14 Желтоқсан, 2010

«Жол картасы» қорытындыланды

818 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жуырда Қазақстан Респуб­ли­касы Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінде атал­ған ведомствоның бас­та­ма­сымен «Өңірлік жұмыспен қамту және мамандарды қайта даярлау стратегиясын жүзеге асырудың қо­рытындылары» тақырыбында бас­пасөз мәслихаты өткізілді. Жур­налистердің басын қосқан атал­мыш баспасөз мәслихатында «Жол картасы» бағдарламасының жалпы нәтижелері мен атқа­рыл­ған жұ­мыстар тізбесі жарияланды. Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Гүлшара Әб­діқалықова әлемдік қаржы-эконо­микалық дағдарыс жағдайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен жүзеге ас­қан халықты өңірлік жұмыспен қамту стратегиясының маңызды­лы­ғына тоқталды. Министрдің сө­зіне қарағанда, «Жол картасы» бағдарламасын қаржыландыруға 2009 жылы 191 млрд. теңгеден астам және 2010 жылы 151 млрд.теңгеге жуық мөлшерде қаражат бөлінген. Бұл бөлінген қаражат деңгейінде екі жылда барлығы 8 962 жоба іске асырылыпты. Атал­ған инвестициялық жобалар ая­сын­да 392 мыңға жуық жұмыс орындары құрылған. Осының нә­тижесінде еліміз бойынша жұ­мыс­сыздық деңгейі 2010 жылдың ІІІ тоқсанында 5,6 пайызды құра­ған. Бұл жұмыссыз жүргендердің саны 482 мыңға жуық адамды құрайды деген сөз. Ал бұл көр­сеткіш жұмыссыздар қатары абсолютті түрде 76 мың адамға азайғандығын білдіреді. «Еңбек рыногының тұрақ­та­нуы­на «Жол картасы» бағдарла­ма­сының аясында салынған әрбір құрылыстың да, кез келген жол­дың да жауапкершілігі айтар­лық­тай жоғары. Білім беру, ден­сау­лық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру ны­сан­дары бойынша да осыны ай­туға болады. Сонымен қатар, жас түлектер үшін алғашқы жұмыс орны, алғашқы өндірістік тәжі­ри­белері мәселелері де аталған бағ­дарлама аясында сәтті атқа­рыл­ған. 16 000 жас тұрақты жұмыс­пен қамтылды», деді Гүлшара Әбдіқалықова. Одан кейін Көлік және коммуникация вице-министрі Еркін Дүйсенбаев «Жол картасы» бағ­дар­ламасы аясында республика көлемінде жөнделген жолдардың жағдайына тоқталды.           Сондай-ақ ауылды елді мекендерді көгал­дандыру, гүлзарларды жөндеу, аумақтарды санитарлық тазалау және жинау сынды жұмыстар да өз нәтижелерімен тиянақты ат­қарылып келеді екен. Бағдарлама аясында кадрлар­ды даярлау және қайта даярлау мә­селелері де өзекті болып та­бы­лады. «Жол картасы» жобаларын және индустрияландыру жоба­ла­рын іске асыру үшін қажетті кәсіптер бойынша, сондай-ақ шет­елдік жұмыс күші тарты­ла­тын кәсіптер бойынша да қайта даярлау жұмыстары ас­паз, шаш­та­раз, есептік курстар, ЭЕМ опе­раторлары, ав­токөлік жүр­гізу­­шісі, құры­лыс­шы сияқты ма­ман­дықтарды қамтыған бола­тын. Қорыта айтқанда, эконо­ми­ка­ның өсу қарқыны бәсеңдеген кезде «Жол картасы» өзіне тиесілі жүкті де, жауапкершілікті де өз деңгейінде атқарып келді. Жұ­мыссыздарды жұмыспен қамту, оларға еңбекақы төлеу, әлеуметтік инфрақұрылым әлеуетін арттыру сынды көкейкесті мәселелер бо­ла­шақта да аталған бағдарла­ма­ның аясында кең ауқымды түрде атқарылатыны күмәнсіз. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.