13 Қараша, 2010

Жер деп соққан жүрек

714 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Еске түссе, езуге еріксіз күлкі үйіріледі. Бір отырыстың сәні бұзыл­ғандай болып қалып еді. Кәдімгі шау тартқан мейманның бірі сағатына көзін тосып, санын соғып жіберді. – Қап, жіберіп ала жаздадым-ау!– деп лып етіп көтерілді де төр­дегі теледидардың нүктесін ба­сып қалды. – Түбі түскір, ана қағазды жи­наңдар, қане. Шуылды қо­йыңдар, естиік. Шөл және шөлейт жерлердің иесі сөйлейді қазір. – Кім дейді ? – Сапабек Әсіпұлын айтып тұрмасын, осы, – деп әлдекім міңгір етті. – Сонша жерді иемденетіндей ол кісіге не көрініпті, бәтір-ау? Қаламынан басқа қара бақыр жинамаған адам, білеміз ғой. – Шырақ, бері қара! – деп әлденені нығырламақ болған теле­дидар жарнамашысы әп-сәтте экраннан алпамсадай боп көрінген Сапабек Әсіпұлының жүзін көріп, дүниенің бәрін ұмытқандай сап тиылды. Сәкең жегізіп сөйлеп жатыр. Сөздері өрден домалаған тастай сатұр-сұтыр етеді. – Жер талан-таражының біріншісі туралы бірер сөз. Патша өкіметі 1867-1868 жылдардағы “Уақытша Ережелер” мен 1891 жылғы 25 наурыздағы “Далалық Ереже” бойынша қазақ жерін мемлекет меншігі деп жария­лады да байырғы халықтың жерге меншік құқығын иелену, пайдалану құқығын тартып алды. Оның ең құнарлы 45 миллион десятина – 65 миллион гектарлық үлкен бөлігіне әуелі казактарды, сонсоң қара шекпенділерді қоныстандырды. – Көремісің, әне, бөліп ал да билей бердің кебін осы Сапабек ағай айтпаса, кім батылы бара­ды?– деп қопаңдап қойды жаңағы мей­ман. – Тыңдаңдаршы, қазір тіке шабуылын бастайды біздің Сәкең. Әсіпұлы мұның айтқанын айнытпай істеді.– Табиғат жағ­дайы адам тіршілігіне мей­лінше қолайлы, қонысқа жайлы, шаруаға жарамды деп танылған үлкен екі аймақ осылай қолды болып кете барды. – Қап, әттеген-ай! Сүмірейіп қал­ған екенбіз-ау!– деп көрер­мен­дер даурығысып кетті. – Бізге не қалды сонда? Итке тастағандай етіп жырынды жерді мұралаған шығар? Сәкең осы тілеулестерінің сөзін естіп қалғандай, қалың қасын бір керіп тастап, құптаған раймен сар­най жөнелсін – Қазақтарды ауасы аса құрғақ, топырағы құнар­сыз, нәрлі суы қасқалдақтың қанындай, жолдың бойынан қашық резерва­цияларға қуып тастады. – Құрып қалған екенбіз ғой. Әлі соның зардабын тартып келе­міз, – дей берген жалтыр бас сары­ның пікірін Сәкең іліп әкет­кендей болды. – Табиғат жағдайы адам­ның тіршілігіне қолайсыз, аса жайсыз, ит байласа тұрғысыз шө­лейт дала, шөл дала қазақ сорлыға түпкілікті қоныс болып қалды... Тағы талай аза бойды қаза қы­латын деректерді тоғытқан Сә­кеңе отырғандар әбден разы болып, “нағыз патриот, жер деп соққан жүрек иесі Әсіпұлының денсаулығы үшін”, деп саусақ ұшындағы­ларын тартып кеп жіберісті... Жарықтық, түтеленген жер туралы қайда әңгіме, қайда көр­сетілім, қайда дау – сонда Сапа­бек Әсіпұлы жүретінін қазақ атаулы бес саусағындай біледі. Өзге тілді­лер де ол кісі дегенде өзегін суы­рып беруге даяр. Себебі  шындық ортақ екен. Шындық әділеттің қорғаны екен. Сәкең болса, 85-тің асқақ төрінен сондай парасатты шыңның басына аппақ шашын ақиқаттың туындай елестетіп, мығымдықпен қонған екен. Біз білетін Сәкең аса қара­па­йым, ақкөңіл, турашыл да талғам­паз, білікті де білімді сирек жара­ты­лыс иесі. Әкесі Әсіп ғасыр жа­сап, дүниеден озды. Өле-өл­генше тау­дағы саяжайды түрткі­леп, күй­беңмен өтті. Нағыз саят­шыл адам бо­лыпты. Онысы бала­сына да жұқ­қан. Сәкеңнің жазған аңшылық әңгімесі тамсандырады. Табиғаты­нан туған жерінің түтіні түзу ұшуы үшін бел жазбай еңбек еткен ол небір баста­маларымен ел аузында қалып қойды. Жангелдин аупарт­комының хатшы­сы болып жүргенде жартылай құмға батқан Торғай қаласын абат­тан­дырам деп, ағаш егіп, жай­қалған бау көз­құртына айналғанда, оған халық “Сапабек бағы ” деген атау беріп тастаған. Сол аудандық газеттің ре­дак­торы ре­тінде небір жаңа идея­лардың өр­кен жаюына үлес қосты. Өзін ке­ше­гі Ақаң, Жақаң­ша сезініп, тірші­лік тылсымына еркін еніп кете бе­ре­тін. Рухани әлділікті асыл дә­не­кер санайтын ол халық ақыны Нұр­хан Ахмет­бековтің шығарма­шы­­лығынан кандидаттық диссерта­ция қорғады. Елу жасқа бір сүйем қал­ған­да, об­лыстық газет редак­торының орын­басарлығынан “қа­шып” Алматы­ға келіп, ғылыми атақ алды. Тұңғыш Қазақ Кеңес Эн­ци­­клопе­диясы бас редак­торы­ның бірінші орын­басары болды. Торғайдың қиыр шетінде жүріп-ақ “Еменнің жасаруы”, “Ауыл пер­зенттері” деген екі кітап шы­ғарды. “Топжарған”, “Ақын даусы”, “Ә. Жангелдин” кітаптары былайғы­ларына соны соқпақ салды. Ат­тарын атасақ-ақ өз ныспысын та­ны­тып беретіндей: “Қазақ қасіре­ті”, “Қатерлі дерт, қал­жыраған халық”, “Танталовы муки” степи”, “Қау­қарсыз қазақ мәсе­лесі”. Ал осы­лардың ішкі қыртысын түсін­бейтін несі қалды? Жер, Қазақ, Тәуел­сіздік! Осы асыл ұғымдардың тұтастығын бекемде­мек болған Сәкең ғой біздің! Бұқпантайлап, бұғып жүрген Сәкең жоқ. Ұлт мүддесіне қатыс­ты, әсіресе жер мәселесі десе жүрегінде қайралған қылышын қынабынан суырып алады. Небір айбарлы мінберлерден ойын ашық көсілтеді. Қаламсабын ешкім тартып алмай­ды, қатты қысып ұстаған. Жазып жатыр, жалтақ­тықтан ада, тура жазады. Өзінің мықты бір аттан­дағыш тетігі, құралы бар. Ол – “Жер және қазақ тағдыры” жазу­шылар комис­сия­сының төрағасы. Осы атаудың өзіне ырық бермей, сауысқанша сақ­танып “... қазақ тағдырын” “... халық тағ­дыры” деп, жұм­сартып ен тағып, Сәкеңнің адуын екпінін тежегісі келгендер ұшыраспай қалма­ды. Ондай қыс­тырылма қарсыластарын жолай қағып тастау Сәкеңе түк емес еді. “Жер туралы” Заң қабылданарда бір топ жазушылардың серкесі бо­лып анығын, ашығын айтып, жаз­ды. Парламенттен бастап, бара­тын жеріне барды. Бірақ жерді сатпау жөніндегі пікірлеріне түсі­ніп, тұшы­нып қарағандар да болды, үркіп­, үрейленгендер не сан. Қа­рызға шығарылған кітаптарын ар­қалап небір билік баспалдақ­тары­мен қол таяғына сүйеніп кө­теріл­генде, қал­жыңға басып: “мына кі­тап­тарымды оқыған­дарыңа коньяк құямын” деп “ынталан­дырып” та көрген. Сатыл­май қалса да көз жү­гір­тіп оқып, жер маңызын түсінсе деген іңкәрлік қой. “Жер туралы” Заңға қарсылық білдірген бір мақаласына назар аударалықшы: “...екіншіден, “Жер учаскелерін мемлекеттік меншік­тен жеке меншікке беру, ақы төлеу ар­қы­лы жүргізіледі” (8-бап, 1-тармақ) деген де дұрыс емес. Зар­дабы аса ауыр, зиянды қате. Бұлай болған жағдайда, ауылдар мен село­ларды тұрғындар былай тұр­сын, қаладағы қалталылар жапатар­мағай аттандап, ең шұрай­лы учаскелерді пышақ үстінен бөлісіп алып кетеді. Қазақ резер­вация­ларының тұрғын­дары бұрын­ғыша өздерінің маңдайына жазыл­ған шөл және шөлейт аймақ­тарда о дүние­дегі тамұқ азабын тірі­дей тартқан күйінде қала беретін болады. Жаңа заң жобасын жасау­шылар мұны білмеді дейсіз бе?” Сәкең сонымен бірге “Жер тура­лы” Заң жобасына санақта бар, санатта жоқ шөл және шө­лейт дала “Қазақстан жерінің құрамына” (6-бап) енбей қалған­дықтан тұрған жерінің шаруаға жарамсыз, қоныс­қа қолайсызды­ғына, яғни сап­асының төмендігіне байланысты оның есесін толтыру үшін тұрғын­дарға берілетін жеңіл­діктер мен төлемақылар тура­лы да ештеме айтыл­маған. Мысалы, өркениетті елдерде, солардың бірі АҚШ-тағы үндістер резервация­лары тұрғын­дарына округтік, штаттық, феде­рал­д­ық бюджеттер­ден олардың та­быс­т­ары­ның 250-300 проценті мөл­шерінде қосымша төлемақы бері­ліп тұрады...” деп әділдіктің үстем­дік құруы үшін жанайқайын салады. Жер туралы, оны қазақ игілі­гіне шындап айналдырудың амал­дары туралы тұшымды еңбектері­мен жүйелі көрініп жүрген қалам­герді жер киесі желеп-жебейтіндей әсер қалдырады. Осыдан он жыл бұрын баяғы “жер дауымен” Астанаға ке­ліп, ұнжыр­ғасы түсіңкіреп Ал­матыға аттанып бара жатқан Сә­кең­нен: “75 жасқа да келіп қалып­сыз, не дайын­дығыңыз бар?”– деп сыр тарт­қанымда, ол кісі: “Жер сатылмаса – менің тойым әне, сол!”– деген еді бол­дыруды біл­мей­­т­ін асау жүрегін асқақтатып тұрып. – “Мен кіммін? Ұлт тағ­дырын ойламаса Абай кім болар еді?” Ал ойланбай көріңіз! Енді араға он жыл түс­кенде: “Қара­шада мерей­тойыңыз ғой...” деп, есіне салуға батылы­мыз жет­пеген. Ол жалпы той жөнінде айтса, ты­мырайып қалады, іле жер жөнінде емеурін білдірсең ғана жабылып кет­кен қабағын жайлап аша бастайды. “Қаламгерлік мақ­сатым – қазақ­тың миына кірпік­шешен кіргізіп, көкірек көзін ашу”,– де­ген сөзді жазғанда Сәкең жүрегіне жұ­мыр жерді сыйды­рып алып, соның бар тауқымет-мұңын шеміш­кеше шаққаннан соң иіні түсіп, ыза-кек­пен жан сырын ақтарғандығы сезіліп тұр. Жер жайы ғана ма, күйзеле жазып, түгесе айта алмай жүргені. Жерге қатыстының, пәнидегі барша тіршіліктің олқы тұстарын жіпке тізіп, ақ тайлағын бұйдалап бақыртқандай, жан дәрменмен ашынып баяндап жүр. Біреу естиді, біреу құлағынан асырады. Бәрібір үнсіз қалуды күнә көреді. Тоқ­пақтай бергенді жөн санайды. Мінберлер­ден тау суындай тасқын­даған сел–сөзін тыңдаған шығар­сыз: “...Менің мақсатым, қазақтың отаршылдық жылдары кеткен есесін, яғни оның патша үкіметі оз­быр­лықпен тартып алған ең құ­нарлы 45 миллион деся­тина жерін, кеңес үкіметі жыл­да­рын­да, яғни тың игеру жылдарында кет­кен 25 миллион десятина жерін қазақтың өзіне қайтару!” Радиодан да сам­пылдап жатады: “...тубер­кулезбен ауыратындардың 90 пайызы қазақтар. Себебі кейбір ауылдар­дағы қазақ отбасының тұрмысы нашар. Ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүреді. Кейбірінің тамағы мен киімінің өзі тапшы, мұң. Дәрігерлік көмектің саны мен са­па­сы да құлдырап кеткен”. Теле­ди­дардан көрсеңіз, Сәкең қол­ын сермеп, бейне бір әр көкірек­к­е пайдалы кеңесті жиып бергендей боп, өзіңді ұялта қызартып, төкпе­лейді: “... Кешегі кеңестік за­манда аспаннан “ақша жауып” тұр­ған­ның өзінде көздерін аша алмаған, бүгінде, нарықтың темірдей қатты тәртібіне шыдай алмай көше қашып тоз-тоз боп кеткен, төрт аяғына бірдей қан түсіп есеңгіреп қалған 72 аудан тағдырына әлі де алаңдаушы­лықпен қарамаса болмайды”. БАҚ біткенде сыпыра шығып жататын мақалалары мен көсемсөздерінде тіл, дін, білім, саясат мәселелерін ежіктеп жазады. Мақтауға сараң, кемшілікті қақыратып жатады. “Олқылықты ғана омырады”,– деп кейбір шенеуніктер өкпе айтады. Айта берсін дегендей, Сәкең өршелене түседі. Екінің бірі мадаққа үйір, көңілге қараса, көшелі елдің бұл нәубетімен кім бетпе-бет алыспақ. “Мен алысамын, ертеңім көркем болсын деп кім көрінгенмен жағаласып жүргенім сол!” – дейтін Сәкеңнің бетін қайтару қиын. Баспалар қарызға шығарып беріп, сайдағы санын түгендей алмай, аузын құр шөппен сүртіп қала беретін Сәкеңнің қайбір кітабын ашып қалыңызшы: жерден бастап, егіншілік және малшылық, өндірген өнімдерді тұтынушыларға жеткізу азабы, еңбекке ақы төлемі, техникалық жарақтану жайы, кадрлар даярлаудың берекесіздігі, т.б. өзекті өртеген проблемалар ан­дағайлап тұрады. Оқисыз. Сене­сіз. Кінә кімнен дейсіз. Бар бәлені басқаға жапқыңыз келеді. Бірақ қарақшыдай болып жел­кеңізден төніп тұрған кітап сөзі “өзің де ойлан, сенің де дұрыс ісің қажет” дегендей, тұқыртып, жан теріңді сылып алады. Сөз құдіреті – осы-ау! Сәкең жүрегі мен қаламының ұшындағы тамшылап тұрған осы құдірет қасиетін орын­ды пайдала­нады екен. Сәкеңнен қаймықтыра­тын да, Сәкеңді сый­лататын да осы құдіреттер екеніне шүбәсіз сенесіз. Қаһары­нан иментетін батыр емес қой, түсіне кірмеген жайт, тек қазағын сөз қадірін білуге илік­тіріп, ойлантса да жетеді оған. Тұлғалар пікір айтқанда, әркім­нің ісі мен азаматтығын өл­шеп-пішіп, әнтек баспауға тырыс­қан ғой. Соның мысалын Сәкең туралы ойларға қатысты да бағамдауға бола­ды. Қазақстанның халық жазу­шы­сы Әзілхан Нұр­шайықов былай түйін­дейді: “Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның 1995 жылы құрылған “Жер және қазақ тағ­дыры” комис­сиясы, оның төраға­сы, Қазақстан Респуб­ли­ка­сына ерекше еңбегі сіңген зей­нет­кер Сапабек Әсіпұлы шөлейтті, шөлді аймақтар тұрғын­дарын “Тантал азабынан” (Тантал – ежелгі грек мифология­сы­ның кейіпк­ері. Адамға жақсылық жаса­ғаны үшін Танталды грек Құдайы Зевс аштан бұрлығып, шөлден сусап азаппен өлуге бұйыр­ған. “Тантал азабы” деген ұғым содан қалған) құтқару­дың тағы бір шарты – мүгедектер жағ­дайына ерек­ше назар аударып, зейнетақы­ларын бір жа­рым-екі есе өсіру қа­жет деп санап, ол жөнінде арнайы мәселе көтеріп, дабыл қа­ғып жүр”. Көсемсөздің асқан шебері Сар­бас Ақтаев болса: “Жырларын жатқа айтқанда ақындардың өзі ұмытып кеткен өлең жолдарын еске алып таңыр­қағаннан аузын ашып, көзін жұма­ды. Қаламгер атаулыны да бөле жар­май, жасының да, жасамы­сы­ның да жазғандарын қалт жібермей, оның бәрінің де алған белесі, шыққан биігін бар­лап, ой безбеніне салып отыра­ды”,– деп Сәкеңнің өнегелі қыр­ларын дөп басады. Ал аудармашы Адольф Арцишев­скийдің таңға­лысы алабөтен: “Его последнюю, пока третью книгу “Танталовы муки” степи” из трило­гии “Трагедия казахов” держишь в руках как взрывное устройство. Да и сам он словно бы начинен динамитом”. Сәкең қазақтың бірқатар бір­туар зиялылары туралы портреттік көсемсөздер, эсселер жазған айту­лы қаламгер. Балалық шағы­ның көр­кем суретін салған талантты жазу­шы. Өзіндік қолтаңбасы ай­қын­далған ғалым. Кіндік қаны там­ған жері Қостанай облысының Амангелді ауданы өңірінің таби­ға­ты мен тұрмыс-салтын, әдет-ғұр­пын, мәдениетін қалам құрғат­пай жырлап келе жатқан қарасөз­дің май­талманы. Жер туралы айтса күл­лі қазағының жайын ойлап, қа­бырғасы қайысатынын осы мақа­ланың өзегіне алып отырмыз ғой. Жазу өз алдына, ел тағдырына, айтулы тұлғалардың рухани биігін аласартпауға қатысты ой-пікірлерін әр деңгейдегі әкімдерге жолдап, мазасын алып отырады. Мысалы, халық ақындары О. Ши­пин мен Н. Ахметбеков, да­рын­ды мүсінші Ә.Ұзақов шығармашы­лығы тұрғы­сында облыс әкіміне нақты ұсыныстар айтып, ойын білдірген. Сөйтіп, жүзеге асқан іс-шараларға мұрындық бола білген еді. Мұндай ықпалды істерге араласуын әлі күнге жиілетіп келеді. Бірде Арқалықтан Алматыдағы Сәкеңе қоңырау шалып, есен-саулығын білген едім. Сөзіміздің арғы жағы қадау-қадау мәселе­лерге ойысып кетпесін бе? Әліби Жангел­дин туралы кітап жазған Сәкең әңгіменің бір тұсында өзін тежей алмай қазымырланып сөйлеп кетсін. – Жалпы, өткенге бірыңғай топырақ шашуға қарсымын, – деп алып, ғалымдық дәлдікпен сыналап саптады сөздерін. – Жангелдиннің аруағына тиісе бермеген жөн. Алашқа не істеді ол? Оның үш ең­бегі­нің өзі неге тұрады? Біріншіден, Алашорданың Торғайға кіруіне Ташкентте жатқан Әліби Жангел­диннің өзі көмектескен. Екіншіден, Мір­жақып­тан басқа алаштың 19 өкілі қолға түскенде соларды қорғап, босатып жіберген де Әліби еді. Үшіншіден, алғаш ұлттық ымыра­ны жасаған кім – Жангелдин. Түн жамылып отырып айтайын, Жангелдиннің мойнында бір кісінің де қаны жоқ. Сәкең қыза-қыза қалааралық телефон байланысының өзін елемей, ұзын-сонар пікір таласын өршіте түсті. Көсіле шешіліп, терең­нен тар­тып, дәл бір өзінің қасында отыр­ғандай етіп мені нұқып сөйлегендей болып, бас­тыр­малатсын. Сөзіміздің арасында Жангелдин ауданының атын бұрынғы Торғай қаласы мәртебе­сіне өзгерту туралы даң-дұң әңгіме бары айтылып қалды білем, Сәкең жұлып алғандай қылып: “Қайте­сіңдер, өнбейтін әңгіме қуып, Жангелдиннің атын өзгерткенмен Торғайда қой көбей­мейді”, – деді дауысы қатқылдана түсіп. Бүгінгі қазақ зиялыларының селдіреп, сирексіген сапында бір­неше буын жорнашылардың ұстазы, ақылшысы біздің Сапабек ағамыз­дың жүргенін мақтан тұтамыз. Және қандай көрінеді көп ішінен. Еңсегей бойымен, мейірімді жүзімен, тұң­ғиық ойлы көзімен, тіліп түсер сөзі­мен... са­хара­ның сәні ақ бөкен­дей бүйір­ле­ніп алып жөнеледі. “Жер, жер!” деп шыға келгенде, төбе шаш тік тұрып, жон арқа мұздап кетеді. Еске Ғабит Мүсіреповтің: “Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам – азамат емес: ол – халқы­ның бірінші жауы”,– деп қатты да қақыратып айтқан сөзі түседі. Сәкеңнің азамат­тығына тәнтіміз. Зиялы деп кімді айтамыз өзі? Халық даналығына сүйенсек, мынадай кісілік жіктеулерден кейін оның ұғымын ажыратып алуға болар, бәлкім. Біріншісі – біртуар аруақты адам; екіншісі –дара туған арыс; үшіншісі – жомарт ер; төр­тін­шісі – еркөңіл азамат; бесіншісі –асыл ардақ; алтыншысы – таны­мал тұлға; жетіншісі – жігерлі жігіт; сегізін­шісі – жай пенде; тоғы­­зыншысы – ынжық; оныншы­сы – азғын; он біріншісі – мәң­гүрт. Сәкең бейнесі осының екін­ші-алтыншы сипаттарынан аңғары­лып қалады-ау деп жобалаймыз. Сонда да өз білігімізше, Сапа­бек Әсіпұлын өзгелерден даралай түсетін бірер тоқтам жасамақпыз. Ол – ұлтжандыдан гөрі әсіре ұлтшыл адам. Демек жержандыдан гөрі әсіре жершіл тұлға! Жершілдігі қушиған тар, өзінен әрі аспайтын топшыл мүдде күйттеушісі емес, Жер-жаһанның тамыршысы, жоқ­шысы, дәйім үмітпен тепкіле­ніп соғатын таза Жүрегіне сыйып кетіп тұр! Ләйім, Жершіл жүрек ыстық лүпілінен жаңылмасыншы! Қайсар ӘЛІМ, Астана.