Елбасы Қазақстанның Азиадаға сақадай сай екенін қадап айтты
Мұсылман қауымы жүрегін ақ пейілге, шапағат нұрына шүпілдете толтырған Құрбан айтының бірінші күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматыдағы екі күндік жұмыс сапарын биік таулы “Медеу” спорттық кешенінде түйіндеді. Бұл арада Азиадаға соңғы әзірліктер аяқталып болған. “Медеудің” қазіргі көркіне көз тойғандай. Биік құзарлар қаумалай қоршаған осынау қолдан жасалған ғажайып бейне бір ертегілік қамал ішінде қалықтап тұрғандай әсер қалдырады. Атақты мұз айдынының тарихынан тартып, қазіргі жаңғырту мен жаңаланудан өткен келбет-көркін бұдан бұрын да сүйсіне жазғанбыз. Айдыны төселіп, алаңы қоршалып, 200 шаршы метрлік алып билбордты бейнетаблосы түрлі-түсті сурет-ақпараттарды жалт-жұлт ағынмен төкпелеп көз жауын алған “Медеудің” бүгінгі көрінісі тіптен таңғаларлықтай екен. Айдында Алматы мен Астананың құрама командаларының конькимен жүгіру шеберлері әсем музыка әуенімен үйлескен әдемі өрнекпен сызылта сырғанап өнер көрсетіп жүрді.
Елбасы осы ғажаптың бәрін мінберлердің ең биігінен барлай шолып қарады. Мұндағы Азиадаға әзірліктің барысын, спорт кешенін реконструкциялаудың және заман талабына сай жақсартып жаңартудың жай-жапсарын “Медеу” мұз айдынының бас директоры Сабыржан Бектемісов баяндап берді. Айтар болсақ, мұз айдынын жаңғырту жұмыстары 2008 жылдың күзінен басталып, 2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындары қарсаңында, әсіресе, қарқынды өрістеген-ді. Бүгінгі таңда мұз алаңының реконструкциясы толықтай аяқталып, сондай-ақ жаңағы айтқан, АҚШ-тың “BіllboardVіdeo” компаниясының қатысуымен жаңа мультимедиалық табло орнатылды. Заманауи технологияның үздік үлгісі саналатын бұл табло спорттық ойындардың нәтижелерін айқындап нақпа-нақ көрсетуге, телебағдарламалар хабарларын, тақырыптық және жарнамалық роликтерді паш етуге мүмкіндік бермек.
Айдын-сырғанақтың мұз алаңы жаңа алты аймақтық үлгі бойынша жұмыс істейтін болады. Әр аймаққа өзіне сәйкес мұздатқыш агрегаттар тобы көзделген. Ескі мәшине залы толық ауыстырылып, осызамандық жаңа мұздатқыш қондырғылар қойылған. Айдынның астына 140 шақырымдық құбырлар тартылған. Мұның өзі біздің ауа райы жағдайында мұзды 1 қазаннан 1 сәуірге дейін қатырып ұстауға септеседі. Сондай-ақ әлсіз токпен жұмыс істейтін дабыл, ақпараттандыру және қауіпсіздік жүйелері модернизацияланды, жалпы жарықтандыру және жарыс кезіндегі арнайы прожекторлар бойынша жұмыстар жүргізіліпті. Спорттық нысан электр энергиясымен түгелдей жаңа подстансадан қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, ескі подстанса резервтік энергия көзі ретінде қалдырылған. Көрермендер енді бұрынғыдай пластик емес, әрленген ағаш орындықтарға отыратын болады. Мінбер астындағы орынжайлар да тыңғылықты жөндеуден өткен. Бұлардың ішінде жаңартылып, көркімен көз тартқан баспасөз орталығын, көпшіліктің сырғанақ тебу вестибюлін, мұражайды, спортшылар киім ауыстыратын орынды, дәрігерлік қадағалау орталығын, демалыс бөлмесін және басқалары атап айтарлықтай. Аумақты абаттандыру орайында да едәуір ілкімді істер тындырылған.
Мұз алаңының өзі өңірлік һәм халықаралық деңгейдегі ірі спорттық шараларды өткізуге арналған. Сондай-ақ мұнда коммерциялық негізде конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, допты хоккей сияқты спорт түрлерінен жаттығулар өткізу де ойластырылған. Осы тұрғыдан келгенде биік таулы “Медеу” мұз айдыны алдағы Азиадада жарқырап көрінуге тиісті негізгі спорттық нысандарымыздың бірінен саналады. Мұнда қазан айының соңында бендиден (допты хоккейден) Алматы қаласы әкімінің кубогы үшін сынамалық жарыстар өткізілді. VІІ Қысқы Азия ойындарында нақ осы спорт түрінің додасы “Медеу” мұз айдынынан атойламақ.
Екі жылдан бері Азиада нысандарының дайындығын қалт еткізбей назарда ұстаған, “Медеудің” қазіргі жай-күйімен егжей-тегжейлі танысқан ел Президенті кешенге жиналған журналистер алдында былай деді:
– Қазақстан Азиаданы өткізуге сақадай сай, дайын деп ойлаймын. Себебі, біз “Медеудің” бүгінгі жоғары деңгейдегі әзірлігін көріп отырмыз. Шымбұлақтың әзірлігін көріп отырмыз. Шаңғымен секіру тұғырлары, биатлон және шаңғы стадионы да әзір тұр. Астанадағы мұз айдыны стадионы дайын болады. Балуан Шолақ спорт сарайы дайын. Сөйтіп, бүгін таңда біз VІІ Қысқы Азия ойындарына Қазақстан толық әзір деп айта аламыз. Демек, Алматы мен Астанамызда Азиаданың спорттық жарыстарын қабылдап алуға дайынбыз. Әрине, әлі де кейбір ұсақ-түйек дұрыстайтын жерлері бар. Бірақ, ең бастысы, Алматыға, Қазақстанға, елімізге, өзімізге абырой әперетін үлкен-үлкен озық спорт нысандары жаңа технологиялармен, жаңа қондырғылармен жарақтанып, дүние жүзінде тұңғыш рет бізде жасалып отыр. Бұл өзі зор қуаныш болып саналады.
Жалпы, кешеден бері Алматыны аралап, жолдарды көргенде, қала келбетін көргенде, университеттерде кездесулер өткізгенде көңілге түйгенім, Алматы қаласында әкімдіктің басқаруымен атқарылып жатқан әрі алға жоспарланған қыруар істер бар екен. Болашақта біз Алматы қаласы мен облысында, Алатау өңірінде үлкен туристік жүйе жасайтын боламыз. Бұл сала өркендеп дамиды. Шеттен көп адамдар келетін болады. Қаланың жанында тұрған, тау шаңғысымен жүретін мынандай керемет мұз айдыны бар мемлекеттік кешендерді ұтымды пайдалануымыз керек. Кеше шаңғымен секіру тұғырын көрдім. Ондай трамплин Қазақстанда бұрын болмаған. Алматыдан Медеуге тартылған жол қандай! Балуан Шолақ спорт сарайы, мұз айдыны, осынау барлық спорт нысандарында ең жаңа озық технологиялар қолданылған. Сондықтан алдағы Азиаданы абыроймен өткізу – ең ардақты міндет. Баршаңызды Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Иә, Елбасы айтса айтқандай, реконструкциясына 9,079 миллиард теңге ақша бөлінген, бүгінде соның 8,7 миллиарды игерілген, қалған сомасы нысанды келешекте пайдаланудың ұзақ мерзімді кепілдігі ретінде сақталып отырған “Медеу” мұз айдынының қандай мақтауға да лайықты екендігін көзімізбен көріп, көңіліміз өсіп тұрды. Бұдан әрі Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы, 2020 жылға дейінгі Бизнестің жол картасы, әкімдіктің 13,2 миллиард теңге сомасында өзекті салаларға сәтті орналастырған облигациясы жайында әңгімелеп, Алматының осы жылдағы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырып өтті.
Әлемге әйгілі мұз айдынына Елбасының атбасын тіреуі елеулі оқиға болып, баршамызға қымбатты “Медеудің” мерейін көтере түсті.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.