Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын, Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын осылай бағалауда
* * *
БІТІМГЕРШІЛІКТІҢ БИІК БЕЛЕСІ
«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқын бодандық бұғауынан босату жолында жандарын пида еткен Алаш арыстары армандаған Тәуелсіздікке осыдан небәрі 19 жыл бұрын ғана қол жеткізгеніміз баршаға аян. Кейбіріміз әлі де байыбына бара алмай жүрген осынау қасиетті ұғым, дербес саяси ахуал әрбір азаматтың санасына, еліміздің өміріне халқы айрықша құрметтейтін, елі сүйген Елбасымыздың салиқалы да сарабдал саясатының арқасында орнықты. Орнығып қана қойған жоқ, тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың байыпты басшылығымен «Тәуелсіздік туралы декларация» жарияланған уақыттан бергі біздің әр күніміз ғасырда жасалатын игілікті істерге ұласты және жалғасын табуда.
Тәуелсіздіктің бір де бірегей белгісі – демократиялық бостандық. Адамзат баласы мыңжылдықтар бойы қалыптастырған осы құндылықтың қазақ топырағына тамыр жаюы еңселі елдігіміздің, тегеурінді теңдігіміздің белгісі. Сонымен бірге, оған деген адалдығымыздың шынайы көрінісі де. Бұған өз дербестігін алғанына 20 жыл толмай жатып-ақ Қазақстанның әлемдегі ең бір саяси әрі салмақты институт, демократиялық құрылым саналатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуге қол жеткізуі нақты дәлел бола алады. Ал осы адам құқықтары мен бостандықтарының салтанат құруына, демократиялық даму үдерісін баянды етуге, ұлтаралық қақтығыстарды болдырмаудың алдын алып, мемлекетаралық түрлі түйткілді мәселелердің оңтайлы шешілуіне белсенді атсалысатын дүние жүзіндегі бірден-бір бейтарап Ұйымға төрағалық ету әлемдік саяси аренада толық мойындалғанымыздың айғағы.
Аталған беделді Ұйымға төрағалық тізгінін қолға алған сәттен бастап-ақ біз өз жоспарымызды ашық түрде жария еттік. Бұған қоса қазіргі таңда әлемді толғандырып отырған көкейкесті мәселелердің қордаланып қалғанын қаперге ала отырып, Елбасымыз Ұйым шеңберінде атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарын айқындай келе: «..Біз ұйымдағы қандай да бір төңкерістердің жақтаушылары емеспіз, бірақ та енжар әрекет етпейтініміз анық», деп өзінің тегеурінді ұстанымын ашық білдірді. Ұйымның өз ішіндегі сабақтастық үрдістерін сақтай келе, оның халықаралық заманауи экологиялық, саяси-экономикалық және әскери-стратегиялық, гуманитарлық мәселелер бойынша жаңашыл бағыттары белгіленді. Нақтылап айтқанда, Қазақстан төраға ретінде жыл бойы Ирак пен Ауғанстандағы тұрақсыздықты реттеуге күш салу, қырғыз еліндегі саяси ахуалды оңалту, Арал теңізінің жаһандық экологиядағы маңызына әлем жұртшылығының назарын аудару сияқты халықаралық деңгейдегі маңызды мәселелерді оңтайлы шешуді алдына мақсат етіп қойды.
Осы арада бір айта кететін жәйт бар. Ол біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға болғанға дейін кейбір жаһандық мәселелер G-8, G-20, ШЫҰ секілді халықаралық ұйымдардың басқосуларында қажетті деңгейде талқыланбағандығы дер едік. Егер ЕҚЫҰ шеңберінде қабылданатын әрбір шешім консенсус негізінде, яғни қаралатын мәселелер мен қол жететін шешімдерді Ұйымға мүше 56 елдің өкілдері тегіс қолдаған жағдайда ғана қабылданатынын ескерсек, Қазақстан ұсынған басым бағыттардың толық қолдау табуы осы Ұйым жұмысын жандандыру тетіктерін тиімді таңдай білгендігіміздің арқасы. Елбасымыз әлемде зор беделге ие осынау Ұйымның ұйымдастырушылық іс-әрекеті мен бітімгершілік қызметінің төрт «Т» (сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік) қағидаттары негізінде іске асатынын жария етті. Мұның барлығы, сайып келгенде, ЕҚЫҰ-ның бітімгершілік беделін көтеру қажеттілігінен туындаған кешенді іс-қимылдар жоспары еді. Осы жоспарды жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 ақпанында Вена қаласында арнайы экономикалық-экологиялық форум ұйымдастырылды. Жиында Арал теңізі, Чернобыль апаты мен Семей ядролық полигонының зардаптарын жою сияқты қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды. Бұл тек осы мемлекеттер ғана емес, әлем халықтары алаңдап отырған ең күрделі, өзекті мәселенің бірі болатын. 1 шілдеде ІІІ Астана экономикалық форумы шақырылды. Онда әлемдік қаржы дағдарысы салдарымен күресу, дінаралық қарым-қатынас, ұлтаралық түсіністік, гендерлік теңдік, қоғамды ізгілендіру мақсатындағы көкейкесті мәселелер сарапталды. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде Төзімділік пен кемсітпеушілікке қарсы Астана декларациясы қабылданды. Ал Варшавада өткен Ұйым мүшелерінің кезекті жиынында тәуелсіз сот, ой-пікір еркіндігі, адам құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуі, әділ сайлау өткізу, т.б. адами құндылықтар жүйесіне қатысты арнайы кеңес болып өтті. Төрағалық тұсында Қазақстан Таяу Шығыс, Приднестровье, Ауғанстандағы, Кавказ бен Қырғызстандағы шиеленісті ахуалдарды реттеуде іскерлік таныта білді. Сонымен қатар, Молдова мен Грузияда және Әзірбайжанда аумақтық тұтастықтың бұзылмауына тиімді әсер ете білді. Осының өзінен-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бір мемлекеттің ғана көшбасшысы емес, өзара дауласқан елдер басшыларын ымыраға шақыра алатын мәмілегерлік зор қабілетті ұйымдастырушы және адамзатты дау-жанжалдардан құтқара алатын кемеңгер тұлға ретінде танылғанын байқауға болады. Осындай сенім мен көзқарас ЕҚЫҰ-ны Астана Саммитіне алып келгені анық.
Әлем халқы жіті көз тігіп, үлкен үміт артқан бұл Саммит жаңа мыңжылдықтың қасиетті құрылтайы ретінде бағалануда. Астана Саммитінде Елбасы ЕҚЫҰ жұмысын жандандыру бағытында бірнеше келелі ұсыныстарын ортаға салды. Бұл ретте Ұйымның жаңа жағдайда қалыптасуы мен тиімділігін арттыру, қауіпсіздік жүйесін реформалау, қауіпсіздікті нығайту мен қарулы қақтығыстарды болдырмаудағы ТМД елдерінің рөлін күшейту шараларын ұсынды. Сонымен қатар, басым бағыт ретінде еуроатлантикалық және еуразиялық қауымдастық құрудың маңыздылығын атап көрсетті. ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстан тарапынан «Маастрихт+» деп аталатын жаңа даму стратегиясын жаңартуды жария етті.
Елбасы ЕҚЫҰ себеттері мен институттары санын ұлғайту қажеттілігіне тоқталды. Ұйым жұмысын жандандыруда оның құрылымын энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестермен толықтыру, қоршаған ортаны қорғау саласында ЕҚЫҰ-ның Экологиялық форумын құру қажеттілігі айтылды. Бұған қоса су тапшылығын тартып отырған елдер үшін «Су және құқық» бағдарламасын әзірлеудің өзектілігіне тоқталды. Сонымен бірге, жаңа онжылдықтағы төзімділік, жеке өлшем санатында қауіпсіздіктің түрлі проблемаларын болжау жөніндегі жұмыстарды белсенді жүргізуге шақырды. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік институтын белгілеу жөнінде ұсынысын ортаға салды.
Бұған қоса діни төзімділік мәселелерін арнайы қарап, бұл үшін әлем діндерінің съезін алаң ретінде пайдалануға болатындығы айтылды. Сонымен қатар, демократиялық институттарды жетілдіру, БАҚ тәуелсіздігі мен адам құқықтарын қорғауды жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажеттілігі арнайы мәселе ретінде көтерілді. Ұйымның ықпал ету аймағы бұрынғы Ванкуверден Владивостокқа дейін ғана емес, төрт мұхит төңірегін қамтитын болады. Бұл келешекте ЕҚЫҰ еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістікте бірегей қызмет ететін ықпалды Ұйымға айналатынының нақты дәлелі. Саммитте көтерілген ең маңызды бастамалардың бірі біздің Елбасымыздың Ұйымға мүше барша мемлекеттерді Ядросыз әлем декларациясын қолдауға шақыруы болды.
Астана Саммитіне келген ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттің өкілдері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететін келесі мемлекетке Ұйымның Қазақстан көтерген беделін түсіріп алмауды тапсырды. Мұны айналып келгенде, Қазақ елінің төрағалық қызметіне әлемдік деңгейде берілген жоғары баға деп қабылдауымыз керек.
Келер жылы Қазақстан бүкіл мұсылман әлемін қамтитын Ислам Конференциясы Ұйымына төраға болады. Осы туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев біздің алдымызда аса маңызды екі міндет тұрғанын атап өткен болатын. Бірінші – исламды дін ретінде құбыжықтандырмай, оны саяси-идеологиялық тұрғыдан діни фундаментализмге қарсы тұра білуге бағыттау. Екінші – Батыс пен мұсылман әлемінің арасында ашық та әділ үнқатысуды жолға қою. Осы аталған мерейлі міндеттерді Елбасымыздың берік ұстанымы арқасында абыроймен атқаратындығымызға ел кәміл сенімді.
Байзақ МОМЫНБАЕВ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
* * *
Журналист жазбалары
ҚЫЗЫҚСЫН ДА ҚЫЗҒАНСЫН
Шарықта көңіл, тасқында сезім, лүпілде жүрек! Айбындан елім, мерейлен жерім, мақтан қазақ, асқақта! Апта бойы жер-жаһанның бар назарын арайлы Астанаға аудартып, алты құрлықтағы адамзат атаулыны алаңсыз бейбіт өмір сүруге шақырған Арқадағы алқалы жиын абыроймен аяқталды. Қазақ, қазақ болғалы мынау ұлы далада төрткүл дүниеге төрелік айтқан мұндай құрылтай шақырып көріп пе еді! Ғасырлар бойғы бодандық бұғауынан босанып, жиырма жылда жан-жағына енді ғана таныла бастаған халқымыздың қасиетті қазақ атауы халықаралық қоғамдастықтың алты тілінде, ал жаһанның жүз тілінде қайта-қайта жатталып, құрметпен аталып көріп пе еді! Тәубе! Желтоқсанның алғашқы жұлдыздарында төрт мұхиттың тоғысындағы жалпақ әлем қазақ деп сөйледі, Астана деп тыныстады, адал ойлы адамзат үмітін үкілеп, құт дарыған, қасиет қонған қазақ жеріне қарады!
Беделімен жан-жағын ықтыратын белді мемлекеттердің өзі де бірнеше ел басшысының басын қосса, қалыпты тіршілігінен ажырап қалып жатады. Ал әлемнің 70-тен астам елінің ығайлары мен сығайлары бас қосқан мұндай ауқымды құрылтай өткізу – бірлігі берік, намысы биік, өресі бай елдің ғана қолынан келер ірі құбылыс. Ақиқаты солай, көңілі дархан, берекесі мол, жаны жомарт, дәстүрі берік Қазақ елі өресі биік тұтастығын танытып, ұлы сынға жұдырықтай жұмылды, уақытпен санаспай «Астана Саммиті» деп тыныстады, ел абыройы үшін таң атырып, кеш батырды, тіпті түн қатты.
«Астананың барлық жұртшылығы – соның ішінде түрлі қызметтегілер, тіпті еліміздің барлық халқы осы жиынның абыроймен өтуін тіледі. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, баршаңызға шын жүрегімнен алғысымды айтамын. Еліміздің мерейін үстем еткен осы Саммиттің табысты өтуі қазақстандықтардың сол игі тілегінің арқасында деп ойлаймын», деп тебіренді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Саммиттің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында. Иә, Көшбасшысына деген шексіз сенім, адал ниетін ақтара көрсететін халқы, елінің мүддесі мен мерейін ғұмыры мен қызметінің темірқазығына айналдырған Елбасы тарих толқынында тұңғыш рет еншімізге тиген әлемдік бас жиындардың бірі – ЕҚЫҰ-ның Саммитін салиқалы өткізді.
Ал Астананың бұл басқосуды өткізу барысындағы халықаралық жоғары дәрежедегі қызметіне Саммитке келген барлық қонақтар құмарлана таңданып, барлық делегация басшылары атадан қалған ұлы дәстүрін жалғастырып келе жатқан қазақ халқының қалтқысыз қонақжайлығын бірауыздан мойындады. Астанадағы қонақ күткен қызмет түрлерінің бәрі ешбір іркіліссіз жұмыс атқарып, сыртымыздан сынай келген шетелдіктерге жайылып төсек, жазылып жастық болды. Саммит қонақтары шоғырланған орталықтардағы аста-төк дастарқандар қазақтың жомарттығын паш етіп, еліміздің бүкіл адамзат мүддесін көксеген осы Саммиттің нәтижелі өтуіне деген шексіз ықыласын танытты. Бұл ыстық ықылас пен ақ ниеттің бәсіресін құрметті қонақтар да толығымен түсінді. Оған осындай зор халықаралық б асқосуды өткізуге бастамашы болған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне зор баға беріп, «Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген қонақтарға жоғары дәрежеде қалтқысыз қызмет және шексіз қонақжайлық көрсеткен Қазақстан халқына және Үкіметіне шын көңілден алғысымды айтамын. Мұндай баламасыз ыстық ықылас біздің жұмысымыздың жемісті өтуіне жағдай жасамақ», деп ағынан жарылған АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның сөзі дәлел.
Әлем таныған сарабдал саясаткер, заманауи реформатор, дарабоз көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың дарынды дипломатиясы мен баламасыз ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында мүдделері тоғыспай тұрған 56 мемлекеттің басшылары таразы тарих, қатал уақыт, Астана Саммиті талап еткен декларацияға қол қойды. Бұл әлемдік дәрежеде тарихи тұлға, дарынды дипломат, Қазақ елінің кіршіксіз көңілі, марқасқа маңдайына жазған Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың баламасыз ерік-жігерінің арқасы еді. Таң атырып, түн қатып тәулік бойы әлем мүддесі тоғысқан ұлы мүдделерді шешу жолында жұмыс атқарып, Астана уақыты бойынша түнгі сағат 1:00-ден өте төрткүл дүниенің төрт бұрышынан жиналған төртінші билік өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізу қай елдің басшысының қолынан келді?! Хельсинки үдерісінен Астана рухына жалғасқан ұлы құрылтайды қорытындылай келіп Қазақстан Респубикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бүгін Астанада еуроатлантикалық және еуразиялық біртұтас қауіпсіздікті қалыптастыру жолына қадам бастық», деп атап көрсетті. Астана Саммиті осылай қорытындыланды. Астанаға атбасын тіремеген АҚШ президенті Барак Обама, Франция басшысы Николя Саркози мен Өзбекстан көшбасшысы Ислам Каримов қызығатындай, тіпті қызғанатындай саммит өтті. Бейбіт өмір, өркениет әлеміндегі оның таразысы тарих болмақ. Ал бүгін біз барша адамзат мүддесін көксеп, туған елімнің табанына батқан шөгір маңдайыма кірсін деген ұлы тұлғаның теңдессіз еңбегін, татулық пен бірлікті пір тұтқан елдің ерендігін паш етеміз. Мерейлен елім, мақтан қазақ!
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
* * *
АБЫРОЙЫҢ АРТА БЕРСІН, ТУҒАН ҚАЗАҚСТАНЫМ!
Астана Саммиті турасында алғаш айтыла басталғанда көңілдерге көп күдіктердің ұялағаны жасырын емес. Осыдан екі жыл бұрын Финляндия төрағалық еткен тұста сол кездегі еліміздің Сыртқы істер министрі Марат Тәжин Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы, сол уақыттағы және алдағы төрағалары бас қосқан кездесуге барғанында сол сапарға ақпараттық қолдау көрсетуге министрмен бірге Хельсинкиге жол тартқан едік. Сонда бізбен бірге жүрген финляндиялық әріптесіміз сіздер бізге желтоқсан айында тағы да келіңіздер, сонда төрағалықты тапсырарда елімізде үлкен жиын болады, дайындығы қазірдің өзінде керемет жүріп жатыр, өкінбейсіздер, деген еді. Бірақ ол саммит емес қой. Ұйым құрылуының бастауында тұрған, ол өмір сүріп келе жатқан 35 жылдың ішінде «Хельсинки рухы» деген қанатты сөзді айналымға ендірген елдің өзі саммит емес, Ұйым аясында өткізер конференциясын сондай оқиғаға айналдырып тұрғанда тәуелсіздігін алғанына 20 жыл толмаған біздің бұл ойымыз қалай жүзеге асар екен. Тіпті айтылғанымен, орындалмай қалатын жақсы идеяның бірі болып қалмас па екен, деген күдіктің көңіл түкпірінде тұрғанын несіне жасырайық.
Қазақ «Көз – қорқақ, қол – батыр», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Айтқан-ақ қой, шіркін! 11 айдың ішінде Іс басындағы төрағаның тынымсыз сапарларының бірнешеуінде бірге жол жүрудің сәті түсті. Қанат Бекмырзаұлының сондағы төзімділігіне, шаршамайтын тынымсыздығына, өзін қарапайым ұстап отырып-ақ асау мінезді саясаткерлерді шыдамдылығымен тойтарып, ойын еріксіз тыңдаттыра білетіндігіне әлденеше риза болғанымыз да бар.
Әсіресе, ол мойындалмаған мемлекет – Приднестровье орталығы Тираспольге барған сапарында анық көрініп еді. Мойындалмау кімге оңай тисін, бойында соған деген шамы бар Приднестровье лидері Смирновтың мінез көрсетуі Іс басындағы төраға салмағының тасасында қалып, ол 5+2 пішініндегі бейресми кездесуге келісімін беруге мәжбүр болып еді.
Иә, Астана Саммитіне даярлық тынымсыз жұмыстың, қарбалас тіршіліктің арасында жүріп жатты. Күн жақындаған сайын, апыр-ай қалай болар екен, жер-жаһанға жар салып жүргенде жер болып қалсақ оңай емес ау, деп көңілге уайым да кірді. Бірақ жоғарыда айтқандай, ол жәй күдік екен. Жұмылып кірісіп кеткенде Астана Саммитке сақадай сай болып шықты.
Сонымен, саммит басталар сәт сағат сайын жақындай түсті. Жаңалық десе, жар құлағы жастыққа тимейтін журналистер қауымына да қарбалас тірлік бұрқ-сарқ қайнаған қазандай қызып бір кетті дерсіз. Халықаралық баспасөз орталығы саммит басталмай жатып-ақ өз жұмысын бастап кетті. Қапысыз дайындық осы жерден де анық байқалды. Журналиске қажетті ақпарат алуға, оны жіберуге барлық жағдай толығымен жасалған. Кіші залда бірінен соң бірі ЕҚЫҰ офистерінің басшылары брифингтер өткізіп жатыр. Көлігімізбен баспасөз орталығына дейін барып, қажетті материалдарымызды керегінше алып қайтып жүрдік.
30 желтоқсан күні таңертеңгілік баспасөз орталығына бармақшы болып жолға шыққанымызда, күндегідей емес АҚШ елшілігінің қала жақ бұрышынан көлігімізді тоқтатып, әрі қарай тексеруден өткен соң арнайы автобус апаратыны айтылды. Жазда Ауғанстан астанасы – Кабулдағы конференцияға барғанда автомат кезенген солдаттар дәлізінен, тексерудің соншама бір күрделі жолдарынан өткен маған қауіпсіздік шаралары әшейіндегіден гөрі қатайтылғандай көрінсе, Бакуден келген әзірбайжандық журналист үшін бұл керемет жаңалық болды. Жалма-жан операторына мыналардың бәрін түсір деп, өзі микрофонын қолына алып сол жерден түсірілімді бастап кеткен. Біздің қауіпсіздік қызметінің жігіттері болса, олай етуге болмайтынын түсіндіріп жатыр. Сонда да әзірбайжандық әріптес ойындағысын орындап шықты. Қарап тұрып, шынымен де жігіттердің де жұмыстары оңай емес-ау, бәлесінен аулақ, қауіпсіздікке жіті қарамаса болмайды, дұрыс-ақ дедім, ішімнен.
Сонымен, көптен күткен саммит өз жұмысын бастады. Баспасөз орталығында ине шаншар орын жоқ. Ең орталық залда адам ығы-жығы, әрлі берлі-жүріп алаңдатушылар көп болғандықтан, егемендік журналистер жайлы орын іздедік. Тапқан орнымыз өте бір ыңғайлы болып шықты. Келсек, біздің алдыңғы қатарымызға Армениядан және Ресейден келген журналистер орналасып үлгеріпті. Құлағым қазақтардың дайындығы керемет екен ғой, дегенді шалып қалды.
Саммиттің алғашқы күнінде Әзірбайжан басшысы Ильхам Әлиевтің, кейін Армения президенті Серж Саргсянның сөздері екі жақтың ұстанымдары бір-біріне қаншалықты кереғар екендігін көрсеткен соң бір бөлмеде отырған әріптестерімізге таянып, өздерінің сол елдің азаматы ретіндегі ойларын айтып беруді сұрадық.
– Сіз не туралы сұрамақшысыз, қазір біз президентіміздің сөзін елге жіберуіміз керек, әзір қолымыз тимейді, – деген соң, күте тұратынымызды айтып, әйтеуір қағидатты түрде келісімін алып қолдарының босауын күттік. Мен өз орныма отырғанда армян әріптестер уәде берген журналиске қызуланып өз тілдерінде бірдеңелер айтып жатты. Әншейінде де қызуқанды жұрт қой деп онша назар аудармадық. Содан енді әзірбайжандық қаламдастарды іздедік. Толып отырған журналистердің ішінен түрін, аты-жөнін білмеген соң, дәл сол елдің журналисін табу да қиын. Сыртқы істер министрлігі қызметкерінің мына қатарда отырғандар әзірбайжандар болуы тиіс деген сілтеуімен оларға жақындадым. Рас, сол елден екен. Есімім Тарана деген журналист әйел сөзбұйдаға салмай, бірден келісімін берді. Тек қазір Түркия Президенті Абдулла Гүл сөзін бітірсін, оның пікірі біз үшін маңызды, деген. Шамалы уақыттан соң «ханым» деген дауысқа қарасам, Тарана жанымда тұр. Әзірбайжандық «ТУРАН» ақпарат агенттігінің журналисі Тарана Кязимова менің пікірімді қарапайым әзірбайжан қызының сөзі, сол халықтың өкілінің субъективті пікірі деп қабылдаңыз, деп ойындағысын ашық айтып берді. Ал артынша армян әріптесіме барғанда, ол – кешіріңіз, мен сізбен тілдесе алмаймын, деп қашқалақтады. Уәде бердіңіз емес пе дегенде барып, ұялғанынан келісіп: «Мен сізге аты-жөнімді айта алмаймын және суретке де түсіре көрмеңіздер», деп ойындағысын әлденеден жалтақтағандай сыздықтатып шығарған (Бұл екі әріптестің пікірінен құралған мақаланы алдағы нөмірлердің бірінен оқитын боласыздар).
Сонда барып: «Е, жаңағы дүрсе қоя берудің аяғы осы болды ғой», дегенбіз. Тіптен, «сіз мұндай жиындарда қарапайым журналистен пікір алғанды қашан көрдіңіз?» – деп өзімізге қарсы сұрақ та қойған.
«Россия 24» каналының жүргізушісі Дмитрий Щуголев те (ол артынан саммит соңында қорытынды баспасөз мәслихатында Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сұрақ қойды) бізбен бір бөлмеде алдымыздағы қатарда отырды. Дмитрий өте сыпайы жігіт екен. Өзінің Астанаға жиі келетінін, осы қаланы жақсы көретінін айтты. Мен алғаш 2005 жылы келгенімде қала алып құрылыс алаңы еді. Қазіргі күйі тіптен тамаша. Мен сізге айтайын ба, маған осындағы адамдар керемет ұнайды. Өте ашық, ақжарқын, мейірбан, қонақжай. Сырттан келген деп оқшырая қараған бір де бір жанды кездестірмейсіз. Осы күндерді алайықшы, қанша елден адамдар келді. Мына баспасөз орталығында бір шатырдың астында бірнеше күн бірге қызмет жасадық. Біздің Ресей де қонақжай, бірақ дәл сіздердегідей емес. Менің ойымша, ресейліктер қазақстандықтардан ешкімді сыртқа теппейтін, «бөтен» деп қарамайтын көзқарасты үйренулері керек сияқты көрінеді де тұрады. Жалпы, адамды түріне, діліне, дініне бөлмей құрметтеу ешқашан артықтық етпейді. Әншейінде меймандостық сәл-сәл жетпей тұрғандай көрінеді ғой, ал Қазақстанда ол еш байқалмайды. Мұндағы адамдардың барлығы тең. Және де Қазақстан өз төрағалығын өте жоғары дәрежеде жүргізгендігін саясаткерлер де, сарапшылар да айтуда. Ал саммиттің ұйымдастырылуына деген өзімнің пікірімді айтсам, ол өте жоғары деңгейде. Журналистердің дер уақытында ақпарат алуы, оны жіберуінде еш кедергі жоқ, деді Д.Щуголев. «Қонақ аз отырады, көп сынайды» дейді. Сол сөз анық сөз.
Қазақстанның іргелі Ұйымға төрағалығы өз мәресіне таяп келеді. Төраға ел атқарған істерді көпшілік мойындады. Саммиттің Астана Декларациясы қабылданды. Шаршағанымыз, күткеніміз бір сәттей болмай өте шықты. Қашанда мерейің үстем болғай, Елім!
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.