07 Желтоқсан, 2010

Астана. Саммит. Салтанат

409 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мінін емес, мықтылығын осы елдің Адамзатқа ұғындыру – ұлы арман! Сен қазақсың, Ғарышкерсің жаны аспан, Адамзаттық ізгілікке жол ашқан. Төрге лайық марқасқасың, мықтысың, Төрткүл дүние саясатта санасқан. Автор * * * Кеңес кезі. Айлықпен жан бағасың, Шетке шықпай, шектеліп, алданасың. Шет елдерден ең алғаш барған елім – Араб елі. Байырғы Шам қаласы. Келген соң еркін елге, өрелі елге, Қызығып мол мүлікке, қолөнерге. Жүгіріп дүкендерден дүкендерге, Таң қалдық жалт-жұлт еткен сөрелерге. Келе алмай онда имани ниетке анық, Зат қарап, дым көрмеген сияқтанып. Сұрасақ, сатушыдан ишарамен, «Russian? Русь?» – дейді иек қағып. Тигендей қара бүйі демде бізге, Ыза боп сол сұраққа, сол лебізге. «Қазақпыз, Қазақстан... қазақпыз!» – деп, Қоямыз қолымызды кеудемізге. Салып сәл көздерінің қиықтарын, Алды да тауарының жиып бәрін, Біз жайлы естімеген арабтарың, Көтерді қиқаңдатып иықтарын. Кеудеңде жаның болса, шыдайсың ба? Салған соң тағдырыңды Құдай сынға. Ұлтыңды танымайды үлкен елдер, Қорлық қой. Құлайсың ба, жылайсың ба? Қалдырып жылдар өтті ізін керім, Ілінді азат деген тізімге Елім. Оқуын алыс жақта жалғау үшін Аттанды Нью-Йоркке қызым менің. Айтса да елін, жерін... бәрін нақты, Қазақты білетін жан табылмапты. «Japan, Japan? Жапан?» – деп жат елдіктер, Өздерінше қызымды қабылдапты. Көңілім болмашы деп текке күпті, Қызымыз іштей күйіп, кектеніпті. Қазақтың бет-бейнесін тірі жүрсем, Әлемге танытам деп серт беріпті. Жаһанды көру бізге – бүгін де арман, Жақсыны көрсем деген ұғым қалған. Жаңадан Тәуелсіздік алған кезде, Еуропа елдеріне ұлым барған. Жері бар ұлан-ғайыр, мол несібе, Қазақ деген ала алмай Елді есіне. «China, China, Китай?» – деп ұлымды да, Ұқсатыпты басқа елдің пендесіне. Біраз көріп қайтса да кең ғаламды, «Қара қытай» атанып елге оралды. Ызаланды. «Бір мықты ел болсақ қой!» – деп, «Боламыз!» – деп қоштадым мен баламды. Тозбайтын құндылықты құт санаймыз, Көнбейміз біреу қарсы шықса, оңай біз! Түріміз, тілімізбен, дінімізбен Дарамыз. Ешкімге де ұқсамаймыз! Даладай дархан жомарт жанымыз бар, Заңғардай самғау биік әніміз бар. Қызы ару, жігіттері өңкей сұлтан, Қазақтың тектілігін таныңыздар! Құс мінез, қыран тектес нар жігіттер, Ғажайып болашақтан мәңгі үміткер. Бөріктері бұлғын мен құндыз, сусар, Көліктері жел қанат сәйгүліктер! Осы елдің асқақтайды ұлы арманы, Болмасын бұған енді күмәндары. Алыңдар асқар, асу биіктікті, Ей, менің саңқылдаған қырандарым! Азаттықты Алланың өзі берді, Қазақтың да танылар кезі келді! Аз жылда атқарылған ұлы істерді, Әр елден келгендердің көзі көрді. Ұлтым мықты өзінің ұлы Елінде, Бейбіт болса, болғаны үнемі ірге. Адами ізгіліктің туын тігіп, Тұрамыз Еуразия жүрегінде. Нұраға! Ел мүддесін дәл ұқтыңыз, Күрмеуін күрделінің ағыттыңыз. Қазақты, Қазақстан деген елді Жаһанға жарқыратып таныттыңыз! Алғырмыз, асылзада, таланттымыз, Ашамыз әппақ таза парақты біз. Сіз бүгін даналықпен, батырлықпен, Әлемді Астанаға қараттыңыз! ...Кешегі тар дүние кеңіп қалды-ау, Өз еркінде жолыңды толық таңдау. Астанаға әлемнің ақсұңқардай, Ең мықты ұшақтары келіп қонды-ау! Киелі даламызға байырғы ұлы, Келіпті кемеңгерлер ойы үлгілі. Күткеннен асып түсті Астананың, Аса зор салтанатты дайындығы! Өз елін Ер Нұрсұлтан дамытқан деп, Бұл күнде мойындаған халықтар көп. Саясатқа қырағы қазағым-ай, Сәбиіне ат қойған Саммитхан деп. Қызымын мен қазақтың өр намысты, Өлең жазған толқынды, толғанысты. Ұлы анамыз көтерген Күн астында, Жүрегіне жерік боп жолбарыстың! Айтса жұрт, көзі көрген анықты айтсын, Кең пейіл, кемел ойлы халықты айтсын. Әлемнің өкілдері қазақ деген, Ұлы елдің ұл-қыздарын танып қайтсын! Достыққа етпейді екен жол алыстық, Достарға Астананың бораны ыстық. Біз бүгін мәртебелі көсемдермен, Төсінде Сарыарқаның қол алыстық. Тәуелсізбіз, көнбейміз мұңға аса біз, Күн боп күліп, Аймен де сырласамыз. Күллі әлемге қазақты таныстырған, Көшбасшы – Президент, мың жасаңыз! Ашылған Күнге түгел түңліктер шын, Бүгінгі жиылысты құрлық көрсін. Қазаққа бақ пен дәулет берген Алла, Ырысты ынтымақ пен бірлік берсін! От ұшып өлеңімнің өрімінен, Шықсам деп Отанымның сенімінен. Саммитке сәттіліктер тіледім мен, Жайқалған Жамбыл, Тараз өңірінен! Күләш АХМЕТОВА, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын.