Бірнеше күннен бері ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында елордада Шолу конференциясы өтіп, күндіз жұмысбасты болған Астана меймандары кешкілік өнер шеберлерінің концерттерін тамашалауда.
Конференцияға қатысушылардың назарына 27 желтоқсан күні үш бірдей концерт ұсынылды. Оның алғашқысы К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының сахнасында бекзат өнер – балет кеші болса, екіншісі – Қазақ ұлттық өнер университетінде болған органдық музыка концерті, ал үшіншісі – Президенттік мәдениет орталығында (ПМО) өткен симфониялық оркестрдің орындауындағы классикалық шығармалардың сазына еліттірген тамаша кеш еді.
Классикалық музыка мен пластикалық би өнерінің шыңы – балеттің отаны кәрі құрлықтан жиналған талғампаз еуропалық көрермен назарына ұсынылған осы үш концерт те қызықтаушыларын жақсы бір тұнық әсерге бөледі.
Балет кешінде П.Чайковскийдің “Щелкунчик”, К.Сен-Санстың “Умирающий лебедь”, Ц.Пуньидің “Эсмеральда”, Л.Минкустің “Баядерка”, “Дон Кихот” және т.б әлемге танымал балеттерден ұсынылған үзінділерді халықаралық конкурстар мен фестивальдердің лауреаттары Жандос Әубәкіров, Таир Гатауов, Әнел Абдуллина, Рүстем Сейітбеков, Әсел Шәйкенова, Мәдина Басбаева, Гауһар Усина, Сержан Қауықов, Елдар Сәрсембаев Олжас Маханбеталиев, Арманбек Сыпатаев сынды талантты жастар орындады. Ал еліміздің еңбек сіңірген әртісі Гүлфайруз Кұрманғожаева өнері де жиналғандарды ризашылыққа бөледі.
Президенттік мәдениет орталығы нағыз классикалық өнер кешінің орталығына айналғандай. Симфониялық оркестр халқымыз қастерлер күй атасы – Құрманғазының “Балбырауынын” Е.Брусиловскийдің симфониялық оркестрге лайықтауымен төгілдіргенде қазақ күй өнерінің қаншалықты классикалық деңгейге көтерілгенін кім-кімге де мойындатқан. Мұнан соң оркестр С.Прокопьевтің “Ромео мен Джульетта” балетінен және Тілес Қажығалиевтің “Дала аңызы” балетінен сюиталар орындады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Ахметовтің басқаруымен саз үніне тыңдаушысын балқыта еріткен әсем кештің әсері еуропалықтарды ерекше күйге бөлегені анық. Өнер ұжымына қолпаштарын аямаған қонақтар классикалық музыканың нағыз бағалаушылары екенін көрсетті. Ал өрелі тыңдаушы табылып тұрса, өнер адамына одан артық не керек?!
Кешегі күні де өнер тамашасы өз жалғасын тапты. Мұнда да қатарынан бірнеше залда еліміздің беткеұстар өнер ұжымдарының концерттері көрермен жүректеріне жол тауып жатты.
Опера және балет театрында Фридерик Шопеннің 200 жылдығына арналып ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нұрлан Измайлов фортопианолық музыка кешіне шақырса, ПМО залында “Сарыарқа” фольклорлық ансамблі мен “Шалқыма” би ұжымы халық өнерінің қайнарынан қанып суарылған ұлттық нақыштарды мөлдірете тізіп берді.
Жүргізушілер Президенттік мәдениет орталығы турасында кешке жиналған шетелдік қонақтарды хабардар етіп, 2000 жылы есігін ашқан ғылыми-мәдени орталықта кітапхана, концерт залы бар екенін айтты және орталықтың мұражайында арнайы этнография, алтын әшекей бұйымдары, археологиялық, тарихи және көркемсурет галереясы да орналасқанын еске салып өтіп, концертті бастады.
Шіркін, халқымыздың ұлттық киімі қыз-жігіттердің келбетіне қандай ажар қосады десеңізші! Мынадай ұлттық киім үлгілері, анадай үн шығарар аспаптары, оны жеріне жеткізе орындайтын өнерпаз ұландары бар халықтың мәдениетінің сан ғасырлардан сұрыпталып жеткен асыл өнер екенін қанша талғампаз, секемшіл, кінәмшіл деген көрерменнің өзі мойындағандай емес пе?! Шынында да солай болды. Көкшенің биші қайыңдарындай бұратылған “Шалқыма” бишілері орындаған “Аққу қыздар”, “Шолпы”, “Шаттық” билері “Сарыарқа” ансамблі орындаған күй ырғағымен сағым ойнаған сары даланы бейне гүлге толтырғандай әсерге бөледі.
Ал әншілер Нұрай Танабаев, Перизат Тұрарова, Алтынай Мамырова, Бекасыл Рахат шырқаған әндер де тыңдаушылардың көңілдерінен шықты. Ансамбль арасында бишілер мен әншілерді жіберіп, ылғи бір маржандарды–халық күйі “Тентек Ақжелеңді”, Тәттімбеттің “Сарыжайлауын”, Қазанғаптың “Ақ желеңін”, Ықыластың “Жезкиігі” мен Сүгірдің “Ыңғай төгін” төкті. Теріп отырып халқымыздың ылғи бір жәдігерлерін ұсынған ба дерсің. Еуропалықтарды қайдам, тыңдап отырған отандастың мейірі қанып, талғампаздықпен шығармаларды таңдап алған өнер ұжымына риза екені анық еді...