Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
АСТАНА ФОРУМЫ ДАЙЫН ШЕШІМДЕР САММИТІ БОЛМАЙДЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың танымал “Euronews” телеарнасының тілшісі Константино де Мигельге сұхбаты – 2010 жылдың қаңтарындағы ЕҚЫҰ қоғамдастығына өзіңіздің бейнеүндеуіңізде Сіз төрағалықтың ұраны – Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзімділік деп жария еттіңіз. Бұл айтарлықтай оң қабылданды. Қазақстан өзінің төрағалығы кезеңінде аталған ұрандарға толық көлемінде сәйкес бола алды ма? – Біздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыздың ұраны жақсы қабылдануының себебі – ол Ұйымға барлық мүшелердің Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұлан-байтақ кеңістіктегі сұраныстарын айғақтайды. Бірінші – біздің барлығымыз бір-бірімізге сенімді қажетсінеміз. ЕҚЫҰ елдері алдында тұрған қауіпсіздік саласындағы проблемалар көпқырлы және күрделі. Бұл проблемаларды түсіну мен оларды шешу жолдарын таңдаудағы біздердің арамыздағы айырмашылық та айтарлықтай. Қазақстанның көзқарасынша, ЕҚЫҰ қоғамдастығы сенім мен бірлікті көрсетуге міндетті – қазіргі қиындықтарды еңсеруде, міне, дәл осы қажет. Осыған байланысты Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық стратегиясы қатысушы мемлекеттер арасындағы келісім мен сенімді қалыптастыру үшін жағдай жасаудан тұрады. Оның үстіне сенімді ортақ қауіпсіздік негізделетін маңызды құрамдас ретінде қарастырған жөн. ЕҚЫҰ кеңістігінде сенім ахуалын қалпына келтіруге Қазақстан төрағалығы дәйекті ұсынған “Корфу үдерісі” маңызды үлес қосты. Бұл үлес ЕҚЫҰ тұғырнамасында келешектегі еуразиялық қауіпсіздікке қатысты бірлікке жету үшін ашық, тұрақты, кең ауқымды және жан-жақты қамтылған үнқатысудан көрінді. Мен “еуразиялық” анықтамасын кездейсоқ қолданып отырған жоқпын, өйткені, бүгінде еуропалық немесе азиялық қауіпсіздік туралы бөле-жара айтуға болмайды. Қазіргі заманғы қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді қаперге алатын болсақ, ЕҚЫҰ-ға қатысушы бірқатар елдердің аумағы Азияда орналасқан, ал Қазақстан төрағалығы еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік туралы әңгіме қозғап жүр. “Корфу үдерісі” аясында жұмысты одан әрі жалғастыру үшін консенсустық салаларды анықтауда прогреске қол жеткізілді. Осының барлығы ортақ қыр көрсетулерге байланысты сенім мен оның әсерін қабылдауда жақсы жағдай туғызады. Ұранның екінші элементі – дәстүрлер ЕҚЫҰ-ның негіз қалаушы қағидалары мен құндылықтарына жақындықты білдіреді. Өкінішке қарай, бүгінде ЕҚЫК/ЕҚЫҰ-ның негіз қалаушы құжаттарында көрсетілген қағидалар мен міндеттемелер әлі де болса толық көлемінде сақталмай келеді. Күш қолдануды жанжалдарды шешудің құралы ретінде қарастыру тоқталмай отыр, мемлекеттер арасындағы қарсы тұрушылықтар қатері аласталған жоқ. Кәдімгі қару-жарақ түрлеріне бақылау жасау үдерістерінде тоқырау байқалады. Трансұлттық қатерлер айтарлықтай қауіп төндіріп отыр, көптеген жанжалдар шешілмеген күйінде қалып келеді. Осыған байланысты Астана Саммитінде ЕҚЫҰ-ның барлық қағидалары мен міндеттемелерін қайтадан қуаттау, сонымен қатар, жаңа, болашаққа бағдарланған күн тәртібін бекіту қажет деп санаймын. Еуроатлантикалық және еуразиялық саясатта айтарлықтай өзгерістерді жүзеге асыру үшін олардың жолдарын инновациялық тұрғыдан сараптау қажет. Дәстүрлер дегенде біз, сондай-ақ әр халықтың тарихи және мәдени ерекшеліктерін есепке алу қажеттілігі деп түсінеміз. Мұны қазіргі контексте біздің Ұйым құрылған мақсаттарға қайта оралу – Еуропаны жалпыға ортақ және қауіпсіздіктің барлық қырларына теңдестірілген қадам жасау негізінде бөлу желілерінсіз құру үшін жасау қажет. Үшінші элемент – ашықтық бойынша, ол халықаралық қатынастарда қосарланған стандарттар мен бөлу желілерінен еркін барынша ашықтықты, қыр көрсетулер мен қауіпсіздік қатерлеріне қарсы бағытталған ынтымақтастықты меңзейді деп айтар едім. Үстіміздегі жылдың қазанындағы менің Францияға сапарым барысында біз Париж Хартиясы қабылдануының 20 жылдығына арналған конференция өткіздік. Оған сол оқиғаларға тікелей қатысқан адамдар келсе, араларында Францияның экс-президенті Ж.д’Эстен, Францияның сыртқы істер экс-министрі Р.Дюма, ГФР-дің сыртқы істер экс-министрі Х.Д.Геншер болды. Жаңа Еуропа үшін Париж Хартиясына қол қою ЕҚЫК-нің форумнан трансформациялануына жол ашып, оны белсенді қызмет етуші құрылымға айналдырды және де ол Хельсинки Қорытынды актісінің заңды жалғасы болды. Аталған тағдыршешті құжат көп жағдайда жалпыеуропалық қауіпсіздіктің ұзақ мерзімді перспективаларына арналған сұлбасын айқындады. “Қырғи-қабақ соғыс” кезеңінде Хельсинки үдерісінің негізінде екі полюс – АҚШ пен Кеңес Одағы арасында қалыптасқан тепе-теңдікті сақтау негізіндегі еуроатлантикалық тәртіпті ұстап тұру мүдделері жатты. “Темір қабырғаның” құлауымен, Варшава блогының күйреуімен және КСРО-ның ыдырауымен бұл үстем идея да жоғалды. Қорытындысында біздің Ұйым бұрынғы кеңістіктік бағдарын жоғалтып, дер кезінде қайта құрыла алмады және инерцияның жетегінде кетті. Биполярлы қарсытұрушылық іс жүзінде аяқталған сәттен бері, яғни 20 жылдан соң да Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі халықаралық қатынас құрылымы баяғыда өткен дәуірдің барлық негізгі белгілерін сақтап қалып отыр. ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушылар еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің жалпы архитектурасына үйлесімді кіріккен тамаша ұйым құрғаны сөзсіз. Алайда, өмір бір орнында тұрмайды. Тұрақтылыққа жаңа қыр көрсетулер пайда болады, қауіп-қатерлердің мазмұны түрі жағынан өзгереді, терроризм, саяси және діни экстремизм, есірткі бизнесі сияқты түсініктер интернационаланады. Біздің барлығымыз өзінің ықпалы мен ауқымы жөнінен теңдессіз экономикалық дағдарысты бастан өткерудеміз. Халықаралық қоғамдастықтың қолынан “созылмалы” жанжалдарды реттеу келмей отыр. Әлем картасында Ауғанстан қаны сорғалаған жара түрінде қалып келеді. Біздің барлығымыз үшін Қырғызстандағы өткір ішкі саяси дағдарыс теңдессіз қыр көрсету болды. Біз қауіпсіздік құрылымдарын бұзатын үдерістерге иілмелі түрде, дер кезінде және тепе-теңдікпен ықпал етуге міндеттіміз. Біздің мақсатымыз қауіпсіздікті нығайтып, оны қазіргі заман шындығына сәйкес келтіруден тұрады. Ұранның төртінші элементі төзімділік – мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуды нығайту жөніндегі жаһандық трендтерді айғақтаса, бұл жәйт қазіргі әлемде барған сайын үлкен маңызға ие бола түсуде. 29-30 маусымда Астанада ЕҚЫҰ-ның төзімділік және қысым көрсетпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясын өткізу біздің үлкен ортақ табысымыз болды. Бұл форум ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласында тәжірибе алмасудың маңыздылығын жарқын көрсетіп берді. Қазақстан қазіргі заманғы әлем құрылысы және оның одан арғы эволюциясы перспективасының шешуші мәселелерін түсінуде Шығыс пен Батыстың жақындасуын белсенді ілгерілетіп келеді. Менің бастамам бойынша Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері тұрақты түрде өткізіліп жүр. Астана Саммиті барысында біздер өткеніміз туралы естеліктердің, қазіргі заманғы Еуропа мен Еуразиядағы ұлттар татуластығының, төзімділікті ілгері жылжытудың, нәсілшілдікпен, антисемитизммен және ксенофобиямен күрестің маңыздылығын іс жүзінде дәлелдеуге тиіспіз. Өкінішке қарай, біз ЕҚЫҰ мемлекеттерінде байқап жүрген тілдік, миграциялық, діни, мәдени, білім беру саясатындағы өзгерістер ұжымдық деңгейде тиісті дәрежеде сараланған жоқ. Біз бірігіп соңғы бірнеше жыл бедеріндегі төзімділік саясатындағы өте салмақты ілгері жылжуларды ортақтандыру үшін жұмыс істеуге тиісті екенімізге сенімдімін. Мен “ЕҚЫҰ: жаңа онжылдықтағы төзімділікке” деп атағанды жөн көріп отырған ортақ құжатқа шығуымыз қажет. Төзімділік тақырыбы кең мағынасында алғанда Қазақстанның 2011 жылғы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы барысында да басты назарда болады. – ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті осыдан 11 жыл бұрын Ыстамбұлда өтті. Сол уақыттан бері ЕҚЫҰ тұрақты түрде Батыс-Шығыс желісі бойынша қарсы тұрушылыққа байланысты төменге құлдырап келді. Сіз көп жағдайда түрлі, кейде тіпті қарама-қайшы мүдделердегі 56 елдің басшысын Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы бастамаңызды қабылдауға қалайша көндіре алдыңыз? – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның саяси менеджері ретіндегі төрағалығы Ұйымға қатысушылардың барлығының пікірлері мен мүдделерін есепке алу қажеттігінен шығып отыр. Қазақстан ЕҚЫҰ кеңістігіндегі түрлі құрылымдардың белсенді қатысушысы және өзге де “бәсекелес” ұйымдарға кіретін мемлекеттермен тығыз әрекеттестікте бола отырып, Іс басындағы төраға лауазымында ешкімді алаламайтын бағыт ұстануға болатынын және солай істеу қажет екенін айғақтап берді. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің барлығымен консультациялар жүргізудің арқасында ұлан-байтақ ЕҚЫҰ кеңістігінде пікірталас ауанын түбегейлі өзгертуге, сөйтіп, Астанада жоғары деңгейдегі кездесу өткізу мәселесін консенсустық негізде шешуге қол жеткізілді. Оның үстіне, біздің төрағалығымыздың басында бұл идеяның шындыққа айналатынына сенгендер көп бола қойған жоқ. 2010 жыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл, Хельсинки Қорытынды актісіне 35 жыл және жаңа Еуропа үшін Париж Хартиясына 20 жыл толуымен ерекшеленді. Сондықтан өзіміздің қатысушы мемлекеттермен консультацияларымызда біз екпінді еуроатлантикалық және еуразиялық нұсқалы біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздік қоғамдастығын құру ЕҚЫҰ-ның барлық, яғни жаңа, болашаққа бағдарланған күн тәртібіндегі қағидалар мен міндеттемелерді қайта бекітуді талап ететініне түсірдік. Жаңа күн тәртібін жасау жоғары деңгейдегі тиісті саяси ерік-жігер бар болған жағдайда ғана мүмкін. Оның үстіне, біз Астанадағы Саммитте ЕҚЫҰ-ның ұлан-байтақ жауапкершілігі аймағындағы геосаяси қатынастарды шынайы “қайта құруға” ден қою бүгінде әлемде болып жатқан осындай үдерістерді тиімді толықтырады дегенге назар аударттық. Біріншіден, жекелеген мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарда. Бұған жарқын мысал ретінде Ресей мен АҚШ-ты келтіруге болады. Екіншіден, жаһандық және өңірлік көпқырлы саяси және экономикалық үдерістер шеңберінде. Бұл жерде мен бірінші кезекте “Үлкен жиырмалықты”, Еуропа Одағын, НАТО-ны, Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағын меңзеп тұрмын. ЕҚЫҰ-дағылардың барлығы оның жауапкершілігі аймағындағы жалпыға ортақ бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу жаһандық қауіпсіздікті нығайтатынымен келіседі. Мысалы, егер Астана Саммитінде қауіпсіздіктің жаңартылған архитектурасы туралы уағдаластыққа қол жеткізілетін болса, онда ядролық қарулану мен оларды қысқартуға бақылау саласында сезінерліктей прогреске жетеміз деп батыл есептеуге болады. Егер елдер ынтымақтастықтың өзге де маңызды қырларында мәмілеге жете алатын болса, онда климаттың өзгеруі сияқты шетін мәселені шешуде де осындай оң ахуал қалыптасатыны күмәнсіз. Егер біз өзіміздің еуропалық және еуразиялық “ауламыздағы” проблемалы аймақтарымызды бітістіре алсақ, онда әлемнің саяси картасындағы “ыстық нүктелерді” тыныштандырудағы өзара іс-қимылымыз қазіргіден перспективалы бола түсер еді. Біздің саммит шақыру туралы бастамамызда келесі бір маңызы айтарлықтай мәселе ретінде Қазақстанның бүкіл әлемге “ислам, прогресс және демократия сыйыса алатынын” көрсетуге ұмтылысымызды айтқан болар едім. Біздің бұған мұсылман тұрғындары басым тұратын, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды табысты жүзеге асырып келе жатқан, демократиялық қоғамдастыққа дәйектілікпен интеграциялану үстіндегі ел ретінде моральдық құқымыз бар. Саммит өткізуді бұдан әрі кешіктірудің зияндылығын біз қазіргі кездегі салыстырмалы түрде алғанда қолайлы геосаяси жағдайды қолдан шығарып алу мүмкіндігімен түсіндірдік. Еуропалық қауіпсіздік түсінігі туралы айтқанда оның іс жүзінде “Ванкуверден”, бірақ “Владивостокқа дейінгі” емес, “Белостокқа дейінгі” кеңістікті ғана қамтитын барлығымыз үшін аса негативті сценарийді жүзеге асыру мүмкіндігі де жоқ емес. Ал мұндай сценарийде ЕҚЫҰ түпкілікті летаргиялық ұйқыға кеткен болар еді. Осы аралықта егер ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық елдер конструктивті қадамға барып, саяси көрегендік таныта білмесе, онда саммиттің пайдалылығы туралы ешқандай дәйектемелер оң нәтиже бермес еді. Консенсусқа қол жеткізуде Хатшылықтың және ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның жеке басының, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның барлық институттарының мықты қолдауы мен тер төге атқарған жұмысы үлкен үлес қосқанын атап өткім келеді. – Сіздің көзқарасыңызша, төрағалық кезеңінде Қазақстан үшін қандай қыр көрсетулер негізгілер болды? – Қазақстандық төрағалық үшін ең басты қыр көрсетулердің мәні сол, оның нәтижесі ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерден алған сенім несиесін қаншалықты табысты ақтай алатынымызға байланысты болмақ. Шынайы болайын – біздің әріптестеріміз Қазақстанға Іс басындағы төрағалықтың жауапкершілікті өкілеттігін сеніп тапсыра отырып, осындай күрделі құрылымды жеткілікті деңгейде тепе-тең және тиімді басқара алатынымызға қатысты күмәнді көңіл-күйде болуы әбден ықтимал еді. Жауапкершілік аймағына 56 ел кірсе, оның ішінде 4 ядролық держава бар екенін де естен шығармау керек. Және мұндай күмәнмен қараушылықты түсінуге де болатын еді. Оның үстіне Қазақстан Ұйымға төрағалық етіп отырған алғашқы посткеңестік, басым негізде азиялық және мұсылман мемлекеті болып табылады ғой. Әрине, біздің еліміз өзінің белсенді сыртқы саясатымен жақсы танымал, модератор және бітімгер атағына ие, түрлі интеграциялық пішіндердің “қозғалтқышы”, тұтас бір халықаралық бастамалардың авторы ретінде беделі бар. Бірақ ЕҚЫҰ-ға төрағалық – ол, әсіресе әлемдегі мейлінше қарапайым емес саяси және экономикалық ахуалдар аясында, мүлде өзгеше деңгейдегі және ауқымдағы сынақ. Сонымен бірге, Қазақстанның Ұйым төрағасы қызметіне келуін ЕҚЫҰ-ны соңғы уақыттың тиесілі оң тенденциялары арнасында “қайта демдеу” үмітімен де байланыстырды. Өз төрағалығымыздың бағдарламасын әзірлей және оны кейіннен іс жүзіне асыра отырып, біз “скептиктердің” қауіптерін сейілтіп, “оптимистердің” діттегендерін ақтауға тырыстық. Бізге оның айтарлықтай дәрежеде орайы келді деп үміттенемін. Әрине, саммит шақыру жөніндегі қазақстандық ұсыныс бойынша консультациялар оңайлықпен жүре қойған жоқ. Бірақ жоғары деңгейлі кездесу өткізу туралы консенсустық шешім қабылдау – бар болғаны істің жартысы ғана. Біз қазақстандық төрағалықтың нәтижелілігі туралы ортақ пікірдің, бірінші кезекте, біздің Астана Саммитінің ұйымдастырушылық та, мазмұндық та мәселелерін қаншалықты табысты орайластыра алатындығымызға байланысты болатынын түсінеміз. Біз жоғары деңгейлі кездесудің мазмұндық бөлігіне айрықша назар аударатын боламыз. Ыстамбұлдан кейінгі көп жылдық үзілісте ЕҚЫҰ кеңістігінде жинақталып қалған проблемалық мәселелердің қатпарлары өте-мөте көп. Оларды “шайып тастау” соншалықты оңай емес. Барлық қиындықтарға қарамастан, түптеп келгенде біздің ең бір өткір деген мәселелердің өзінде де өзара тиімді тұжырымдарға қол жеткізетінімізге сенімім мол. Мен өзімнің бұл пікірімде 11 жылдық үзілістен кейін Астана Саммиті Ұйымның сапалық жаңаруына, оның ХХІ ғасырдағы өмір шындықтарына бейімделуіне бастау болады деген біздің бүкіл әріптестеріміздің мүдделіліктерін басшылыққа алып отырмын. Саммитті мазмұн жағынан толықтыру тұрғысында Оңтүстік Кавказ бен Приднестровьедегі дау-жанжалдарды реттеуге ықпал етудің қазақстандық төрағалық үшін тағы бір елеулі сынақ болғанын атап өтер едім. ЕҚЫҰ-ның Минск тобы шеңберінде Таулы Қарабақ жағдайын реттеу бойынша белгілі бір қозғалыстың болғанын атап өту мен үшін қуанышты жәйт. Биылғы жылдың қазанында соңғы 5 жылда алғаш рет ЕҚЫҰ қолдауындағы халықаралық сарапшылар тобы жергілікті жердегі гуманитарлық ахуалға баға беру үшін Таулы Қарабақта болды. Біз Армения мен Әзірбайжан әскери тұтқындар алмасып, ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағаларының және Халықаралық қызыл крест комитетінің көмегімен қаза болғандардың мүрделерін қайтаруға келіскен президенттер Д.Медведевтің, С.Саргсянның және И.Алиевтің бірлескен мәлімдемелерін қуаттаймыз. Үстіміздегі жылы Приднестровье мәселесі бойынша “5+2” форматындағы тұрақты да толықтай сындарлы үнқатысуды жолға қоюдың сәті түсті. Келіссөздердің қолайлы ахуалы және халықаралық араағайындардың күш-жігері халықтардың тұрмыс-тіршілігінің түрлі салаларындағы практикалық мәселелер бойынша қызметтестіктің қарқын алуына жағдай жасайды. Мәселен, 1 қазанда, 2006 жылдан бері алғаш рет, Приднестровье арқылы Кишинев пен Одесса арасындағы жолаушылар темір жол қатынасы қайта қалпына келтірілді. Грузин мәселесі бойынша Женева пікірсайысы шеңберінде тараптар арасындағы қарым-қатынастардың біртіндеп қалыпқа түсе бастағанын және өзара тиімді шешімдерді іздеуге деген талпынысты атап өтуге болады. Біз ұзаққа созылған үзілістен соң, 28 қазанда Қақтығыстардың алдын алу және реттеу жөніндегі механизмнің оңтүстікосетиялық мәтіндегі жұмысының қайта қалпына келуін қуаттаймыз. Осы күш-жігердің бәрі, түптеп келгенде, созылмалы дау-жанжалдар салдарынан әлі күнге дейін зардап шегіп келе жатқан қарапайым азаматтардың игілігі үшін жанжалдасушы тараптардың сенім деңгейлерін арттыруға және позицияларын жақындастыруға жағдай жасауы тиіс. Сөз жоқ, Қырғызстандағы дағдарысты да назардан тыс қалдыра алмаймын. Бұл жағдай біздің бәріміз үшін, әсіресе осы елдің жақын саяси және экономикалық әріптесі ретіндегі Қазақстан үшін күтпеген әрі күшті сынақ болды. Осынау күрделі, көп астарлы ішкі саяси ахуалды реттеу жөніндегі біздің төрағалығымыздың іс-қимылы шынымен де көп жағдайда атап айтарлықтай сипатқа ие болды. Бізге жиі-жиі күтпеген бағытта өріс алған жағдайларда іс-қимылдар жасауға тура келді. ЕҚЫҰ шеңберінде жауапты мәлімдемелер мен шешімдер қабылданды, халықаралық күш-жігер жергілікті жерде үйлестірілді. Осының бәрі өте өткір цейтнот жағдайында орын алды. Президенттер Д.Медведев және Б.Обамамен бәріміздің уақтылы және үйлестірілген іс-қимылдарымыздың, БҰҰ, ЕО және өзге де халықаралық ұйымдар тарапынан болған тиімді қолдаудың және Қырғызстанның көп ұлтты халқының ерік-жігері мен кемеңгерлігінің арқасында бұл елдің азамат соғысына кіріп кетуінің алдын алудың сәті түсті. Қырғыз дау-жанжалының бейберекет дамуы Орталық Азияның бүкіл өңірлері үшін ең бір болжауы қиын зардаптар әкелер еді. Ауғанстанның соғыс қимылдары аймағындағы бүлдіргіш террорлық күштер өзінің өңірдегі ықпалын кеңейте түсу үшін Қырғызстандағы жағдайды пайдаланып қалуға кетәрі болған жоқ. Сонда да болса, тіпті 10 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін де түпкілікті тұрақтылық туралы айтуға әлі де ерте. Іс басындағы билік пен Қырғызстанның көп ұлтты халқы дағдарысты жойып, жасампаз арнаға қайта оралу үшін, толыққанды үкіметті қалыптастыру үшін қарышты қадамдар жасалуда. ЕҚЫҰ мұндай оң үдерісті қолдап қана қоймай, сонымен бірге қалыптасудың осынау маңызды сатысында Қырғызстанға практикалық көмек көрсетуді жалғастыра беретін болады. Экономикалық және гуманитарлық ықпалдастықтағы мәселелер, сол сияқты құқық тәртібі мен ұлтаралық жанжалдардың алдын алу мәселелері неғұрлым басым сипатқа ие болмақ. Әлемдік қоғамдастықтың Қырғызстанға көмек беру жөніндегі күш-жігерін үйлестіру мақсатында алдағы жылдың басында Алматы қаласында менің басшылығыммен халықаралық арнайы донорлық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. – Көптеген адамдар қазірдің өзінде алда тұрған саммиттің “тарихилығы” туралы айтуда. Бірақ, Сіздің ойыңызша, оның шынымен де тарихи болуы үшін жоғары деңгейлі кездесудің негізгі нәтижелері қандай болуы керек? – Астана Саммиті тек бір жағдайда ғана нағыз тарихи саммит бола алады. Ол 56 мүше мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларына ЕҚЫҰ тек “қырғи-қабақ соғыс” кезінде ғана емес, сонымен бірге бүгінге дейін де қазіргі заманғы жаһандық саясат пен экономиканың жанды бітіміне тығыз кіріккен белсенді дамып келе жатқан құрылым екенін іс жүзінде дәлелдей алғанда ғана мүмкін болмақ. Осынау көкейкесті міндетті шешудегі табыс кепілі – ЕҚЫҰ шеңберінде қордаланған проблемалар мен қарама-қайшылықтарға саламатты, салқынқанды және прагматикалық тұрғыда талдау жасау. Біздің қазіргі бар оң істерді табанды түрде бөліп алып, бекіте түсуіміз, Ұйым алдында тұрған сынақтар мен қатерлерге сәйкес келетін іс-қимылдарды белгілеп алуымыз қажет. Біз өзіміздің кездесуімізді ЕҚЫҰ-ның бірегей және бөлінбейтін қауіпсіздігін нығайтудағы, қазіргі бар дау-жанжалдарды шешу мен жаңаларының алдын алудағы тиімділігін күшейте түсу үшін пайдалануымыз қажет. Ол тиімділік трансұлттық қатерлермен, экономикалық және экологиялық проблемалармен күресте, Ұйым жауапкершілігі аймағында адамның құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз етуде қажет. Сонымен қатар, Астана форумының дайын шешімдер саммиті болмайтынын да айқын түсінген жөн. Біз “Ванкуверден Владивостокқа дейінгі” қауіпсіздік кеңістігі тұжырымдамасынан еуроатлантикалық және еуразиялық қоғамдастықтың бірегей де бөлінбейтін қауіпсіздігін құруға қарай табандылықпен қозғалудың жаңа стратегиялық бағыты мен іс-қимылдар жоспарын белгілеу мақсатын алға қойып отырмыз. Ол ортақ құндылықтар, принциптер мен міндеттемелер негізінде құрылған, қауіпсіздіктің бөлу сызықтары мен түрлі деңгейлерінен ада қоғамдастық. Астанада бізге қарапайым қарау-жарақтарға жалпыеуропалық бақылау орнату режімін нығайту саласындағы нақты мақсаттар мен міндеттерді алға қою қажеттілігі тұр. Яғни, ол сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайту, терроризмді, жаппай қырып-жоятын қару-жарақтар таратуды, ұйымдасқан қылмысты, адамдар саудасы мен есірткінің заңсыз айналымын, киберқылмыс пен жеңіл және отты қаруларға байланысты проблемаларды қоса алғандағы трансұлттық қауіп-қатерлерге жауап беру. Ауғанстан мен Қырғызстандағы тұрақтылыққа ықпал жасауға, және, тиісінше, дәстүрлі еуразиялық өлшемді толықтыра түсетін қауіпсіздіктің жаңа еуразиялық компонентін бекітуге деген біздің берік ұстанымымызды тағы да атап көрсету орынды деп санаймын. Еуроатлантикалық және Еуразиялық қоғамдастық қауіпсіздігінің ұзақ мерзімді жоспарын жасаудың дәл өзінен мен “Хельсинки рухына” жаңаша жарқын келбет пен қуат беретін “Астана рухының” квинтэссенциясын көріп отырмын. Тағы бір басымдық – дау-жанжалдардың алдын ертерек алу мен жоюдың, дағдарыстарды реттеу мен жанжалдардан кейінгі қалпына келтірулердің ұжымдық тетіктерін жетілдіру. Оны жасау қажет, өйткені ЕҚЫҰ кеңістігінде ондаған ықтималды дау-жанжалдық өңірлер бар. Сол сияқты ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық себетінің басымдықтарын да қарау қажет. Ол ең алдымен, қаржылық-экономикалық әлем құрылымының жаңа моделін құру, сол сияқты ЕҚЫҰ кеңістігіндегі экологиялық апаттарға, бірінші кезекте Арал апатына, ұжымдық іс-қимылдар қалыптастыру жөніндегі біздің күш-жігерлеріміз болып табылмақ. Астанада біздің Жалпыға ортақ адам құқықтары декларациясына деген берік ұстанымымызды тағы да айғақтай түсуіміз қажет. Адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау мен ынталандыру мемлекеттік басқарудың негіз қалаушы мақсаттарының бірі және қазіргі заманғы тәртіптің негізі болып табылады. Адам құқықтары мен еркіндіктерінің идеалдары мен құндылықтарын, толеранттылық пен ашықтық стандарттарын біз бәріміз санжылдық қиналыстар арқылы қалыптастырған болатынбыз. Бұл оларды біздің осы саладағы саясатымыздың мызғымас негізіне айналдырады. ЕҚЫҰ-ның үшінші себеті бойынша да біз толеранттылық пен қысым көрсетпеуді нығайту жөнінен міндеттемелер қабылдауды ұсынамыз. – Биылғы жылы Қазақстан негізінен еуропалық ұйым саналатын ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Келер жылы Сіздің ел бүкіл ислам әлемін қамтитын Ислам Конференциясы Ұйымына төраға болады. Сіздің ойыңызша, Қазақстанның осы ұйымдардағы жетекшілігін өзара түсіністікті жақсарту және Шығыс пен Батыс арасында “көпір орнату” үшін пайдалану шындықпен қаншалықты сәйкеспек? – Шілде айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның Толеранттылық пен кемсітпеу жөніндегі жоғары деңгейлі конференциясы ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласындағы тәжірибе алмасудың қаншалықты маңызды екенін көрнекі түрде айғақтап берді. 2010 жылды “Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы” деп жариялап отырған жағдайда бұл өте-мөте көкейкесті. Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде этностар мен конфессиялардың орасан сан түрлілігінің бейбіт және толерантты өмір сүруінің өзіне тән айрықша тәжірибесін жинақтады. Осындай талас тудырмайтын артықшылық біздің елімізді Батыс пен Шығыстың, Еуропа мен мұсылман әлемінің үнқатысуы үшін ең бір қолайлы алаңдардың біріне айналдырады. Төрағалық, араағайындық функцияларды орындау үшін көбіне-көп процеске қатысушылардың бәрі кімнің ұстанымы салқынқанды екеніне сенімді болса, соны таңдайды. Сондықтан да біздің шетелдік әріптестеріміз Қазақстанды, осындай жәйттің АӨСШК мен ЕҚЫҰ, келесі жылы ИКҰ жағдайында орын алатынындай, азиялық та, еуропалық та бірлестіктерге төрағалық етуге нағыз лайық кандидат ретінде қарайды. Оның сыртында Астананың, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш съезін шақыру барысында өзіміз жинақтағандай, мұндай жұмыста аса зор тәжірибесі бар. Оның сыртында, біз “Ортақ әлем: сан-алуандық арқылы дамуға” деген атпен Батыс пен мұсылмандық Шығыстың сыртқы саясат ведомстволары басшыларының конференциясын да алғаш рет өткіздік. Соңғы жылдардың көптеген оқиғалары “өркениеттер түйісуі” деген теорияны біздің есімізге табанды түрде салып келеді. Олар 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі АҚШ-тағы теракт, одан кейін Лондонда, Мадридте, Мәскеуде, Бесланда, Ташкентте және ЕҚЫҰ кеңістігінің өзге де бірқатар қалаларында болған террорлық актілер. Швейцариядағы мұнаралар туралы референдум, бірқатар еуропалық елдердегі мультикультурализм саясатының дағдарысы туралы әңгімелер, хиджабқа тыйым салу туралы пікірсайыстар мен “карикатуралық жанжалдар”. Осыған АҚШ-тағы “Граунд Зеро” белгісіне таяу жердегі мешіті бар мұсылман орталығын тұрғызу төңірегіндегі сөзталастар, Құранды өртеу қатері және басқа да көптеген оқиғаларды қосайық. Мұсылман әлемінің былайғы қалған әлеммен қарым-қатынастар қиындығы әлемдік саясаттағы ең басты проблемалардың бірі болып қалып отыр. Қарым-қатынастар күрделілігі бір біріне деген күдіктен, саяси және идеологиялық экспансияға қатысты өзара айыптаулардан көрініс табуда. Түптеп келгенде осылардың бәрі әскери-саяси жанжалдарға әкеліп соқтыруда. Мұсылман әлемі батыс қоғамының көзқарасында бірінші кезекте оның радикалды бөлігімен астастырылып, үрей тудырады. Ең бастысы – себептерді түсіну, осы қиындықтарды еңсерудің шынайы жолдарын ұсыну. Біздің алдымызда аса маңызды екі міндет тұр. Бірінші міндет – исламды дін ретінде құбыжықтандырмай саяси идеология ретіндегі діни фундаментализмге қарсы тұра білуге үйрену. Екінші міндет – батыс пен мұсылман әлемінің арасында ашық та әділ үнқатысуды жолға қою. Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы осы ізгілікті мақсаттарға қызмет ететін болады. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.