Елдің елдігін, ердің ерлігін жаһандық саяси жүйеге анағұрлым ықпалдырақ етуге мұрындық болатын, халқымыздың мейманасын тасытып, беделін үстем ететін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін Саммиті күн өткен сайын жақындап келеді. Жауапкершілікке толы бұл шараның жоғары деңгейде өтуі үшін де оған жасалатын дайындық жұмыстары да соған лайық болуы шарт. Сол себепті де еліміздің барлық құзырлы орындары өздеріне жүктелген жұмыстарды тиянақты атқарып жатыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бекіткен жұмыс жоспарының орындалуын толық қамтамасыз ету мақсатында, сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігімен жасасқан келісім бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарымен баспасөз конференциясы болып өтті.
Жиын барысында аталмыш оқу орнының ректоры Бақытжан Әбдірайым еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету кезіндегі жеткен жетістіктері Қазақстанның әлем алдындағы беделін арттырғандығына және бұл жетістіктер өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге, зор мақтаныш болатындығына тоқталды.
“Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету – ол Қазақ елі үшін маңызды міндет, мәртебелі миссия болып отыр. Тәуелсіздік алғаннан бергі еліміздің қол жеткізген ең жоғарғы жетістігінің бірі ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз болып табылады. Саммит кезінде бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құралдарының назары Қазақстанға ауатыны, сондай-ақ Қазақстанмен етене танысатындары түсінікті нәрсе. Осындай үлкен халықаралық шара барысында еліміздің білім саласындағы қол жеткізген жетістіктері жайында, әлемдік қоғамдастық алдында мақтануға тұрарлық нәтижелерді таныстыру үшін осындай басқосуды ұйымдастыруды жөн көріп отырмыз”, – деді ЕҰУ ректоры Бақытжан Әбдірайым.
Бұл айтылғандардан бөлек, Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті кезінде қауіпсіздік мәселелеріне орай елордалық студенттердің қысқы демалыс күндерінің бір бөлігі осы уақыт аралығына ауыстырылғандығы мәлім болды. Студенттердің осы кезде өздерінің үйлеріне жету үшін арнайы жолақының да өз уақытында түсірілетіндігі атап көрсетілді. Сондай-ақ, келген қонақтардың кейбір топтарына арнайы қызмет көрсету үшін аталған университет студенттерінен 200-ден астам ерікті жасақталғандығы да баспасөз конференциясы барысында айтылды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.