Азиада ойындары осыны анық байқатты
ЖАЛПЫ ЖАҒДАЙ
Азия халықтарының олимпиадасы аяғына жетті. Ең соңғы күнінде Қазақстан мен Солтүстік Корея әйелдер құрамасы волейболдан қола медаль үшін тартысқа түсіп, 3:0 есебімен біздің қыздар жеңіске жетті.
Қазақстан 18 алтын, 23 күміс, 38 қола медалімен 45 мемлекеттің ішінде 5-ші орынға табан тіреді. Біз межелеп барған төртінші орынға 20 алтын, 13 күміс, 25 қола медалімен Иран орнықты. Ал бірінші, екінші, үшінші орынға қалған 42 мемлекеттің әуелден таласы жоқ болатын. Өйткені, әлемдік бәсекеде экономикалық қуаты, саяси басымдылығы жөнінен көшбасшылыққа ие белді, беделді Қытай, Корея, Жапония мемлекеттерінің белінен ұстай қоятын қуатты елдер әзірше Азия құрлығында табылмайтыны анық.
Кей-кейде осындай алып мемлекеттердің өкшесін басып, Азияның қалған мемлекеттері ішінде 16 млн. халқымен көш бастап, төртінші орын үшін қидаласып жүрген Қазақстандікі нағыз ерлік екен-ау деп ойлайсың. Ерлік болғанда да жанкештілік!
Біз Азиада ойындары бастау алғаннан бері төртінші орынға үйреніп қалдық, өз меншігіміздей көреміз. Басқа мемлекеттер Қытай, Корея, Жапониядан кейінгі орын қазақтардікі ғой деп қойын құрттап, айранын ұрттап отыра беретіндей көреміз.
Осы қаншалықты қисынды?
Міне, Иран кірді додаға. Миллиардқа жуық халқы бар Үндістан 14 алтын, 17 күміс, 33 қола медалімен бізді өкшелеп келеді. Азиадаға 600-дей спортшы апарып, 67 медаль жинаған Тайланд бізге үнемі бұйыратыны жетінші орын екен деп мұрны пысылдап, жайымен жүре береді деп ойлайсыз ба?
Әрине, жоқ. Экономикалық әлеуеті өскен Азия мемлекеттерінің қай-қайсысы да төрттіктен үмітсіз емес. Осыдан оншақты жыл бұрын Қазақстан бокс құрамасы дүние жүзінде үштікке кіретін. Қазір Азия ойындарында үштікке кірсек тәубе деп шүкіршілік айтатын болдық. Гуанчжоуда боксшыларымыз өз міндеттемелерін артығымен орындады. Қазақ байрағын көтерген Серік Сәпиев пен жай оғындай жарқылдаған жас талант Данияр Елеусінов алтыннан алқа тақты. Бірінші орынды Қытай, екінші орынды Үндістан алды.
Республикалық олимпиада ізбасарларын даярлайтын колледждің директоры, ұлт жанашыры Амалбек Тшанов ағамыз Делиге барғанда бір көшенің бойынан 11 спорт кешенін көрдім деген. Яғни, Азияның басқа халықтары күн қызуына маужырап қалғып отырған жоқ. Оншақты жыл бұрын Кубаның маңдайалды алты бапкерін аттай қалап, құрамасының тағдырын қолына берген сол Үндістан бүгін ойлағанына жетіп келеді. Финалда осы елдің қаһарман ұлы екі дүркін әлем чемпионы, өзбек Аббос Атоевқа бір ұпай бермей таза жеңді. Енді Гуанчжоуда бокстан командалық есепте екінші орын алған, адам ресурсына бай үнді елі осы жетістігіне малданып отыра береді деу қиын.
ҚХР-дағы дүбірлі додада 476 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан осының 245-інде ғана таласқа түсті. Ал қалған 42 жиынтық медаль біздің елге бейтаныс болғандықтан ол өзге мемлекеттердің қызығына айналды.
Қазақстан Гуанчжоуда бесінші орын алғанымен, медальдар жиынтығы бойынша төртінші орында. Ал, Иран медальдар саны жөнінен жетінші орында. Осының бәрін сараптан өткізсең, Қазақстан анау айтқандай өз биігінен төмендеген жоқ. Қазақ байрағы желбіреп барып желбіреп қайтты. Бірақ, алқынып-аласұрған мына заманда осыған шүкіршілік айтып отыра беруге бола ма? Әрине, жоқ.
Қазақстан спортшылары Азиада ойындарына өсіп келе ме, әлде төмендеп келе ме? Ол үшін тарихи фактілерге жүгінейік.
АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ: АЛТЫНДАР АЗАЙЫП КЕЛЕДІ
Қазақстан Азия ойындарына 1994 жылдан бастап қатыса бастады. Жапонияның Хиросима қаласында өткен додаға тәуелсіз жас еліміз 210 спортшы апарып, 25 алтын, 28 күміс және 26 қола медаль жеңіп алды да 77 медалімен 4-ші орынға шықты. Бұл – Кеңес империясының бұғауын үзіп, өз тізгінін өз қолына алған мемлекет үшін керемет жетістік еді. Азияның бар елі бір бүйірден тиген адуынды Қазақстанға қызығып та, қызғанып та қараған болатын сол кезде.
1998 жылы Тайландта өткен Азиада ойындарында 335 спортшы апарған Қазақстан 24 алтын, 24 күміс, 30 қола медальмен жалпы есепте 5-ші орынға шықты. Дүбірлі жарыстың Бангкокте өтіп жатқанын пайдаланып, өз ұлттық ойындарын кіргізіп үлгерген Тайланд біздің елмен бірдей алтын жинағанымен күмісінің есебінен алға шығып кетті.
2002 жылы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Азия ойындарына 260 атлет апардық. Бұл жолы 20 алтын, 26 күміс, 30 қола медальмен 4-ші орнымызды өзімізге қайтарып алдық. Ал, 2006 жылы Дохадағы Азия ойындарында Қазақстан 328 спортшы апарып, 86 медаль жинап қайтты. Оның 23-і алтын, 20-ы күміс, 42-і қола жүлде болатын. Катарда еліміз Қытай, Корея, Жапония мемлекеттерінен кейінгі 4-ші орнына ешкімнің иегін қышытқан жоқ. Өзінен кейін келе жатқан Тайландтан 10 алтын медаль артық алған болатын. Дохада мергендеріміз 5, жеңіл атлетика 4, байдарка және каноэ есуден 2, көркем гимнастикадан 2, ауыр атлетикадан 2, күрестен 1, каратэден 1, шахматтан 1, нысана көздеуден 1, жүзуден 1, бокстан 1 және триатлоннан 1 алтын алған.
Ал, Гуанчжоуда қалай болды?
Мергендеріміз Дохадағы 4 алтынының 1-ін ғана алды. Ескек есуден 2 алтын жоғалттық. Шахмат, нысана көздеу, жүзу, велоспорт, триатлоннан алған алтындарымыздың шаңын да көрмедік. Құдай қолдағанда, әу бастағы есепте жоқ 3 алтын (жеңіл атлетика мен каратэден) қосылып, жағдайымызды түзеп алдық. Бұлар болмағанда “қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің” дегеннің кері болар еді.
ҚАЙ ЖЕРДЕН ҚАТЕЛІК ЖІБЕРДІК?!
Әсілінде, ақыл айту оңай. Біздікі құрғақ сөз емес, ой қосу. Ортақ іске жанашырлық. Ең алдымен, аймақтардағы спорт ахуалын министрлік өз бақылауына алу керек деп ойлаймыз. Облыс әкімдерінің кейбіреулері спорт пен туризмді атқа салған жабудай көретіндері бар. Басшылыққа шапқанға жеңіл атқосшыларын тағайындай салады.
Облыс қаржы бөліп жатса, әкім өз қалтасынан шығарып жатқан жоқ, мемлекет бөлген ақша ол. Неге қаржы босқа ысырап болу керек. Қараңыз. Аймақтар бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы 5 алтын, Алматы қаласы, Алматы облысы және Астана 3 алтыннан алды. Қарағанды облысының еншісінде 2 алтын. Бір-бір алтынды Қызылорда және Ақтөбе облыстары әперді. Сонда басқа өңірлердегі спорт басқармалары бастықтарында жауапкершілік жоқ па? Жұмсалған қаржының қайтарымы қайда?
Футбол – ең көрермені көп спорт түрі. Облыс әкімдерінің кейбірі олимпиадалық спорт түрлерін бір шетке жиып қойып, осы ойынның күйін күйттейтін болды. Шетелден өзіне керек болмай, есік көзінде қалған легионерлерді сатып алып әлек. Нұрбол Жұмасқалиев сынды намысқой, жанын салып ойнайтын бірді-екілі футболшылар болмаса Қазақстан футбол құрамасы Еуропа футболы үшін Андорра секілді екінші, үшінші құрамамен ойнап ұтуға болатын командалар санатына кірді. Ал, осы ортаңқол футболшылардың табысы біздің спорт олимпиада ойындарында бәске қоятын қаһарман саңлақтарымыздың түсіне де кірмейді. “Мен Қазақстан намысы үшін кез келген команданы жыртамын”, деген Самат Смақовтың сөзі жоғары пафоста болғанымен, делебе қоздыратын қызыл сөз ғана болып тұр. Әкімдер өзгені жыртатын емес өзі жыртылып жүрген футболға көмектеспесін демейміз, бірақ, олимпиадалық спорт түрлерін бірінші кезекте ойласын дейміз. Жалпы, аймақтағы спорт басшыларын тағайындауды облыс құзырынан алып, Спорт және туризм министрлігіне беретін мезгіл әлдеқашан жетті.
Сосын, спорт мектептерінің басшылары көбі таланттарды іздеуде оның түбін түсіріп айналыспайды. Барының өзін бағалауға құлықсыз. Бір мысал айтайық. Балуан Марат Кәрішалов (55 кг) ең бірінші кездесуін атақты жапон Кохей Хасегавумен өткізіп жеңіліп қалды. Жас балуан үшін алғашқы ірі старт ауырға соққан. Бірақ, Марат қайратына мінді. Тайланд балуанының екі аяғын бір етікке тықты. Қола медаль үшін айқаста 5 дүркін әлем чемпионы, Азияның алды иран Хамид Суриянмен белдесіп, екі кезеңде атақты балуанға соқыр ұпай ұстатпады. Кейін интервью алдық. Ұяң жігіт. Бес дүркін әлем чемпионының мысын басқан қазақ балуаны бертінге дейін спорт мектебінен 16 мың теңге стипендия алып келіпті. Үйленген, бір баласы бар отбасыға бұл қаржы не болады. Оның үстіне пәтер жалдап тұрса...
– Спорттан кеткім келді, – дейді Марат. – Арба сүйреп базар жағаласам да әжептәуір ақша табам ғой. Сөйтіп жүргенде облыстық спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаев шақырды. Жағдайымды сұрады. Пәтерақымды төлеуге уәде берді. Стипендиямды көтерді. Енді тағы көтеретін шығар, ә, аға?
Қырық мың теңгеге жетпейтін жалақы алып келген Марат Кәрішалов жөнінде Болат Қырықбаевпен сөйлескенбіз. Енді жігіттің жағдайы жақсы болады.
Әйтсе де осындайда сұрақ туады. Қазақстан чемпионы, талантты балуан Марат Кәрішалов спорттан кеткенде не болатын еді. Екінші Кәрішаловты дайындауға қанша уақыт, қанша қаражат керек? Спорт мектептері басшыларының немқұрайдылығынан, жақсы мен жасықты айыра білмейтіндігінен қаншама Кәрішаловтардан айырылып қалдық? Атын айтпай-ақ қоялық, облыстан, республикадан ай сайын екі-үш жүз мыңға жуық ақша алып отырып, қарсыласының бір қаққанынан тырапай асқан балуандар кімнің шікірасы?
Грек-рим күресінде Нұрбақыт Теңізбаев, Дархан Баяхметов және Әсет Мәмбетов алтынға таласуға қабілетті жігіттер еді. Осы азаматтар салғаннан шаршады да қалды.
Бұл бас бапкер Мұрат Қасымханов бастаған бапкерлер кеңесінің ойласатын мәселесі. Дзюдо жайын айтқанбыз. Әдіс-айласы түгел балуанда қарсыласының мысын басатын жауынгерлік рух болады. Ол Отанына деген құрметтен, патриотизмнен туады. Соны көрмедік.
Қай спортшыға да спорттық шеберліктен бөлек, білім, білік керек. Онсыз ұзаққа шаппайсың.
Кавказдың алақандай ауылдарының жігіттері әлемнің бар түпкірінде белдесіп, сол мемлекетке бедел әкеліп жатады. Бір Бувайсар Сайтиев Олимпиада ойындарының үш мәрте жеңімпазы болды. Әлем, Еуропада алған атақтарында есеп жоқ. Себебі, Бувайсар қайда жүрсе де өз шыққан тегінен тамыр үзген емес. Халқын мақтаныш етеді. Ұлтының намысы үшін от пен суға түсуге дайын. Жаманға былғанбайды. Бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, бір Алладан мінәжат тілеп жүріп-ақ биігіне жеткен азамат.
Ұлт, мемлекет намысын биік қойған жігітте қайрат көп. Ал, ол біліммен келеді. Біздің бапкерлердің ақсап жүрген жері осы.
ОЙЛАҒАНЫ... ӨЗ ЖҮЛДЕЛЕРІ
Екі қыр астында – Лондон олимпиадасы. Жарыстан жарысқа қатыстырып, бар жағдайын жасап жүрген мергендерімізге осы Гуанчжоу сапары ащы сабақ болса керек.
Стендалық ату – Азиадада ең сәтсіз өнер көрсетті. Шымкенттегі нысана көздеу мектебінен республикалық олимпиадашылар даярлау орталығы басшысына жоғарылатылған Олег Почивалов Гуанчжоуға оншақты мерген ертіп барып, қоржындары бос қайтты. Барам деген жеріне барған, алам деген қаржысын алған осы жігіт алтын аламыз деп уәде беріп еді. Бос сөз болып шықты. Алтын түгілі қоланың жалынан ұстай алған жоқ. Өзі республикаға жоғарылатылса да Шымкенттегі мектепке басшылыққа жақынын тыққыштаған, екі-үш қабат жекеменшік дүкенін спорт жабдықтарымен толтырған пысық Олег мемлекет намысы мен өз қамын алмастырып алған секілді. Министрлік мұндай пиғылдағы спорт басшыларының әрекетінен қорытынды шығаруға тиіс.
СПОРТ КЕШЕНДЕРІ ЖЕТІСПЕЙДІ
Бұл – шындық. Оңтүстікпен көрші болған соң Ташкентке жол түсіп тұрады. Айтулы спорт кешендерін көріп, ауызыңның суы құриды. Өзбекстан спортқа ақшаны есеппен салып жатыр. Соңғы он жылда жарысқа аз шыққан болар, шетелде оқу-жаттығу жиынын бізге қарағанда аз өткізген шығар, бірақ болашаққа керегін қазір сайлап алуда.
Мысал керек пе, айтайық. Гуанчжоуда байдарка мен каноэ есуден Өзбекстан жігіттері бір күнде 3 алтын алды. Бір жыл бұрын Иранда өткен Азия чемпионатында алтындарды қидай сыпырған, әлемде өзіндік орны бар біздің ескек есушілерге бір алтын да бұйырмады. Себебі, Ташкентте ескек есуге арнап салынған жеке канал бар. Екіншісін Самарқандта салдырып жатыр. Біз өз буымызға пісіп жүргенде жан-жағы сайлы Өзбекстан қай олимпиаданың да алтынына қол созуды ойластыруда.
– Біздің жігіттер осал деп айта алмаймын, – дейді ескек есуден аға бапкер Сергей Строков. – Арнайы салынған каналымыз болса алтынды біз де ала аламыз.
Оның айтуынша, арнайы канал белгілі бір қашықтықта спортшының қандай деңгейде келе жатқанын анықтайды. Спортшы орта тұсында не соңғы қашықтықта есуін сәл бәсеңдетуі мүмкін. Бұл оның пайдаланбай қалған ресурстары. Білікті бапкер мұндайда шеберлікті көтеру жаттығуларын қосады. Ағзасына керектісін береді.
– Ал біздің Ташкенттегі спорт кешендеріне барғымыз келмей қалды, – дейді көркем гимнастикадан мемлекеттік жаттықтырушы Екатерина Панченко. – Қазақстанның көркем гимнастикасының әлемде өз орны бар, Азияда көшбасшы бола жүріп арнаулы спорт кешеніміз жоқ. Ташкентке барсақ, бізге білдіртпеуге тырысқанымен біздің жаттығуымызды қатты қадағалайды.
Панченконы да түсінуге болар. Гуанчжоуда Өзбекстан гимнасшылары командалық та, жеке сында да Қазақстанды өкшелеп, екінші орын алды. Сондықтан, сырын алдырғысы келмес.
ЖАНКЕШТІЛІК
Гуанчжоуда спортшыларымыз жаман өнер көрсеткен жоқ дедік. Ауыр атлеттеріміз, боксшыларымыз, көркем гимнастарымыз, жеңіл атлеттеріміз Азияның көзқұрты болды. 39 жастағы триатлоншы Дмитрий Гаагтың қола медаль алғанының өзі неге тұрады. Саңлақтарымыз әр медаль үшін жанкешті айқасқа түсті. Лайықты спорт қондырғылары, талапқа сай спорт кешендері жоқ болса да.
Гуанчжоудың ащы сабақтары біз немқұрайды қарап келген кейбір мәселелерге басқаша көзқарас керектігін аңғартқандай. Мәселен, Иран 7 алтынды күрестен, 3 алтынды таэквондодан, 2 алтынды жеңіл атлетикадан алды. Бұл – олимпиадалық ойындар тізіміндегі спорт түрлері.
Бізге ең сенімдісі ауыр атлеттеріміз болып тұр. Бокстан бұйырса екеу, кейде жалқы болса да алтын алатынымызды білеміз. Балуандарымызда Бувайсар Сайтиев, өзбекстандық Артур Таймазов секілді анық серкелер жоқ. Ұжымдық ойын түрлерінен Азиада болмаса Олимпиадада медаль ұстатпайды.
Сонда біздің басымдылықтарымыз қандай спорт түрлерінде болуы керек? Ауыр атлеттер мен бокс аздық етпей ме?
Бар спортты қатар алып жүру – аққу көкке, шортан көлге тартқанмен бірдей. Энвер Түркелери секілді ақылман кеңесшілері бар спорт түрлеріне шылбыр салып, биікке көтеруіміз керек. Өзіміздікін дайындауды қиынсынып, көрші елдердің дайын спортшыларын сұрағанын беріп, жарысқа салуға болмайды. Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлуын қоймайды. Велошабандоз испан Альберто Кантодордың қазақтың 5 млн. долларын алып, қыр асқанын неге ұмытамыз?
Аз айттық. Көп айттық. Темірхан Досмұхамбетов мырза қаперіне алса, кәдесіне жаратса бізге одан артық ештеңенің қажеті жоқ. Серкелікке ұмтылып жатқан өзге мемлекеттердің алдында болу үшін осындай ойласулар керек. Үлкен спортқа үлкен реформа қажет. Кейін кеш болмау, бармақ тістемеу үшін.
Біздікі, қазақ байрағы биігінен төмендемесін деген ниет қой.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.