Қазақстанда қазіргі уақытта жылыжайлар саны жыл сайын артып келеді. Осының барлығы еңбекқор және қолынан іс келетін адамдардың арқасында.
Олардың бірі Шайқорық ауылының тұрғыны Қуанышбаев Абдрахим Абдрахманұлы. Абдрахим Абдрахманұлы алысқа қатынайтын жүргізуші болып жұмыс атқарған кезде көптеген шет елдерге шыққан. Сол уақыттан бастап жолы түскен елдердің ауыл шаруашылығына ерекше назар аударған еді.
– Осы елдерде болған кезімде олардың технологияларына және ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру тәсілдеріне қызыға қарайтынмын. Сол кезден бастап, шіркін, осы жаңа технологияларды және тәсілдерді өз елімде қолданатын болсақ қой деп армандайтынмын, – деп бастады сөзін Абдрахим ағамыз.
Содан өз ісін бастап кетуге Абдрахим Абдрахманұлының қаражаты жетпеді. Бірақ қолдың қысқалығына қарамастан Абдрахимның үміті үзілген жоқ.
– Жылыжай салуға қаражат іздеген кезімді есіме алсам, жүрегім ауырады. Себебі қандай банкке барсам да, ешқайсысы қаражат бермеді. Кейбіреулері істің тәуекелдігіне немесе кепілдіктің банк саясатына сәйкес келмеуіне сілтеме жасап отырды. Осыдан кейін банктерге бармайтын болдым, – деп сөзін одан әрі сабақтады.
Кейін, Абдрахим Абдрахманұлы өз танысынан “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы туралы естіп, сол жерден шаруасын ашып, кәсібіне керекті қаражатты тапты.
– Қордың қызметкерлері мені жылы қарсы алып, несие алуыма көмектесіп қана қоймай, бизнес-жоспарымдағы кейбір кемшіліктерімді түзетуге көмектесті, қолдарынан келетін көмектерін көрсетті, – деген оның жүзінен қуаныш шуағы шашады.
Қазір Қуанышбаев жылыжайдан басқа, жүзім және өзі салған су қоймасында балық өсірумен айналысады.
– Көкөніс қоймасын құру да жоспарымда бар. Кейбір құрылыс материалдарын өз қаражатыма алдын ала алып қойған едім, ал жетпейтінін қайтадан “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы аламын, – дейді Абдрахим Абдрахманұлы.
Осыған қарап, адамның өз өмірін жақсартуға ынтасы болғанда ғана, барлық кедергіні жеңеді деп айтқымыз келеді.