Алматы 2010 жылғы 1 желтоқсан
“Алтын барыс” инвестициялық монеталарын және “Әлемнің әйгілі мешіттері” сериясынан ескерткіш монеталарды айналысқа шығару туралы “Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы” 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 2155 Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2010 жылғы 1 желтоқсанда массасы 2 унция номиналы 200 теңгелік және массасы 5 унция номиналы 500 теңгелік “Алтын барыс” инвестициялық алтын монеталарды, “Әлемнің әйгілі мешіттері” сериясынан “proof” сапасымен жасалған номиналы 500 теңгелік “Dome of the rock” (Жартастың күмбезі), “Kaaba”, “Sultan” ескерткіш алтын монеталарды айналысқа шығарады. “Алтын барыс” инвестициялық монеталарының сипаттамасы: Екі монетаның да бет және сырт жақтарындағы бейнелер бірдей. Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы ұлттық ою-өрнекпен қоршалып бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін (массасы 2 унция монетада “200 ТЕҢГЕ”, массасы 5 унция монетада “500 ТЕҢГЕ”) жазба. Айналдыра мемлекеттік тілде “ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ” және ағылшын тілінде “NATІONAL BANK OF KAZAKHSTAN” жазу бар. Жазбалар нүктелермен бөлінген. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде барыс бейнеленген. Бейненің сол жағында монетаның соғылған жылын білдіретін “2010” деген сан жазылған. Жоғары бөлігінде екі жолға айналдыра мемлекеттік тілде “АЛТЫН БАРЫС” және ағылшын тілінде “GOLDEN ІRBІS” деген жазу, оң жағында – айналдыра монета дайындалған металды, оның сынамын және монетаның унциядағы массасын білдіретін (номиналы 200 теңге монетада “Au 999,9 2 oz”; номиналы 500 теңге монетада “Au 999,9 5 oz”) жазу бар. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерлі. Қыры (гурты) бедерлі. “Алтын барыс” монеталары 999,9 сынамды алтыннан жасалған: - 200 теңге, массасы 2 унция ( 62,2 грамм), диаметрі 38,61 мм.; - 500 теңге, массасы 5 унция (155,5 грамм), диаметрі 50 мм. 2010 жылы дайындау таралымы – әрбір номиналдан 1 мың данадан. Ескерткіш алтын монеталардың бет жағының сипаттамасы: Ескерткіш алтын монеталардың бет жақтарындағы бейнелер бірдей. Монеталардың бет жағында (аверсінде) ортада Ислам қасиетті орындарына кіруді бейнелейтін стильдендірілген босағадан, геральдикалық спиральдан тұратын композиция суреттелген және монетаның номиналын білдіретін “500 ТЕҢГЕ” деген жазу бар. Номинал цифрының оң жағында монета дайындалған металдың сынамын білдіретін “Au 999” жазу жазылған. Айналдыра мемлекеттік тілде “ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ” деген жазу, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі, монетаның соғылған жылын білдіретін “2010” деген жазу және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан. “Dome of the rock” (Жартастың күмбезі) ескерткіш монетасының сырт жағының сипаттамасы: Монетаның сырт жағында (реверсінде) ортада “Жартастың күмбезі” (Иерусалим) мешітінің бейнесі орналасқан. Жоғары бөлікте айналдыра “DOME OF THE ROCK”, төменгі бөлікте ағылшын тілінде “JERUSALEM” деген жазу бар. “Kaaba” ескерткіш монетасының сырт жағының сипаттамасы: Монетаның сырт жағында (реверсінде) ортада “Кааба” (Сауд Арабиясы) мешітінің бейнесі орналасқан. Жоғары бөлікте айналдыра “KAABA”, төменгі бөлікте ағылшын тілінде “MECCA” деген жазу бар. “Sultan” ескерткіш монетасының сырт жағының сипаттамасы: Монетаның сырт жағында (реверсінде) ортада “Сұлтан” (Сингапур) мешітінің бейнесі орналасқан. Жоғары бөлікте айналдыра “SULTAN”, төменгі бөлікте ағылшын тілінде “SІNGAPORE” деген жазу бар. Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерлі. Монеталардың қыры (гурты) бедерлі. Ескерткіш монеталар 999 сынамды алтыннан дайындалған, массасы 3,1 грамм, диаметрі – 16 мм., дайындау сапасы – “proof”, таралымы – әр атау 3 мың данадан. Номиналы 500 теңгелік ескерткіш алтын монеталар, номиналдары 200 теңгелік және 500 теңгелік инвестициялық алтын монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы ресми хабарға түсініктемесі Орталық банктер және бай инвесторлар әлдеқашан бағалаған қымбат металдардан жасалған монеталар қазіргі кезде қымбат металдарға инвестициялауды әрбір инвестор үшін қолайлы етеді. Қазіргі кезде инвестициялау жөніндегі көптеген кеңесшілер алтын және күміс монеталарды валютаның тұрақсыздығынан, нарықтың өзгергіштігінен және өзге де қаржы тәуекелдерінен мықты қорғаныш ретінде, сенімді қаржылай салым ретінде ұсыныс береді. Инвестициялық монеталардың (немесе “құйма” монеталардың) құны қымбат металдардың нарықтық бағасының күн сайынғы ауытқуына негізделеді. Олардың сату бағасы монетадағы алтынның ағымдағы нарықтық құнынан, номиналдық құнынан, дайындауға жұмсалған нақты шығыннан және монетаның әр номиналы үшін белгіленген пайыздық үстеме ақыдан құралады. Инвестициялық монеталарға арналған металдың бағасы Қымбат металдар нарығының Лондон қауымдастығы (LBMA) белгілеген тиісті қымбат металдардың таңертеңгі фиксингі (бағасы) және Қазақстан қор биржасының инвестициялық монеталар дайындалған күнгі таңертеңгі (негізгі) сессиясында қалыптастырылған теңгенің шетел валюталарына орташа алынған биржалық бағамы бойынша айқындалады. Инвестициялық монеталарды сатып алуды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдары жүзеге асырады. Жартастың күмбезі (Иерусалим) мешіті Мориа тауының (Храм тауы) биік шыңында орналасқан және жұмыс істеп тұрған мешіттер қатарына жатпайды. Бұл сәулет ескерткіші, Мұхамбет пайғамбар көкке көтерілген қасиетті жартасты қорғап тұрады. Жартастың күмбезі ислам сәулетіндегі ежелгі ескерткіштердің бірі болып табылады және мұсылмандар аса маңызды қасиетті орын деп санайды. Қағба (Мекке, Сауд Арабиясы) – барлық мұсылмандар күн сайын намаз оқу кезінде жүздерін қарататын қасиетті орын. Қағба тыйым салынған Мешіттің ішкі ауласында куб түрінде салынған тас ғимараттан тұрады. Қағбаның бұрыштары дүниенің төрт бұрышына бағдарланған, солтүстік-шығыс бұрышында әйгілі Қара тас орнатылған. Қасиетті тастың негізі мәрмәрден қаланған және қара жібек жабындымен көмкерілген, ішінде үй-жай орналасқан. Сұлтан (Сингапур) мешіті - Шаһ Хұсайын сұлтанның атында – онымен 1819 жылы Сингапурдың негізін қалау туралы шарт жасалды. Сингапурдағы бас мешіт, оның намаз оқитын залына 5000 адам сыяды. Сұлтан мешітінде Хұсайын сұлтанның ұлдарының бірі жерленген кесене бар. Монеталарды “Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы” шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған. Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген. “Proof” сапасымен жасалған ескерткіш алтын монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, Алматы қаласында мына мекен-жай бойынша сатып алуға болады: Панфилов көшесі, 98. Анықтама үшін телефоны (727) 273-83-98.Оқырман ойы: Игі істің дәнекері
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35
«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20
ТМД-дағы өзара сенім мен ынтымақтастық
Саясат • Бүгін, 09:15