30 Қараша, 2010

114 отбасы пәтерлі болды

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақтөбе қаласында құрылыс ин­дустриясы қарқынды дамып келе жатқанын бұрындары да жазғанбыз. Осының дәлеліндей, облыс орта­лы­ғында соңғы жылдары бой көтерген “Бола­шақ” шағын ауданында 114 пәтерлі жалдық тұрғын үй пайда­ла­нуға берілді. Жаңа тұрғын үйден баспаналы бол­ған­­дар­дың қуаны­шын бө­лі­суге облыс әкімі Елеу­сін Сағын­дық­ов­тың өзі келді. Талай жыл баспананың тау­қы­­ме­тін тарт­қан ақ­тө­белік­тердің қуаны­шын­да шек жоқ. Сал­та­натты сәтте сөз ал­ған облыс басшысы соңғы алты жылда 1 600 мың шар­шы метр тұрғын үй салу жос­пар­ланса, осы кезеңде 2 300 мың шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға беріліп отырғанын, жос­пардың анағұрлым асыра орын­­­далғанын жеткізді. Мұндай табыстың Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың сара сая­саты нә­тижесінде мүмкін болғанын атап көрсетті. Үсті­міздегі жылдың ая­ғына дейін облыс орталығындағы 12 Б шағын ауданында тағы да екі тұрғын үй пайдалануға берілмек. 96 пәтерлі жалдық және 129 пәтерлі ипотекалық тұр­ғын үйлерде қоныс тойлары тойланатын болады. Содан кейін Елеусін Наурыз­бай­ұлы жаңа үйден баспаналы бол­ған­дар­ға пәтер кілттерін тапсырды. Жалпы, бұл жолы пәтерлер тұрғын үйге мұқ­таждар кезегіне тіркелген азаматтарға, көп балалы отба­сы­ларға, ауған соғы­сы­на және Чер­но­быль апа­тының сал­дарын жоюға қа­тысу­шы­ларға, зейнет­кер­лерге, мұ­ға­лімдерге, оралмандарға, мүгедек­тер­ге берілді. Алғашқылардың қата­рын­­да пәтер кілті қолына тиген Өз­­бекстаннан атаме­кен­ге қоныс аударған ерлі-зайыпты Ор­ман Бал­се­ріков пен Несібелі Бал­жа­нова­ның қуанышы қойындарына сыймауда. Олар бес бала тәрбиелеп өсіріпті. Бәрі де ат жалын тартып мі­нер аза­мат болған. Балалары үйленіп, қыздары тұрмыс құрған бақытты от­басы. Отағасы Орман Балсеріков ата­мекенге оралғандарына еш өкін­бейтінін, Елбасының және елдің қамқор­лы­ғын жете сезініп отыр­ған­дарын айтты. Облыс бас­шысы жаңа қоныс­тан­ған Әлия Төре­­ниязо­ваның пәтерінде бо­лып, Ресей­ден ата-ба­басының туған топы­рағына оралған қа­рындасымызға ас үй жиһазын көрімдікке ұсынды. 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамытудың бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйдің 70 пәтері бір бөлмелі, 44-і екі бөлмелі. Тұрғын үй құрылы­сы­на рес­пуб­ликалық бюджеттен 328,3 миллион теңге қар­жы бөлін­ген. Жал­дық тұрғын үйді “Ас­пан-Плюс” ЖШС қысқа мерзімде салып, Тәуел­сіздік күні қарсаңында пайдалануға бер­ді. Осы бағдарлама аясында салын­ған жалдамалы тұр­ғы­н үйлер көлемі 28,7 мың шаршы метрді құрайды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.