08 Желтоқсан, 2010

Баспасөз-2011

447 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Заманмен үндес заңғар басылым

ТҰҒЫРЫ – БИІК  МЕРЕЙІ – ҮСТЕМ

«Газет – күнделікті өмір айнасы» деген қанатты сөздің растығын еліміздің бас ба­сылы­мы «Егемен Қазақстан» газетінен айқын көруге болады. Оның қай айдарын алсаңыз да тағы­лымы жоғары, тақырыптарының өзек­тілігі сайрап тұр. Ізденіске толы газет ұжы­мында күн­делікті қандай шаруалар атқары­ла­тынынан, газет қызметкерлерінің шығарма­шы­лық жұмыстары­ның қалайша жүзеге асы­ры­лып жатқанынан, әри­не, бейхабармыз. Әй­теуір келесі күнгі әп-әдемі, жинақы материалдардан тұратын, қоғам­ға тұшымды ой тас­тайтын, адамның қызығу­шы­лығын оята­тын, мазмұны мен сөздері ерек­ше үйлесім тауып отырған газетті қолы­мыз­ға ұстап, мақалалар тұңғиығына үңілуге асығамыз. Ес білгеннен бері, қоғамдағы даму үрдіс­теріне араласа бастағаннан бері «Егемен Қа­зақстан» газетін оқып, салмақты тақырыпқа байланысты газет қиындыларын жинасты­рып, каталог жасауды әдетке айналдырып едім. Кейде соларды ақтара отырып, тұтас бір ғылыми-зерттеулермен айналысуға мүм­кіндік беретін ұшан-теңіз құнды материалдар жинақталып қалатынын өзім де аңғармай қаламын. Редакция тілшілерінен бөлек, газетті қызғылықты, тартымды ететін белгілі адамдардың – жа­зу­шылар мен ғалымдардың, қоғам қайраткер­лері­нің толғаныстары, ой сабақтаулары, ашық пікірлері өте маңызды екендігін тілге тиек еткім келеді. Солардың ішінде қоғам және адам, Отан және атамекен, өзара түсінісу мен сый­ласу туралы толғаныстар әрдайым бөлекше бо­лып көрінеді де тұрады. Мақалаларды уақыт өт­кізіп, сол уақыттың сынына салып барып қай­талап оқу адамға шынымен де көп ой сала­ды екен. Еліміздің қоғамдық тұрақты­лық бағы­тын­дағы атқарылып жатқан оңды істер, Елба­сының салиқалы саясаты, Қазақ елінің сыртқы байланыстарынан бастап, халықтың мұң-мұқтажы, рухани әлемі, ұлттық сананың елдік санамен қабысып барып мақалалар тізбегімен көрініс тауып жатқандығы – осының бәрі білгім келеді деген адамның әрқайсысына таным көк­жиектерін арттыруға зор көмегі болады. «Тұлғалар толғанысы», «Алаштың ардақ­тысы», «Өнеге өрнектері», «Көкейкесті», «Ашыл­маған аралдар», «Есімі елдің есінде» сын­ды тағы да басқа көптеген айдарлар бойынша шығатын мақалалар оқырман­дар­дың көзайымына айналғалы қашан. Бүгінгі ақпараттар тасқыны заманында оқырман­дар­ды өз артына ерте жүрудің өзі үлкен шеберлік деп білемін. 160 мыңнан астам тара­лымы бар ел газетінің оқырман аудито­рия­сы да осал емес екендігі айтпаса да түсі­нік­ті болар. Бұдан нені аңғаруға болады дегенге келсек, «Егемен Қазақстан» газеті ұста­нымы жағы­нан да, мақалалардың сапасы мен мазмұны жағынан да көш ілгері екендігін айғақтаса керек. Бұл дәлелдеуді қажет­сінбейтін пікіріме көпшілік қауым да қо­сы­лады деген ойым бар. Газетте жарияланған мақалалар оңай­лық­пен жазыла қоймайтыны белгілі. Олар­дың авторлары ғана емес, кейіпкерлері де оқырман алдындағы, жұрт алдындағы жауап­кершілікті барынша сезініп, оқыған адам­ға  сәл де болса пайдамыз тисе деген ойда болады. Шығарма­шылық сеніммен өз-өздерін дәйім алға жетелейтін тілшілерді, артта еріп келе жатқан талапты да жігерлі жастарды көргенде, олар­дың жазғандарын оқыған кезде кәдімгідей сүйсінетінімізді жа­сыра алмаймыз. Өркендері өссін сол жастардың! Өткен жылы газеттің тұғырлы тоқсан жылдығы аталып өтілді. Бұл тек қалың оқыр­маны бар газеттің тойы болған жоқ, күллі қазақ зиялыларының, журналистері­нің, жазу­шы­ларының тойы болғаны анық. Өйткені, қазақ баспасөзінің қара шаңыра­ғы­на айналған киелі орынды бар қазақ баға­лайды, қалың ел қадірлейді. Заманымен үндес заңғар басылымның қашанда даңқы тасып, тұғыры биік, өресі кең, мерейі үстем болуын тілейміз. Елдік, ерлікпен жасасып келе жатқан ел газетінің еншісі әрқашан елімен бірге мәңгі жасай берсін! Мұратбек ҚАСЕНОВ, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аймақтық экономика ғылыми-зерттеу орталығының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор. * * * Жеделхат

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановқа

Биыл Шу ауданына – 80, Шу қаласына – 50 жыл толды. Шу ауда­ны тұр­ғындарының бұл қуа­ны­шы Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның Сам­митіне ұлас­ты. Еліңнің бас қа­ла­сын­да жер-жа­һанның жайына алаңдаған ұлы жи­ын өтіп жатқанда неге қуан­басқа, неге қуаттамасқа! Осы мерейлі мерекелер мен са­лиқалы кеңестердің жай-жапсарын біз әрдайым республикалық «Еге­мен Қазақстан» газетінің бетінен оқып, біліп отырамыз. Өйткені, ол мә­­селені жан-жақты, толыққанды жа­зады. Астана, Алматыдан бастап өңірлерге  дейінгі атқарылып жат­қан жақсы істерді қамти білетін білімді, білікті ав­тор­лары да өте көп. Олардың басал­қа­лы пікірлері мен орын­ды ойлары оқыр­манын орға жықпасы анық. Со­ны­мен бірге, 90 жастан асқан ата ба­сы­лымның Шу өңіріне де назар аударып, игі істерімізді халыққа дер кезінде жеткізетініне  де өте ризамыз. Біз, Шу өңірінің тұрғындары, биыл ел газеті – «Егемен Қазақ­станға» аудан бойынша 1520 данаға жазылуды ұйғар­дық. Қазірдің өзінде басылымға 1383 адам жа­зыл­ды. Ал алдағы аптада уәдені толық орындаймыз деп сендіремін. Қожахан ЖАБАҒИЕВ, Шу ауданының әкімі. Жамбыл облысы. * * * “Егемен Қазақстан” – қазақ баспа­сө­зінде айрықша орны бар басы­лым. За­ма­наның тамырын дөп басып, ха­лықты барлық қажетті ақпарат­тар­мен жан-жақты қамтамасыз етіп оты­рады. Ал мем­лекетте болып жатқан жақсы өзге­ріс­терді, экономикалық дамуды, әлеу­мет­тік саладағы жақсы­лық­тарды “Егемендей” нақты әрі жан-жақты жазатын басылым Қазақ­станда жоқ десек те болады. Көлеңкелі жәйттер әр мемлекетте бар. Оны көзге шұқып көрсете беру, жұрттың болашаққа деген көңіл-күйін түсіру елге жаны ашығандық емес. Сон­дықтан ел жақсылықтарды көп жа­затын “Егеменді” жақсы көреді. Былтыр Төле би ауданының оқырман­дары 1244 дана газет жаздырып алған. Биылға жазылушылардың қатары одан артып келеді. “Егемен Қазақстан” газетінің ұжы­мына жақсылық тілейміз. Әуелхан ТҰРҒЫМБЕКОВ, Төле би ауданының әкімі. Оңтүстік Қазақстан облысы. * * * Тәуелсіз Қазақстанның тыныс-тіршілігін ел жұртшылығына жеткізуде ата басылым – «Егемен Қазақстан» газетінің алар орны ерекше. Қоғам­да­ғы оң өзгерістерді күн құрғатпай жа­зып, бұқараны ақпаратпен сусында­тып отырған от ауызды, орақ тілді жур­налистеріңіз ел мақтанышына ай­налды. Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық жай-күйін жақсартуда, халықтың әл-ауқатын арт­ты­ру­да, Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баев­тың салиқалы, сарабдал саясатын ел ішіне насихаттауда халықтың көзі мен тілі һәм жүрегіне айналған газет ұжымы еңбегінің зор екенін барша халық біледі. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қа­ра­ғанды мемлекеттік универ­си­те­ті­нің ұжымы газеттің 278 данасына жа­зыл­ды, жазылу әлі де жалғасуда. Қа­лың оқырманды Қазақстан Респуб­ли­касының әлемдегі деңгейі, әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы, білімі мен ғылымы, мәдени, әдеби өмірі жайлы сыр шертетін жасампаздық жар­шысына айналған «Егемен Қазақ­стан» газетін оқуға үндейміз. Халықтың мұң-зарына құлақ тү­ріп, билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айнала білген «Егемен Қазақстанның» ұйымшыл ұжымына шығармашылық табыс тілейміз! Еркін КӨБЕЕВ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің ректоры. Қарағанды.
Соңғы жаңалықтар