07 Желтоқсан, 2010

Атқарылған міндеттер ауқымы кең

502 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Ж.Кәрібжановтың жетекшілігімен өткен кешегі Үкімет сағатында Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиевтің «Ақпараттық-коммуникациялық тех­но­ло­гияларды дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдар­ламасы» атты баяндамасы тыңдалды. Аталған салалық бағдарла­ма­да коммуникациялық инфрақұры­лым­ды жаңарту, сандық телерадио хабарларын тарату, АҚТ сала­сында білім беруді, жоғары тех­но­логиялық жабдықтың отандық өндірісін, Қазнет пен ақпараттық-технологиялық қызметтер секто­рын дамыту, бағдарламалық қам­та­масыз етуді әзірлеу, элек­трон­дық қызметтерді және элек­трон­дық үкіметті жетілдіру мәселе­ле­рі толық қамтылған. Осы ретте ми­нистр Асқар Жұмағалиев бы­лай деді: «Бағдарламаның негізгі мақсаты – еліміздің ақпараттық қоғамға және инновациялық эко­но­микаға көшуі үшін елімізде ақ­па­раттық коммуникациялық са­ла­ны дамытудың тетіктері мен жағ­дай­ын қалыптастыру». Оның мә­ліметіне қарағанда, 2012 жылы 100 мемлекеттік электрондық қыз­мет түрі автоматтандырылуы тиіс. Ағымдағы жылдың аяғына таман порталда 74 интерактивті және 1000 ақпараттық қызмет пен сервистер ұсынылады. Ал әзірге тұрғындар «Электрондық үкімет» порталы арқылы жылжымайтын мүлік пен зейнетақы туралы анық­таманы және ӘЖК-тың тел көшірмесін  ала алады. Министр­лік сондай-ақ желтоқсан айы ішін­де жергілікті мемлекеттік ор­гандар­дың электрондық жаңа 20 қызметін іске қосуды жоспарлап отыр. Қазір бұл үшін Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Атырау және Павлодар облыстары қанатқақты аймақтар ретінде таңдалып алынған. «Электрондық үкімет» қызметі­не қызығушылық та арта түскені тілге тиек етілді. Үстіміздегі жыл­дың 25 қазанына қараған күні мил­лионыншы электрондық анық­тама берілсе, араға бір ай салып ол сан 1320000 жеткен. Осы ретте «www.egov.kz» сайтына кірушілер саны да артып, күніне 10500 адам тіркелері мәлім болып отыр. Министр оның себебін кеңжо­лақ­ты интернет желісін пайдалану­шы­лар санының артуымен түсін­діреді. Интернетті пайдаланушы қала тұрғындарының саны 25 пай­ыздан (2009 жыл) 37 пайызға өскен. Сымсыз желіге қосылудың WLL CDMA 450 MГц техноло­гия­лары арқылы телекоммуника­ция­лық желі құрылысының жұ­мысы жалғасуда. Бұл өз кезегінде 2012 жылы ауылдық аумақтарды да кең жолақты интернетпен қам­та­масыз етуге мүмкіндік береді. Электрондық коммерцияны да­мы­ту үшін министрлік эквайринг­тік жүйе құру және электрондық ақша туралы заңды қабылдау мәселесін қарастыруды ұсынып отыр. Бұдан басқа Қазнеттегі контент саны да арта түскен. Сондай-ақ желіде сақтау, мұрағат қор­ла­рын цифрлау қолға алынып, мемлекеттік тілді дамытуға арналған арнайы портал құрылады, ал отан­дық бұқаралық ақпарат құ­ралдары сайттарының саны ар­татын болады. Аймақтық телеар­на­ларды ауылдық жерлерге жеткізу мақсатында интернет-телевизия құрылатыны да назардан тыс қалған жоқ. Министр Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес үстіміздегі айда қазақстан­дық сандық  телехабар тарату тестілік режімде іске қосыларын ерек­ше атап өтті. Егер аталған жүйе іске қосылса, онда ол елі­міздің алыс елді мекендерін де қам­титын болады. Осылайша 2015 жылы еліміз тұрғын­дары­ның 95 пайызын сандық телевизиямен қамту жос­парланыпты, ал әзірге келесі жылы Қарағанды облысында ол сынақ түрінде жүзеге аса бас­тай­ды. Осы орайда Асқар Жұма­ға­лиев «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасын қа­был­дау қажеттігін алға тарта отырып, онда отандық телеарналарды да­мыту, мемлекеттік тілдің эфирдегі ұстанымын нығайту, бірыңғай техникалық та­лаптарды қалып­тас­тыру қажетті­гі­не ерекше тоқ­талды. Сонымен қатар тақы­рып­тық телеарналар ашу («Балапан» – 2010, «Мә­де­ниет – 2011» және «Білім арнасы – 2012») мәсе­ле­сіне де ден қойы­латын болады, ал интернет-ре­сурс­тарын модернизациялау және онлайн тәртібінде хабар тарату да назардан тыс қал­майды. Министр жоғары техно­логиялық жабдық­тың отандық өндірісін дамыту, бағ­дарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және ақпараттық-техно­ло­гия қызмет­тер секторын дамыту жайына да кеңінен тоқталды. Жақында өңірлерге барып келген депутаттардың да сұрақтары аз болған жоқ. Сандық телехабар таратуға дайындық бойынша он облыстық әкімдікпен меморан­дум­ға қол қойылып, еліміз аума­ғын толық қамту жұмыстары жал­ғасуда. Оған отандық өнім шығаратын компаниялар да тар­ты­лады. Тағы бір белгілі болғаны, интернет магазиндерден сатқан немесе сатып алынған тауарлар Қазпошта арқылы жеткізіліп беріледі. Алайда сатушы мен алу­шы­ның құқықтары Азаматтық кодексте көрініс табуы тиіс. Басы­лым­дар бояуы мен қағазы сапасының төмендігіне байланысты сұраққа министр егер оны жақсартар бол­сақ, онда өнім бағасы 2-2,5 есеге өсіп кетерін айтып, қазіргі таңда сол басылым сайттары жетілдіріліп жатқанын алға тартты. Министрлік өз тарапынан техника­лық, хостингтік және өзге де қолдаулар білдіретін болады. Со­нымен қатар Асқар Қуанышұлы отандық жоғары технологиялы өнім шығаратын кәсіпорындарды қолдау үшін олардың өнімдерін мемлекеттік органдар мен мемлекеттік компаниялар үшін сатып алу көзделіп отырғандығымен бөлісті. Мысалы, келесі жылы құны 1 миллиард 400 мың теңге тұратын 10 мың компьютер сатып алынады деп күтілуде. Ауылдық жерлерге 1800 ІТ маманының жет­пей жатқандығын тілге тиек еткен министр бұл үшін үш колледж ашылатынын, сонымен қатар жоғары оқу орындарында осы ма­мандыққа грант санын көбейту мә­селесі Білім және ғылым министрлігімен келісілгендігін жеткізді. Аталған министрлік элек­трон­дық оқулыққа 220 миллиард теңге қарастырғаны да белгілі болып отыр. Әсіресе, балалар оқу­лығын әзірлеу барысы өткір қойылды. Әлемде «Гарри Поттерді» әркім өз тілдерінде оқып жатса, қазақ балалары мұндайдан мақұрым қалып қой­ған. Депутат Г.Исімбаеваның осы бір өзекті мә­селесіне жауабында министр Аудармашылар орталы­ғын ашу тұ­жырымының әзірленіп қойыл­ған­дығынан хабардар етті. Соны­­мен қатар, халыққа қызмет көр­се­ту орталығының жұмысы туралы да айтылмай қалмады. Министр өткен жылы 5 миллион 600 мың анықтама  беру үшін азаматтардан 76 миллион анық­таманың  жи­­налғандығын мысал ретінде кел­тірді. Сондықтан мемлекеттік органдармен бірлесе ақпараттық жүйе ойластырылып, келесі жыл­дан 15 миллион анықтама жинақ­тау жойылады. Мәліметтер база­сы­ның интегра­ция­лануынан мемлекеттік органдар жұмысы әлде­қайда жеңіл­детілетін болады. Үкімет сағатын жүргізген Мә­жіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов еліміздің ақ­парат кеңістігінің бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру және шетелдік телебағдарламаларға көрермен­дері­міздің тәуелділігін азайту, шал­ғай ауылдық жерлердің бүгін­гі күнге дейін телефон желілеріне қол жетпеуі және отандық теледидар, телехабардың жеткілікті бармауы толғандырады дегенді нық­тап айтты.  Аталған салаға жыл сайын мемлекет тарапынан қо­мақты бюджет қаражаты бө­лінуде. Сол бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы, әсіресе, ауыл тұрғындарының өзекті мәсе­ле­лерін шешуге бағытталуы барлығымыз үшін дұрыс болар еді.  Жергілікті елді мекендердің мұқтажы мен қажеттілігіне назар аударылғаны жөн. Ж.Кәрібжанов осы ойларды айта келіп: «Сон­дық­тан да депутаттар көтерген мә­селелерге тікелей көңіл бөліп, ше­шімдерін табуға тілек білдіреміз», деп Үкімет сағатын қорытты. Қорытындысында депутаттар мемлекеттік тілдегі бағдарлама­лар­ды сапалы мазмұнмен толық­тыра отырып, бюджет қаражаты­ның тиімді пайдаланылуына ба­қы­лауды күшейту,   шетелдік те­ле­бағдар­лама­лар мен радио­бағ­дар­ламаларға тәуелділікті  азайту және «Телерадио хабарлары тура­лы» заң жо­басын әзірлеу туралы нақты ұсы­ныстар айтты. Енді бұл ұсыныстар Үкіметке жіберілетін болды. Жалпы алғанда, депутаттар министрдің есебіне өте жоғары баға берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.