13 Қараша, 2010

Көркейген Күршім

1039 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қаратоғайдағы қуаныш тойы

4-5 айда 15 тұрғын үй Алтайдың аспанмен таласқан алып шыңдары бір күннің ішінде ақ көрпесіне оранып шыға келді. Таңертең ерте сапарға шығар алдында жолшыларға хабарласып Күршімге баратын жол және Өміш асуына қар түсіп қалды ма деп қаупімізді білдіргенбіз. Айт­қандай-ақ, қаладан 40 шақырым­ға шыға бере мүлдем басқа кли­матқа еніп кеткендей әсерде қал­дық. Қар жауып, жол көктай­ғақ­қа айналған, әупірімдеп жүріп Өміш асуынан да өттік. Күршім­дік­тердің тағы бір проблемасы, өт­кел мәселесі. Қатты жел кө­те­ріліп Бұқтырма теңізі буырқанып, бұйра толқындар ойнаған кезде әзірше жүріп тұрған екі баржамен өте шығу қауіпті-ақ. Ал екі паром түрлі себептермен жүрмей тұр. Күршім ауданында былтырғы жылдың соңғы айлары мен биыл­ғы көктемге дейін күрделі жағдай орын алғанынан көпшілік хабар­дар. Қардың қалыңдығы бес-алты метрге дейін түсіп, көктемде күрт еріген кезде Бурабай, Күршім жә­не Қалғұтты ауылдарында апатты жағдай туды. Қаратоғай ауылында оннан астам тұрғын үй істен шық­ты. Бурабайда көктемде бол­ған кезде аудан әкімі Алтайбек Сейі­товтің өзі бас болып, өзен бой­ына биіктігі екі метр тас қор­шау жасап, апаттың алдын алға­нын көзбен көргенбіз. Күршім ауылында да өзен бойына ұзын­дығы 15 шақы­рым тас қоршау орнатылып, ауыл тұр­ғындары төнген қауіптен құ­тыл­­ған, сын-сәтте облыс әкімі Бер­дібек Са­парбаев қолғабыс жасап, ауданға бірнеше рет атбасын бұрды. Тасқыннан көп зардап шек­кен – Қаратоғай ауылы. Бас-ая­ғы төрт-бес айда Қаратоғай ауы­лын­да жаңадан 25 пәтерлік 15 тұр­ғын үй пайдалануға беріліпті. Ауыл тұр­ғындарының қуаны­шын­­­да шек жоқ. Тұрғын үйлердің жан-жағы қоршалған, есік алды мұн­таздай та­за. Бір пәтерге кір­ген­де сыңғыр­лап тұрған жаңа жи­һаз­ды көрдік. Теледидар, көрпе-жастық, үстел мен орындыққа дейін “Парыз” қо­ры арқылы барлық тұрғындарға те­г­ін таратып беріпті. Дәрігерлік амбулаторияға кірсе­ңіз, риза бола­сыз. Ішінде тіс, ги­­н­екология, ба­ла­лар дәрігеріне дей­ін бар. Дә­рі­хана да бір бұрыш­тан орын теуіпті. – Қаратоғай ауылының кіре­берісіндегі жолды, алты көпірді жөндедік. “Ауыз су” бағдар­ла­ма­сы бойынша 1, 2 шақырым жерге су құбыры тартылып, 8 құдық орнатылды. Жарық беретін 47 баған орнатылды. Сонымен бірге шалғайдағы Төсқайың ауылында да көп істер атқарылып жатыр. Ол жерде жеті көпір салынды. Бо­лат Нұрасыл жетекшілік ететін компания Қаба өзені бойында құны 243 миллион теңге көпірдің құрылысын бастап кетті. Биылғы игеретіні 107 миллион теңге. Ау­дан­дағы 12 ауылдық округте кө­шелер абаттандырылып, ағаштар отырғызылды, барлық шағын ауылдардағы көшелер жөнделіп, жарық тартылды, ағаш қоршаулар жасалды. Күршім ауылында сегіз көше күрделі жөнделді. Маралды, Қалжыр, Боран, Ақсуат, Аманат, Жолнұсқау, Сарыөлең, Теректі­бұ­лақ, Қайнар, Шеңгелді және бас­қа ауылдарда да бұрғылау жұ­мыс­тары жүргізіліп, жерасты суымен қамтамасыз етілді, – деп аудан әкімі Алтайбек Сейітұлы атқарған істерімен таныстыра кетті. Биылғы қыстың да қатал бо­ла­тын түрі бар. Сондықтан да ау­дан­да отын, көмір, жемшөптің мол қо­ры жасалуда. Алайда, кө­мір Қа­ра­жы­радан (бес жүз шақы­рым жер) та­сылатындықтан, он­ың бағасы ау­данға жеткенше ша­рықтап кетеді екен. Көлікпен тасу қымбат, ал су ар­қылы тасудың да өзіндік пробле­малары бар, дейді ауданның іскер азаматы Балғазы Қадылов. Ол өзі­нің онға тарта “Камазымен” Се­мей­­ден көмір тасып, аудан жұрт­­шы­­­­­­лығының алғысына бөленіп жүр. “Ауыз су” бағдарламасы Аудан орталығымен іргелес жатқан Құйған ауылына келдік. Ауылдағы су құбыры ескірген соң оның жаңасын орнату қажеттігі туады. Аудан әкімі А. Сейітов әрі-бері шапқылап жүріп Құйған ауы­лында су құбырлары мен құ­бырғыларын қайта жаңарту жұ­мы­сын оң шешіпті. Құны 143 мил­лион болатын құрылыс ғима­­ратын Семейдегі А. Фоминов же­текшілік ететін “Спецпром­ком­плект” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алыпты. Аудан әкімінің айтуынша тендерге қа­ты­сушылар дау-дамай туғызып, сот­тасып, өз мүмкіндіктері бол­ма­­ған соң ақыры жеңіліп тыныпты. “Соның салдарынан маңызды ғимарат құрылысын екі ай ке­шік­тіріп алдық”, деп өкінді. Алайда, семейліктер аз сөйлеп, көп іс тын­дыратын азаматтар екен, бі­рінші желтоқсанға дейін су құбырын пайдалануға береміз деп білектерін түріп, құлшынып отыр. Су құбырын тарту оңай шаруа емес. Ертіс өзені бойынан бірне­ше су тартатын сорғы коллекторы салынуда. Сол жерде су хлорлан­дырылып, тазартылып, бес жүз метр жердегі үлкен ыдыстарға түзеді. Құрылыс шебері Антон Баштинский уақытпен санаспай еңбек етіп жатқандарын айтады. Бір тиімдісі, ауыл адамдары да еңбек етіп, әжептәуір пайда та­бу­да. Сергей Подрябинкин, Юрий Милованов сияқты электрмен дә­некерлеушілер өз істерін сапалы орындауда. Ауылдың 38 жерінде құдықтар болады. Тұрғындар суды дәл үйлерінің жанына ала­ды, несін айтасыз, бұл құйған­дық­тарға тамаша тарту, дейді ауылдың ақсақалдары. Құйғанда бір кездері су тегінге жекешелендіріліп кеткен бала бақшаның тоз-тозы шығып, иесіз қалған. Алтайбек Сейітов оның бұрынғы қожайынымен келіссөз жүргізіп, кері қайтарып алыпты. Енді ол жөнделіп, бір жағы бала бақша, екінші жағы демалыс ор­ны мен мекемеге айналмақ. Бала бақшаның жанынан көрікті мешіт сән құрған. Екі мектеп салынуда Сонау 90-шы жылдары Зайсан зілзаласы кезінде Күршім ауы­лын­дағы орта мектеп қатты зар­дап шеккен. Ол кезде мектеп құ­ры­лысын қайта салу кейінге ше­геріле берді. – Еліміздегі білім сапасы жо­ғары мектептер қатарына енген бұл білім ұясында өткен жылы шә­­кірттер ұлттық бірыңғай тес­ті­леу кезінде орта есеппен 96 балл жинаса, биылғы көрсеткіш – 101,4 балл. Былтыр мектептің бес баласы “Алтын белгіні” иеленсе, биыл алты шәкіртіміздің жұлды­зы жанды. Отыз жыл бойы ше­ші­мін таппай келе жатқан мәсе­ле­ні облыс әкімі Бердібек Сапар­баев оңынан келтірді. 600 орын­дық жаңа мектептің құрылысы басталды, оны аудандық мәсли­хаттың депутаты, облыста алты бірдей мектеп салып берген іскер азамат Ержан Сқақовтың компа­ниясы жүргізіп жатыр, – деді аудан әкімі. Жаңа мектеп орталықтан бой көтеруде. Қазір мұнда елуге тарта адам еңбек етуде. Құрылыс ма­териалдары жеткілікті. Цементтің әр тоннасын көрші Серебрян­кадан 14 мың теңгеден сатып алу­да. Жаңа мектеп келер жылдың қыр­күйегінде есігін айқара ашпақ. Ал Барақ батыр ауылындағы 132 орындық жаңа мектеп 16 қа­рашада пайдалануға берілмек. Он­ың құрылысын да жүргізген Ер­жан Сқақовтың “Өскемен-құ­рылыс” компаниясы екен. Бір қабатты ұзын мектептің ішіне ендік. Едендері тақтайланып, пластикалық терезе салынған мектеп іші әсем. Жаңа жиһаздар көздің жауын алады. Тіпті есік­тердің өзі сапалы, сыртына әр сы­ныптың нөмірлері ілінген. Мектеп директоры Нұрмолда Райымханұлы ескі мектептің тозығы жеткенін, жаңа білім ордасын салуға көмегі тиген об­лыс, аудан басшыларына алғы­сын айтты. Прораб Берік Аман­баев құрылыста қажырлы еңбек еткен құйматасшылар Сағатбек Айтқожиннің, Александр Мен­зюк­тің, өңдеушілер Әсем Жиен­жанованың, С. Долгопятьтің, та­ғы басқалардың жұмысына риза. Ал ауыл тұрғындары Г. Құсай­ынова, Н.Қожабаева, Р.Қасено­ва­лар да білім ордасының тез аяқ­та­луына өз үлестерін қосуда. Екі мек­тепті салып жатқан Ержан Сқақовқа ауыл тұрғындары риза. Аудан әкімі А. Сейітов “Ба­лапан” бағдарламасын іске асыру бағытында мектепке дейінгі жас­тағы балаларды оқыту және тәрбиелеумен толық қамтамасыз ету мақсатында 5 шағын орталық ашылғанын, былтыр және би­ылғы оқу жылында 25 шағын ор­та­лыққа 470 баланың қабыл­дан­ға­нын, балалардың ыстық тамақ­пен қамтылғанын тілге тиек етті. Экономика өрлеу үстінде Расында да, ауданның біраз ша­руа қожалықтарының иелері­мен әңгімелескенде, мал басы­ның бірнеше пайызға ұлғайып, ірі қара 65 мыңнан асқанын, қой мен ешкі санының 210 мыңға, жыл­қының 16 мыңға жеткеніне көз жеткіздік. “Азамат” шаруа қо­жа­лығы “Қаба” асыл тұқымды жыл­қы қожалығы, “Бөкенбай”, “Көк­жал”, “Арын”, “Айтқожа” қо­жалықтары асыл тұқымды ірі қара мен қойды өсіріп, мал са­нын көбейткен. Қазір ауылдарда 13 қолдан ұрықтандыру пункті бар. Қаратоғайдағы қасапханада қашанда қауырт қимыл. Ауданда мал бордақылау алаңдары, бір­не­ше қасапхана, үш асыл тұқымды омарта шаруашылығы жұмыс іс­теп тұр. Тағы бір игілікті іс, Күр­шімнің іргесіндегі балық зауы­ты­ның өнімдері жақында Мәскеу­дегі Еуростандарттау комитетіне жіберіліпті, патент алған соң ха­лықаралық аренаға шықпақ. Әр сенбі сайын Күршім ауылында жәр­меңке өтіп, шаруашылық құрылымдары мен жеке адамдар тауарларын арзан бағаға сауда­лай­ды. Өскемен мен Семейде өт­кен жәрмеңкелерде 12,6 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнім­дері саудаланған. – Аудан халқының ертеңге де­ген сенімі кімді болса да алға же­телейді. Қазір қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Әркім шамалары келгенше тіршілік етіп жатыр. Уранхай ауылында клуб жөнделіп, балалар демалатын орындар ашылды. Күршімде де осындай демалыс орны жұмыс істеп тұр, әр ауылда көшелер абат­тандырылды, жарық тар­тыл­ды. “Жол картасы” бойынша 23 жоба белгіленген, олар жүзеге асу­да. Теректі ауылындағы су құбырын жөндеу, бес мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, 12 ауылдық округтің елді мекендерін абаттандыру, электр бағаналарын орнату, жол жиек­те­рін құйматасқа қондыру, жерді те­гістеу, көшелерді жөндеу, тро­ту­арлар құру, қоршау орнату жұ­мыстары орындалды. Боранда, Қал­жыр мен Күршімде, басқа ау­ыл­дарда атқарылған игілікті іске көпшілік риза. Күршімде 6,7 ша­қы­рымға асфальт төселді. Қыс­қа­сы, Күршім көркейіп, сәндене түсті. Жаңа қонақүй, сауда ор­ындары мен дәмханалар салынып жатыр. Шағын және орта кәсіп­керлік те дамып келеді. Шағын кә­сіпкерліктен ғана 101 миллион 380 мың теңге салық түсті, – дей­ді аудан әкімі А. Сейітов. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.