Қозғалыс бағыттары белгілі
“Мұндайды көрген де арманда, көрмеген де арманда” деген сөздің ауқымына ғана сыятын, бұрын-соңды ТМД, Орталық Азия мемлекеттерінде болмаған әлемдік саяси шараны өткізу дайындығы Қазақ елінің астанасында осы күндері қызу жүріп жатыр. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов БАҚ бас редакторларымен кездесуде барлығы 70 елден делегация келетінін, сонымен бірге, қонақтардың жалпы санының 5 мыңнан асатынын атап өтті. Алдымен әңгімені әуежайдан басталық. Бүгінгі күні оның материалдық-техникалық базасын нығайтып, техникалық персоналын сақадай-сай ету бағытындағы қауырт жұмыстар аяқталды. 70 елден келетін делегациялар ұшақтары әрбір бес-он минөт сайын қонады екен. Қазір осы жағдай ескеріліп, әуежайдың қарсы алу мүмкіндігі талапқа сәйкестендірілді. Сонымен бірге, қонақтардың бортын қабылдайтын қосымша 113 техника сатып алынған. Ресми делегациялар кіріп, сәл уақыт сусындайтын VІP-залдар еуростандарттың барлық талабына сай болуы керек. Сондықтан қазір осындай залдар жаңаландырылып, жаңғыртылған. Оның ішінде қонақтардың қазақ астанасына келгендігін бірден білдіретін атрибуттардың болуы да ескерілген. Техникалық қызметкерлердің қапы қалмауын Астана әкімдігі Көлік және коммуникация министрлігімен бірлесе отырып жүзеге асыруда. Осы мақсатты орындауға Қазақстанның өзге әуежайларынан қосымша 200-ден артық сала мамандарын тарту ісі де қолға алынған. Сонымен қатар, саммит күндері Астана әуежайы ішкі әуе желілері үшін жабық болатыны да жарияланды. Қала ішінде жоғары мәртебелі қонақтар мен ресми делегация өкілдерін алып жүру үшін министрліктер мен ведомстволардың және басқа да мемлекеттік кәсіпорын, мекемелердің жақсы көліктері жинастырылды. Парламент депутаттары осы күндері аймақтарға жіберіліп, оларға қызмет көрсететін көліктер де қонақтарға берілетін болады. 25 қарашадан бастап ЕҚЫҰ Хатшылығының қызметкерлері, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері келе бастады. Оларды әуежайдан жатын орындарына дейін жол полициясының бастауымен жақсы автобустар тасымалдайтын болады. Саммит өтетін қала аумағы шартты түрде “С” ауданы” деп аталды. Осы “С” шаршысында (бұл шамамен Байтұрсынов, Нәжіметденов, Тәуелсіздік (Сығанақтан Сарайшыққа дейін), Обаған, Сарайшық көшелерінің қиылыстары) барлық көлік түрлерінің жүруіне шектеу қойылады. Қоғамдық көліктер тек арнаулы рұқсатпен ғана енгізілетін болады. Осы ауданда орналасқан “Хайвил”, “Гранд Астана”, “Городской романс” сияқты тұрғын үй кешендерінде тұратын халыққа да көлікпен ену үшін арнаулы рұқсаттар берілетін болады. Ал осы күндері қаланың басқа аудандарындағы көліктің қозғалысына ешқандай шектеу қойылмайды. Қала тұрғындарының мәдени, ойын-сауық, сауда, медицина орындарына баруына жол ашық. Тек Мемлекет басшылары келе бастайтын 30 қарашаның екінші жартысынан бастап қана көлік қозғалысы шектелетін болады. Соның ішінде әуежайдан бастап, мәртебелі қонақтар түсетін 15 қонақ үйге дейінгі жолдар толығымен жабылады. Саммит өтетін 1-2 желтоқсан күндері “С” шаршысында қонақтардікінен өзге көліктердің жүруіне тыйым салынады. Қаланың басқа бөліктеріндегі көлік қозғалысын сағат сайын реттеу ісі қолға алынады. Саммит өтетін күні Тәуелсіздік сарайына саммитке келген делегациялар, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері таңғы сағат 07.30 бен 08.30 аралығында тегіс жеткізіліп болуы тиіс. Ал Мемлекет басшылары жеткізілетін 08.30 бен 10.00 аралығында негізгі көшелердегі барлық көлік жүрісі тоқтатылады. Отырыс аяқталған кешкі 17.00-ден бастап 20.00-ге дейін осы көшелердегі қозғалыс тағы да жабылады. Осы күні тек 20.00-ден 21.30-ға дейін ғана “С” шаршысында қозғалыс жасауға болады. Осы күні ресми делегациялардың Салтанат сарайынан жатын орындарына жеткізілуіне байланысты кешкі 21.30-дан бастап негізгі көшелердегі қозғалыс тоқтатылады. 2 желтоқсан күнгі түске дейінгі қозғалыс 1 желтоқсандікімен бірдей, ал Мемлекет басшыларының 13.00-ден бастап аттана бастауына байланысты негізгі көшелер мен Астана-Әуежай трассасы жабылады. 1-2 желтоқсан күндері Есілдің сол жағалауына баратын қоғамдық көліктер азайтылады. Қалыпты жағдайда ол жаққа 18 маршрут баратын болса, саммит күндері олар 5-ақ бағытта жүреді. Оның төртеуі “Бәйтерекке” дейін, біреуі “Ильинка” тұрғын үй кешеніне дейін барады. Ескі қалада да 8 бағыттың жолы шектеледі. Осы бағыттардың жолдары жөніндегі анықтамалық ақпарат тұрғындарға таратылатын болады. Жақсыбай САМРАТ. Қош келдіңіздер! Береке мен бірлік ел ниетінен бастау алады Людмила ИТЕРМАН, Талдықорған қаласындағы неміс этно-мәдени бірлестігінің жауапты хатшысы. Қазақ халқында өмірдің тағылымды тәжірибесінен алынған мағынасы терең ұғымдар жеткілікті. Соның бірі: «Берекелі елдің бетін ешкім қақпайды», деген сөз. Оған Қазақстанның егемендік алғаннан бергі экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуы мен 130 ұлттың өкілін бір шаңырақтың астында ұйытып, бірлік пен ынтымақтың бесігінде тербеткені дәлел. Осы бағыттағы тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты баршамыздың мерейімізді асқақтатуда. Бүгінгі Астананың төрінде өз жұмысын бастаған ЕҚЫҰ саммитінде бейбітшілік және экономикалық, экологиялық ынтымақтастық, тағы басқа мәселелер күн тәртібіне қойылып, ел мерейін асқақтатуда. Жетісу жеріндегі «Видергебурт» неміс мәдени орталығының мүшелері әрдайым екінші Отанымыз саналған Қазақстандағы әрбір жақсы істерге үн қосып, тыныштық, баянды бейбітшіліктің орын алуына, көк байрағымыздың биікте болуына тілектеспіз. Беделі берік ұйымның осы бағыттағы қызметі мен бағыт-бағдары әскери қауіпсіздік пен қару-жараққа бақылау орнатуда салиқалы тұжырым жасайтынына да сенімдіміз. Қасиетті қазақ жеріне 56 мемлекет басшылары табан тіреп, бас қосты. Оларға: «Қош келдіңіздер!» дейміз шын пейілмен. Әсем Астана сіздерді құшақ жая қарсы алып, жаңа идеялар өрісінің кеңеюіне, әлем халқының сенімін ақтаудағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейді. Мемлекет басшысының қоғамдық, саяси тұрақтылықты сақтаудағы, көп ұлтты халықтың құқығын қамтамасыз етудегі дәйекті реформаторлығына жоғары баға берілетіні сөзсіз. Және жүргізіліп отырған бүгінгі саясатты толық қолдаймыз. Қазақстан – біздің мақтанышымыз. Өңірдегі 13 000 неміс ұлты қазақ дипломатиясының бүгінгі жеңісіне ортақтасады. Саммит жұмысына сәттілік тілейміз. Алматы облысы. Бауырластық біздің байлығымыз Кең байтақ қазақ жеріне 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар бауыр басқаны, олар тағдырын тұрғылықты халықпен тоғыстырып, жаңа өркениетті қоғамды қоян-қолтықтаса орнықтырып жатқаны аян. Азаматтық ынтымақтастықты, бірлік пен түсіністікті, этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жас мемлекетіміз дамуының жарқын жолы болып отырғандығын бәріміз қадір тұтамыз. Соның ішінде Қазақстанның өндірісті аймағы – Қарағанды өңірін өздерінің құт мекеніне айналдырған литвандардың үлкен тобы көңілімізге жақын, жүрегімізге ыстық осынау ізгілік ниет шуағын күнбе-күн сезініп келеді. Сүйікті Қазақстанымыз өмірі бүгінде тамаша өзгерістер, қуанышты жаңалықтарға толы болса, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті Астанада өтуін орны бөлек оқиға ретінде мақтаныш санаймыз. Қаншама ұлтты ортақ мемлекеттік мүддеге біріктіп, халықтар арасындағы туысқандық пен бауырмалдықтың өз ортамызда жарқыраған көрінісі осынау аса маңызды жиынға қатысушыларды қызықтырмай қоймасын сеземіз. Соның үлгісі әлемге жайылуын тілейміз. Виталий ТВАРИОНОС, Қарағанды қаласындағы литван этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі. Қарағанды. Қонақ өз ырысымен келеді Әлемде сірә, қазақ халқындай қонақжай, есігі кім-кімге де айқара ашық, құшақтары өзінің даласындай кең халық сирек шығар-ау деп ойлаймын. Қазақ мемлекеттілігінің арғы-бергі тарихында қазақ сахарасына кімдер келіп кетпеген. Бұл халықтың ақ дәмін кімдер татпаған. Алайда бүгінгі күні Қазақстанға келіп жатқан Саммит қонақтарының жөні де, жолы да бөлек деп ойлаймын. Бұл жолы олар қазақ халқына тән қонақжайлық дәстүрлерін айқын аңғарып қайтады деген ойдамыз. Мен өзім казак болсам да қазақтардың арасында туып-өскендіктен қазақ тілін бір кісідей білемін. Сонымен бірге қазақ халқының мақал-мәтелдерін де орынды жерінде айтып қолданып жүремін. “Қонақ өзінің ырысымен келеді”, “ Қой егіз тапса, қос түп жусан артық шығады” дейді бүгінгі Қазақ елінің байырғы тұрғындары. Осынау халықтық нақылдарда терең мән-мағына, халықтық философиялық астарлар бар деп есептеймін. Сондай-ақ осынау халықтық мақал-мәтелдердің арғы түпкірінде келген қонақ үй иелеріне салмақ салмайды. Ырысын ішіп-жеп, тауысып кетпейді. Керісінше өзінің келуі арқылы сол шаңыраққа тек жақсылық, бақ-береке, татулық, амандық-саулық тілеп, ырысының молая түсуіне септігін тигізеді деген түсінік жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, бұл жолы біздің ортақ отанымыз – Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларын өз топырағында қарсы алып отыр. Бұл барлық қазақстандықтар үшін зор мәртебе, үлкен мерей. Бұл қонақжайлықтың бұрын-соңды болып көрмеген тамаша үлгісі мен эталоны. Біздің Жайық өңірінде алыстан келген қонақтарға: “Қош келдіңіздер!” деумен бірге, сол қонақтар өз елдеріне аттанар тұста да: “Әр уақытта да қош келесіздер”, дейтін әдет бар. Саммит қонақтарына қатысты да мен осылай дегім келеді. Қош келдіңіздер, сонымен бірге әр уақытта да қош келесіздер. Төрімізге шығыңыздар. Біз сіздерді ізетпен қарсы алуға әзірміз. Биіктікті, дархандық пен кісілікті біз сіздерге Қазақстанның барлық түпкірінен де тауып бере аламыз, құрметті қонақтар, мәртебелі меймандар. Анатолий АВИЛОВ, Орал-Жайық казачествосы қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Орал. Саммит өтетін сарай Осыдан екі жыл бұрын Астана қаласының 10 жылдық мерейтойы қарсаңында елорданың бірнеше жерінде әсем ғимараттардың салынып, бой көтергені белгілі. Солардың ішіндегі Бейбітшілік және келісім сарайына қарама-қарсы тұрған Тәуелсіздік сарайы бүгінде еліміздегі ең әдемі мәдениет ордасына айналып отыр. Бұл ғажап ғимарат Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен халықаралық басқосулар мен форумдарды өткізуге ғана емес, басқа да іс-шараларды ұйымдастырып, көрмелер қойып, келушілердің демалуына арналып салынған. Мұнда қазіргі заман талабына сай жасалған қызықты да тартымды қызмет түрлері бар. Міне, осындай еліміздің абыройын асырып, беделіне бедел қосатын алып сарайда бүгін және ертең ірі басқосудың өтетіні белгілі. Бұл жиын ЕҚЫҰ Саммитіне арналып отыр. Осыған орай біз Тәуелсіздік сарайының бас директоры, профессор Тілеуғали ҚЫШҚАШБАЕВПЕН кездесіп, аталмыш ғимарат жөнінде әңгімелеп беруін өтінген едік. – Алдымен Тәуелсіздік сарайының салынуы жөнінде сөз қозғасаңыз. Құрылыс қашан басталды? Қанша уақытқа созылды? Ғимаратты салу кезінде сарайдың қандай ерекшеліктері болу керектігі ескерілді? – Сарайдың құрылысы жөнінде айтпас бұрын, оның мәні мен маңызына тоқталсам деймін. Тәуелсіздік сарайы, өзінің аты айтып тұрғандай, еліміз егемендігінің бір символы болуы үшін салынған деп ойлаймын. Өйткені, нақ осы жерде әлемге еліміздің атын танытатын үлкен халықаралық басқосулар өткізіліп келеді. Дүние жүзіне Қазақстанда өтіп жатқан іс-шаралар туралы ақпараттар осы жерде ұйымдастырылатын түрлі жиындардан да таратылады. Сондықтан Тәуелсіздік сарайының елімізді әлемге танытуда мәні мен маңызы зор деп санаймын. Енді ғимараттың өзіне келетін болсақ, оның құрылысы 2007 жылы басталып, 2008 жылы аяқталды. Құрылысты түркиялық “Сембол Иншаат” компаниясы жүргізді. Ғимараттың бой көтеруі кезінде сарайдың басқа мәдени нысандарға қарағанда ерекшеліктері болу керектігіне баса назар аударылғаны рас. Өйткені, жаңа нысанның ерекшелігі болмаса, ол көп сарайдың бірі болып қалар еді. Сондықтан біз құрылыс кезінде бірнеше ерекшеліктер болу керектігін ескердік. Алдымен сарайдың алдында “Қазақ елі” монументі орналасты. Монументтің орталық элементі – мәрмәр тастан жасалған биіктігі 91 метр діңгек пен ұзындығы 120 метр тізбек. Діңгек іргетасында еліміздің Конституциясын бейнелейтін плита орналасқан және шыңында аңыз құсы – самұрық бейнеленген. Бұл егемен еліміздің тәуелсіздігін білдіретін белгі болып саналады. Жалпы, Тәуелсіздік сарайы үш қабаттан тұрады. Оның әрқайсысының өз ерекшеліктері, келушілерді қызықтыратын жерлері өте көп. – Енді сарайдың сәулет ерекшелігі жөнінде айтсаңыз. Ол елімізде ғана емес, шетелдерде де қызығушылық тудыруда деп естіп жатырмыз... – Осы жерге келген шетелдіктер бізге ризашылықтарын білдіруде. Бұл факт. Өз елдеріне барғанда алғыс хаттарын жазып, сарай туралы жылы лебіз айтатындар өте көп. Ал сәулет құрылысына келер болсақ, ғимараттың қазіргі заман технологиясы бойынша салынғанын атап өту керек. Сарайдың негізгі қызметі – съездер, түрлі форумдар, конференциялар, басқосулар, мерекелік іс-шаралар және шығармашылық кештер, концерттер өткізу. – Сарайдың әр қабатында қандай қызмет көрсету орындары бар? – Бірінші қабатында бір уақытта 3 500 адам еркін сыйып отыратын жиналыс залы бар. Ол жылжымалы қабырғалардың көмегімен төртке бөлінеді. Бұл жерде жұмсақ орындықтарды бөліп алып кетіп, сол арқылы залды кеңейтіп, көрмелер өткізуге болады. Концерттік залда екі экран мен сахна алаңы бар. Ал жиналыс залының көлемі – 4 775 шаршы метр. Сонымен бірге, осы қабатта қазіргі заманның озық технологиясымен жабдықталған 220 орындық баспасөз орталығы орналасқан. Бұл жерде лингвистикалық техника, дыбыс күшейткіш аппаратура, кафедралды үстел және ең күшті дыбыс өткізбейтін құралдар бар. Олар баспасөз мәслихаттары мен конференциялар, пікірсайыстар мен пленумдар өткізуге өте қолайлы. Баспасөз орталығының оң қанатында 268 орындық салтанат залы орналасқан. Аса маңызды мәжілістерге арналған ол дыбыс күшейткіш аппаратурасымен жабдықталған. Сарайда эскалаторлар жұмыс істейді. Ғимараттың оң жақ кіреберісінде мәрмәр бағаналарымен үш бөлікке бөлінген 678 орындық мейрамхана бар. Оның терезе витриналары залды жарық әрі жайлы етіп көрсетеді. Жалпы, сарайдың бірінші қабаты ұлттық нақышта және қазіргі заманға сай стильдердің үйлесімділігімен ерекшеленеді. Мұнда декор элементтері – кереге стилінде жасалған металл конструкциялары, металмен безендірілген ағаш, ақ мәрмәр, хрусталь шыны, витраждар мен төбедегі витраждардың оюларын қайталайтын жұмсақ кілемдер бар. Сарайдың екінші қабатында көрме залдары орналасқан. Олардың көлемі 7 022 шаршы метр. Ыңғайына қарай көрме залдары әртүрлі бояу түстерімен айшықталған. Негізінен, сары мен жасыл түстер қамтылған. Сары мен жасыл залдар 735, 29 шаршы метрлік қосалқы залмен біріктірілген. Этнография және археология залы мен Қазіргі заман өнер галереясы үйлесімділікпен жалғасқан. Сары көрме залында, яғни галереяда ұзындығы 14, 29 метр және 6,2 метрді құрайтын сахна алаңы бар. Сонымен бірге, екінші қабатта 30-дан астам кеңсе бөлмелері мен қоймалар орналасқан. Сарайдың үшінші қабаты Астана қаласының тарих мұражайына арналған. Мұнда орта ғасырдағы қалашық Бозоқтан бастап елорданың қазіргі даму кезеңіне дейінгі аралық қамтылған. Мұражайда экскурсия жүргізуге ыңғайлы жарықтармен қамтамасыз етілген алаң мен 360 градусқа айналатын кинотеатр және оның панорамалық экраны бар. Кинотеатрдың сол жақ қанатында елорданың экономикалық дамуы мен өрлеуі жайында “Астана-10 фильм” атты 10 монитор жұмыс істейді. Сонымен бірге, осы жерде қазақтың салт-дәстүрлерін айшықтайтын электронды кітапхана орналасқан. Үшінші қабаттың оң жақ қанатында Астананың бүгіні мен болашағын көрсететін үлкен макет залы бар. Оны Оңтүстік Кореяның “Model Park” компаниясы жасаған. Осы қабатта келушілер 4D форматындағы фильмдерді тамашалай алады. Үшінші қабаттың фойесінде 128 орындық дәмхана, пікірсайыстар, форумдар мен дәрістер өткізуге арналған дөңгелек сахна алаңдары бар. – Сарайдың Саммитке дайындығы қалай жүргізілді? – ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі – еліміздің мәртебесін биіктетіп, халықтың абыройын асқақтатыны сөзсіз. Сондықтан Президент Әкімшілігі, Үкімет, Сыртқы істер министрлігі, Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп қараша айында дайындық жұмыстарын ерекше қарқынмен жүргіздік. Осы күндері негізгі жұмыстар толық атқарылды. Саммит өтетін бірінші қабаттағы үлкен залда техникалық құрылғылардан бастап, дыбыс күшейткіш, жарық пен аударма жұмыстарына керекті жабдықтар толығымен тексеруден өткізіліп, іске қосылды. Біздің Тәуелсіздік сарайының қызметкерлері күні-түні жұмылып жұмыс жасауда. 26 қарашадан бастап, ЕҚЫҰ Саммитіне дүние жүзінен келген өкілдер жұмыс жасап жатыр. Елордамыз – Астана қаласы мен Тәуелсіздік сарайын көріп, өздерінің жүрекжарды әсерлерін айтуда. Өз кезегінде Тәуелсіздік сарайының ұжымы ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында шетелден келген қонақтарға мінсіз қызмет көрсетуде. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.Саммит сәттері