10 Қараша, 2010

“Қалдаяқов халық әртісі болып санаулы ғана күн кешті”

522 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА: “Қалдаяқов халық әртісі болып санаулы ғана күн кешті” Ертең Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық “Менің Қазақстаным!” атты ән фестивалі басталады. Қазақ вальсінің королі атанған композитордың 80 жылдығына арналған байқаудың қазылар алқасына ән әлемінің падишасы, КСРО халық әртісі Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА жетекшілік ететінін естіп,  фестиваль қарсаңында тілдесіп үлгерген едік. – Бибігүл Ахметқызы! Шәмші ағаның мол мұ­расын халық арасында насихаттап, дарынды жастарды қолдау үшін өңірлерде өтіп жүрген осы фестиваль халықаралық дәрежеге ие болып құла­шын кеңге жайған екен. Бұл атақты ком­позиторды ұрпаққа танытудың, ұмыттыр­мау­дың жақсы белгісі сияқты. – Иә. Шәмшінің әндерін тыңдап отырып, сұлу саздың көркі сұлу сөз екен-ау деген пайымға тоқтайсың. Сондықтан әнді сахнада жариялар ал­дында композитормен қоса ақынның да атын ата­ған жөн деген ойға қалып жүрмін. Әуен қаншама керемет болып тұрса да мағынасы бол­маса құты қашады. Мен алғаш Шәмшінің “Қайықта” әнін Жамал Омаровадан естіп, айттым. Одан кейін “Ақмаңдайлымды” орын­дадым. Алғашқыда бұл әнді Роза Бағланова айтып жүрген. Енді міне, Шәмшінің шығармаларын біздің балаларымыз, балаларымыздың балалары ай­туда. Қайран Қалдаяқов!.. Өзі қарапайым өмір сүрсе де, ел-жұртына өлмейтіндей ән-ескерт­кіш тастап кеткен. Шынында да, тағдыры күрделі болса да шығармашылық адамдары өте бақытты халық, соңында мұра қалдыра алатын қауым. Туындылары елдің аузында тұрғанда тірі жүре береді. Шәмшінің денесі жерде жатқанымен, жаны әлі күнге біздің арамызда жүр. Оның шығармаларымен біз өстік. Содан соң кейінгілер де солай ержетті. Қазіргі жас­тарға нағыз дем беретін, рух беретін сазгердің бірі – осы Қалдаяқов. Бүгінгі әншілер, композиторлар маған ренжімесін, олардың шығармаларын мен түсінбеймін. Өйткені, миыма қонбайды, сөздері жадағай, сазы тақ-тұқ жұмбақ. Ал Шәмшінің әндері сурет секілді арбайды, тебірентеді. Философия бар, өмір бар. – Шәмшімен түйдей құрдас екенсіз? Шы­ғармашылықтан бөлек аралас-құралас болдыңыздар ма? – Міне,ол кісі 80 жасқа толды, мен де 80-демін. Шәкең менен жарты жылдай кішілігі бар. Ол көктемде туған. Бұған дейін де Шәмшінің өскен өлкесі оңтүстікте байқаулар өтіп жүрді. Шамам келгенше қатысып келемін. Бірақ, мына фестивальдың жөні бөлек. Жоғарыдағы сұрағыңның екінші бөлігіне жауап берейін, ол кісімен бірге жүрдік, керемет араластық деп өтірік айта алмаймын. Мен алысырақ болдым. Өйткені театрда жұмыс істедім ғой. Опера әншілері болғаннан кейін жолымыз бөлектеу-тін. Бірақ кездескенде сәлеміміз түзу еді. Өкінішке қарай, ол арамыздан ерте кетті. Тәубе, кетсе де артына көп дүние қалдырды. – Шәмші Қалдаяқовқа жуырда Мемлекеттік сыйлық берілді ғой. Біреулер “өлген адамға атақ не керек” десе, қалғаны “сауапты шешім” болды десіп жүр... – Қалдаяқов халық әртісі деген атақты да өлер алдында алды ғой. Бір ай да жүре алмай қайтыс болып кетті. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деген осы. Тірі жүргенде біз бірімізді біріміз көре алмаймыз, сыйламаймыз. Талантты халық болсақ та таланттарды мойындауымыз қиын. Шәмші тірі кезінде аз шеттетілген жоқ. Әйтеуір өзінің қарапайым, ақ жүректілігімен жанына бәрібір көп достар жинап жүрді. Жо­ғарыдағы атақты Шәмші алмағанда кім алуы керек?! Қызығын кейінгі ұрпағы көрсін де. – Сізге атақты композитор қайтыс болары­ның алдында “Күтемін сені” деген әнін беріп кеткен екен? – Иә. Содан кейін мен де ауырып қалдым. Оның үстіне бұл ән менің қолыма кеш тиді. Оны енді жастар айтсын деп, өзімнің шәкіртім Толқын Забироваға бердім. (Бұл ән 1958 жылы жа­зылған көрінеді). Ол оны орындап жүр. Құдай бұйыртса, сол әнді Толқын фестивальдың гала-концертінде айтады. – Шәмшінің сазы да сөзі де сұлу мына бір әні айтылмай, ұмыт қалып барады-ау деген өкінішіңіз жоқ па? – Жоқ. Қайда барсаң да Қалдаяқовтың әндері алдымыздан шығады. Оның әндерін ел жиын-тойда, дала мен қалада, барлық жерде айтады. Шәкең шығармалары ешқашанда ескірмейді. Тек қана сол “Күтемін сені” деген әнін ешкім орындамай келді, себебі нотасын маған ғана берген. Қазір енді ол да орындалып жатыр. Мен қазір сахнаға көп шықпаймын, сондықтан жастар айтсын дедім. – Соңғы рет Шәмшіні қашан көрдіңіз? – Өзі қайтыс болатын жылдың алдында Таразда шығармашылық кешін өткізді. Сонда маған хабарласып: “Биеке, сіз “Қайықта” әнін айтушы едіңіз. Соны мына концертте тағы да орындап берсеңізші”, деді. Барып сол “Қайықта” әнін айтып бердім. Ол кезде жүрегі ауырып жүрген екен. Мен оны білмедім. Сахнаға шығады, арасында уколын салдырып келеді. Шәмшіні соңғы рет міне, сол сапарда, Тараздағы шығармашылық кешінде көрдім. – Бұл жолғы ән фестивалінде қандай таланттарымызды тыңдай аламыз? – Фестивальдың гала-концерті “Қазақстан” орталық концерт залында өтеді. Шараны ұйымдастыруға Мәдениет министрлігі де, “Қазақ әуендері” АҚ-та ат салысып жатыр. Қазылар алқасына да белгілі өнер адамдары тартылған. Үлкен концертте Нұржамал Үсенбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Бағдат Сәмединова, Қарақат Әбілдина, Рамазан Стамғазиев, Алтынай Жорабаева, Медеу Арынбаев, “Жігіттер” тобы Шәмшінің сағындырған сазды әндерін айтады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.