24 Қараша, 2010

Пошта маркасы – тарихи оқиғаның бір белгісі

875 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министр­лі­гінде жаңа пошта маркасының тұ­сауы кесілді. Әлемдік жетекші Ұйым­ның 1-2 желтоқсан күндері өтетін Саммитіне орай жасалған бұл маркалар тек пошта конвер­ті­нің негізгі белгісі ретінде ғана емес, Қазақстан тарихында айрық­ша орын алатын үлкен оқиғаның қарсаңында айналымға енгізілуі­мен де құнды. Аталған маркалардың басты ерекшелігі – оларда Қазақстан Туы­ның аясында “Ақорда”, “Тәуел­сіздік сарайы”, “Бейбіт­ші­лік және келісім сарайы”, “Қазақ елі монументі” бейнеленген. Марканың баспа өнімі офсетті түрде 4 түрлі бояумен әзірленіпті. Ал олардың белгіленген бағалары: 190, 140, 32 теңге. Марканың жалпы тиражы 90 мың дананы құрайды. Аталған көркем марка­лар­дың авторы – суретші Данияр Мұхамеджанов, ал бұл шараға ар­найы әзірленген пошта мөрқалы­бының дизайнын Николай Соко­лов жасап шығарған. Жаңа пошта айналымының тұсаукесер рәсіміне қатысқан Сырт­қы істер министрлігі халық­ара­лық ақпарат комитетінің төр­аға­сы Роман Василенко мен “Қаз­пошта” АҚ атқарушы директоры Андрей Вагнер өз сөздерінде Астана төрінде өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы 7-ші Саммитінің еліміз үшін үлкен саяси рөл атқараты­нын, сол себепті де ол тарихи оқи­ға ретінде парағына мәңгіге сақталып қалатынын атап өтті. “Қазақстан халықаралық ма­ңыз­ға ие бұл шараны – ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге белсенді кірі­су­де. Енді санаулы күндерден кейін Астана Саммиті өз жұмысын бас­тайды. Барлық әлем назары Қа­зақ­станға ауады. Үлкен кеңістікті қамтитын осынау ауқымды шараны ұйымдастыру – бұл бірінші кезекте біздің еліміз үшін үлкен мәртебе ғана емес, ол сөзсіз үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал ЕҚЫҰ Саммитіне арналып шы­ға­рылған мұндай пошта маркалары тарихи оқиғаның бір белгісіндей болып мәңгілік есте қалмақ. Сол себепті арнайы мөрқалыбы бар осындай марка конверттері әлем филателистері коллекцияларының ең көрнекті жерінен орын алады деп ойлаймыз”, – деді “Қаз­пошта” АҚ атқарушы директоры Андрей Вагнер өз сөзінде. Бір атап өтерлігі, “Белорусский дом печати” баспасында басып шы­ға­рылған жаңа пошта мар­ка­ла­ры тек сам­мит қонақтарына ғана арналып жа­салмаған, оларды пош­тамен хат жі­бергісі келетін кез кел­ген аза­мат­тың сатып алуына толық мүмкіндігі бар. Сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенконың айтуынша, саммит кезінде Қазақ­станнан әлемнің түкпір-түкпіріне жіберілген ЕҚЫҰ маркасы еліміздің беделді халықаралық ұйымға мүше әрі төраға екендігін және Қазақ­стан­ның жаһандық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету, бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық ұстанымдарының бел­сенді қолдаушысы екендігін айғақ­тайтын болады. Ал, ең бастысы, Шығыс пен Батыс елдері ара­сын­дағы өзара сенім деңгейін көтерудің жаршысына айналмақ. Себебі, пошта маркасы кез келген елдің “визитті карточкасы” деп тегіннен тегін айтылмаса керек. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.