Қалалық көші-қон бөлімінің бастығы, подполковник Саят Шәкеновтің айтуынша, сырттан келгендерді қайтару шарасы өз дәрежесінде өткен секілді.
Айталық, аталған шараны өткізу барысында тиісті заңдылықты бұзған елуден астам шетелдік жауапкершілікке тартылыпты. Соның бесеуі алыс шетелден келгендер болса, қалғандары көршілес Ресейден екен. Бұдан шығатын қорытынды сол, ресейлік көршілеріміз заңға мойынсұнбай әлі де аяқты алшаң басқысы келетін сияқты. Сол себептен де 14 заң бұзушыны ел аумағынан күштеп шығарып жіберуге тура келген.
Анықтай келгенде, заң бұзушылардың көбі былайғы тілде “гастарбайтер” деп аталатын жұмыс іздеп келгендер көрінеді. Ал есектің артын жуып та мал тапқанды жөн көретіндер заңды қайтсін. Бірақ арзан жұмыс күшіне бола қайсыбір отандастарымыздың заңды бұзып жататынын қайтерсің. Бұл жолы соған орай екі жергілікті азамат жауапқа тартылыпты. Шетелдерден келген қонақтарды дер кезінде есепке тұрғызбаған оншақты отандастарымыз да жауапкершіліктен құтыла алған жоқ.
Бөлім бастығының айтуынша, елден кету туралы заң талабын орындамаған өзбекстандық азаматқа қарсы қылмыстық іс қозғалыпты. Тек биылғы жылдың өзінде мұнда осындай заң бұзушылыққа орай 14 қылмыстық іс қозғалған.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.