Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы Цзя Цинлиньмен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Жүздесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік, көршілес, достық және өзара тиімді сенімділікке негізделген байланыс жыл сайын нығайып келе жатқаны айтылды. Бұлар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның қарым-қатынастарынан бастау алып отыр. Келесі жылы қос мемлекет арасында маңызды кездесулер болатыны күтілуде. Атап айтқанда, Мәжіліс Төрағасы 2011 жылы жазда Астанада өткелі тұрған Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық Саммитіне Қазақстан тарабы Ху Цзиньтаоның қатысуын күтіп отырғанын жеткізді.
Қытай тарабы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді Қазақстанның сыртқы саясаттағы маңызды бастамаларына қолдау білдіріп келеді. Өз кезегінде Қазақстан Қытайдың лаңкестікпен, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрестегі ұстанымдарын қолдайды.
Айта кету керек, Мәжілісте ҚХР Парламентімен ынтымақтастық тобы құрылған жетекшісі депутат К.Сағадиев болып табылатын бұл топ құрамында 24 депутат бар. Мәжіліс Төрағасының Бейжіңге парламенттік байланысты дамыту мақсатында ресми сапары жоспарлануда. Сол сапар шеңберінде Бүкілқытайлық халық өкілдері Жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Бангомен кездесуі қарастырылуда.
Кездесуде Қытайдың көп ұлтты және көп дінді ел екені айтылды. Ұлтаралық қарым-қатынаста және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықта тәжірибе алмасудың тиімділігі сөз болды. Сауда-экономикалық байланыс қарқын алып келеді. Қазақстанның сауда айналымы саласындағы әріптестері ішінен Қытай төртінші орында тұр. Қазақстанның сыртқы саудасындағы ҚХР үлесі 15 пайыздан астам. Сондай-ақ, Қытайдың сауда айналымы саласындағы әріптестері арасында Қазақстан ТМД елдері ішінде Ресейден кейін екінші орында тұр.
Бүгінгі таңда Қытай Қазақстан экономикасына қаржы салып отырған ірі инвестор екені анық. 2009 жылы екі мемлекет жалпы көлемі 13 млрд. долларды құрайтын кредиттік келісімдерге қол қойды.
Цзя Цинлинь мырза Бүкілқытайлық халық өкілдері Жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Бангоның ыстық сәлемін жеткізді және өз еліне шақырды. Мәжіліс Төрағасы шақыруға ризашылығын білдіріп, еліміздің атына айтқан жылы пікірі үшін алғысын жеткізді.
Кездесуге Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Икрам Адырбеков пен бір топ Мәжіліс депутаттары қатысты.
Кездесуден кейін Цзя Цинлинь мырза Мәжілістің құрметті қонақтар кітабына тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.