Ұлттық валютамыз – теңгенің 17 жылдығы аталып өткен күні оңтүстік астана кәсіпкерлері ерекше сыйлық алды деуімізге болады. Осы күні, яғни 15 қарашада Қазақстанның жаңа қаржылық институты – “Кредит Алтын Банк” АҚ өз есігін айқара ашып, жұмысына кірісті. Құрылтайшылары Асаубаевтар отбасы болып табылатын бұл қаржы мекемесі заңды тұлғаларға қызмет көрсетуге маманданбақ. Оның қаржылық капиталы қазірде 5 млрд. теңгені құрайды, жоспарлы межеде жарғылық капитал 1,5 есе ұлғаяды деп көзделген. Себебі, банк қазірдің өзінде өте тиімді және бәсекеге қабілетті ұсыныстар түсіруде, дәл осы қызмет аясы күннен күнге кеңейе түспек. Алматыда алғашқы операциялық залдың ашылуы үлкен жобаның тырнақалды қадамы болды. Алдағы уақытта филиалдық жүйелерді кеңейту жоспарлануда.
Дереккөздің айтуынша, Банк тау-кен байыту, атап айтқанда алтын өндіру және өңдеу, өнеркәсіптік құрылыс, сауда, логистика, ауыл шаруашылығы, мұнай өңдеу өндірісі сияқты маңызды салаларды қамтитын өз қызметінің басым бағытын айқындаған. Қызметінің алғашқы кезеңінде “Кредит Алтын Банк” өз жұмысын Алматы мен Астанада, Степногорда және батыс өңірде шоғырландырмақ.
“Кредит Алтын Банк” АҚ-ның ашылуы Асаубаевтар отбасының банк саласындағы бірінші жұмыс тәжірибесі бола тұрғанмен, сонда да болса олар үшін қаржы секторы белгісіз белес емес. Тау-кен өндірісі саласында жұмыс істей жүріп Асаубаевтар Қазақстан қор биржасының “А” санатының ресми тізіміне қосылумен бірге “Қазақалтын” кен-металлургия концерні” АҚ облигацияларын шығару ісінде ілкімді тәжірибе жинақтаған-ды. Сонымен қатар “Қазақалтын” КМК” АҚ Қазақстан Ұлттық Банкі тарапынан вексельдерді қайта санау үшін шек қойылуына орай бірінші санатты вексельдер эмитенті деп танылды.
Сондай-ақ құрылтайшылар KazakhGold Group Lіmіted бас компаниясы арқылы “Қазақалтын” КМК” АҚ-ның Лондон қор биржасында ІPO өткізуі кезінде баға жеткісіз тәжірибе жинақталған болатын. Мұның өзі бұдан былайғы уақытта KazakhGold Group Lіmіted еурооблигациясының тұсаукесер шығарылымын Люксембург қор биржасында жүзеге асыруға мүмкіндік берді. “Инвестициялық банктермен жолға қойылған әріптестік қатынастар және құнды қағаздармен жұмыс жүргізуіміз қаржы секторында халықаралық стандарттарға сай үлкен жұмыс тәжірибесін игеруге көмектесті. Бұл тәжірибені біз Қазақстандағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарын несиелеу рыногында сәтімен пайдалануды ұйғарып отырмыз” – дейді дереккөз.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасының Қаржы қадағалау агенттігі “Кредит Алтын Банк” АҚ-ға құқықты лицензияны осы жылдың қыркүйегінде берген болатын. Ал осынау банкті ашуға ҚҚА-ның рұқсатын Асаубаевтар отбасы 2009 жылдың тамызында алғандығын айта кеткеніміз абзал болар.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.