30 Қараша, 2010

Құтыру ауруының қаупін қалай сейілту керек?

846 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сіз не дейсіз? Қостанай облысында үй жануар­ларының, ит пен мысықтың құтыру ауруы көбейіп барады. Өткен жылы өңірде құтырған 13 мал мен ит-мысық тіркелген болатын. Ал биыл ауылдағы­лардың осы қатерлі ауруды хабарлап дабыл қағуы тіпті жиілеп кетті. Аудандардағы 36 жайсыз мекеннен 44 құтырып ауыру оқиғасы тіркелген. Оның 16-сы қара мал, екеуі жылқы және 26-сы ит пен мысық. Меңдіғара, Қарабалық, Амангелді, Әулиекөл, Жангелді сияқты шалғай аудандардан бұл қауіпті індет жиі байқалады. Бір Меңдіғара ауданының өзінде 8 оқиға орын алды. Ондағы қатерлі ауру қырына алған жайсыз мекендерден ауыл тұрғындарының дабыл қағуымен үй жануарларымен қатар, құтырған қасқыр, тіпті ондатрға дейін ұсталып, көзі жойылды. Әйтеуір көңілге тоғы – әзір адам аман, қайғылы жағдай орын алған жоқ. Өте жұқпалы әрі қауіпті аурудың үй жануарлары және ит пен мысықтың арасында тарауына не себеп болып отыр? Оған қарсы не шара жасалып жатыр? “Егемен Қазақстан” газетінің Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбетова облыстық-аумақтық инспекциясының бас маманы Ысқақ Бекішевке: – Сіз бұған не дейсіз? – Негізі құтырып ауыру – жабайы табиғатта көбейетін вирус. Ол даладағы аңдардан жұғады. Қостанай-Торғай өңірінде жабайы аңдар үйірінің көбейіп кетуі осы қатерлі аурудың тарауына себеп болып отыр. Мысалы, мамандардың айтуынша, облыс өңірінде 2006 жылы 10 мың түлкі саналған екен, қазір оның саны 15700-ге жеткен. Бұл өте көп. Сонымен қатар, далада шамамен 2600 қарсақ, 480 қасқыр, 3000-дай күзен жортады. Міне, осылардың барлығы да құтырып ауырудың нағыз таратушылары. Қазір түлкінің терісіне баяғыдай сұраныс жоқ, сондықтан аңшылар оны аулауға құлықсыз. Соңғы жылдары тағы аңдардың ауыл маңына жақын келетіндігі жиі байқалады, тіпті түлкі, қасқыр ауылға кіріп кететін оқиғалар да бар. Олар далада жайылып жүрген малды, ауыл шетіне келсе, алдымен иттер мен мысықты талайды. Тағының тісі мен сілекейі тиді дегенше, ол арқылы малға да, ит пен мысыққа да вирус жұғады. Аңдар ауыл маңындағы көлдерге, суаттарға тисе де, сол жерден су ішкен мал дереу ауырады. Жабайы аңдардан ауру жұқтырған ит пен мысық адам үшін тым қауіпті. Тағыдан жұқтырған құтырған ит малды, мысықты қабады, адамға да шабады. Соңғы жылдары ауылды былай қойғанда, қалаларының өзінде де қаңғыбас иттер көбейіп кеткен. Еліміздің “Ветеринария туралы” заңында қаңғыбас ит пен мысықты атып, азайтып отыру ісі жергілікті атқару органдарына жүктелген. Биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 10 миллион теңге 5560 қаңғыбас итті атуға жұмсалды. Бұл қаржы өте аздық етеді. Оның үстіне түлкіні екі есе азайту керек. Келесі жылға бұл іске бюджеттен қанша қаржы бөлу қажеттігін жергілікті органдар шешеді. Біздің қызмет тара­пынан үй жануарларына вакцина егіледі. Жақында даладағы аңдарға шашу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлген 3000 вакцина облысқа әкелінетін болды. Қостанай.