12 Қараша, 2010

Өз көзқарасын білдірді

465 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Белгілі жағдайларға байланысты елден кетіп, бір жарым жылдан бері шетте халықаралық іздеуде жүрген бұрынғы “Сеймар” компания­сының иесі һәм “Альянс Банк” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы әрі банктің құрылтайшысы Марғұлан Сейсембаев жақында, атап айтқанда, 25 қазанда Қазақстанға өз еркімен қайтып оралды. Кеше Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында өткізген брифингінде ол өз басына түскен тауқыметті істер­дің салмағын азамат ретінде көте­ріп алатындығын, осы орайда тек ақиқатқа және әділ сотқа жүгіне­тіндігін атап көрсетті. Соны­мен бірге шетте жүрген кезінде өзіне байланысты жәйттерді бұра тарт­паған, қисық та қыңыр сөзге ерік бермеген журналист қауымына рахмет айтуды да ұмытпады. М.Сейсембаев елге Альянс Банк акционерлері мен менед­жментіне қатысты қозғалған қыл­мыстық істі тергеу амалдарына кө­мек­тесу үшін оралғандығын мәлім­деді. Ол өзіне тағылған айып бо­йын­ша куәлік беруге және ақиқатты анықтауға көмектесуге әзір екендігін айтты. Сонымен қатар ол банк активтерін қалпына келтіру, біздің республиканың бизнес қауымдастығы алдында оның абырой-беделін көтеру жөнінде жұмыс жүргізуге де әзір. Бұдан әрі М.Сейсембаев былай деді: “ Мен елге оралған соң маған қатысты қылмыстық іс қозғалу фактісін саяси мақсатта пайда­ланып, мені Елбасының жүргізіп отырған саясатына қарсы қою үшін көптеген әрекеттер жасалды. Осы аз ғана уақыттың ішінде интернет-сайттарда мені Елбасына және құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне қарсы қоюға бағытталған оншақты мақала­лар жарық көрді. Сонымен бірге маған қатысты қылмыстық қудалау қазіргі билікті қаралауға, тіпті жала жабуға белсенді пайдаланылуда. Кейбір жарияланымдарда менің есімім Рахат Әлиев пен Мұхтар Әблязов­тардың аттарымен қатар қойылуда. Осыған байланысты тағы да мәлімдегім келеді: менің оларға ешқандай қатысым жоқ және бол­ған емес. Мен ешуақытта олардың саяси іс-әрекеті мен көзқарасын қолдаған емеспін, ешуақытта оппозицияда болған жоқпын, ел Президентіне адал болдым және алдағы уақытта да сол адалды­ғымды сақтап қала беремін”. Осылай дей келе, М.Сейсембаев өзінің Елбасы саясатын қолдамауға ар-ұяты бармайтындығын айтты. Себебі, ол алыс ауылда көп балалы отбасынан шығып, жақсы білім алған, сонан соң Қазақстанда ірі биз­нес құрылымын қалыптастыруға мүм­кіндік алған. Енді ол бизнесмен және азамат ретінде өз келешегін Қа­зақстанның болашағымен байла­ныс­тыруға және бұдан кейін де ел игілігі үшін еселі еңбек етуге ниет­тен­ген. Ол тергеу орган­дарының ал­ды­на өз еркімен келіп отыр. Демек, тер­геудің объективті жүруі­не көмек­тесу үшін қолдан келген­нің бәрін жасамақ. Сөзінің соңын М.Сейсембаев: “Тергеу объективті әрі әділ жүреді деп үміттенемін. Осы жағдайды пайдаланып шетелде жасырынып жүргендердің барлығын елге оралуға, тергеуге көмек көрсетуге шақырамын. Олардың жауапкер­шіліктен қашып, Қазақстаннан тыс жерде жүруі, керісінше, өз жағдай­ларын одан әрмен қиындата береті­нін ескерткім келеді” деп түйіндеді. Қорғанбек АМАНЖОЛ.