Кеше үш күнге созылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Шолу конференциясы аяқталған соң, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо мен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов Шолу конференциясының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатын өткізді.
Алғашқы болып сөз алған ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы елшісі Константин Жигаловтың атап өтуінше, Ұйымның жоғары деңгейдегі саммиті осыдан он бір жыл бұрын Ыстамбұл қаласында өтті. Жетінші саммит жаңа мыңжылдықтың басында Астанада өткелі жатыр. Ал бүгін қорытындысы шығарылған Шолу конференциясы табысты аяқталды. Онда Ұйымның үш өлшеміне байланысты барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, ұсыныстар айтылды.
– Ұйымның құрылымы мен функцияларына, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның қызмет үдерістерін күшейту туралы көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылды, – деді ол. – Оның ішінде, Астана Саммитінің қорытынды құжатына қатысты ұсыныстар да бар. Шолу конференциясындағы ең басты нәтиже – Ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы Астана Саммитінің қарсаңында өздерінің алған міндеттемелерін толықтай орындауға шынайы ниетте екендіктерін танытқандары болды. Астана Саммитінде сол нәтижелерге қол жеткізіледі деп ойлаймыз.
Бұдан кейін Константин Жигалов Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде жүзеге асырылған іс-шараларға тоқталды. Іс басындағы төрағаның арнайы елшісінің тоқталып өтуінше, Қазақстан азаматтық қоғам институттарын дамытуға ерекше назар аударып келеді. Әсіресе, ол Қазақстанның Ұйымға төрағалығы барысында жан-жақты көрініс тапты. Бұған мысал ретінде елші 26 қарашада Азаматтық форумның жоғары деңгейде өткенін, кеше және бүгінгі өткен, өтетін жиындар негізінен осы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына арналатынын келтірді.
Ал ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо алдымен Шолу конференциясының не себептерден өткізілетініне тоқталды. Бас хатшының айтуынша, Ұйымға қатысушы мемлекеттер Ұйымның үш өлшемі аясында өздеріне алған міндеттемелерін орындауы тиіс. Өйткені, міндеттемелер ЕҚЫҰ кеңістігінде бейбіт ынтымақтастық орнату арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиімді. Сонымен қатар, қатысушы елдерде демократияны дамытып, азаматтық қоғамды өрістетуде өзіндік рөл атқарады.
Бас хатшы Марк Перрен де Бришамбо әрі қарай өз сөзіне 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды құжатынан бергі кезеңдердегі Ұйымның саммиттері мен шолу конференцияларын арқау етті. М.П. де Бришамбоның атап өткеніндей, осындай шолу конференцияларында айтылған ұсыныстар мен пікірлер жинақталып, солар арқылы Ұйым кеңістігіндегі елдердің үш өлшем аясындағы міндеттемелеріне мониторинг жасалады. Шолу конференцияларын өткізу сол үшін қажет әрі пайдалы. ЕҚЫҰ сол себепті бірегей халықаралық Ұйым болып табылады.
– Шолу конференцияларының аса тиімділігі, – деп жалғастырды сөзін Бас хатшы, – оған азаматтық қоғам институттарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысып, ұсыныстарын ашық білдіреді. ЕҚЫҰ – бірегей халықаралық Ұйым болғандықтан, оның жиындарында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, қару-жараққа бақылау жасауға, басқа да өткір мәселелерге байланысты мәселелер қарастырылады. Ал Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Шолу конференциясына көптеген үкіметтік емес ұйымдардың қатысуына барлық жағдай жасағаны жиын кезінде айқын көрініп тұрды. Қазақстан биылғы жылы өзінің төрағалығында жоспарлаған іс-шаралардың барлығын жоғары деңгейде табысты жүзеге асырды.
Бұдан кейін ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.П. де Бришамбо мен Ұйымның Іс басындағы төрағасының арнайы елшісі К.Жигалов БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға нақты және тұщымды жауаптар қайтарды. Түркия агенттігінің тілшісі келесі жылдың екінші жартысынан бастап ЕҚЫҰ Бас хатшысының өкілеттік мерзімі аяқталатынын, қазіргі Бас хатшы Бас хатшылық лауазымға Түркия өкілінің кандидатурасына қолдау көрсетуге қалай қарайтынын сұрады.
Бас хатшы М.П. де Бришамбоның жауабы нақты және қысқа болды. “Ұйымның қазіргі Бас хатшысы және Ұйымның болашақтағы Бас хатшысы бейтарап жағдай ұштануы, сондай-ақ ақиқатшыл болуы тиіс, – деді ол. – Бұл лауазымға үміткерлер ЕҚЫҰ-ның елшілерінің ұсынуы бойынша таңдалады, талқыланады. Бас хатшы консенсустық негізде сайланады. Сондықтан да ол жекелеген елдердің емес, Ұйым кеңістігіндегі барлық елдердің мүддесі үшін қызмет етеді. Ал түркиялық үміткерді жақсы танимын, біз 12 жылдан бері бірге жұмыс істейміз, әрі доспыз”.
Келесі сұрақ Ұйымды реформалау туралы қойылды. ЕҚЫҰ Бас хатшысының жауабына қарағанда, ЕҚЫҰ конституциялық Ұйым емес, әрі заңды тұлға болып саналмайды. Біраздан бері бұл қарастырылып жатыр. Қазіргі кезде бұл мәселе бойынша консенсус жоқ. Ал Константин Жигаловтың мәлім етуінше, осы мәселе Шолу конференциясында да көтерілді. Ұйымның жарғысы да болуы керек. Аталған мәселелерді Қазақстан да көтерген болатын.
Баспасөз мәслихатында ЕҚЫҰ-ны Еуроатлантикалық-Еуразиялық ұйымға айналдыру жөнінде де айтылды. Бас хатшы М.П. де Бришамбо бұған қолдау білдіретіндігін атап көрсетті. Оның сөзіне қарағанда, ЕҚЫҰ Азия кеңістігіне баса назар аударып отыр. Енді бір-екі күннен соң, Астанаға Ұйымға мүше елдердің басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері келе бастайды. Бұл Қазақстанды әлемге жаңа қырынан танытады, бұл олардың Астананы тануына мүмкіндік береді. Өйткені, Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғастыратын көпір болып табылады.
Журналистер тарапынан Таулы Қарабақ проблемасына байланысты да сұрақ қойылды. Баспасөз мәслихатын өткізушілердің пікірінше, Таулы Қарабаққа қатысты Армения мен Әзірбайжан арасындағы ұзаққа созылған жанжалды бейбіт жолмен реттуде соңғы жылдары ілгері басушылық бар. Әсіресе, Минск тобына үлкен үміт артылып отыр. Ал Қазақстан Ұйымға төраға ретінде алғашқы сапарын Әзірбайжан мен Армениядан бастады. Бұл ресми Астананың ұзаққа созылған жанжалдарды бейбіт жолмен реттеуге деген шынайы ұмтылысын, нақты ұстанымын білдіреді.