Ал, алматылық Тө­леген Кенжебеков Қызылағаш апатының зардаптарын жоюға “Жа­сыл елдің” 160 жауынгері қатыс­қа­нын, онда жастар күшімен 5 үй тұр­ғызылғанын және “Құрбандар ал­лея­сында” көпшіліктің күшімен 15 мың түп ағаш отырғызылғандығын әңгімеледі. Көкшедегі басқосудың марапат­тау рәсімі де ерекше болды. Жастар және студенттік еңбек отрядтарын дамытуға қосқан үлесі үшін Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко “Үздік облыс әкімі” бәйгесін еншілесе, жамбылдық Жанар Сәр­сенбаева мен Ержан Жұпанов рес­пуб­ликалық жарыстың жеңімпазы атанып, Германияда білім алу грантымен марапатталды. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.