30 Қараша, 2010

Өмір шындығы

628 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің “Ғылым туралы” заң жобасын бастапқы оқуда мақұлдауы туралы хабарды Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдары үлкен қанағаттанарлық сезім­мен қабылдады, өйткені университет, заң жобасына өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізе отырып, оны әзірлеудің барлық кезеңінде және содан кейін де құжаттың толық әзірленуіне белсене қатысты. Бірінші кезекте жаңа Заңның иннова­ция­­лық бағытталуын айта кету керек, ол аймақтық университеттерді инновациялық экономиканың өсу көздері ретінде қарас­ты­рып, жоғары білімді басқару мен ұйым­дастыру жүйесіне деген жаңа көзқарасты қалыптастырады. Университеттің мемле­кет­тік жоғары оқу орындарына шағын инно­­вациялық кәсіпорындар құруға рұқсат беру туралы ұсынымы алғаш рет заң жобасында ескерілгені бізді өте қуантады. Бұл шара осындай университеттің айна­ла­сында қолданбалы бейіндегі ғылыми ұйым­дар, жоба институттары, бизнес-инку­ба­торлар, технопарктер сияқты, алдыңғы қа­тарлы технологиялар орталықтарын қа­лып­т­астыруға, ғылыми, ғылыми-технологиялық қызмет нәтижелерін коммерциялау үшін жоғары технологиялық кәсіпорындар кеңіс­тігін дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытқа дейін университеттердің саралануы мемле­кет­тік, не болмаса қоғам­дық деңгейде жүргізілмей, оларды ірік­теу қағидалары мен өлшемдері, жұмыс істеу ерекшеліктері, олар­ды құру мен қаржы­лан­дырудың нормативтік базасы нақты­ланбаған еді. Осыған байланысты заңда алғаш рет зерттеу университеттері туралы ережелер енгізіліп отырғанын айта кеткім келеді. Бұл шараның қажеттілігі заманауи жағдайына және әлемдік беталысына негізделіп отыр. Оны іске асыру заң жобасының жаңашылдық рухына сәйкес келеді, себебі, ол әлемдік ғылы­ми-білімділік кеңістікпен бірлесуге және ғылыми білімді соңғы инновациялық өнім етіп коммерциялауға бағытталған. Мұндай университеттер алдыңғы қатарлы бейіндік ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, саланы дамытушы ғылыми-зерттеу бағдарламаларын әзірлеп, білім, ғылым мен өндірістің бірлесуіне шынайы үлес қоса алады. Бұлардың негізінде экономиканың шынайы секторында жұмыс істеуге қабілетті, тәуекелдікке бара алатын, жаңашылдық пен бастама­шылдықты көрсете білетін, қабыл­дан­ған шешімдер үшін жауапты болудан бас тартпайтын болашақ ғылыми кадрлар мен кәсіпкерлер дайындауға мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ заң жобасы ең алғаш рет ғылыми жобаларды басқару жүйесін енгізуді қарастырды, ол демократиялылық және ай­қындылық қағидаларына негізделеді, сонда ғылыми басым­дықты ғылым қоғамдастығы өзі нақтылап, ғылыми зерттеулер нәти­же­ле­рін сараптауға, бағалауға, қабылдауға өзі қа­тыса алады. Бұған бірінші кезекте ғылым саласын қамтамасыз ету жүйесінің мемле­кет­тік сатып алу туралы заңының ықпа­лы­нан шығуы көмектеседі. Ғылымды қаржыландырудың ұсыны­лып отырған үш дең­гейлі жүйесі (базалық, гранттық және бағдарламалы-мақсатты) ғылымның мазмұндылық бөлігін де, сон­дай-ақ инфрақұ­ры­лымдық бөлігін де да­мыту мүмкіндігін кеңейте түседі. Осылай ажы­ратып бөлу зертханалық ғылыми-зерт­теу базасын базалық қаржыландыру есебі­нен қолдауға және дамытуға мүмкіндік бе­реді. Бұл еліміздің жоғары оқу орындары үшін өте маңызды. Гранттық және бағдарламалы-мақсатты қаржыландыру ғы­лыми зерттеулерді нақты тақырыптамалар бойынша іске асы­руға бағдарланған, олар соңғы нәтижені қамта­ма­сыз етеді. Грант­тық сұлба әрбір ғалым­ның шығармашылық әлеуетін да­мы­тудың зор уәждемесі бола алады, ол белсенді зерт­теу қыз­метін жүргізуге бұрынғыдай ғылыми ұйымды ынталандырмай, ғалымдар топта­рын ынталандырады. Жаңа заңның тағы бір маңызды сәті әл­еу­­меттік тұрғыдан бағдарлану болып та­была­ды, бұл мәселелерге заң жобасының бүкіл бір тарауы арналған. Ғалымдарға ең­бекақы төлеу мәселелері, ғылыми ұйымдар қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шара­лары жемісті ғылыми шығармашылық үшін өте өзекті болып табылады. Қорытындылай келе, Мәжілісте мақұлдан­ған заң жобасына елі­міз­дің Парламент Сенаты қолдау көрсе­теді деген сенім біл­­діреміз.Сон­да біз жаңа 2011 жылдан бастап өз ғы­лыми қыз­метімізді ғылым саласындағы көп­тен күткен жаңа құжат­пен сәйкес­тен­ді­ре аламыз. Жеңіс ҚҰЛСЕЙІТОВ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің бірінші проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі. Өскемен.