24 Қараша, 2010

Қазағын оятып, ойлантқан!

1783 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
(Алаш қайраткерінің жер, дін, діл, тіл, жалпы хал-ахуал хақындағы ойларының өміршеңдігі туралы) Міржақып Дулатов! Қазақ қоғамына берерін сығып берді, бірақ сыбаға дәметкен жоқ. Күңіре­ністі күймен : “... Қалғанша жарты жаңқам мен сен­дік­пін, Пайдалан, шаруаңа жараса, Алаш!”– деуі де сол ел мүддесіне біржола, ақырғы демі біт­кенше, қалтқысыз берілгендіктен айтқан мірдің оғындай сөзі. Тәуелсіз Қазақстан: Міржақыбын үкіледі, үмітін ақтауға тырысты, тырысып келеді... Бірақ түбірлі, төңкерісті, толымды үдеріс нышаны әлі қол бұлғайды... Міржақыпша нұсқаның ауылы алыстан мұнартатындай. Дәме бар, дәйектілік тапшы. Ұмтылысқа ынта зор, ұғынықтылықта – ұты­лыс. Баяғы “Оян, қазақ!” ұраны , міне, жүз жыл­дан асты, құлақтың құрышын қандырады: “Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп, Қазағым, енді жату жарамас-ты”! Қазағын оятқан еді, енді сол қазақ ойлануға, тол­ғану­ға қатты бет бұрған! Адам қайғысынан – за­ман зарын сығып, сығымдап көрсеткен Мір­жақып, одан сабақ алуға әлі күнге үндеп келе жатқандай. Иә, сол тылсым заманның өкінішті ахуалы осы­лай түйінделген: Жердің кеткені – күйік, діннің нашарлағаны – ділсіздік, халдың һараб болуы – қарекетсіздік! Бұған Міржақыптың әйгілі “Тіл мұңын” қоссақ, сол мұң қазір де шеменді шерге ұласып кетеді... Бір сүйініштісі, бұл жіктелгендер “міржақыпша” қатып-семіп, тұралап-тарынып, қорусыз, қорғансыз күйінде қалған жоқ. Ілкім ілгерілеушілік сезіледі. Араға сына боп қағылған қызыл кеңестік кезеңнің – 70 жылдан астамғы кесапаты, кеселі. Әйтпесе, тым алысқа ұзап кете­тін шақ туған. Тәуелсіздіктің өзіне он тоғыз жыл толды емес пе! * * * Әрбір шығармашылық еңбектің маң­дайына біткен талан-талайы болады. Пат­шалық Ресейдің зәресін алып, құтын қашы­ра келген “Оян қазақ!”, міне, сондай “қатыгездік” сипатымен маңдайын тасқа да соқты, тауға да ұрды. Итжанды екен, темірдей тегеуріні қандай тепкіге де шыдас берді. Кітап тәркіленіп, иесіне 1,5 жылға кісен салынды. Халық араша түсіп, айып­пұлын жылулап төлеп, тасқа басылған сөзді еркіндікке салды. Жүрекке ұрық тастар асыл сөзге сусаған ел әбден шөліркеп отыр екен, ешнәрседен қаймықпады. Қыбырлап оянып, тірлікке тырбанды. Міржақыптың көксегені де сондай елішілік еңсе көтеру­дің қамы болатын. Жинаққа “сөз басында” былайша шамырқануын сол тұрғыдан түсінген абзал. “Дүниеге қатынасып жүр­ген, оқыған азаматтарымыз болмаса, біз­дің ғұмуми (жалпы) қазақ халқы файдалы мәселелерден бихабар еді. Себебі: дария қасында тамшы секілді, оқығандарымыз аздықтан, халқымыз шәһәр ретінше емес, көшпелі һәр жерде бытырап жүргендіктен, заман ахуалынан хабар білерлік оқуға өз тілімізде газет жоқтықтан, татар туған­дарымыздың әдеби тілменен жазылған газет­­тері оқу оқымаған халыққа түсінік­сізді­гінен, дүниеде болып жатқан ғәжәйіп (та­ңы­р­қарлық) уә (және) ғәрәйіптен (керемет, таңсық) файдалана алмай, біздің халық дүние сарайының бір қараңғы түк­пірінде ұйықтап, ұмыт қалған секілді болып тұр... Әлі де болса бұрынғыдай қозғалмай ғафилдықта (білмеу, білімсіз) жата берсек, енді аз заманда нешік болашақпыз?” Қазақты маужыраған күйінен оятып, “күннің көзі жалқауға да, іскерге де, байға да, пақырға да бірдей түскені секілді”, көпке бірдей болған жақсылықтан мақрұм қалмауға үндеуі – Міржақыптың айнымас азаматтық ұстанымының алтын қазығы іспетті. Ұлтым деп соққан жүрегінің атойы өлшеулі ғұмырында бір әлсіреп, демік­пегені содан дерсің. “Халық үшін нендей закон түзелсе де, дума арқылы өтеді. Біздің қазақ халқының оңып тұрған бір ісі жоқ, солардың ішінде бірінші орын алып тұр­ғаны ­– жер мәселесі,– деп жазды “Гос­у­дарст­венная дума һәм қазақ” атты мақа­ласында (“Айқап”, 1911 ж., № 5). – Аз да бол­­са Думада депутаттарымыз болса, сөздері ықтибарға алынбаса да, қазақ жері өз мүлкі екендігін, селдей ағып келе жатқан хохолдар жерді тартып, жұртты пақыр­лыққа айналтты, һүкіметтің бұл харекеті бізге ғаділсіздігін Дума мінбесінен сөйлеп, отчетында жазып қалар еді. Ақырында, сөйлеген ақиқат үстіне бір шықпай қалмас еді”. Бұл ескертпе еріккеннен жазылмағаны мәлім. Думада қазақтан депутат болмағаны себепті, онда не болып жатқанынан да бейхабар қазақ халқы өз мүддесін кім арқылы көтерерін білмей, дал болған. Рас, әуелгі екі думаға бізден депутат сайланған. 1907 жылы 3 маусымда жаңа мизам шығарылып, Сібірден, Түркістаннан және басқа жерлерден депутаттардың саны кемітіліп, тіпті кейбір халықтан депутат сайлау тоқтатылған. Солардың арасында бақыты ашылмаған қазақ халқы да қыстырылып кетіп еді. Қазақтың өзінен де бар көрінеді. Бірінші Дума сайлауында Ә.Бөкей­хановтың үстінен жамандап, рапорттар беріп, етегінен тартып баққаны – қандай келешекті ойлағандық? Міржақып енді алда болатын сайлауға ұлт атынан өтініш айтып, өз адамын енгізуге құқық берерлік жаңа низам жасалуына алдын ала қамданыс қылуын міндеттейді. “Жер мәселесі” деген мақаласында (“Айқап”, 1911 ж., № 11.) Міржақып кө­кей­­­кесті екі жағдайды қозғайды. Бірі – қала болу керек деушілердің пікірі. Екіншісі – көшіп жүруді қалайтындардың тоқтамы. Осы екі ойдың жақтастары әрқилы шешім айтады. Бастапқылар, жер жүзіндегі халықтардың біразы қала болып отыр, мал бағып көшіп жүрмегендіктен қырылып қалмаған дей келіп былайша түйіндейді: “Бұларды көре тұра, біз, қазақ­тар да, қала болып, малдың санын кемітіп, бағасын кө­теріп, егін салып, сауда қылып, оқу оқып, өнер тауып, өзімізден алдағы жұрт­тың іс­тегенін істеп, солардың жолына түсейік, сол уақытта ғана қатардағы халық­тардың бірі бола аламыз”. Ал көшіп жүруді жақ­тай­тындар: “Қазақ – мал баққан халық. Қазіргі бағып отырған малына лайық жер қалдыр­май тастауын ақылға сыйдыруға болмайды. Халықтың ғұмыры 20-30 жыл­дығына емес, дүние тұрғанша тұрады. Со­ның үшін түбін ойлағанда, қазіргі тұрмыс­тың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек”,– деп қалыптасқан тіршілік кәсібінен көз жазып қалмауды ықтияттайды. Әрине, қос таң­даудың да заманына лайық ерекше­ліктері бары белгілі. Қайсы жолға түскен дұрыс? Күштеп таңа алмайсың. Уақыт өзі екшей­ді. Тек адасып қалмаған абзал. Мір­жақып күдікпен шо­шынтып, ақылмен сабырға шақырып ой тас­тай­ды. Халықтың өсіп, жердің өспеуі һәм тозуы, қазақ жері патша мүлкі сана­лып, сол себепті миллиондап жерсіз мұ­жық­ты үкіметтің қа­зақ жеріне қондыруы, бұл тілеусіз қонақтар келе бастағаннан бері жер тарылып, ата­мекеннен ірге қозғалып, қазақ шаруасы­ның күйзелуі, 15-20 жылдан бері бұл көшпелі мұжық­тар­дың келіп бітуі­нің ұшы көрінбеуі неліктен?! Бұлай бол­ғанда, енді аз жылда қазақ халқы ең жа­ман жерге сорлап қалып, ақырында титық­тап бітуі ықтимал дегенді және қосып қоя­ды. Сақтандырады. Сараптай білуге ша­қырады. Қазақ жеріне мұжықтарды не үшін жер аударады деген сұрақ Міржақып көкейін үнемі тесіп жүргенін байқаймыз. “Әлде Россияда жер аз ба?” деп кекесінді әрі таң­да­нысты ойға беріледі ол. Жауабы да әзір. Шұрайлы жер аз емес, бірақ соның бәрі байлардың, дворяндар­дың, помещик­тердің қолында, олар өз жерлерін ешқашан тегін бермек емес, ал аштан өлуге шақ жүрген мұжықтардың оны сатып алуға шамасы жоқ. Түрлі дең­гей­дегі министрлер, жоғар­ғы шенеуніктер мен генералдар Рос­сияда көбейіп келе жатқан мұжық­тардан құ­тылу үшін оларды біздің қазақ­тардың арасына жер аударуда... Шынында да осындай өз мүд­де­сін өзгенің есебінен дөң­гелентіп, бұратана қазақтарды одан әр­мен бұқтыра түсудің амалымен ашық қулыққа басқан әміршіл жүйе, қызылкөз саясат дегенін біртіндеп жүзеге асыра берді. Ше­неу­ніктер қазақ даласына мыңдаған мұжық­тарды жер аударып, қазақтардың суы мен шұрайлы жерлерін тартып әперді. Шенеу­ніктерді арқаланған олар өздеріне жайлы қазақ жерін еркін иемденуде. Тұтас ауыл бо­лып келіп, бұлар сорлы қазақтарды ұрып-соғып, бар мүлкін тартып ала бастады. Осындай кері кетуді көзімен көріп, жанымен сезіп отырған Міржақыптың қаны басына шаппағанда қайтсін? Мұжықтар жерін тартып алғанша “жоғарыдағының пәр­мені ғой” деп, бастары бірікпей, тары­дай шашырап жүрген қазақтың пиғылы да оңып тұрмағаны аян: біз біржола бағынған халық, қалай билесе, солай билесін, закон шығару біздің жұмысымыз емес дейтін шығар. Мұндай пиғылдың кері әсерін әр қазақ­тың миына шұқып құйғанша Мір­жақыпта маза қайдан болсын. Жазады, түсіндіреді, ашындырып, қитығына тиеді. Сөзімнің бір пайдасы болар ма деп, қатты қамығып, торығады. Сонда, түйінді ойы мынаған саяды: бір патшалыққа бағыну құл болу деген сөз емес қой; өз керегін өзі біл­дірт­песе, Петербургте отырған шенеуніктер 3-4 мың шақырым жерде ен далада көшіп жүрген қазақтың тұрмысын қайдан біледі. Міне, көңілдегі қыжылдың мәнісі қандай? Жер! Жер! Жер! М. Дулатов жүрегінің дүрсілі осы! Тепкіленіп, атқыланып соғады. “Оян, қазағында” “Жер кетті...”,– деп күл­лі қазағына жар салуы да сондықтан. Жүз рет, мың рет айтса да ол бір тілегінің орындаларына үміт артады: “Надандық түнегінде адасқан бейшара қазақ халқын жетектеп жарық дүниеге шығарушы қаһармандарға мұқтажбыз. Тілесе кісі жоқ емес, уақыт та өткен жоқ”,– деп “жердің жыртысын жыртатын” дуалы ауызды, көкірегі ояу зиялылардың осынау үгіт-насихатқа араласуын қалайды. ... Қазақта қазір бұл тұрғыда бір ауыз сөзіне ұйыта алатын зиялылар жеткілікті. Қазақ жерін бөлшектеуге қаймықпай қарсы шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Ж.Тәшеновтің ізбасарлары бүгінде де бұқ­пантайлап жүрген жоқ. “Жерді сатқа­ның – анаңды сатқаның!” деп Парламент­те жар салған марқұм Б. Қыдырбекұлы, “Құнарлы аймақ қазаққа қайта қайтарылсын” деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген С. Әсіпұлы, “Жерді жалға алғаны – жағаға қолды салғаны” деп жанайқайын естірткен Р. Айыпұлы, “Уай, алашым! Жерің – арың, киелің!” деп жырмен жалындата аһ ұрған С.Сматаев, т.б. зиялылар, қазақ жерінің бір мысқалы уыстан шықпауы үшін ішер асынан іркіліп жүргендер. ... Міржақып үміт еткен мұндай ұлтжандылардың қатары толыға түскені алаң көңілді басып, қазақ жерінің біртұтастығына деген сенім әр жүрекке нық ұялайды екен. Қашан да ақ сөз ащы болады. Әділ сөздің зілі жоқ. Әлі де батырып айтуымыз керек-ау! * * * М.Дулатов дінге қатысты ой-пікірлерін проза, поэзия түрінде де жазып, әр түрлі басылымдарда, атап айтқанда, “Серке”, “Қазақ” газеттері мен “Айқап” жур­налында жүйелі жариялап отырған. “Біздің мақсатымыз” (“Серке”, 1907 ж., № 84) де­ген мақаласында ол: “... Енді шенеу­ніктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымызға, біздің молдаларға ғана тиісті неке мәселесіне да араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды”,– деп дінге қатысты қыспақтың кейбір қисынсыз негіздерін таратып баяндаған. “Мәсжід (мешіт) – медресе хақында” деген өлеңінде: “Дегенмен “мен мұсыл­ман”, іс бітпейді, Бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді. Қазақша киім киіп, сөй­легенмен, Мойныңнан фарыз, уәжіп бір түспейді”, деп діни міндет, борышқа деген саналылықтың селдірлігін шым-шымдап сынап өтеді. Әрі қарай оқысаңыз, кедер­гінің түп-төркіні ашыла түседі: “Қазақтың көп жерінде мешіті жоқ, Жоғына се­беп болған миссионер поп. Екінші, халықтың өзі ықылассыз, Не ғылып исламға ашылсын ход”? Өлең тұжы­рымында ащы мысқыл мен кекесінге қоса, міскін тұсын аңдатып, ойға ба­тыратын, сонысымен шешуші қада­мға тас-түйін бекіндіретін, түйсікке салмақ салған қорытынды шумақ бар: “Оңбассың бойда жүрсе бұл мінезің, Теріс пе насихатым бұл, біл өзің. “Әй­теуір, ата-бабам мұсылман”,– деп, Дүрмекті қоя-тұғын келді кезің”,– дейді міндет пен парызға еліктіре түсіп. Айтулы ақынның іргелі бір жетіс­тігі – “Насихат ғумумия” деп ата­латын он жеті бөлімнен тұратын ұзақ өлеңі. Оның дінге қатысты шумақтары да бар­шылық. “Тарылып дін, дүниеміз бара жа­тыр, Япырмау, білген бар ма – мұны ғажап? Ойламас ертеңгісін не болар деп, Салынып жалқаулыққа біздің қазақ”,– деп ақын, имандылықтың өрісін кеңейте алмау­дың кесіріне шыланып қалмаудың сезігінен сақтандырады. Дінді тек қана апиын ретінде құбыжық етіп көрсету­шілердің кері үрдісті пікіріне мойынұсын­байтынын ашық айғақ­тайды. Патшалық Ресей кезеңінің діни бағытта жүргізілген кейбір сауалдамаларында мектеп-медреселер мәселесіне қатысты ой өрбітіліп, нақты жауаптар алынғаны белгілі. Мәселен, “Мектеп һәм медреселердің мақ­саты не нәрсе?”,– деген сұраққа былайша жауап берілген: “Мұсылман балаларына оқу, жазу үйретіп, ислам хакимдерін білдірмек, жақсы мінезбен тәрбие қылып, дүниеде һәм ахыретте бақытқа жеткізетін жол көрсетпек һәм мемлекетіміздің тыныш һәм рахат жасауы үшін қызмет етпек”. Келесі: “Мектеп һәм медреселерде оқыту тәртібі хақында шариғатта баян бар ма?”– деген сұраққа: “Мектеп һәм медреселерде оқыту тәртібі жеңіл һәм мақсатқа тез жетерлік орысша, ана тілінде араб харпімен оқытылуы тиіс”,– деп жауап берілген. Дінге көзқарас қырық жамау, қырғи қабақ, қарсылықты жағдайда имандылықты тура көздеген келісімдердің жөнін жіті аң­ғара білудің пайдасы ұшан-теңіз екен­ді­гін Міржақып әрдайым айтып, жазған­дарында негізге алып отыратыны байқа­лады. Мұ­ның мысалына “Орынсыз шы­ғын” (“Қа­зақ”, 1914 ж., №53) мақаласын тартуға болады. 3-4 жылдан бері Мединеде оқып жатқан 10-15 қазақ шәкірттері Медине шаһарында қазақ атына бір зор медресе салу талабында болған екен. Сол ниетпен барған қажылардан жылда ақша жинай бас­таған. Шәкірттердің талабы таза болса да кейбір елге шығып, солардың атын жамыл­ғандар түскен қаржыны жымқырып кеткен­діктен бастаған істері жүзеге аспай қалып­ты. Осының бәрін екшей келіп Мір­жақып былайша ашынады: “... Олар бір үй сатып алып, ішіне кіре қоюмен медресе бола қа­ла­ды деп ойласа керек. Ал медресе салын­сын, оған оқушы қайда? Осы арада қанша шәкірт бар­мақ­шы? Ақырында, бұл медресе де бұрын­ғы қазақ тектілері секілді әулиелік сатып жүр­ген сарт пен қожаның пайдасына қалмай ма? Мұны да ойларға керек”. Ол та­ғы бір ойын нығыздап, баса айтады. Меди­нелік шәкірттерге қолғабыс жасағысы келген қажылардың көбінің өз ауыл­дарын­да бұл күнге шейін бір тәртіпті бас­тауыш мектеп жоқтығын беттеріне басып, соны көре тұра, дүниенің бір шеті­нен медресе ашпақшы болып, елден мал жинамақшы қарекет­теріне бүйрегі бұрмай­тынын жасыр­майды. Орынсыз шығын неге керек деп намыс түрткілейді. Діндер үнқатысуы және адамзат тағ­дыры тұрғысында 2009 жылғы 1 шілдеде Астанада ашылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ сьезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев: “Біз Қа­зақ­стан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін әр­дайым мақтан тұтамыз. Бұл жетістігімізді әлем жұртшылығына үлгі етуге ұмты­ла­мыз... Сондықтан, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ сьезі дүние жүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өрке­ниет­тердің өзара үндестік табу ісінде айтар­лықтай рөл атқарады деп есептеймін”,– деп дәйекті пікірін білдірді. Сөз төркіні осынау ойлы пайымнан айқын аңғарылып тұрған жоқ па! Иә, өркениеттің өзегі – дін екендігіне ақыл жетіп, көңіл тоғайғаны қашан. Бүгінгі қоғамдағы ең бір зәрулігі басым мәселе деп, мемлекет пен діннің дұрыс қа­рым-қатынасын анықтауға қатысты мәсе­лелерді айтсақ керек. Біртіндеп шеші­ліп жатқанға да ұқсайды. Дегенмен нақты үлгі­дегі, “міржақыпша” талдаудың кем­шін­дігі, кейде таяздығы, тіпті долбар­лығы сезіліп қалып жатады... Арыла білу, айқындала білу – уақытқа сын! * * * Мірдің оғындай осы “хараб” сөзі Мір­жақыптың тіліне тегіннен-тегін оралмаған шығар! Құру, күйреу мәніндегі, “мен қазақпын” дегеннің намысын тілгілеп, шарадай көзін шарасыздықпен аштыратын қайқы қылыш жүзіндей лыпып тұрған “жан алғыш” сөз. Міржақып іштей мүжі­ліп, “Сырым” деп өлең жазып, өз сырына өз мұңын қосып күйзелгенде, жұртқа пай­дасын тигізуге асығып, ынтыққан. Әйтпе­се: “Баста – бақыт, қолда – дәулет, тәнде – жан, Кім айта алар, үнемі кетпей тұра­рын. Мұның бәрін білсең, қазақ бала­сы, Халің хараб, онан да ғажап шы­дауың”,– деп, кімге базына айтып, зары­мен запыран құстырар десейші. Жанға жұмсақ лири­ка­сын үлбіреген сезімге шылап, жайлы жата бермес пе еді? Өйте алмайтын еді, Мір­жақып. Өткір найзасы – өміршең өлеңін қазағының қанын жүгіртіп жаза берді, түпкі көздегеніне тиіп жатты. Енді ол ішкі сырымен жасырын жымдас­пай, “Жаңа тілек” өлеңіндегідей, ашық та ашына ай­тып, жалаңаш батырдай көзге түсе ұран­датты, қалың жұртын өзіне жалт қаратты. Мойын бұрғызды, санасатындай халге жеткізді. Мына шумақ еріккеннен емес, ел­дік мінезбен өрілген: “Өз қамыңды ой­лан өзің, ел болсаң, Ел боламын, тең боламын дер болсаң. Көктен теңдік келмес, өзің кем болсаң, Мең-зең болмай, талпын, оян, алашым!” Болжағыш. Көрегендік. Ойшыл­дық. Кем болғанның теңі – теңдік еместі­гіне жүректі мытып бүріп, меңзейді. Тең­дік­ке елеңдетеді. Сөз тереңінде – тәуел­сіздік тұрғанын аңдатып, пайымдатады. Қара сөздің майталманы Міржақып халқына жаңа да жарқын жол сілтеуді азаматтық парызым деп түсінген. Жетесіне жеткізіп түсіндіре жазды, көңілге түрлі ой салып, түңілдіре жазды. Соның бір айғағы “Қазақ жайлы” (“Қазақ”, 1913 ж., № 10) мақа­ла­сында: “Қазақтың кемтігі, керегі көп. Кемтігін толтырып, керегін табуға істегені аз, тіпті жоқ. Біздің керегіміздің көбі – бұрынғы күйімізде болмаған, осы күнгі жайымызға қарай керек болып тұрған нәрселер”,– деп ел болып, ілгерілік қамын күйттеуге қажеттіліктерді санамалай бастай­ды. Ғылым мен өнерді алғы кезекке шы­ғарады. Онсыз қоғам дамуы тежеледі. Ғы­лым, өнерімен асқандар білімсіз, өнерсіз­дерді білімімен жығып, аяғына баспақшы деп үміттендіреді. Оқымаған, өнерсіз, кәсіпке ебі жоқ адам басқаларға жалданған малайлықтан басқа неге жарайды деп, шындыққа жүгінеді. Сөзінің бір тұсында, қазақтың зор адасқандығы деп, өз ісін өзі істемей, өзгеге сенгендігін үлкен мін ретінде тағады. “Өзіміз жай жатып сұрай берелік дейміз де, сұрай береміз. Сұраға­нын алмақ түгіл, қазақ әлі алдырумен келеді”,– деп өзгеге алақан жайғыш­тықтың кесірінен ада болуға үгіттейді. Қараңғы қазақ жаңалыққа да селт етпейтін көнбіс болып алған. Мұндай енжарлықтың да ұпай түгендетері шамалы екендігін Міржақып жақсы түсінеді де, ең болмағанда билікке, басқаруға қатысты қарапайым нәрсені біле жүруіне үндейді. Алдымен, земство қандай қажеттерді өтейтінін түсіндіре бастайды. Земствоның өтейтін қажеттері : оқу-оқыту ісі, от пен су­дан сақтау, адам һәм мал дәрігерлігі, ашар­шылықта, жұтта мұқтаждарға жәрдем беру, жол түзету, поштаханалар ашу һәм бас­қа сондай жұрттың күшімен басқары­ла­тын жұмыстар екендігін тізіп береді. Жатық түсіндіреді. Шошынбауларын сұрай­ды. Көрнекті көсемсөзші өмірден көрген-түйгенін қазақтың қамы үшін, әлеуметтік тұрғыдағы тұйықтан шығуы үшін, шаруа­сын жақсы күйттеп, әлді тұрмыс құруы үшін, биліктегі шенқұмарлықтан арылып, халқына адал қызмет етуі үшін мысал, үлгі, насихат ретінде байытып, назарға ұсы­нып отырады. Оның сезгіш жүрегі билік­тегілердің былығынан жиіркенеді. Дәл осы тұста жөнсіз билікті түйрей сынайды: “Ел билеген жақсылардың ойлағаны ел қамы болмаса, әрқайсысы өзінің пайдасын ойлап, мұқатқаны ағайын-жұрты болса, билерде әділет болмаса, енді жақсылықты жұрт қайдан күтпек керек?!”– деп әділдіктен аттағандарға ой тастай сөйлейді. Қазағың­ның қамы үшін шыншылдықпен: сендер жан ауыртпасаңдар, кім қамқорлық жаса­мақ деп, салмақты салады өздеріне. Бүгінге салмақ сала айтсақ, жақсыдан әкім қойсаң – түзер, жаманнан әкім қойсаң – бүлдірер дегеннен сабақ алуға болар еді. Елдікті сақтап, ертеңгі күнге зор үміт­пен қараушылық жайын сөз еткен мақала “Сана қайда!” (“Қазақ”, 1917ж., № 236) деп аталып, онда қазақ халқының қолына ти­ген бостандықты баянды етуі үшін саналы түрде істер істеу қажеттігі айтылады. Көп жер­лерде баяғы ескі әдеттерден әлі арыл­мағанына өкініш білдіріледі. Мәселен, комитет сайлауы кезінде бұрынғы болыс сайлауы тұсындағыдай жікке бөлініп, халық мүддесі естен шығарылғаны сынға алынады. Міржақып елдің ақсақалдарына, ел билігінде жүрген жақсыларға мынадай сөз арнайды: “Талас-тартысты қойыңдар! Алда тұрған зор істерге қамданыңдар! Ынтымаққа қайтыңдар! Жұртты ойлаңдар!” Сол кезеңнің күпті де зәру мәселелерін қозғаған дара мақаланың бірі “Қайтсек жұрт боламыз?” (“Қазақ”, 1918 ж., №264) деп ата­ла­ды. Онда дүниежүзілік соғыс бастал­ғаннан бергі төрт жыл мен патшалық құлағаннан бергі жыл жарым ішінде саяси-әлеуметтік өмірде болған өзгерістерді шола келіп, қазіргі алмағайып заманда елдің елді­гін сақтап қалудың бірден-бір жолы – олар­дың өзін-өзі қорғай алатын әскери кү­ші болуы деген ой түйеді. “Бұл заманда әс­кері жоқ жұрт жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз, қайсысына түсетін бол­сақ та ерік өзімізде”. Автордың пайым­дауын­ша, бұл екі жолдың біреуі құлдық жолы, екіншісі жұрттық жолы. Баяғыдай құлдық бұғауын қайта кимей, елдігіміз болсын десек, әскеріміз болсын, қазынамыз болсын. Бұларсыз автономия жоқ. “Қайтсек жұрт боламыз” дегенді ойла­сақ, жауап біреу-ақ: – Әскеріміз болса ғана жұрт боламыз”. Міне, көрмейсіз бе, жұрт болу қамының қадау-қадау міндет­терін зер­делегенде, әскер жасақтау ісіне Мір­жақып тегіннен-тегін мән беріп, бас ауыр­тып отырмағаны байқалады. Алғашқы қазақ съезі қарсаңында халықты әділдікке үгіттеген Міржақып ел­ден жұрт болудың қамын мықты ойлас­тыруды талап етіп, біраз мақалалар жазды. “Өз ісімізді өзіміз басқара алмасақ, бізді біреу келіп түзетер деу адасқандық”,–деп турасына көшіп, қазіргі бір күннің жүз күннен қымбат екендігін, қызмет қылып, жұртты ұйысуға бастауға кең мүмкіндіктер ашылғанын әркімнің жетесіне жеткізе уағыздайды. Сол себепті учредительное собраниеге сайланатын депутаттарға көп нәрсе байланысты болатынын түсініп, таңдауды дұрыс жасауға шақырады. Олар халыққа шын пайдалы адамдар болуы керектігін ескертіп, пайдалылық таразысын былайша безбендей бастайды... Олар ақ жүрек таза болса. Жұртты иә сатып, иә алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екі талай жерде жанын қиярлық ер жүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді, шешен, көсем, оқыған болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса... Міне, осындай елеп-екшеу тізбелеулердің түпкі нәтижесі оңды боларына, халқым дейтін ерлердің іріктеліп, ел атынан мінсіз қызмет етеріне күман келтірмейді. Жоқ кісіні біреуден қарызға алуға болмайды, дей келіп Міржақып, қазақ осы өлшеуге салып, өзіндегі барын депутат сай­лау керектігін нығырлайды. Бұл сыпат­тарға қарамай қазақшылыққа салып, әркім жақынына, ұранына, облысына, үйезіне тартса, қазақ халқы келешектегі жұртшы­лығын ойламаған болады дейді. Қаузаған ойы­ның бәрі қазақтың қамы мен жағ­дайына байланыстырылады. Қай рудан еке­нің емес, үш жүздің баласы бәрің де қазақ­сың деген сипатпен халық қажетіне жарам­ды болуға икемделуге талпын­дырады. “Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт”,– деген Міржақып сөзі қандай өткір, өміршең! * * * Шерді шер қозғайды. Мұңсыз өмір бол­майды. Десек те, Міржақыптың ұн­жырғасын түсірген бұл мұңның жөні ала­бөтен. Жалғасып жатуымен де – қасірет! Міржақып “Қазақ тілінің мұңын” (“Ауыл тілі”, 27. 07. 1926 ж., № 1) шақ­қанда, бүгінгі тілдің қолданылу көріксіздігіне жүрек ауыртып, ертеңгісіне алаңдап, жоғары лауазымды Мыңбайұлы Жалауға зар-наласын төге сөйлейді. Бұл кісінің қолында зор басқару тетігі болса керек, оның “Ауыл тілі” газетін шығарам, ол тек нағыз ауыл тілімен, таза қазақ тілімен жазылады дегеніне дәсердей боп қуанып, іші елжірегенін (әрине, Тіл монологы ғой – Қ.Ә.) жасырмайды. “Мұныңа тілектес­пін,– дейді “Тіл”.– Жорытқанда жолың болсын, жолдасың Маркс, Ленин болсын, сенің не керегіңе мен дайынмын. Бірақ мені қорға, таза сақта, көрінген тілмаш­тарыңа тағы да қор қылма... Азар коменес болып кетсең де, ата-бабаң қазақ еді ғой, мен солардың тілі едім ғой, не жазығым бар, ая мені!” Жолдасың – Қыдыр болсын демейді. Неткен тапқырлық. Мұндай сөз соққысы нендей тас жүрек­ті де қақыратып, тітірентіп жіберер. Көзде­гені де қазақ тілін сиықсыздықтан арылтып, толыққанды қолданысқа енуіне сара жол ашу емес пе еді? Сол мақсатта тайынар ма? Тіл моно­логы өнебойды шымырлатады. Тұла­бой­ды өксік буады. Тіпті аузыңдағы тілің өзіңдікі емес, өзгенікі секілді ме? Байқап көресің. Иә, өзіңдікі. Бірақ дәмі, нәрі жоқ салақтаған бірдеңе. Тілдің ұшына өткір біз сұғылғандай, қара қан шапшып, тыйылар емес... “Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар баба­ларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім. Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым. Мен не көрмедім?” Аза бойды қаза қылатын, жалғызынан айырылғандағы “жоқтау” ма? Қайғылы қара теңеудің қайсысына да лайық шығар. Отқа май құйып, жалынын маздатуын қарашы:“... оның үстіне қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын деген заң шықты. Төбем көкке төрт елі жетпеді. Бірақ не керегі бар, босқа қуанған екенмін...” Тәйір-ай! Тіл тағдырының айна-қатесіз қайталануын қараңызшы! Қазіргі тәуелсіздік заманымызда да қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отыр емес пе? Міржақыптың бір жойқын сөзі бар еді. “Адам не тілесе – құдай соны тағдыр қылмақшы”,– деген. Құдды, соның кебі ке­ліп тұрғандай екен... Бүгінгі кейбір шенеу­ніктердің “ішкі” тілегі тіл тағдыры­ның қамытындай боп, тал мойынды қысқан үстіне қыса түсетіндей ме?.. Бұрын патшалық дәуірінде тіл мәселесі қазақ, қырғыз, ноғай, башқұрт, өзбек, түрікпен секілді “бұратана” жұрттар үшін зор саяси мәселелердің бірі еді. Ол кезде мем­лекет тілі – орыс тілі. Заң-закондар орыс тілінде, оқу-ағарту да орысша бола­тын. Орыстан басқа жұрттар мекемелерге өз тілінде арыз жазуға, ауызекі мұңын шағу­ға болмайтын еді... Енді алдағы мүм­кіндіктерді саралай келіп Міржақып, кеңес өкіметі тұсында әр халық өз тілінде оқуға, өз тілін­де жазуға, өз тілінде тергеуге тиіс ар­тық­шы­лығын баса жазып, айтуға кіріс­кен деп түйіндейді. Насихаты – қазақ тілі­нің кең өркен жаюын күйттеген. Оның түсінігінше, ен­ді мемлекет законінен бас­тап, ауылный коми­теттердің ісіне шейін, жазу әр халықтың өз тілінде болуы керек. Бұған енді дау-дамай жоқ. Тек жүзеге шығару ғана қалды. Сүйекке сіңген ескі дерт­тен құтыла алмай, бұл күнге шейін орыс­тан хатшы алып отырған болыс­тар бар, мұ­ның атын өшіріп, енді “орысша­лауды” ұмы­ту керек, деп Міржақып төте міндет қояды. Әрине, мұндай парыз бен қарызды түсінушілік жауапкершілігі автономия құ­рыл­ғаннан бері Республика аумағында тұра­тын халықтардың өз тілінде сөйлеуге, оқуға, мемлекет істерін жүргізуге мүмкіндік ту­ған­нан кейін сол шараларды жүзеге асыру­дың жолдары сөз болады. Бұл – тіл мәсе­лесінің маңызын түсіндіру үшін Мір­жақып бұрын­ғы патшалық тұсындағы жағ­дайды еске түсіре келіп, алдымен сол кездің зардап­тары­нан арылудың қажеттігіне назар аударады. Автономия құрылып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл деген мәртебе берілгеннен бері іске асырылған игілікті істермен қатар, мемлекеттік маңызы бар бұл істе әлі де көп-көп кемшіліктер орын алып отырғаны заңды еді. Міржақып осы ретте “Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға” деген мақала жазып, онда Қызыл­орда төңірегіндегі жергілікті әкімшілік орындарын­да қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу барысында ресми қаулы-қарарларды аудару кезінде жол берілген қателіктер, ана тілінің өрескел бұр­малануын сынға алған еді. Әңгіме бұл сияқ­ты өте шетін істе бақы­лаусыздық, бетімен жіберушілік болмауы, оны бір орталықтан ұйымдас­тырып, біліктілікпен жүзеге асыру жайында болып отырғаны белгілі. Мұндай талап, емеурін қазіргі жағдайда да өз күшіне мініп, кең етек жайса, мемлекеттік тілдің көсегесі көгере түсері анық деп ойлаймыз. Ана тілін дамытудың маңызын аудар­мамен ұштастырып талдаған келесі бір мақала “Орысшалаған қазақ тілі” (“Еңбек­ші қазақ”, 4.07.1926 ж., № 141) деп атала­ды. Мұнда әңгіме орыс тілінен қазақшаға аударғанда, ұлттық тілдің табиғатын бұзбай, түпнұсқаның мазмұн-мағынасын дәл жеткізе отырып, оны мейлінше жатық, сауатты түрде аудару жайында болған. Яғни, аударманың ана тілге нұқсан келтірмей орындалуы хақында талап пен талғамның тең түсіп жатқаны сезіледі. Иә, ана тілінің нағыз жанашыры, ұлттың ертеңін етене тілімен біте қайнатып, болашағын болжай білген дарагөй, зиялы М. Дулатовтың қайбір сөйлегені де бүгінгінің бүйрегін бүлкілдетіп жататындай. Кешеден бүгінге келіп, жарықтықтың елесі кезіп, бәрін қолымен қойып, қазақ тіліне деген асқан құрметін жан-жүрегімен білдіріп жүргендей ме? Иә, иә... Бүгінгі халіміз нешік? Ана тілінің жыл­дар бойы қордаланып қалған проблемалары біртіндеп шешіліп жатыр. Ауызды қу шөппен сүртуге әсте бол­майды. Биылғы үлкен жаңалық “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасы” бүкілхалықтық тал­қылауға ұсынылғаны күпті көңілді дем­деп, көншіткен сыңайлы. Бірақ тоқ­мейіл­суге әлі ерте... “Тілі бардың, тіріде ақысы кетпейді” дегенді есте мықтап ұсталық. ... Алаш ардақтысы Міржақып Дулатов­тың туғанына 125 жыл толды. Елі хал-қадерінше тойлап, рухына мың тағзым етті. Жылыстап әлі жылдар өте берер. Уақыт алыстаған сайын Міржақыбы халқына жақындай түсер!.. Көп біліп қана қоймай, інжу-маржанның ең керектісін халқын оятуға арнаған ақкөмей, даңғыл ой, кесек тілді дара тұлға Міржақып бүгін ортамызда жүргендей, ертеңге бірге қанаттасып, қол­тықтасып бара жатқандай!.. Айтып айтпай не керек, сөз шындыққа тоқтайды. Және ол Міржақып сөзі болса ше! Қайсар ӘЛІМ.