Жапон күресі – дзюдо өзінің ұлттық ерекшелігін сақтаған, төрткүл дүниеге кең таралған жекпе-жек түрі екенін бәріміз білеміз. Халықаралық дзюдо федерациясына мүше мемлекеттер саны 2010 жылы 198-ге жетті. Бір ғажабы, Күншығыс елінің балуандары жарты ғасырдан астам уақыттан бері көш тізгінін ешкімге берген жоқ. Тарихқа сүйенсек, 1956 жылдан бергі әлем чемпионаттарында жапон құрамасы тек 1961 жылы ғана командалық бас бәйгеге жете алмаған екен. Ол жылғы әлем чемпионатында балуандар бір-ақ салмақ дәрежесінде сынға түсті. Голланд алыбы Антон Хеесинг (бойы – 198 см. салмағы – 118 кило) финалда жапон Cонэні тізе бүктірді. 1965 жылғы әлем чемпионатында балуандар төрт салмақ дәрежесінде белдесті. Уақыт өте келе дзюдошылар 7 салмақ дәрежесінде күш сынасатын болды.
Ұлттық намысты, ата-бабадан мұра қымбат дүниені қастерлей білуді жапондар дзюдо мен сумоны дамыту арқылы бүкіл дүниеге үлгі қылып отыр. Дзюдо бұл халықтың терең тарихының, ұлттық болмысының жемісі, ғасырлар бойы екшеліп, жүйеленіп, қуаттанған жекпе-жек түрі. Осы күрестің негізін қалаған Дзигаро Каноның мына сөзі талайды ойландырса керек: “Дзюдо дегеніміз – өмір салты әрі жан сезімі, дзюдо дегеніміз – ақыл-ой мен творчество... Қара белбеу – балуандықтың шыңы, бірақ жан-дүниенің асқар биігі емес”. Кано іргетасын бекіткен Кодакан академиясы – әлемдік дзюдоның орталығы әрі алтын қазығы. Жапондар дүниенің түкпір-түкпіріне мыңдаған мамандарын жіберіп, оқулықтары мен татамиларын аямай таратып, дзюдоны сонша насихаттағандарымен, бұл саланың негізгі ғылыми құпиясы Кодаканда жатыр. Онда әр салмақ дәрежесін айтпағанда, әрбір әдісті жеріне жеткізе талдап, шегіне жеткізетін жеке бөлімдер, арнайы тренажерлар бар. Жаттықтырушылары сатылап білім алады. Жасөспірімдердің жаттығу жүйесі балалардың жас ерекшелігіне, табиғи бейіміне, мінезіне, денсаулығына байланысты ғылыми негізде жүрсе, жастар мен ересектерді баптау ісімен тұтас ғылыми топ шұғылданады. Спортшы тек балуандықтың қыр-сырына ғана бойлап қоймай, жан-дүниенің тазалығы, қажыр-қайратты шыңдау, адами мәдениет пен ұлттық құндылықтарды сақтау тұрғысында білім алып, жетіледі. Жапондар дзюдоны ұлттың қымбат қазынасы, елдік намыс деңгейінде құрметтеп, қастерлейді. Ал Кодакан академиясы – тек Жапония дзюдосының ғана емес, әлемдік дзюдоның қозғаушы күші, негізгі орталығы. Себебі, Франция, Голландия, Оңтүстік Корея, Куба, Англия, Германия, Қытай, Ресей, Бразилия, Италия тәрізді дзюдо жақсы дамыған мемлекеттер білікті бапкерлері мен спорттағы ғалымдарына, дарынды ұл-қыздарына арқа сүйеп, қанша жерден қамшы басқандарымен, Кодакан секілді ғылыми орталығы бар Жапония ешкімге жеткізер емес.
Биылғы әлем чемпионатында жапонның жігіттері мен қыздары 10 алтын, 4 күміс, 9 қола жүлдеге қол жеткізіп, командалық екінші орындағы Франция құрамасын (2 алтын, 1 күміс, 3 қола) далаға тастап кетті. Осының өзінен-ақ жапондардың тынымсыз ізденісі мен жанкешті тірлігінің қандай деңгейде екенін бағамдауға болады.
Енді еліміздегі дзюдоның жағдайына тоқталайық. Былтыр ересектер арасындағы Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы Максим Раковтың жеңісімен мерейленген біздің дзюдо құрамасы 2010 жылғы әлем чемпионатынан жүлдесіз қайтты. Дзюдо Қазақ еліне 1972-1973 жылдары келсе, содан бері 1 әлем чемпионын, әлем чемпионатының 2 қола жүлдегерін (Асхат Шахаров, Асхат Жеткеев, 2001 жыл) баптаған екенбіз. Шындықтан қашып құтылмайсың, бары осы. Халқының саны 5 млн.-ға жетпейтін Грузия тәуелсіздік жылдарында ғана – 1 алтын, 6 күміс, 8 қола; өзбектер – 1 алтын, 1 күміс, 4 қола; 2-ақ млн. халқы бар Монғолия – 1 алтын, 1 күміс, 4 қола; Украина – 1 алтын, 4 күміс, 4 қола; кішкентай ғана Эстония – 3 күміс, 1 қола; Әзірбайжан – 2 күміс, 7 қола; Беларусь – 2 күміс, 6 қола жүлдеге ие болыпты.
Эстония, Әзірбайжан, Беларусь құрамалары әлем чемпионатындағы медаль саны жағынан бізден алда тұр. Бұл елдердің балуандары әлем чемпионатында бір-бір алтын жүлдеге қол жеткізсе, Қазақстанның алдына шығып кетеді. Эстонияның 1 млн. 350 мыңдай ғана халқы бар. Алматы облысымен шамалас. Соның өзінде біздің 16 аймаққа шекеден қарап тұр. Монғолиядағы адам саны Оңтүстік Қазақстан облысына жетпейді. Бірақ 50 спорт мектебі бар шымкенттіктер әлі күнге дейін әлем чемпионатының бір жүлдегерін баптаған жоқ. Әлем чемпионаты туралы әңгімені Куба балуандарының жетістігімен түйіндегенді жөн көріп отырмыз. 11 млн. 452 мыңдай адам мекендейтін Бостандық аралының дзюдошылары әлем чемпионаттарындағы медаль саны жөнінен Жапония, Франция, Оңтүстік Корея, Англия мемлекеттерінен кейін бесінші орында келеді. Олардың үлесінде 15 алтын, 18 күміс, 31 қола жүлде бар. Егер осы аталған елдердің спортшылары олжалаған медальдарды сол елдердің халқының санына шақсақ, Куба талассыз бірінші орынға шығады. Яғни, Куба мамандарының біліктілік деңгейі мен жанашырлығы, спортшыларының еңбекқорлығы, табандылығы күшті деген сөз.
Олимпиада ойындарындағы нәтижелерімізге де көңіл толмайды. 2008 жылғы Олимпиадада Асхат Жеткеев олжалаған жалғыз күміс медаль Қазақстан секілді балуандық дәстүрі күшті мемлекет үшін тым аздық етеді. Тағы да жоғарыдағы елдермен жүлде салыстырып көрейік. Экономикалық жағдайы бізден көп төмен Кубаның жігіттері мен қыздары жабылып, 1996-2008 жылдар аралығындағы төрт жазғы Олимпиадада 3 алтын, 7 күміс, 13 қола медальді қанжығаға байласа, Грузия спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 2 қола; Әзірбайжан құрамасы 1 алтын, 1 қола; Беларусь 1 алтын, 1 қола; Моңғолия 1 алтын, 2 қола; Украина 1 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізген екен.
Енді оқырман назарына ел дзюдосына қатысты нақты деректерді ұсынсақ. Алдымен 16 аймақтағы бапкерлер мен дзюдошыларды түгендеп алайық. (1-кесте).
Қай облыста қанша спортшы, қанша бапкер бар екенін көрдіңіздер. Ендігі жерде: “Кейінгі төрт жылда Азия құрлығы бойынша қай деңгейдеміз? 16 аймақтың дзюдо бойынша ел намысын көтерудегі үлесі қандай?” деген сұраққа жауап іздеп көрейік (2-кесте).
Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарының дзюдошылары Азияның төрт бірдей ресми жарысында жүлде алмапты. Бұл облыстардың дзюдошылары мен бапкерлері төрт жыл бойы мемлекеттің қаржысына жаттығу жасады, жарысқа барды, дзюдоға қажетті жабдықтар мен спорттық киімдер алды. Бірақ миллиондаған теңге қаржы өтелген жоқ. Ал, өкіметтің қаражаты жоспарлы нәтиже үшін жұмсалады. Нәтиже жоқ болса, бюджет қаржысы желге ұшты деген сөз. Атам қазақ мұндайда: “Судың да сұрауы бар”, дейді. Бір кезде Павлодар облысында Серік Шәкімов, Сергей Әлімжанов, тағы басқа мықты дзюдошылар болды. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына Керекуден бірнеше дзюдошы барса, кейінгі он жылда бұл облыстың дзюдосы мүлде құлдырап кетті. Екі-үш жыл нәтиже болмаса, түсінуге болады. Ал табаны күректей 10-15 жыл бойы бір Азия жүлдегерін дайындауға жарамаған облыстардың спорт басшылары мен жаттықтырушылары туралы не айтуға болады.
Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысынан Афина Олимпиадасына Базарбек Донбай мен Мұрат Қыпшақбаев барды. Бұл екі балуан 2004 жылы Азия чемпиондары болғаннан бергі уақытта Шымкентке Азияның алтын медалі бұйырмаған екен. 91 дзюдо жаттықтырушысы, 2057 балуаны бар облыс спорты үшін бұл дегеніңіз ұят жағдай. Кейінгі жылдары осы облыстың жігіттері ұлттық құрама сапында әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына бармайтын болды. Апармағаннан емес, Қазақстан чемпионатын талассыз ұтуға шамалары жетпегеннен. Қарағанды облысы әлем чемпионы Максим Раковты мақтан тұтады. Халқының саны Қарағанды облысынан екі еседей көп шымкенттіктер кімге арқа сүйейді? Сонда оңтүстіктің 91 бапкері не бітіріп жүр? Облыстық спорт басқармасы қайда қарап отыр? Дәл осындай сұрақты Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының спортқа жауапты басшылары мен бапкерлеріне қоюға болады. Көріп отырсыздар, 16 аймақтың тең жартысынан астамы дзюдоны өрге сүйреудің орнына, құлдыратып отыр. Яғни, ұлттық чемпионаттың деңгейі төмен, оның себебі көп облыста балуан баптаудың сапасы түсіп кеткен. Жаттықтырушылардың басым көпшілігі ізденбейді. Егер арнайы комиссия жасақтап, облыстардағы бапкерлердің білім-білігін, кәсіби шеберлігін дұрыстап тексеріп, сүзгіден өткізсе, талай жаттықтырушы жұмыссыз қалар еді. Мұндай жағдайда әлем чемпионатынан медаль дәмету аспандағы айға қол созғанмен бірдей. Максим Раков, Асхат Жеткеев, Асхат Шахаров және қырғыздың атынан шығып, Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Айдын Смағұлов секілді жекелеген дарындар сәті келгенде ірі жарыстарда топ жаруы мүмкін. Бірақ біртұтас даму жүйесі қалыптаспайынша, Қазақстан дзюдосының өрге басуы қиын.
Жоғарыдағы төрт жылдың жүлделерін қамтыған кестеде біраз облыстың қоржыны бос екенін көрдіңіздер. Енді 2009-2010 жылдардағы әлем чемпионатына қатысқан құрама мүшелеріне назар салсақ.
2009 жылғы әлем чемпионатына барған жігіттер: Саламат Отарбаев (Ақтөбе), Сергей Лим (Алматы қ.), Ринат Ибрагимов (Атырау), Александр Касачев (ШҚО), Тимур Болат (Астана), Максим Раков (Қарағанды), Ұлан Рысқұл (Қызылорда).
2010 жылғы ұлттық құрама (биылғы әлемдік чемпионатта әр салмақта екі спортшыдан қосуға рұқсат етілді): Бақытжан Төребеков (Алматы қ.), Еркебұлан Қосаев (ШҚО), Дастан Үкібаев (Алматы қ.), Сергей Лим (Алматы қ.), Рашид Құлбаев (Атырау), Ринат Ибрагимов (Атырау), Ислам Бозбаев (Қарағанды), Тимур Болат (Астана), Максим Раков (Қарағанды), Ержан Шынкеев (Қарағанды), Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл).
Екі жыл қатарынан мемлекеттің намысын арқалап, әлемдік додаға барған ерлер құрамасына ОҚО, СҚО, БҚО, Ақмола, Алматы, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау облыстарынан бірде-бір балуан енген жоқ.
Кей оқырманның көкейінде “бәлкім, бұл облыстарда дзюдоның дамуына жағдай жоқ шығар”, деген ой тууы мүмкін. Қазақстан чемпионаттарына барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларының спортшылары белгілі ереже шеңберінде қатысады. Ақмола, Алматы, Павлодар, СҚО, ОҚО, БҚО, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда облыстарында дарынды балаларға арналған спорт интернаттары бар. Аталған аймақтардағы интернаттарда дзюдо бөлімдері жұмыс істейді. Астана мен Алматыдағы республикалық интернаттарда 100-ге жуық жасөспірім тер төгіп жатыр. Республикалық және облыстық спорт интернаттарында 40-тай дзюдо бапкері қызмет етеді.
Бұған қоса республикалық және облыстық олимпиадалық даярлық орталықтарында 150-ден астам жас дзюдошы тіркелген. Шымкенттегі олимпиадалық орталықта 40-қа жуық спортшы болса, Астана, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды орталықтарында 10-16 спортшыдан жаттығады. Алматыдағы республикалық олимпиадалық даярлық орталығында 40-тай балуан бар. Жастар арасындағы Қазақстан біріншіліктеріне барлық өңірден 400-ге жуық спортшы қатысады. Жасөспірімдер біріншілігінде бақ сынайтын балалардың қатары бұдан аз емес. Қысқасы, барлық облыстарда дзюдоның өркендеуіне жол ашық. Мемлекет тарапынан қамқорлық жақсы. Тек істің көзін таба білу керек.
Бұған дейін грек-рим, еркін күрес туралы жазған талдау-сараптау мақалаларында кадр проблемасын көтерген едік. Дзюдо саласына да творчестволық қуаты күшті, ғылыми тұрғыдан ізденетін мамандар жетіспейді. Алдағы уақытта бапкерлерімізді оқыту, олардың біліктілігін арттыру мәселесін дұрыстап қолға алмасақ, күшті балуан баптау ісінің алға басуы қиын. Барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларының спорт басшылары сырттан білікті маман шақыру, өз жастарымызға солардың білгенін үйрету, мамандарымыздың тәжірибесін ұштау, біліктілігін арттыру бағытында бел шешіп жұмыс істеулері керек. Ол үшін жапон мен француздың, орыс пен кубалықтардың жаттығу жүйесін әбден зерттеу керек. Әр өңірдің басшылары мен бапкерлері ізденіске, намысқа шындап ден қойса, қазақ дзюдошылары әлі талай асудан асады. Біздің халық табиғатынан балуан. Қажымұқандай алыпты туғызған елдің дзюдода нашар болғаны жараспайды. Дарын керек болса, күні кеше ғана Марокконың Агадир қаласында аяқталған жастар арасындағы әлем чемпионатында Елдос Смет баламыз әлем чемпионы атанды. Ілияс Исмағылов пен Наурызбек Майлашев күміс жүлдеге ие болса, Виктор Демьяненко қола жүлдені жеңіп алды. Қазақ бозбалалары 78 мемлекеттің арасында командалық үшінші орынға табан тіреді. Бұл дегеніңіз тамаша жетістік. Ендігі міндет, Елдос секілді тастүлектерді Олимпиада шыңына жеткізе білу.
Былтырдан бастап Қазақстан дзюдо федерациясының тізгінін Бекет Махмұтов ұстады. Бекет Сапабекұлының қысқа ғана мерзімде республика дзюдосына серпіліс әкелгенін айтуға тиіспіз. Ендігі жерде Алла жазса, бұл саланың көші түзеледі деген үмітіміз бар.
Қадірлі ағайын! Біз бұл мақала аясында облыстардың кемшіліктерін жіпке тізіп, тек көлеңкелі тұстарымызды ғана айтуды мақсат тұтқан жоқпыз. Барымызды ешкім тартып алмайды, біздің мақсат: жер-жердегі азаматтардың намысын ояту, жігерін қамшылау. Қазақта: “Дос жылатып айтады...” деген аталы сөз бар. Турасына көшсек, бірде-бір облыс әлі күнге дейін дзюдоны дамытудың жүйелі жолын тапқан жоқ. Бір облыстан бір мықты балуан шығуы мүмкін. Одан кейін ізбасарларын таппайсың. Бұл дегеніңіз іргетасы берік жаттықтырушылық мектептің жоқтығын білдіреді. Бір ғана мысал, кезінде Ресейдің Свердлов қаласында “Уралочка” волейбол командасы болды. Сол команданың тізгінін әйгілі маман Николай Карполь ұстады. Карполь Ресейдің бір бүйіріндегі қалада отырып, КСРО волейбол құрамасының бас бапкері болды. Құраманың негізі “Уралочканың” қыздарынан жасақталды. Карполь баптаған КСРО құрамасы Сеул Олимпиадасында чемпион болып, бірнеше Олимпиадада күміс жүлдегер атанды. Яғни, Олимпиада және әлем чемпиондарын даярлау үшін Астана мен Алматыда тұру шарт емес. Қазақстанның кез келген облысында тамаша дзюдо орталығы ашылып, мықты мамандар сол жерге шоғырландырылса, Олимпиада, әлем чемпиондары сол облыстан шығып жатса, біз осы істі қолға алған азаматтарды төбемізге көтерер едік. Әйтпесе, Қазақстан бір әлем чемпионына қуанып жүргенде, француздың Давид Дуйе атты балуаны 4 мәрте әлем, екі дүркін Олимпиада жеңімпазы болып үлгерді. Жапонның қаршығадай қызы Риоко Тани Олимпиада ойындарының қатарынан 5 медалін жеңіп алса, бельгиялық балуан қыз Ингрид Бергмане дүние жүзінің 6 дүркін чемпионы атанды.
Жалпы, қазақ азаматтарынан әлемдік деңгейдегі дзюдо бапкері шықпайды дегенге өз басым сенбеймін. Қылқұйрықтың бабын тапқан біздің халық табиғатынан дарынды, алғыр десек, артық айтқандық емес. Тек табанды ізденіс, ғылыми жүйе, жанкешті еңбек керек. Сосын дзюдо тек күрес түрі ғана емес, философиялық мәні терең жекпе-жек екенін естен шығармау қажет.
№ Аймақтар Спортшылардың Жаттықтырушы-
саны лардың саны
1 Оңтүстік Қазақстан облысы 2057 91
2 Шығыс Қазақстан облысы 1707 55
3 Қарағанды облысы 1466 44
4 Алматы облысы 1362 42
5 Атырау облысы 1294 45
6 Жамбыл облысы 1291 53
7 Қостанай облысы 1211 28
8 Қызылорда облысы 968 30
9 Павлодар облысы 961 27
10 Батыс Қазақстан облысы 928 42
11 Алматы қаласы 721 34
12 Ақтөбе облысы 588 24
13 Маңғыстау облысы 367 12
14 Ақмола облысы 328 11
15 Астана қаласы 281 13
16 Солтүстік Қазақстан облысы 112 6
Барлығы 15 642 557
*******************
№ Облыстар 2006 ж. Азия 2007 ж. Азия 2008 ж. Азия 2009 ж. Азия Барлығы
ойындары чемпионаты чемпионаты чемпионаты
алтын күміс қола алтын күміс қола алтын күміс қола алтын күміс қола
1 ШҚО 1 1 1 1 1 1 алтын, 1 күміс, 3 қола
2 Қарағанды 1 1 1 1 алтын, 2 қола
3 Астана қ. 1 2 1 1 1 1 алтын, 1 күміс, 4 қола
4 Алматы қ. 1 1 1 3 қола
5 Қызылорда 1 1 1 3 қола
6 Ақтөбе 1 1 2 қола
7 Атырау 1 1 қола
8 Жамбыл 1 1 қола
9 Алматы 1 1 қола
10 ОҚО 1 1 қола
11 БҚО –
12 Қостанай –
13 Маңғыстау –
14 Павлодар –
15 СҚО –
16 Ақмола –
Барлығы – 2 6 – 1 5 1 1 4 2 4 26
Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ, Туризм және спорт министрі.