Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, талқылауға және алдағы кезеңге қойылған басым міндеттерді пысықтауға арналған Бас прокуратура алқасының кеңейтілген отырысы болып өтті.
Прокуратура Мемлекет басшысының ұйымдасқан қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға, азаматтардың және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, экология саласындағы құқықтық проблемаларды шешуге бағытталған және көптеген басқа да тапсырмаларын жүзеге асыруда белсенді жұмыс атқарды. Кадрлардың біліктілігін арттыру, тұтастай алғанда, қадағалау қызметін жетілдіру жөніндегі шараларға ерекше назар аударылды.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы жүйелі жұмыс бұрынғыдай негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Прокурорлар қабылдаған шаралар нәтижесінде 552 мың заң бұзушылық анықталды, 685 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды. 8 млрд. теңгеден астам сома болатын жалақы төлемі бойынша берешектер өтелді. 50 млрд. теңгеден астам сома болатын зиян өтеліп, оның ішінде 38 млрд. теңгеден астамы мемлекеттік бюджетке қайтарылды. 50 мың заңсыз құқықтық актілердің күші жойылды.
Прокуратура органдарының алдағы жылы жүргізетін жұмыстары қылмыстың алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шараларды, азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің құқықтары мен мүдделерін жоғары тиімділікпен қорғау жөніндегі шараларды күшейтуге бағытталатын болады, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.