27 Қараша, 2010

Электронды БАҚ-ты дамыту – бүгінгі күн талабының бірі

793 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кеше түстен кейін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында  ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті шеңберінде Ұйымның гуманитарлық өлшемдері себетіне арналған 2010 жылғы Шолу конференциясы өзінің жұмысын жалғастырып, БАҚ бостандығы тақырыбына арналған үшінші сессиясын өткізді. Айта кететін жәйт, бұл конференцияның бірінші бөлімі 30 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Варшава қаласында өткен болатын. Онда демократиялық институттар, іргелі бостандық, заң үстемдігі және төзімділік пен кемсітушілікке жол бермеу тақырыптары көтерілген еді. Түстен кейінгі сессия жұмысын да Сырт­қы істер министрлігінің Ерекше тапсыр­малар жөніндегі елшісі М.Жарбосынова ашып, жүргізіп отырды. Ол жиналғандарды Іс басындағы төрағаның атынан құттықтап, қатысушылардың осы шараға үлкен қызы­ғушылық танытқанына алғысын жеткізді. Тіркелген қатысушылардың саны 1 мың адамға, ал сөйлеуге жазылғандар саны 60 адам­ға жуық болды, деді ол.  Одан әрі моде­ра­тор конференцияда көтерілген тақы­рып­тарды атап өтіп, ертең мигранттарға қатысты төзімсіздік, сондай-ақ қазақстандық төраға­лықтың басымдықтарының бірі – адам саудасына, әсіресе балалар саудасына назар аудара отырып күрес жүргізу мәселелері көте­рілетінін айта кетті. Осы конфе­рен­ция­ның варшавалық жиыннан айырмашылығы сол, мұнда көтерілген тақырыптардың ай­рық­ша аспектілері қаралатын болады. Соның ішінде, мәселен, БАҚ бостандығы ту­ралы айтқанда электронды БАҚ-тың дамуы және оның сөз бостандығы мен пікір алуандығына әсер ету үдерісі, сандық хабарламаға өту мен интернетке ақпараттар беру бостандығы талқыланады, деді ол. Одан әрі ертеңгі болатын сессиядағы мигранттарға қатысты төзімсіздік мәселесін қарастырғанда, оларды оқыту перспек­тива­ларына назар аударылатынын, өзара сый­лас­тық пен түсіністік мәселелеріне қалай қол жеткізуге болатындығы туралы пікірлер алмасылатынын атап өтті. Соңғы сессияда біз адам саудасына қарсы күрес мәселелерін тал­қылап, оның саясаты, тетіктері мен проб­лемалары қандай болуы керектігі, балаларды қорғау және оларды әлеуметтік тұрғыдан қам­сыздандыру істері жөнінде пікір алма­сатын боламыз, деді М.Жарбосынова. Осы та­қырыптардың өзекті болып отырған­дығы­ның өзі, өкінішке қарай, ЕҚЫҰ жауап­кер­шілігі  аумағында адам құқының әлі де бұзылып отырғанын көрсетеді. Сондықтан осы проблемалардың әртүрлі аспектілерін талқылау, оларды еңсерудің нақты тетіктерін жарақтауға мүмкіндік беретін болады. Іс басындағы төраға ретінде Қазақстан демо­кратиялық дамудың индикаторына айналып отырған азаматтық қоғамның жұмыстарын қолдайды және адамның құқы мен бостандығын қорғау мәселелерінде қолдан келген көмегін жасап отырады. Келесі кезекте модератор түске дейін болған сессиялардың жұмыстарына тоқта­лып, Азаматтық қоғамның форумы бары­сында Үкіметтік емес ұйымдар ЕҚЫҰ-дағы адами өлшемдер жөніндегі қағидаттар мен міндеттердің қалай орындалып жатқанына шолу жасағанын айтып өтті. Сессияларда осы бағыттағы жұмыстардың перспектива­лары талқыланып, ұсыныстар жасалды, деді ол. Іс басындағы төрағалық пікірсайыстар барысында айтылған проблемалар бойынша болашақта нақты ұсыныстар әзірленетініне үміттенеді. Ендігі сәтте, жұмысы басталғалы тұрған сессияның көтерген тақырыбына тоқталған модератор БАҚ-тың әрбір мемлекеттің де­мо­кратия жолымен дамуында үлкен рөл ат­қа­ратынын, сондықтан да оны және азамат­тардың БАҚ бостандығына қол жеткізу құқын дамытуды сөзсіз қолдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, деді шешен, бүгінгі күндері БАҚ-тың қоғам алдындағы өз жауапкершілігі де маңызды фактор болып есептеледі, осыған байланысты БАҚ-тар өз жұмыстарын реттеу жөніндегі нақты тетік­терді әзірлеуі қажеттігі туындайды. Мен сес­сия жұмысының шеңберінде осындай мәселелер талқыланатына үміттімін, дей ке­ліп, алғашқы сөзді ЕҚЫҰ-ның БАҚ бос­тан­дығы мәселелері жөніндегі өкілі Дунья Миятовичке берді. Сөзін БАҚ мәселесінің маңыздылығы­нан бастаған ол әлі күнге оны дамытуда кемшіліктерге жол берілетінін атап өтті. Бү­гінгі күні БАҚ бағытындағы технология жа­рық жылдамдығынан бетер жылдам дамып келеді. Электронды БАҚ-тың даму үде­рісінде БАҚ бостандығы мен плюрализмнің дамуы қатар жүруі керек. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 2004 жылғы 7 желтоқсандағы отырысында интернет ашық және жалпыға қолжетімді болсын деген шешім қабылданған болатын. Сондықтан ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бәрі өз азаматтарының интернетке қолже­тім­ділігін қамтамасыз етулері керек еді. Бүгінгі күні осы міндеттемені қайтадан еске салуға тура келіп тұр, өйткені көптеген ел­дер оны орындауға асықпай отыр. Осының өзі кейбір елдер өз азаматтарының БАҚ-қа қол жету құқын шектеп отырғанын көрсе­теді. Азаматтардың ақпараттарды еркін алу және өз пікірлерін еркін айту құқын шек­теуге болмайды, дей келіп, одан әрі Д.Миятович ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі бюросында интернетке қатысты жалпыға ортақ заңдылықтың матрицасы әзір­леніп жатқанын жеткізді. Ол ЕҚЫҰ-ның аумағында интернетті шексіз қолдану құ­қықтарының ережелерін қамтитын болады. Бұл жұмыс 2011 жылдың қаңтар айында аяқталады деп болжануда. Сонымен бірге Бюро сандық хабарламаға өтудің жолдарын ұсынады, оларды Ұйымның веб-сайтынан алуға болады. Ал одан әрі, жақын айлардың бірінде ереже брошюра түрінде де шығарылады, деді шешен. Д.Миятовичтен кейін сөйлеген шешен­дер­ді айтқанда, модератор олардың аты-жөн­дерін атамай, тек қандай ұйымнан кел­ге­нін ғана жариялап отырды. Сондықтан біз олардың тегін біле алмадық. Кейбір шешен­дер көтерілген мәселе бойынша өздерінің ойларын ашық білдіріп, соның ішінде өз елдерінде оның қалай шешіліп жатқанына кеңінен тоқталды. Соның ішінде Ресей Фе­де­рациясы делегациясының өкілі бұл мәсе­ле­нің мемлекеттік ең жоғары деңгейде қолға алынғанын ауызға алды. Сонымен қатар, ол Ресейде журналистерге қысым көрсетіледі деген лақаптың жалған екенін, ал дұшпан­дары соққыға жыққан журналист О.Кашин­нің ісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның жүргізілу барысын президент Д.Мед­ведевтің өзі тікелей бақылап отырғанын айтып, әділеттікке қол жеткізілетініне сендіре сөйледі және өз елінің ішіндегі келеңсіз жайларды өзге жұрттың талқысына салуға құлқы жоқ екенін бірден білдіріп қойды. Көптеген шешендер бағдарламада көрсе­тілген сандық хабарлама мен интернет мәсе­лелерінен мүлде ауытқып, БАҚ мәселе­ріндегі жеке проблемаларды қаузап кетті. Осы қатарда көптеген қазақстандықтардың өз еліміздегі кейбір жайларды шетелдік­тер­дің талқысына салып, байбалам салғандары тыңдаған құлаққа жағымсыз естілді. БАҚ-тың өз жауапкершілігін ауызға да алмаған ондайлар кінәні тек басқадан іздеп, билік тарапынан қысымшылық көрсетілуде деп бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай сайра­ды. Соның ішінде емін-еркін сатылып, жұрт­тың қолында жүретін “Республика”, “Взгляд”, “Свобода слова”, “Дат”, “Жас Алаш” секілді газеттердің шығуына, тара­луы­на кедергі жасалады дегендері ашық жала екендігін кейбіреулер айтып та жатты. Бірақ, “айтылған сөз – атылған оқ”, өз елі­нің әлем алдында абыройлы болып тұрған шағында ішіндегі қоқысын сыртқа шыға­рып, шырылдаулары патриотизмнің кемшін немесе мүлде жоқтығын анық білдірді. Сондайлар тым болмаса өздерінің ресейлік әріптестерінен үлгі алса-шы, бірақ олар­дағыдай патриотизм бұлардың татпаған дәмі ғой, деген ойға келдік. Демократияға қатысты Қазақстанда заң шеңберінен шықпай еркін қызмет етуге еш­қандай кедергі жоқ. Елордада ЕҚЫҰ Сам­миті қарсаңындағы Шолу конференция­сын­да Қазақстан Интернет қауымдастығының президенті Шавқат Сабыров осылай мәлім етті. “ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясы аясында Варшава конфе­рен­циясының жалғасын өткізудің маңызы зор. Оның ішінде БАҚ бостандығы, ақпа­ратқа қолжетімділік мәселелерінің талқы­ла­нуы қоғам үшін аса маңызды”, – деген қауымдастық төрағасы Қазақстандағы демо­кратия мәселесіне қатысты өз пікірін біл­дірді. Оның пайымдауынша, бір ғана Қазақстанның демократияға қатысты көз­қарасы туралы мәселе көтерген дұрыс емес. “Өйткені, бүгінгі күні әлемнің ешбір мем­лекеті өзін толыққанды ең демократияшыл ел ретінде санай алмайды. Бұған мысал да жеткілікті. Мәселен, демократиясы гүлден­ген Американы алып қараңыз. Бұл елде әсіресе Ирак мәселесіне қатысты тақырып қатаң бақылауда болып, ондайларды қудалау да көрініс беріп жатады. Яғни, кез келген мемлекеттің белгілі бір мәселеге қатысты өзінің мүддесі болатыны анық. Ал Қазақ­стан­ға келетін болсақ, бұл елде құқықтық алаң­да қызмет етіп, мәселелермен заң шең­берінде айналыссаңыз онда Қазақстанда да еш кедергісіз емін еркін тіршілік етесіз”, –  деді ол. Елімізде оппозициялық басылымдар басқа газеттерге қарағанда еркін таралады. ҚР Конституциясының 90-бабының 30-ы, яғни 30 пайыздан астамы адам құқығы мен бос­тандығына арналған. ҚР-ның қолда­ныстағы Конституциясы, қолданыстағы заңы сөз бос­тандығына, бұқаралық ақпарат құралда­рын еркін дамытуға кепілдік береді. Деген­мен Конституцияға және заңға  сәйкес цензураға шектеу қойылған. Сондай-ақ ол өзінің алдында сөз алған әріптесінің оппозициялық басылымдардың еркін таратылуына билік тарапынан қысым бар деген пікіріне келіспейтіндігін білдірді. Оппозициялық басылымдар Қазақстан аумағындағы кез келген дүңгіршекте, тіпті, басқа газеттерге қарағанда еркін таралады. Бұқаралық ақпарат құралдарының 85 пай­ызға жуығы мемлекеттік емес басылымдар. 35 газет 11 тілде, Қазақстан этностарының тілінде жарық көреді”, – деді. Сөзін қорытындылай келе ол Адам құ­қығы саласындағы ұлттық жоспарға сәйкес, сондай-ақ азаматтардың ақпарат алу құқы­ғын қам­тамасыз ету мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары жария ақпаратқа қол жеткізу туралы заң жобасы әзірле­гендігін атап өтті. Сессия қорытындысы бойынша отырыста тиісті ұсынымдар қабылданды.