07 Желтоқсан, 2010

Қалың қалай, қазақ театры?!

4618 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Әңгімені өзімді таныстырудан бастасам деймін. Иә, мен өнерді ұлттық рухының те­мірқазығындай көрген елімнің бір пер­зен­ті ретінде «Болашақ» бағдарламасымен, шет ел­де театр өнері саласы бойынша ма­гис­трлік бі­лім алған алғашқылардың бірімін десем, үш жыл ішінде Еуропаның театр кеңістігін та­ну мүм­кіндігіне ие бол­дым. Францияға бар­ғандағы мақсатым – Еу­ропаның театр өне­рін танып қана қой­май, кәсіби тұрғыда білім алып, ғы­лыми ба­ғытта еңбектену бо­латын. Заманауи ре­жис­сура бойынша оқуым Мәскеуде жал­ғас­ты. Париж ұлттық драма өнері кон­сер­ва­ториясы мен Ресей театр өнері ака­де­мия­сы (ГИТИС) секілді оқу орындарын таң­дау­­дағы мақсатым – тамыры өте тереңде жат­қан Еуропаның бізге беймәлім әрі тә­жі­ри­бе­сі мол сахна өнерін танып-білу және ме­то­дологиялық тұрғыда кә­сіби тәжірибе жи­нақ­тау еді. Париж қаласында 300-ге жуық театр бар. Оның барлығымен танысып шығу мүм­кін емес. Сөйте тұра көркемдік ұс­та­ным­дары мен эстетикасы бір-біріне еш ұқ­са­майтын елуден ас­там театрда болдым. Сон­дай-ақ әлемге та­нымал режиссер-ре­фор­матор Питер Бруктың теа­трымен, ха­лық­аралық зерттеу орталы­ғы­мен танысу мүм­кіндігі туындаған болатын. Онда «Buffes der Nort» (Бюф де Нор) теа­тры­ның қо­йылымдарын көру, қала берді ешбір өнер ордасына ұқсамайтын театрдың ат­мос­фе­расын сезіну өз алдына бөлек бір әң­гіме. Бұл әлем жұртшылығын өзіне қа­рат­қан ға­жайып театр. Театр жетекшісі, есімі аңызға ай­налған режиссер-реформатор Пи­тер Брук­пен де жүз­дестім. Кәсіби шеберлігін былай қой­ғанда, әлем мойындаған тұл­ға­ның бойы­нан қара­пайымдылықтың шы­на­йы болмысын көресің. Ал Мәскеу – театр өнерінің ордасы іспеттес. Иә, режиссура бойынша ғылыми түрде барынша жүйеленіп, реттелген, әлем­­дік дең­гейдегі білім ордасы сол жерде. Бір-біріне ұқ­самайтын театрлар саны 150-ден асып жы­ғылады. «Көре-көре кө­сем боларсың» дегендей, Мәскеуде болған жыл­дары театр өне­рінің көкжиегін танып, кә­сіби шеберлігімді ай­тарлықтай шың­да­дым десем болады. Ал енді айтайын деген негізгі ойға орал­сам, осы сыртта жүрген жылдарда өз елі­міздің өнеріне өзге көзбен қарауға мүм­кін­дік ту­ды. Өзімізге белгілі, біздің қазақ бар­ға шүкір етуден жазбай келеді. Жер бе­тін­де тіршілік таусылғанша әрі қарай сан мың жыл­дар сол тәубемен өмір сүре беруі де даусыз. Себебі, тәубешілдік қазақ са­на­сы­нан өш­пей­тін ұлттық мінез, болмыстық штрих. Бірақ кә­сіби өнерге келгенде осы сөз­бен шы­ғар­машылық процесті жүргізу мүл­дем орынсыз әрі мағынасыз. Еліміздің барлық аймақтарындағы театр сах­наларының бәрінде бір ұқсастық. Сол бір өзгермейтін, басына үкілі тақия мен бөрік киіп, жасанды бұрым таққан «сұ­лулар» мен қолына қылыш ұстаған «ба­тыр­лардың» да­уыс мәнері мен қимыл-қоз­ға­лыстары да бір-бі­рінен айнымайды. Жа­уыр болып, тап­тау­рынға айналған «геройлар» сахна төрінде жал­ған күліп-жылауға, «аһ» ұрып азап кешуге, мақамдап, лекітіп, жа­санды сөйлеуге әуес. Әрине, ұлттық құндылықтар ешқашан жо­­ғалмауы тиіс. Қазақтың қилы тарихын, өт­ке­нін, мәдени-әдеби жәдігерлерін, фоль­кло­рын көрсететін этнографиялық теа­тр­ла­ры мін­деті түрде болуы шарт. Мысалы, Ас­та­на­дағы Президенттің мәдениет орта­лы­ғын­да ре­жиссер С.Асылханов жетекшілік ете­тін дәс­түрлі театр бар. Бізге осындай 5-6 театр қа­жет-ақ. Себебі, шет мемлекеттен кел­ген басқа ұлт өкілдеріне қазақтың бол­мыс-бі­ті­мін танытуға тиіспіз. Бағзы за­ман­дар­дағы ли­ро-эпостық кейіпкерлердің за­ма­нын, ор­та­сын, дәуірін, бүкіл этно­гра­фия­сын шебер көр­сете білуіміз керек. Тіпті кез-келген қазақ ша­ңырағы өзінің ұл-қыз­дарына біріншіден ән мен күйді, жыр-тер­ме­ні тыңдатып, Махамбет пен Абайды жат­татқызуы тиіс. Жаһан­дас­тыру дәуірінде олар­дың рухани иммунитетін шынықтыру, жү­регі «ұлтым» деп соғатын әрбір аза­мат­тың басты міндеті болуы парыз. Екін­ші­ден, театрға кең ауқымда қарауға тиіспіз. Егер әлемнің басқа түкпірінен келген қо­нақ­­тар немесе театр мамандары «Дәстүрлі теа­трларың мен фольклорларың керемет  екен, ал енді сіздердің заманауи театр­ла­рыңды та­машалақ» десе, қайда апарамыз? Ин­ку­ба­тордың балапанындай ұқсас, бір-бірін қай­та­лайтын театрларға алып бар­мақ­пыз ба? Бірде Парижде өткен бір фестивальде Жа­по­ниядан келген таза дәстүрлі қо­йы­лым­ды тамашаладық. Спектакль аяқталған соң, ре­жис­серге «қойылым не жөнінде» деген сұрақ қойылды. Мифологиялық ба­ғыт­та­ғы жапон қойылымы – жақсылық пен жал­ғандық, ақ пен қара сияқты мәңгілік та­қы­рыптарды ар­қау еткен екен. Режиссер: «Сіздер, жапон емес­сіздер, бұл пьесаны тү­сіну үшін жапон болып тууларыңыз керек» деп жауап берді. Сонда театр­та­ну­шы­лар­дың көпшілігі Азия театрлары өзде­рі­нің ұлттық шеңберінен шыға алмай жатыр де­ген пайым айтып жатты. Жасыратыны жоқ, егер Орталық Азия ел­­дерінің театрлары халықаралық өнер бай­қау­ларына қатысатын болса, еуро­па­лық­­тар олар­ға экзотика, тіпті тарихи экс­по­нат ретінде қа­райды. Себебі, «Тек қана фольклорлық шы­ғар­маларды сахналайды, ал қазіргі заманауи театр формаларына өре­­­сі де, кәсіби біліктілігі, шеберлігі де же­тіс­пейді» деген сыңаржақ пікірлерді талай естідім... Жарайды, олар айта берсін. Алайда заманауи кино мен теледидар көріп өскен жас көрер­мен­нің өзі сах­на­дағы найзаласу мен қылыштап өл­тіруге мүл­дем сенбейді. Сондықтан, та­ри­хи пьеса­лар­ды, миф пен эпосты қазіргі уақытпен үндес­тіріп, жаңаша «заманауи трак­товкамен» сөй­лету қажет. Бұл жерде ке­йіпкерлерді батысша «жалаңаштау», бол­ма­са тіпті ашық-шашық киін­діру туралы ай­тып тұрғаным жоқ. Сце­но­графия мен ре­жис­сурадағы, актер өне­рін­дегі қазіргі сах­на­ның неше бір образдық тілдерін айтып отырмын. Әйтпесе, өз жұрты­ның жауһар­ла­рын менсінбеу ұлттық сана деңгейі тө­мен «адамға» тән қасиет. Заңғар дра­матургтер Мұхаң, Ғабеңдердің кестелі тілін бұз­бай, жас көрермендердің рухани әле­міне сіңіру, классикалық шығармаларды қа­зір­гі заманғы трактовкамен сахналаудың фор­­­ма­ла­рын табу – менің де басты мақсатым. Се­бебі, «Көк­серек», «Қаралы сұлу», «Қа­ра­гөз» секілді ғажап дүниелер – күллі адам­зат­қа ортақ туындылар. Бүгінгі күннің үдесінен шықпаған театр – өлі театр. Біздің ұлтымыз баяғыда солай болмаған, Жібек пен Баян олай сөй­ле­ме­ген, бұлай демеген деген қатып қалған көз­қарастан арылу қажет. Театр – тірі организм. Өз­гермеу, жаңалыққа ұмтылмау – «өшу» деген сөзбен пара-пар. Кино мен теледидар дамыған заманда театр өнері дамымау керек пе?! Маған Қыз Жі­бек пен Баян эпостық жыр арқылы он­сыз да аян. Мен үшін маңыздысы – бүгінгі Жі­бек пен Баян. Қазір дәл осы уақытта олар не істеп жүр? Әрине, киім киісі, сөйлеу мә­нері, сөз саптауы, қимылы бәрі-бәрі бө­лек. Театрға бет алған жас көрермен шын­дық­ты, бүгінгі шындықты естігісі, көргісі ке­леді. Ал біз оларға өзіміз көрмеген, тек оқы­ған этно­гра­фиялық бағыттағы, бет-бей­не­сін шаң басқан, жаны өлген Қозы-Ба­ян­дар­ды көрсетеміз. Ұлт­тық рухымыз осы ма? Жас көрермен олардың бойынан өзде­рін­дегідей жастық жа­лынды, аяулы ар­ман­ды, үкілі үмітті көре алмаса не пайда? Дәстүрді сақтаудың өзге де жолдары бар. Меніңше, оларға ескірген рухани азық­ты ұсынудың қажеті жоқ. Алайда, сол дәс­түрге жаңаша реңк беруіміз керек. Өзі­ңіз ойла­ңыз­шы, өзіміз бабамыздың со­ғыс­та киген шекпенін киіп, көшеге шығар ма едік?! Егер оны кие қалсаңыз, жаны ашы­ған­дар ол киімді тездетіп мұражайға тап­сы­руға ақыл-кеңес берер еді. Ал театр му­зей­ге айналмауы тиіс! Ол күн сайын жа­ңа­ша лептегі рухани азық болуы шарт. Бү­гінгі Еңлік-Кебектерге ешкім сенбейді. Әри­не, мұражайды тамашалағандай, кө­рер­мен қол соғып отыруы мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, көпшілік: «Өмір олай емес, ол жай театр», – деп жатады. Неге? Театр бі­рін­ші кезекте өмір шындығын көрсетуі тиіс емес пе?! Театр реформаторы Вл.­И.Не­ми­ро­вич-Данченко айтқан үш шын­­дық бар. Олар: өмір шындығы, сахна шын­дығы және әлеу­меттік шындық. Осы үштаған әркез үйлесім табуы тиіс. Шығармашылық – жаңа идея, тосын ұсы­ныстар, штамптар мен қатып қалған сеңдерді бұзудан тұрады. Режиссер ретін­де­гі мақ­са­тым – қатып қалған стереотип­тер­ді бұзып, өнерде жаңа имидж қалып­тас­тыру. Театр – мен үшін, тек ұлттың салт-дәс­түрін көр­се­тетін мәдени ошақ емес. Театр бұл са­на­лар­дың қақтығысы, шын­дық­тың сахналық нұс­қасын айтатын – та­ным мен эстетика әлемі. Көрермен дең­ге­йін өсіру – біздің әртістік па­ры­зымыз. Қа­зақ көрермені тым әсершіл, кө­біне-көп теа­тр­ға егіліп жылап қайту үшін ғана келіп жа­тады. Тіпті залдан шыға сала: «Шір­кін, бү­гін армансыз жылап, рахат сезімге бө­леніп шықтым», – дейтінін қайтерсің. Мұн­­дай көрермендерді – өз басым дос деп қа­­былдай алмаймын. Бұл бәлкім, ре­жис­сер­лердің де кінәсінен болар. Мен көр­ер­мен­нің интеллектуалдық деңгейінің биік бол­ғанын қалаймын. Олардың дүние­та­ны­мы мен фи­ло­софиялық тағылымын ойлы қо­йылымдармен биік­тетуіміз қажет. Ал оны дәл бүгінгі күн­нен бастауымыз керек. Білім мен өнердің өзге салалары сияқ­ты қазақ театры да әлемдік стандарт талап­та­рына жауап бере алатын биік кәсіби дең­гей­ге жетуі керек. Ол үшін режиссер де, ак­тер де бә­секеге қабілетті болуы шарт. Бұл дегеніміз – театрды еуропаландыру деген сөз емес. Театр формаларының өзге­ру­ін бүгінгі уақыт талап етіп отыр. Мысалы, қазақ сахна өнеріндегі үйренуге тұрарлық тұлғаның бірі әрі бірегейі – Әзір­байжан Мәмбетов. Өт­кен ғасырдың 60-80 жыл­дар аралығын сын­шылар мен өнер­та­ну­шылар «қазақ теа­тры­ның алтын дәуірі» деп жиі айтады. Рас. Алай­да, методологиялық тұр­ғыдан алған­да, Мәмбетов режиссурасын кә­­сіби түрде тал­даған оқулық пен ғылыми кітап бізде әлі жазылған жоқ. Дәл қазір жазыла қо­юы да екіталай. Неге десеңіз, біздегі театр ме­то­дологиясы мүлдем дамымаған. Сон­дық­тан тек ауызекі әңгімелермен ғана шектеліп жүр­міз. Методология дегеніміз – ғы­лым­ның бас­қа да сан-салаларының дам­уы­мен өр­кен­деп отыратын, сондай-ақ, салыс­тыр­малы-ти­по­логиялық, тарихи-функ­цио­наль­дық, герменефтивтік, семонтикалық, антро­пологиялық секілді бес құрылымға ба­ғытталған ғылыми әдістемелік жүйелер жиын­тығы. Бұлардың барлығымен танысу үшін бізде кәсіби біліктілігі биік оқы­ту­шы­лар көп болуы қажет. Оны айтасыз, тіпті дәл қазіргі таңда театр өнерін­де тер төгіп жүрген Е.Обаев, Ж.Хаджиев, Б.­Ата­баев, Н.Жақыпбай, М.Ахманов, Ә.Ораз­беков, Қ.Қасымов режиссурасы туралы газет-жур­нал бетіндегі ақпараттық-танымдық тұр­ғы­­да­ғы мақалалардан басқа ештеңе жоқ. Олай болса, бүгінгі студент – ертеңгі театр ма­­ман­дарына өз ұлтымыздың кереметтерін қа­­лай танытпақпыз?! Театрға кәсіби сын керек. Сын болмаса, өнер ешқашан өспейді. Бүгінгі таңда тек өнер­ге емес, ұлтқа да сын керек. Қазаққа Абай сияқты сыншы керек. Театр сыны ту­ра­лы алысқа бармай-ақ, көршілес Ре­сей­дегі жағ­дайға тоқталғым келеді. Қазіргі орыс театр сыны кәсіби тұрғыда тамырын те­­реңге жа­йып, әбден жүйеленген. Тарихы, тео­риясы, әдістемесінің мықтап дамы­ға­нын бы­лай қойғанда, өз алдына жеке ілім ре­тінде қа­рас­тырылады. Оларда «Сыншы – су­реткер мен театрдың барометрі» деген қа­натты сөз де бар. Әрине, батыстағы театр сыны мүлдем бө­лек. Себебі, сыншы не жазса да оқыр­ман, тұ­тынушы үшін жазады. Сондықтан дра­матург, режиссер, актерлердің кәсіби өнер­дегі болашақ тағдыры кей кезде сын­шыларға да байланысты. Мысалы, әлемге та­нымал дра­матург Э.Олби туралы үлкен сын ма­қа­ланы «Нью-Йорк таймс» газетінде Фрэнк Райч жазды. Иә, батыста сын­шы­ның қатаң үкі­мінен ешкім де құтыла ал­май­ды. Тіпті Лоуренс Оливье болсаң да. Ай­тайын дегенім, Ф.Райчтың сын ма­қа­ла­сы арқылы Э.Олби әлем­дік деңгейдегі дра­ма­тургияға жолдама алған болатын. Әлемдегі бүгінгі қалыптасқан жүйе бо­йын­ша қазіргі қазақ театр сыны да екі ба­ғыт­та жұмыс істеуі керек. Біріншісі, театр­ға бү­кіл мәдениет құндылықтары арқылы ана­лиз жа­сап, оның даму процестері мен тен­ден­цияларын зерттейттін мәдени-та­ным­дық сын. Екіншісі, театрдың тыныс тір­шілігін са­ра­лайтын – журналистика сыны. Қазіргі қазақ театрының кәсіби сыны де­генде санаулы адамның есімі ғана ай­ты­лады. Со­ның бірі әрі бірегейі – Ә.Сығай бас­таған бі­рер адам. Сонда «театртану» ма­мандығы бо­йынша жыл сайын бітіріп жат­қан мамандар қайда орналасып жатыр? Ай­талық, Ресей ас­танасы Мәскеуде жүрген А.Бартошевич пен В.Силюнас, Щепкин атын­дағы театр инс­титутының, МХАТ мек­теп-студиясының ректоры Б.Любимов пен А.Смелянскийлер өз ше­берханасының тү­лектерін театрларға ор­на­ластырып жү­ре­ді. Бес жыл бойы оқытқан шәкіртінің теа­тр­дың әдебиет бөлімі мен жалпы театртану сала­сынан орнын тауып кетуіне жана­шыр­лықпен, кәсіби жауапкершілікпен қа­рай­тындығын көріп, еріксіз сүй­сі­несің. Бұл жас театртанушы-сыншыларға қа­тыс­ты әң­гіме. Болашақ режиссерлер мен әр­тіс­терге қа­тысты әңгіме бөлек мәселе. Бір ға­на Мәскеудің өзінде студенттер мен жас ре­жис­­серлердің ізденісін сарапқа салып, өне­рін шығармашылық ортаға таныстыратын он­шақты байқау бар. «Твой шанс», «По­диум» се­кілді фестиваль-байқаулардың бас­ты мақ­саты – Ресей театр өнеріндегі жа­ңа есімдерді ашу десем, Ресейдің басқа да аймақтарында дәл осындай ахуал. Ал Ре­сей театр қай­рат­кер­лер одағы маусым айы­ның аяғында «Тү­лектер кеші» атты шара өткізеді. Мақсат – жас мамандарға жолдама беру. Осылайша жас кадрлардың жұ­мыс­пен қамтамасыз етілуі, министрліктен бас­тап театр қайрат­кер­ле­рі одағында ба­рын­ша жүйеленген. Ал, Татарстандағы Қазан мемлекеттік өнер университеті – жаңадан диплом алып жат­қан түлектері мен елдегі жас режиссерлер ара­сында «Ремесло» атты рес­пуб­ли­калық жас­тар театр фестивалін өткізуді дәс­түрге айналдырған. Кеңестік дәуірде өнердің әр саласы бо­йын­ша шығармашылық одақтар жұмыс істеді. Олардың қандай мақсатпен құрылып, қай бағытты көздегендігі, қандай идеология үшін қыз­мет еткенін көзі қарақты кез кел­ген оқыр­ман жақсы біледі. Бір айтарым, сол Ресейдегі театр қайраткерлері ода­ғы­мен қоян-қолтық ара­ласып жұмыс жа­сау­ы­мыз керек. Қайтадан жан бітіп, жұмысы енді-енді жандана бас­та­ған Қазақстан театр қайраткерлері одағының ер­теңіне кү­дік­пен емес, үмітпен қарауымыз ке­рек. Ең бастысы, Т.Әл-Тарази төрағалық жа­сайтын сол шығармашылық одақ барлық сах­нагерлердің басын біріктіруге күш салса дейміз. Тағы бір айта кететін жайт, біздің еліміздегі өнер институттары мен ака­де­мия­лар­да­ғы болашақ театр әртістері мен режиссерлерін дайындау К.Станиславский әдісіне негізделген. Орыс топтарында оқитын студенттерге қиындық болмас, алайда қазақ бө­лі­мін­дегі студенттерге қиынның қиыны. Се­бе­бі, қа­зақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қа­сы. Елу­ін­ші жылдары қазақ тіліне ауда­рыл­ған К.Ста­нис­лавскийдің өмірбаяндық «Ме­нің өнердегі өмі­рім» кітабының тілі тіпті сын көтермейді. Актер шеберлігі бағы­тын­да тек профессор М.Байсеркеұлының «Сахна және актер» кі­табы ғана кәсіби дең­гейдегі оқулық болатын жал­ғыз дүние. Осы ретте оқулықтарды аудару жүйесін рет­теу де күн тәртібінде тұрған мә­селе. Елі­міздегі театр басшыларының кө­бінің мамандығы театр өнеріне үш қайнаса сор­па­сы қосылмайтын мамандар. Бәлкім, мамандығы басқа болғанмен, кейбірі өзде­рі­нің бірнеше жылдық жұмыс тәжіри­бе­ле­рі ар­қы­лы театрды өрге сүйреп келе жат­қан болар. Алайда бүгінгі театр индус­трия­сы бізден дең­гейі биік менеджментті талап етеді. Сондықтан ұлттық өнер ака­де­мия­сын­да театр менеджерлерін дайындау ісі ке­зек күт­тір­мейтін мәселе. Неге десеңіз, театр ин­дус­т­рия­сын толық меңгерген, ме­нед­жмент жұ­мы­сын еркін игерген, шет тілін білетін менед­жерлер – кез келген теа­тр­ды режиссермен біріге отырып әлемдік аре­наға алып шығара ала­ды. Алысқа бар­май-ақ, бұған Ресей театр өнер академиясы (ГИТИС) мен МХАТ сту­дия-мектебінің тәжірибесі соның айқын дә­лелі. Осы оқу орын­дары тек ТМД аумағында ғана емес, шет мемлекеттердің талайына театр менеджерлерін дайындап беріп отыр. Бұл ал­ғашқы мәселе. Сонымен бірге, театртану бөлімінде ау­дар­­машы мамандығын қоса дайындау керек. Себебі, драматургияны тәржімалау, әде­би ту­ын­дыларды сөйлетуден мүлдем бөлек. Қалай десек те бізде халықаралық дең­гей­дегі театр тарландарымен иық теңестіре ала­тын кәсіби өнер тұлғалары бар. Автор­лық режиссура туралы сөз қозғасақ, менің ойы­ма бел­гілі сахнагер Болат Атабаев ора­ла­ды. Қа­зір­гі заманғы театр режиссурасы бо­йынша «ха­лықаралық режиссерлер ла­бора­ториясын» ашып, режиссер Б.Ата­баев­қа қолдау білдіруге жоғары жақтағыларға кім кедергі болып отыр? Себебі, шет тілінде ер­кін сөйлейтін режиссер дәріс беріп қана қоймай, Қазақстанға, қазақ өнеріне шет елдегі жас мамандар назарын бұрар еді. Жалпы дәстүрлі драма өнерінен бөлек, театр педагогикасында К.С.Станиславский әді­­­сінен өзгеше, Қазақ елінде де заманауи пси­хо-физикалық театрлар жұмыс жасай ала­тындығын дәлелдеу менің заман­дас­та­рым­нан үлкен білім мен кәсіби шеберлікті ке­рек етеді. Ол үшін заманауи жаңа формалармен, әдіс-жүйелермен көп танысу керек. Қазақта заманауи драматургия жоқ деп ауыз­ды қу шөппен сүртуге болмайды. А.Сү­лей­меновтің драмалық дүниелері, сондай-ақ Д.Исабековтың «Әпке», «Тор», Ә.Таразидің «Күлмейтін комедия», Т.Әб­ді­ковтің «Біз үшеу едік», О.Бөкейдің «Құ­лыным менің», Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» секілді он­даған пьесалар форма, сюжеттік құрылым, авторлық стилистика тұрғысынан болсын қа­зіргі заманғы әлемдік драматургияның қа­тарынан қы­сыл­май орын алады. Бұл пье­са­ларды әлемдік театрлардың сахналауы үшін, кә­сіби тұрғыда ішкі мазмұнын, түрі мен та­ғылымын бұзбай шет тілдеріне аудару қажет. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қазақ театр өнеріне реформа жасау – кезек күт­тір­мейтін мәселе. Қазақ елінің өнері мен мә­де­ние­тін модернизациялай алатын мықты концепция қажет. Ол үшін – «Мәдениеттің инно­ва­циялық орталығы» секілді жоба ұсынар едім. Жоба құрылымын зерттеу мен сараптама жасау, мониторинг, реформа ісі, театр менеджменті, режиссура мен актер өнері, дра­ма­тургияны жетілдіру секілді өнердің сан түрлі кәсіби тетіктері құрайды. Екіншіден, Үкімет тарапынан қазақ театр өнерін дамытуға арналған мемлекеттік бағ­дар­лама қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қоса «Театр өнері туралы» ар­найы заң қабылдайтын да уақыт жетті. Се­бе­бі, облыстық, қалалық театрларды қайтадан Мәдениет министрлігінің қарамағына беріп, орталықтандырылған (қаржыландыру) жүйе­сін іске қосуды құқықтық тұрғыда реттей ала­тын заң тетіктері қажет. Үшіншіден, еуропалық білім стандарт­та­ры­на жауап беретін театр педагогикасын ретке келтіруіміз керек. Ең бастысы, методоло­гия­дан бастап, оқу бағдарламасын, әдіс-тә­сіл­дерін жүйелеп алуымыз шарт. Бұл орайда театр туралы оқулықтарды, теориялық және дра­матургиялық еңбектерді аудару жұмысы қолға алынуы маңызды. Төртіншіден, режиссерлер, актерлер, сце­нографтар, театртанушылар, менеджерлер се­кіл­ді театр мамандарын Еуропа елдерінде оқы­тып, кәсіби біліктілігін дамытудың ма­ңы­зы зор. Біліктілік көтерілмей, өз қа­занымызда өзіміз қайнасақ, талғам мен та­ғылым көк­жие­гінің биікке көтерілуі өте қиын. Бесіншіден, Қазақстан мен Орталық Азия мем­лекеттері – бас пәтері Парижде орна­лас­қан халықаралық театр инсти­ту­тына (ITI) мү­ше емес. Аталмыш ұйым – әр құрлықтағы елдердің театр өнерінің басын біріктіретін ста­тусы биік, ең басты халық­аралық орталық бо­лып табылады. ЮНЕСКО деңгейіндегі ұйымға мүше бол­мағанымыз, біздің қазақ театр өнерінің ха­лықаралық деңгейдегі ғылыми және шы­ғар­машылық процестерге арала­суы­мызға үлкен бөгет дер едім. Сондықтан, әлем­дік деңгейде өтіп жатқан симпозиум-фо­рум­дарға, семинарларға қатысу былай тұр­сын, студенттерді Еуропадағы жоғары оқу орын­дарына жіберу үшін біз қалайда ITI-ге мүше болуымыз керек. Сонда ғана әлемдік деңгейдегі абыройы биік Эдинбург, Авень­ион секілді театр фестивалдеріне қазақ театр­ларын қатыстыруға мүмкіндік туады. Әзірге қазақ театрының тарихында бұл өнер бай­қауларына ешбір ұжым қатысқан емес. Бұл қадамдардың жасалу жолында Мәдениет ми­нистрлігінің қолдауы ауадай қажет. Асхат МАЕМИРОВ, «Болашақ» бағдарламасының түлегі.