Қазақ халқының тарихында батырлық, намыс деген киелі ұғымдардың алар орны ерекше. Әрдайым ел үшін күрескен, отанын қорғаған тұлғалардың арқасында халықтар мен мемлекеттер өркендеген және сақталып келеді. Ержүрек Бауыржан Момышұлы солардың қатарына жатады. Менің Баукеңмен танысуым Орта Азия мемлекеттік университетінде оқып жүрген студенттік шағымнан басталды. 1960 жылы Ташкент педагогикалық институтының үлкен акт залында екі мыңнан астам қазақ жастарымен кездесу өтті. Онда Б.Момышұлы Қазақстанда құрылған, генерал И.В.Панфилов басқарған дивизияның Москва үшін шайқастағы ерлігі туралы айтып берді. Баукең өзі туралы емес майдандас жауынгерлер туралы баяндады. Студент жастар ықыласпен қарсы алды. Менің алғашқы алған әсерім – сырт айбарына қарағанда ол кісі қатал мінезді, көп сөйлемейтін, ашылмайтын адам ретінде көрінді. Бірақ уақыт өте келе, Алматыда жиі араласып, сұхбаттасқанымыздан кейін ол кісінің өзім деген пікірлес адамдармен, әңгімелесуге тұратын кісілермен ашық та адал сөйлесетініне көзім жетті.
Кейін мен дипломатиялық қызмет бойынша Мәскеуде, шет елдерде, Францияда, Алжирде ұзақ уақыт болып, Баукеңмен кездесе алмадым. 1971 жылы Алжирдегі Кеңес Одағының елшілігінде қызмет атқарып, елге оралғанда маған Алматы қаласының Достық даңғылы (бұрынғы Ленин проспектісі) 30-шы үйден пәтер берген болатын. Сол үйден де Б.Момышұлы пәтер алыпты. Сөйтіп, бір үйде тұруымыз бір-бірімізбен жиі кездесіп, әңгімелесуге мүмкіндік берді. Бұл байланысымыз Баукең жеңгеміз Жәмилаға үйленіп, басқа пәтерге көшкенде де жалғасты. Осы туралы Ж.Егембердиева “Өмірінің өзі дастан” роман-эссесінде былай деп жазады:
“9 мамыр – Жеңіс күні есіктің алдына бір жеңіл ақ машина тұмсығын тіреп, тоқтай қалды. Терезеден “бұл кім екен” деп қарап ем, екі жігіт түсті. Біреуі машинаның арт жағын ашып, ішінен қағаз қапшықтағы затты көтеріп, біздің үйге беттеді. Есікке қоңырау берілді. Ашсам, жаңағы екі жігіт арқаланып кіріп келді. Біреуі – әдеміше бидай өңді, орта бойлы, шашы бұйра жігіт, қасындағысы жас, орта бойлы, ақ құбалау жігіт.
– Сәлеметсіз бе? – деді қапшықты дәліздің бұрышына қойып жатып. Менімен қол алысып амандасты.
– Сәлемет, кәне, төрлетіңдер, – деп Баукең отырған бөлмеге бастадым. Бұйра шаш әдемі жігіт креслода шалқайып темекі тартып отырған Баукеңе екі қолын беріп сәлемдесті. Қасындағы жігіт те солай істеді.....
...Бәукең: – Сайлау, сен елшілік адамысың. Бұл дегенің үлкен адамгершілік ғылымы. Қоғамдық-саяси құрылысы басқа елдің тілін, саясатын, дәстүрін игеріп, екі елдің арасындағы қайшылықты жымдастырып, олардың ынтымағын сақтау: еліміздің бейбітшілік және гуманистік ісін жүзеге асыру, тағы, тағылар парасатты ірі дипломаттардың ғана қолынан келетін “кілтипаны” көп іс. Бүгінгі таңдағы халықаралық жағдай да қылдың үстінде тұрғандай. Сондықтан елші жолдастарға аз жүк артылып тұрған жоқ. Олар барлық мәселелерді шешуге борышты. Мұндай жағдайда үлкен азамат бола білу керек. Қарағым, Сайлау, мен дипломат емеспін, бірақ саясаттан хабарым бар шалмын. Ең әрісі үйіңде де мынау сияқты азулы әйелге де дипломат болмасаң, көжесін тоңқылдап әкеп береді, – деп көзін төңкере маған жымия қарап алды да ойын жалғастырды.
– Сайлау, дипломат болу үшін, біріншіден, табиғи ақыл, екіншіден, сол мамандыққа икемділік, қабілет болу керек. Және барған ел мен өз еліңнің тарихын, әлеуметтік жағдайларын жақсы білу шарт. Үкімет пен партия кім көрінгенді елшілікке жібере бермейді. Саралап жібереді. Елшілік өте жауапты жұмыс. Так что, дипломатия – это большая наука.
Сайлау тырп етпей үнсіз тыңдады.
Баукең екеуі ұзақ сөйлесті...”
Жәмила жеңгеміз Баукең екеуміздің Ұлы Жеңіс күнгі кездесуімізді осылай сипаттаған.
Момышұлы өмірі бірқалыпты болмады, бірде шарықтап, бірде төменде жүрді. Соғыстан кейін ол кісінің батырлығын Кеңес үкіметі, КСРО Қорғаныс министрлігі ұмытты, шындықты айтып, қайсарлық білдірген тұстарында билік оған қысым жасады. Оған айғақ, соғыс кезіндегі бірнеше рет Кеңес Одағының Батыры атағына берген ұсынысты Кремльдің бекітпегендігі.
Бұл тарихи қателікті Қазақстанның басшысы Н.Назарбаевтың ұсынысымен ақыры Мәскеу мойындап, 1990 жылдың 12 желтоқсанында Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Президентіміздің бұл ісі жалғыз Момышұлына жасаған шарапаты ғана емес, Ұлы Отан соғысының жеңісіне зор үлес қосқан бүкіл қазақ халқының ерлігі мен еңбегін совет еліне көрсете білді. Өкінішке қарай, бұрынғы Қазақстанды басқарған басшылар ұлт мүддесін қорғаған тұлғаларды бағалаған жоқ еді. Баукең ешкімнен именбей, биліктен қызмет-атақ, еш нәрсе сұрамай, ақиқатты бәрінен жоғары қойып өткен тұлға екендігін осыдан білеміз.
Баукеңнің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында дипломатиялық қызметте жүргенімде, шетелден елге демалысқа келдім. Алматы қаласында үйіне барып, ол кісімен мәдениет, тіл, жалпы республиканың болашағы туралы сұхбаттастым. “Мерейтойыңызды республика басшылары қалай өткізбекші?”, – деп сұрағанымда, ол ұйымдастырудың болашақ сценарийін көрегендікпен былай деп суреттегені әлі есімде: “Дінмұхаммед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология хатшысы Имашевқа менің 60 жылдығымды өткізу туралы тапсырма береді, ол өз көмекшісіне маған телефон соқтыртады. Өзімнің ризашылығымды білдіріп, мен олардың жасаған жоспарына ештеңе қоспаймын, ештеңе өзгертпеймін. Қалай өткізсе де, өздерінің еркі”. Кейін анықтасам, мерейтойдың ұйымдастырылуы айтылған сценарийдің шеңберінде өткізіліпті. Ешқандай орден тұрмақ, медаль да берілмепті.
Менің жан-жүрегімде Баукеңе қатысты қызықты естеліктер өте көп. Бірде театрда өтіп жатқан жиналыстың президиумында отырған Б.Момышұлы бірнеше рет сахнаның ар жағына шығып келіп жүреді. Оны кейбіреулер: “Бұл келген адамдарға деген құрметсіздік” деп түсінеді. Ал шын мәнінде, сол кездері соғыстан алған жарақаты қайтадан ушыққандықтан ол кісіге орындықта көп отыруға болмайды екен. Баукеңнің кіріп-шығып жүргені сол себепті болыпты. Бірақ оның мұндай ішкі мәселелерін ешкімге түсіндіріп жатпайтын мінезі бар еді. Оны кейін маған өзі айтты. Сұрапыл соғыста алған жарақаттары, жаңбыр, қардың астында жатқандағы бойына кірген дерттері соңғы жылдарға дейін ол кісіні қатты мазалап жүрді.
Бір күні Достық даңғылындағы пәтеріне сәлемдесуге кірсем, бөлмеде ағаш кушеткада шалқасынан жатыр. Үстіне қолдан жасалған төрт аяқты жеңіл ағаш үстел қойыпты. Отыра алмағандықтан, жатып жазуға ыңғайлы болу үшін үстелдің бас жағына қараған аяғын арамен кесіп тастап, үстелдің бетін қиғаштап, өзіне қарай орналастырыпты. Осы жағдайды көргенімде, социалистік революция туралы “Құрыш қалай шынықты” кітабындағы жалынды комсомол Павел Корчагиннің қайсарлықпен болашақ ұрпаққа пайдалы естелік қалдырып кету жолындағы ынта-жігері ойыма түсті. Қарасам, жанында жатқан күнделік, қолжазбалары орыс, қазақ тілінде, ал кейбір қолжазбалар қазақша ескі араб әліппесі қарпінде. Бірақ барлығы қарындашпен жазылыпты. Баукеңнің түсіндіруінше, соғыс жағдайында барлық жазбалар, рапорттар қарындашпен орындалады екен. Оның себебі, қарындашпен жазылған жазулар жауын-шашын тисе де, езілмейді. Ал сиямен жазылған жазбалар суға тисе жайылып, оқуға келмейтіндігінен сиялы қалам қолданылмаған. Уақыт өте келе, қарындаш грифелі өшіріле бастапты. Болашақта осы жазбаларды оқу қиын болады, сондықтан өзім қайта өңдеп жатырмын деді. Расында, республикалық архивте, ғылыми кітапханаларда және басқа да қорларда араб әліппесімен жазылған көп қолжазбалар осы күнге дейін оқылмай шаң басып жатыр. Біз пайдаланып жүрген әліппені Мәскеу әмірімен кириллицаға аударуына байланысты, бүгінгі ұрпақ ескі қолжазбаларды оқи алмай қалды. Осы олқылықты қолға алар уақыт келді, біз егемен ел ретінде тарихымызды мұқият қайта зерттеуіміз керек.
Мұны батырдың соғыс уақытындағы қиындықтары мен ауыртпалықтарына кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін жасап жатқан еңбегі деп түсіндім. Жастарға шынайы үлгі боларлықтай қасиеттерді көрсете білу әр азаматтың, тұлғаның міндеті деп білемін.
Осы кездесуіміз Жеңіс күні болғандықтан, Баукеңмен Ұлы Отан соғысы туралы біраз әңгіме өрбіттік. Екінші дүниежүзілік соғыстың Совет Одағына әкелген орасан зор залалын, қиыншылығын айта келіп, майдангер батыр дұшпаннан гөрі қызыл жауынгерлердің көп қырылғанын айтты. Әсіресе есімде қалғаны, Баукеңнің айтуы бойынша бұл соғыс басқа халықтардан гөрі қазақ халқына ерекше ауыртпалық әкелді. Себебі, неміс армиясы Ленинград, Москва, Сталинград, Кавказға дейінгі территорияны басып алды. Енді Гитлер әскерлерін тоқтатып, қайта Батысқа қуу үшін солдаттарды оккупацияланбаған Шығыс Ресей және Қазақстаннан, Орта Азиядан алуға тура келді. Сондықтан да, қазақ ерлерінің жасынан кәрісіне дейін түгелдей соғысқа аттандырылды, ал Прибалтика, Украина, Белорусия және немістер басып алған Ресейдің батыс жерлерінен солдат әскерге алынбады. Сол себепті, саны бойынша орыстар, украиндардың қазақтарға қарағанда қырылған жалпы шығыны көп болса да, ал қазақтың пайыздық арасалмағы орыстардан, украиндықтардан көп болды.
Қазақстандағы 30-шы жылдардың ашаршылығы, одан кейінгі 1937-1938 жылдарды қамтыған қазақ интеллигенциясына жасалған репрессиядан кейін есін жинай алмай, халықтың бұрынғы санын толтыра алмай жүргенде, біздің ұлт басқа совет халықтарымен қоса әлемдік ұрысқа кіріп кетті. Сөйтіп, қазақ халқының тағдыры ХХ ғасырдың бірінші жартысында өте қайғылы болды. Осы туралы Баукең айтқанда өте қатты қамыққанын бірінші рет көрдім. Әдетте, сұхбатымыз қандай мәселеге арналса да, ол кісінің бірде-бір қамыққандығын немесе біреуге деген ренішін айтпайтын. Ал ұлттың қырылуы, оның болашағы ол кісіні үлкен ойға салатын.
Біз көбінде Б.Момышұлының әскери ерлігін, жазушылық қабілетін, ол кісінің шыншылдығын, әділеттілігін айтамыз. Бұл дұрыс. Сонымен қатар, қазақ халқының аты-жөнін жазудағы дәстүрлі ерекшелігін сақтап қалу үлгісін, ұлттық сана-сезімін көтерудегі еңбегін атап өту керек. Мәскеудегі әміршіл-әкімшіл билік бір ұрпақтың өмірінде қазақ халқының әліппесін үш рет өзгертті. Қазақтар қолданып келген арабша жазудан латын әліппесіне, он жыл өтпей латыннан кириллицаға, яғни қазақтарды орыс әліппесіне көшіріп, сауатты азаматтарды сауатсыздар қатарына енгізді. Сонымен қатар, қазақтардың басқа шығыс халықтары секілді атам заманнан келе жатқан ататек атауларын жойып, барлық Орта Азия республикалары халықтарының фамилиясына “-ов, -ев, -ова, -ева”, отчество қылып “-ич, -евич, -евна, -овна” жұрнақтарын күштеп жалғап берді. Баукең оқыған-тоқығаны терең болғандықтан, ол әр халықтың өзінің дәстүрлі аты-жөнін сақтап қалу құқығын қорғады. Сөйтіп, түркі халықтарын орыстандырудың жолына қарсы шықты, дәстүрлі аты және әкесінің атынан құрылатын атауын сақтап қалды (Бауыржан Момыш-Ұлы – бұрын осылай жазылған). Осы мәселе туралы әңгімелескенімізде, Бәукең өзінің дәстүрлі аты-жөнін сақтап қалудағы көп әрекетін және қудалауға түскенін айтып берді. Барлық қысымға қарамастан, қазақ халқы екендігімізді көрсете білетін “ұлы” дегенді қалдыруы ол кісіге оңай тимеді. Соғыстан кейінгі жастар Момышұлының ерлігін естіп, оқып өсті. Сондықтан да, белгілі жазушы Балғабек Қыдырбекұлы, Шона Смаханұлы және мен де болдым, олар дәстүрлі қазақша аты-жөнін сақтады. Ұлт дәстүрін сақтаймын дегендер КПСС, КГБ тарапынан “ұлтшыл” деген атаққа ие болды. 1986 жылғы Қазақстандағы көтерілістен кейін барлық ұлтжанды азаматтар ашық түрде репрессияға түсті. Оның ішінде осы жолдардың авторы да бар болатын.
Егерде Бауыржан батыр Кеңес Одағы басшыларының 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда және басқа қалаларда қазақтарға көрсеткен сол қорлығын, совет әскерінің бейбіт шеруге қатысқан жастарды жаншығанын көргенде не істер еді? Қайтадан 1941 жыл секілді Алматыда 1986 жылы халық күшін жасақтар ма еді? – деп кейде ойлаймын.
Заман өзгерді, Қазақстан басқа республикалар секілді егенмендігін алды, біз әлемдік қауымдастыққа дербес мемлекет ретінде кірдік. Міне бүгінде тәуелсіздіктің арқасында әр тоғызыншы-оныншы қазақ “-ұлы”, “-қызы” деген фамилияларды алды. Енді осы қарқынымызды тоқтатпай, ары қарай елдігімізді нығайтсақ, сонда ғана ата-бабаларымыздың өсиетін орындап, бостандық туралы ойларын іске асыра аламыз.
Б.Момышұлы интернационалистік, халықтар достығы бағытын ұстанғанмен, қазақ десе жеген асын жерге қоятын ұлттың намысшыл тұлғасы бола білді. Тілге, ұлттың мәдениетіне, қазақ ұлдарының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы көрсеткен ерліктерін қазақ қоғамына жеткізе отырып, болашақ ұрпаққа тәрбие берді. Оның ішінде қазақ тілінің қиыншылығы туралы ойын Кеңес өкіметінің билігі шарықтап, орыстану саясаты жүріп тұрған кезінде жеткізе білуі де оның рухани қайсарлығын танытты. Осыдан 66 жыл бұрын, 1944 жылғы сұрапыл ауыр соғыстың 19 қаңтарында Б.Момышұлы Алматыға келіп, қазақтың көрнекті жазушылары мен интеллигенция өкілдері (академиктер Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Марғұлан, кинорежиссер Строева В.П., Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссариатының Мемлекеттік архиві қызметкері (НКВД) Шапиро және басқалар) алдында “Психология войны” деген тақырыпта лекция оқыды. Сондағы тақырыбы – Отанды қалай қорғау, қазақ халқының болашағы, оның тілі, мәдениеті....... Оқыған лекциясынан үзінді:
“Необходимо отметить один из важных элементов патриотизма, неизбежно сопутствующий ему. Это национальный дух или национальный патриотизм – любовь к своему народу, с которым личность связана кровным единством и общностью происхождения, территорией, языком, бытом, нравами, психологическими и этнографическими особенностями...”
“Я считаю преступлением, когда бойцы на фронте не получают самого элементарного, скудного пайка из арсенала родного языка, родной литературы, родной музыки. ...”
“Некоторые не умеют ездить верхом, боятся лошади – просто стыдно называть таких казахами; лепечут какую-то ерунду по-казахски, похожую на неотработанный язык какого-то иностранца. ...”
“Приезжает новое пополнение. Говоришь ему по-русски – он не понимает, говоришь по-казахски – тоже не понимает, в нем нет ни казахского, ни русского”.
Өкінішке қарай, сондағы айтылған қасірет бүгінгі күнде де кездеседі. Әрі қарай жалғастырмай, осы кітапты барлық оқушылар, студенттер, жастар, қазақ, орыс демей, оқып шықса, олардың тәрбиесі, мәдениеті ұлттық сана сезімі көтерілер еді. Тәуелсіз елге бұл ауадай қажет.
Осы кітапты оқып отырып, Тәуелсіздік ақ таңы атқан шақта да қазақ тілінің өз мемлекеттік тіліне толық қол жеткізе алмай жүргеніне қынжыласың.
Биыл Бауыржан Момышұлының 100 жылдығын атап өту кезінде Қазақстан Конституциясында бекітілген мемлекеттік қазақ тілін іс жүзінде пайдалану бүгінгі мемлекеттік қызметкерлер, интеллигенция, жазушы, ғалым, жастарға парыз деп есептеймін.
Біздің ойымызша, Алматы қаласында қаһарман тұрған пәтерлердің біреуінің де осы уақытқа дейін музей-пәтер ретінде сақталмағаны өкінішті жайт. Мен соңғы рет Баукеңмен шет елге дипломатиялық қызметке кетерде Д.Қонаев (бұрынғы Карл Маркс) көшесіндегі пәтерінде жолықтым. Тағы да ұлт болашағы туралы әңгіме болды. Соңында Баукең, маған “елге аман-есен орал, қалған мәселелерді сонда талқылаймыз”, деп қолымды қысып, қоштасты. Жанымда жұбайым Хадиша мен жеңгеміз Жәмила болды.
Араға екі жыл салып елге оралғанда, ең алдымен Алматыдағы Баукеңнің тұрған және соңғы сапарға шығарып салған шаңырағына бардым. Мақсатым, балаларына көңіл айтып, дұға бағыштау болатын. Сөйтсем, онда бір жекеменшік сауда фирмасы жайғасып алған екен. Менің “осы үйдің иелері, мүлкі қайда?” – деген сұрағыма бизнесмен ол кісі: “А кто такой Момышулы? Мы ничего не знаем, освободите кабинет” деп мені шығарып салды.
100 жылдығын тойлаумен шектелмей, болашақ ұрпақты, жастарды ұлттық сана-сезімде, патриоттық тәрбие беру үшін Алматы қаласында Қонаев пен Гоголь көшелерінің түйісіндегі Б. Момышұлы соңғы тұрған үйінде музей-пәтерін ашу игі шара болар еді. Бұл мәселе бірнеше рет ресми түрде көтерілгені туралы айта кету керек. Алайда осы салиқалы шаруа бүгінгі күнге дейін орындалмай келеді.
Бауыржан Момышұлының істеген ісі мен айтып кеткен нақылдары, ол кісі көтеріп кеткен шынайы әрі өзекті ұлттық мәселелер барлығымызды ойландырады.
Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, дипломат, профессор. Астана қалалық “Мемлекеттік тіл” қозғалысының төрағасы.