26 Қараша, 2010

Жоғары әлеуметтік төлем – лайықты өмір кепілі

456 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында алты мәселе қаралды. Депутаттар күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылауды Жоғарғы Сот судьясы С.І.Райымбаевты қызметінен босатудан бастады. Қазақстан Үкіметі мен Арме­ния Үкіметі арасындағы Табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қа­тысты қосарланған салық са­лу­ды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы кенвенция мен оған Хаттаманы қарастыратын заң жобасын Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндап берді. Заңдық құжат екі елдің бі­рінде ғана салық салуды қамта­ма­сыз етеді. Екінші мемлекет тө­ленген салық сомасына есеп бе­реді немесе салық салынатын жи­ынтық табыстан салық салу жүр­гізілген соң кірісті алып тастайды. 2010 жылдың қаңтар-қыркүйек ай­лары аралығындағы сауда айна­лы­мы 4,7 миллион долларды құраса, соның 2,4 миллионы қазақстандық экспорт болып табылады. Сена­тор­лар заң жобасын қабылдады. Еуропа мәдени конвенциясын ратификациялауға қатысты заң жобасы да депутаттар тарапынан қол­дау тапты. Аталған конвен­ция­ға 1954 жылғы 19 желтоқсанда Па­рижде қол қойылған. Оған қазіргі таңда 49 ел қосылып отыр. Конвенцияға қосылу Еуропа мемлекеттерінің тілдерін, тарихы мен мәдениетін зерделеугемүмкіндік жасайды деп күтілуде. Осылайша елімізде дүниежүзілік мәдени кеңістікке кірігуге жағдай жасалып отыр. Қазақстан Үкіметі мен Өзбек­стан Үкіметі арасындағы дип­ломатиялық өкілдіктердің ғима­раттарын салу үшін жер учаске­лерін  өзара беру туралы келісімді ратификациялайтын заң жобасы еш қиындықсыз қабыл­данды. Келісім бойынша Өзбекстан 49 жылға, кейін осынша мерзімге ұзарту құқымен Ташкенттің орта­лығынан 2 гектар жер учас­кесін Қазақстанға берсе, еліміз өзі тарапынан осындай шартпен Астана қаласынан 2,6 гектар жер учаскесін бөлуді көздеп отыр. Депутаттар осы орайда өз пікірлерімен де бөлісе кетті. Қуа­ныш Айтаханов Оңтүстік Қазақ­стан облысына қарасты Шардара мен Мақтаарал аудан­дары арасын­дағы 80 шақырымдық жол көрші мемлекет аумағында қалып қой­ған­дығын айтып, сол жол бойын­дағы электр энергия­сын жеткізетін бағандардың да сонда екендігін жеткізді. Егер өзбек жағы бір бағанды алып тастаған жағдайда Шардара электр станса­сынан жеткі­зіліп тұрған электр энергиясы тоқтап, 300 мыңнан астам тұрғыны бар Мақтаарал ауданы жарықсыз қалуы әбден мүмкін. Оның үстіне тіке жолдың жабық болуына байланысты екі аудан тұрғындары 180 шақырым­дық айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Еліміздің стратегиялық маңыз­ды елдердегі елшіліктерінің жағ­дайы мәселесін көтерген Ғани Қасымов олардың елшіліктеріне атшаптырымдай жерлердің беріліп жатқанына риза еместігін жеткізді. Мысалы, АҚШ-тағы елшіліктің не жер телімі жоқ, не қауіпсіздік мәселесі дұрыс шеші­мін таппаған. Ал тиісінше, олар үшін Астанадан 8 гектарлық жер учаскесі беріліп отыр. Елші­лердің жалақысы америкалық елші­нің жүргізушісі алатын жала­қыдан да төмен, деген сенатор осы мәселені өткір қою қажеттігін алға тартты. Күн тәртібіндегі ең қызу тал­қы­ға түскен мәселе “Қазақстан Рес­пуб­­­ли­касында зейнетақымен қам­сыз­­дандыру туралы” Заңға өзгеріс­терді қарастыратын заң жобасы болды. Еңбек және ха­лық­ты әлеу­меттік қорғау министрі Гүлшара Әбді­қалықова Елбасы тапсырма­сына орай зейнетақының орташа мөлшері 2012 жылы 2007 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсуі қажет­тігіне назар аудартты. Осы межеге жету үшін 2009 бен 2010 жылдары зейнетақы 25 пайызға көбейсе, 2011 жылдың 1 қаңтары­нан бастап ол 30 пайызға артуы тиіс. Заң жобасымен зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін ең көп табысты шектеуді 32 есе­ленген айлық есептік көрсет­кіштен 39-ға және әскери зейнеткерлердің еңбек сіңірген жылдары үшін ең жоғары зейнетақысын 86 еселенген айлық көрсеткіштен 104-ке дейін көбейту көзделген. Қазіргі таңда ең төменгі зейнетақы 24 мың теңге болса, орташа 35950 теңге және жоғары зейнетақы 52226 теңге болып қалыптасқан.  Осылайша базалық зейнетақыны көтеруге 46 мил­лиард теңге, ал барлық зейнет­ақыны қосқанда бюджетте 196 миллиард теңге қарастырылыпты. Депутаттар министрге біраз сұрақтар қойды.  Соларға орай жауа­бында министр елімізде ең төменгі зейнетақы алатындар саны 500 мың адам болса, тағы осыншама адам орташа зейнетақы алатынын айтты . Жоғары зейнет­ақы алатындар саны – 90 мың адам. Осылайша елімізде мемле­кет­тен әр түрлі төлемдер алатын адамдар саны 5 миллион болса, нақты зейнетақы аударатын ең­бек­керлер саны 4,5 миллион адам екен. Осының барлығын қаперге алған сенаторлар заң жобасын қолдап, дауыс берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.