Басты байлық
Биыл онкология саласының қарашаңырағы – Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына 50 жыл. Қарашаның 11-13 күндері Алматыға осы мерекелі датаны атап өтуге дүние жүзінен аталмыш саланың 50-ге жуық көрнекті ғалымдары мен білгір мамандары келеді деп күтілуде. Осы алқалы жиын қарсаңында Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, ҚР Бас онкологы, медицина ғылымының докторы, профессор Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВҚА жолыққан едік.
– Жеткерген Әнесұлы, 50 жыл медицинаның ең күрделі саласы үшін аз да, көп те уақыт емес. Дегенмен, бүгінде адамзатты алаңдатып отырған қатерлі ісікті емдеуде қазақстандық ғалымдардың өз жеткен биігі, айтар әңгімесі бар шығар деп ойлаймын...
– Алдымен онкология саласының басында кімдер болды, ғылыми орталықтың іргетасын кімдер қалады дегенге келсек, олар үлкен ғалым ағаларымыз – Сәкен Нұғыманов, Сайым Балмұханов, Арғын Сүлейменов, Одақ Қабиев, Ақзат Бейсебаев, Жаңалық Абдрахмановты айтар едік. Мен осы мекеменің жетінші директорымын. Олардың әрқайсысы ұйымдастырушы ретінде де, кәсіби маман, ғалым ретінде де қабілет-қарымымен аянбай қызмет етіп, өз үлестерін қосты. Ол кісілерге рахмет айтамыз.
Жалпы онкологияның негізгі үш бағытты: ғылым, білім, практика, сондай-ақ осы үлкен саланың адами және кәсіби жолы бар. Елімізде 14 облыста, Алматы мен Астана қаласы мен 2 аймақтық – барлығы 18 онкодиспансер мекемесі жұмыс істеп, бүгінде тыңғылықты шаруалар атқаруда. Онкология – қай жағынан алсаңыз да өте күрделі сала десек, ендеше, адамзатқа қасірет әкелетін кеселмен “шайқасатын” мықты мамандар, ғалымдар “армиясы” қажет. Әрине, бұл салаға да әртүрлі адамдар келеді. Олардың арасында біраз жұмыс жасап, қиындығына төзбей кететіндер де бар. Ол жөнінде ештеңе айтпаймын. Өйткені, бұл әркімнің өз шаруасы. Ал қазіргі таңда осы күрделі салада жұмыс жасап жатқандар өз мамандығын жақсы көретін нағыз кәсіби мамандар, ғалымдар мен білікті ұстаздар деп айтқан болар едім.
Бірінші бағыт – білімге қатысты айтар болсақ, бүгінде еліміздегі медицина университетіндегі сегіз онкология кафедрасында болашақ онкологтар дайындалады. Ал біздің ҒЗИ-да диплом алғаннан кейін басқа мекемелерде біраз уақыт жұмыс жасаған мамандар келіп, білімдерін жетілдіреді. Өйткені, онкология саласында әр екі-бес жыл сайын өзгерістер болып жатады. Мәселен, жаңа дәрі-дәрмектер, аппараттар, препараттар шығып, тың әдіс-тәсілдер енгізіледі. Ғылым саласына келсек, біздің ғылыми-зерттеу институты үлкен орталық. Ұжымда мыңға жуық адам қызмет істейді. Барлық диспансерлер онкология кафедраларының клиникалық базасы болып саналады. Үш жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен біздің орталық пен 16 онкодиспансер ғылыми бағдарламаға қатысуда. Онда ең озық диагностика тәсілдері, ең тиімді, ең нәтижелі ем жүйесі ұсынылады.
– Қандай жетістіктеріңізбен мақтана аласыздар?
– Мына бір екі жетістік жөнінде айтпай кетпеске болмас. Өйткені, ол бір жағынан елдің де табысы. Жуырда қазан айында Душанбеде ТМД елдері онкологтарының VІ съезі өтті. Сол жиынға біз де бардық. Онда ТМД-дағы әріптестерімізге елімізде онкология саласындағы атқарылып жатқан іс-шаралар – қатерлі ісікті ерте анықтау жөніндегі бағдарлама, нәтижелі де тиімді ем, Үкімет тарапынан жасалынып жатқан қолдау мен қаржылай көмек жөнінде айтқанда, бәрі таңғалды. Неге дейсіз ғой? Өзіңіз білесіз, Қазақстанда үш жылдан бері сүт безі мен жатыр мойнының қатерлі ісігін ерте анықтау жөніндегі бағдарлама қызу жүріп жатыр. Енді келесі жылы тағы екі бағдарлама қосылғалы отыр. Ол тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісігін ерте анықтау бағдарламасы. Яғни, простота безі немесе, қуық астындағы бездің қатерлі ісігін анықтау. Жыл сайын бастапқы екі бағдарламамен миллионға жуық әйел қауымы тексерілді. Алла қосса, 2011 жылдан жыл сайын 3 млн. астам адам тексеруден өтпек. Әрине, жаңа істі қолға алып, тәжірибе жинағанша, оның өз қиындығы болып жатады. Қашанда алғашқы қадам – істі бастау қиын. Мұндай бағдарлама ТМД елдерінің бірінде жоқ. Сондай-ақ, 2006 жылдан барлық онкомекемелер бір протоколмен, бір идеологиямен жұмыс істеуде. Ол қандай протокол дейсіз ғой, дүние жүзіндегі ең нәтижелі, ең тиімді ем жүйесінің бәрін жинақтап, барлық мекемелерге енгіздік. Сол жиында “біз де басқа елдің емін енгіздік” дегендер болды. Рас, айту бар да, оны іске асыру бар. Екінші мәселе, шынымен де “сол протоколдар бар ма, жоқ па, оны қалай қамтамасыз ете алдық, сол емдерді қолдайтын, соны іске асыратын қандай бағдарламалар бар” дегенде, біз екі бағдарламаны алға тарттық. Барлық диспансерде химиялық препараттар, дүние жүзіндегі ең мықты сәулемен емдейтін аппараттар бір тізіммен Үкімет тарапынан қаржыландырылатынын айттық. Қазақстанда жүргізіліп жатқан шараларды естігенде, олар біріншіден қызғанды, екіншіден: “Қазақстандықтар, жарайсыңдар! Біз сендердің тәжірибелеріңді өзімізге алып, үйрену үшін келесі съезді сендерде өткізейік”, деп шешім қабылдады. Алла қосса, екі жылдан кейін ТМД елдері онкологтарының кезекті құрылтайы бізде өтпек. Бұл нені көрсетеді? Ол ТМД елдерінің қазақстандық мамандарды бағалағаны, Елбасының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен үлкен шаруалар жасалынып жатқанын мойындауы.
Екінші жетістігіміз, ол да тарихи маңызды оқиға. Біреу білсе, біреу біле қоймас, Еуропада онкология саласында алты кәсіби қоғамды біріктіретін онкологтар мектебі бар. Сол мектеп ТМД елдерінің арасында елдің ахуалын, мемлекеттің саясатын, онкология саласының қазіргі жағдайын, Үкімет тарапынан қандай көмек көрсетілуде, маман ретінде біліктілігі қай дәрежеде екенін байқап, зерттеп отырады. Міне, сол беделді ұйым ТМД елдері арасында өздеріне 5 жылға стратегиялық әріптес ретінде Қазақстанды таңдап, Елбасының атына хат жазды. Енді олар өз қаржыларына Еуропадағы мықты деген диагностикада болсын, емдеуде болсын мамандарды бізге жинап, оқытады. Сөйтіп, Қазақстан ТМД елдері бойынша алаң болмақ. Бұл да шетелдік мамандардың отандық онкологияны бағалап, мойындағаны. Болмаса еуропалықтарды білесіз, олар тектен текке келмейді. Егер олар сенбесе, немесе елдің жағдайы нашар, онкология саласында күрделенген мәселелер шаш етектен болса, “осы мәселені шешеміз” деп алға ұмытылған мамандар болмаса – олар жоламайды.
– Жақсы екен, бірақ бұл бір жағынан үлкен жауапкершілік қой...
– Үлкен жауапкершілік екенін білеміз. Сол үшін де дайындықты бастап жібердік. Біз Еуропа деңгейіндегі тәжірибені әкелу үшін 30-ға жуық маманды оқуға жіберіп алдық. Онда тек конференцияларға қатысып қоймай, баяндама жасап қайтты. Сондай-ақ, ағылшын тілін білетін мамандардың санын көбейтудеміз. Сол себепті бір жылдан бері біздің институтта барлық клиникалық конференциялар ағылшын тілінде өтеді.
– Мамандарыңызға қиын тиіп жатқан жоқ па?
– Әрине, қиын. Бірақ, қиналатын жастар емес, олар біріншіден, алғыр, не нәрсені болса да қағып алады. Оның үстіне ағылшын тілін мектепте оқыған. Қиналғандардың ішінде мен де бармын. Төраға ретінде конференцияны жүргізуге тура келеді. Жігіттер болса: “Жәке, бізді аямайсыз ба? Бес жыл бойы конференцияда бәрімізді қазақша сөйлеттіңіз, енді ағылшын тіліне қинап жатырсыз” деп. “Жігіттер, одан не ұтылдыңдар? Отыз жыл орыстың арасында жүрген мен де қазақша үйрендім. Міне, бес жылдың ішінде барлығың қазақша сөйлеп кеттіңдер. Сендердің араларыңда ағылшын тілін нашар білетін мен. Қазақ қабілетті халық. “Көш жүре түзеледі” деп, басшы ретінде алдыларыңа түстім. Сөйтіп, бір жылдың ішінде мен де сөйлеп кеттім. Өйткені, жігіттерге өзім үлгі болғым келді. Жалпы, адам жазыламын деп ұмтылса, жазылады, үйренемін десе, үйренеді. Сөйтіп, ағылшын тілінде сөйлейтін мамандар санын көбейттік. Жігіттерге айттым: “Мерейтойға келетін шетелдік қонақтармен ағылшын тілінде сөйлейсіңдер”, деп. Қонағын құдайындай күткен халықпыз ғой, қазір үлкен дайындық үстіндеміз.
– Бүкіл мәселені шешіп қоймаған шығарсыздар, алдарыңызда қандай проблемалар тұр?
– Әрине, проблема бар. Ең алдымен біздер маман ретінде осы салада бәсекелес болғымыз келеді. Ол үшін күнделікті еңбек етуіміз керек. Институтта бөлімше меңгерушілері аптасына бір рет дәрігер, екі рет медбике, үш рет санитаркамен кездесіп, оларға дәріс оқиды, екіншіден өз араларында жиі кездесетін мәселені талқылайды. Ондағы мақсатымыз, медколледж бітірген жас мамандарды тәрбиелеу. Өйткені, операция жасалған соң, мәселе күтімге тіреледі. Дұрыс күтім болмаса асқынулар саны көбейеді. Ол, әсіресе, түнгі уақытта жиі кездеседі. Медбике де адам. Шаршайды. Бірақ, сол шаршағанның өзінде мықты дайындық жүргізілсе, олар қатені аз жібереді. Ал жұмыстың қалай орындалып жатқанын сапа жөніндегі сарапшылар тексереді. Тағы да қосымша мониторинг дегеніміз бар. Мәселен, соңғы үш айда бұрынғы мәселелер азайып келе ме, жоқ па, соны бақылайды. Сондай-ақ скринингті орталықтандыру мәселесі, ең бастысы, өлім санын азайтып, ерте диагностикалау мен емдеудің қазіргі заманға лайықты, тиімді жүйесін жүзеге асырып, үлкен нәтижелерге қол жеткізу.
– Конференцияға қанша елден қонақтар келеді деп күтілуде?
– Жиынға жер-жерден дүние жүзінің ең мықты деген 50-ге жуық онколог маманы келмек. Онда бүкіл Еуропаның жетекші мемлекеттері, Азиядағы, Жапония, Корея, Израиль, Сингапур, т.б. елдердің осы саладағы аса білгірлері бас қоспақ. Жапонияда асқазанның қатерлі ісігі бірінші орынға шыққанмен, оларда басқа елдерге қарағанда сырқатты ерте анықтау көрсеткіші өте жоғары. Өйткені, жапондықтар ұлттық деңгейде бағдарлама енгізіп, дүниежүзін таңқалдырған ел. Қонақтар арасында сол бағдарламаға жетекшілік жасаған профессор Т.Ендо бар. Сүт безі қатерлі ісігінің профессоры, Еуропадағы маммография мамандары қоғамының президенті Марко Рассели, Халықаралық қатерлі ісікке қарсы одағының президенті Ф.Кавалли, Еуропадан жатыр мойнының қатерлі ісігіне қатысты 6 жетекші хирург, т.б. мамандар келеді. Сондай-ақ, келер жылы басталатын простота безі қатерлі ісігінің алдын алу бағдарламасына орай Еуропаның ең білікті деген ғалымдарын шақырдық. Олардың арасында Германиядағы үлкен бағдарламаның үйлестірушісі, профессор Ф.Шредер бар. Медицинада урологтар: жалпы урология және онкоурологтар болып екіге бөлінеді. Жаңа жылдан енгізілетін бағдарламада екеуі бірігіп бірге шаруа жасамақ. Сондықтан еліміздің барлық урологтары қосымша ПСА тесті арқылы, яғни лабораториялық көрсеткіш бойынша облыс деңгейінде сол жобаға қатысады.
– Мерекелік жиында шақыртса келтіре алмайтын білікті мамандар бас қосатын көрінеді, басқа да мәселелер қаралатын шығар?..
– Әрине. Мереке дегеніміз ол сылтау ғана, оған тек бір сағат уақыт бөліп отырмыз. Жиынға Алматы қаласының әкімі, депутаттар, Денсаулық сақтау министрі қатысады, сондай-ақ басқа да салалық министрлерді, Тұңғыш Президент қорының президенті Дариға Назарбаеваны да шақырып отырмыз. Бағдарлама бойынша қонақтар өз лебіздерін білдіреді, сонан кейін үш күн бойы бас көтерместен жұмыс жасаймыз. Дәрістер оқып, операциялар жасалынады. Шара аясында 4-5 шеберлік кластары өтеді. Қазақ мұндайда айтпай ма, “мұрнынан шаншылып” шаруа жасаймыз. Меніңше, дәрігер үшін жақсы, нәтижелі жұмыстың әрқайсысы той, мереке. Өзімнің қолымнан күнде қандауырым түспей ота жасаймын. Өте қиын да күрделі операция үстінде әртүрлі жағдайлар кездеседі. Ертеңгі күні операциядан кейін науқасыңның көңіл-күйі көтеріңкі, клиникалық көрсеткіштері жақсы болып шықса, одан артық қуаныш жоқ. Онкологияның жетістігі – елдің де жетістігі, абыройы. Сөйтіп, мерейтойды пайдаланып, үлкен жұмыс атқарғалы жатырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Қазақстанда соңғы 5 жылда онкологиялық ауруларда тұрақтылық байқалған. Мәселен, 2005 жылы 29153 мың науқас болса, 2009 жылы 29071 адам ауырған. Онкологтарды қуантып отырғаны, бес жылда өлім көрсеткішінің динамикасы азайып, 100 мың адамға шаққанда 114-тен 107-ге төмендеген.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.