21 Желтоқсан, 2010

Мәртебе мінберінде

382 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
«Біз осы бір жаһандық қол­дау үшін ризамыз. Бұл біздің ғана жеңісіміз емес. Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық ететін бірінші ТМД елі, ол тарихи тұрғыда өрке­ниет­ті ислам кеңістігіне жа­та­тын бірінші ел, ең со­ңын­да, ол бірінші азиялық ел. Сондықтан, бұл – біздің ор­тақ жеңісіміз». 2007 жылы Ас­танадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ел Тәуел­сіз­дігінің 16 жылдығына ар­налған салтанатты жиынға жиналған қауымға Елбасы Н. Назарбаев осылай деп сөз арнаған болатын. Мемлекет Көшбасшысының осы бір сө­зіне бүгінгі күн биігінен қарасақ, оның мән-маңызы жаңаша тұрғыда ашылып, мойындала түсер еді. Бұл орайда, елордада жел­тоқсанның 1-2 күндері жетекші Ұйым Саммиті әлем­дік саяси сахна төрін­дегі қиюы қашып, кетеуі кеткен түйткілдердің тарқа­ты­луына шынайы мүдделілік танытушылыққа, ЕҚЫҰ қыз­ме­тінің тиімділігін артты­ру­ға ұмтылушылыққа негізделгені анық. Ал ең бастысы, Хельсинки рухынан бастау алған Ұйым қағидаттарының тек бір ғана құрлықтық дең­гейден ойысып шығып, дү­ние­жүзілік кеңістік ауанын тегістей қамтуға баршаны жұмылдыру болатын. Сан түрлі пікірлер мен үн­қатысулар тоғысында өт­кен келелі жиынның қан­дай­лық үдеден шыққандығы жай­ындағы пікірлер Саммит күндері сол мезетте-ақ шетелдік БАҚ өкілдері жазған дүниелері мен ақпараттары арқылы әлемге тегістей тарап жатты. Түрлі пейіл мен қилы пиғылдағы пікірлердің де орын алғаны жасырын емес. Олардың арасында Қа­зақ­станның батыстық шең­бердегі еуроатлантикалық ке­ңістікті еуразиялық шең­берге ұластыру бағытындағы ұм­ты­лысына игі ықылас-ниетін таныта білген жандар да бол­ды. Алайда, барша журналистер қауымы мойын­дай­тын­дай бір мәселе бар. Ол – Астана Саммитінің, соның негізінде қабылданған Астана Декларациясының ең ал­ды­мен Ұйым жұмысын ши­ра­туға, оның түрлі қағи­дат­тарға негізделген қызметіне қайтадан қан жүгіртуге ық­пал еткендігі. Бізге Саммит кезінде журналистердің бір-екеуі­мен жүзбе-жүз сөйле­сіп, олар­дың осы төңіректегі ойларын білудің сәті түскен еді. «Орталық Азияның ең бір беделді мемлекеті – Қазақ­станның еңселі елордасында мұндай ауқымды жиынның өтуі – әуелден қалыптасқан қыз­мет ету тетіктері қалып­ты ырғақтан жаңылған, бұ­рынғы мәртебесіне күдікпен қарау­шылық орын алған Еу­ро­па­дағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымына соны бір сілкініс жасағанын айтуым керек. Оған Ұйым Саммитінің он бір жыл бойы үнсіз қалғаны әсер еткенін де қосыңыз». Бұл – 2013 жы­лы төрағалық тізгінін өз қолдарына алатын ел – Украина журналисінің пікірі. Андрей Юриченко Украина­ның жетекші теле-радио ком­па­­ния­сының бірінде жаңа­лық­тар қызметінің директоры бо­лып қызмет етеді екен. Журналист 2010 жылғы Қазақстан, 2011 жылғы Литва төрағалығы көп­теген түйт­кілді мәселеде сең қоз­ға­луына түрткі бола­ты­нына сенім білдіретінін айтты. Әрине, әлем елдері бас­шы­ларының бір жерде басын қосқан жиындар кезінде оқыс ойлар мен тосын жәйт­тер орын алып қалатынын ешкім де жоққа шығармас. Алқалы басқосу аясында өз­ге ел басшылары мен беделді тұлғалардың Саммиттің ал­дын­да белгіленгендей 5 ж­ұ­мыс тілінде сөйлегеніне қа­рамастан, Украина басшысы В. Януковичтің ресми баян­да­масын украин тілінде оқы­ғаны сол бір үрдістің дәле­ліндей көрінгені рас. «Президент Януковичтің украин тілінде баяндама жасағаны көпті елең еткізгені анық. Ал жалпы мен кез келген Президент өз елінің тілінде сөй­леуге құқылы деп санаймын, В. Януковичтің украин тілінде сөйлегені – хаттамадағы тәртіпті сақтағаны, хаттамада қалыптасқан қағидатты бұзбағаны. Бір көз жеткізгенім, еліміз басшысының шетелде жүрмесін, Ресейге бар­масын, журналистер сауал­дарына орыс тілін шебер меңгере тұрып, өзінің ана тілінде жауап беретіндігі», дейді украиналық журналист бізбен әңгімесінде. Біз одан Украина Парламентіне тіл туралы заңға орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ретінде енгізу бастамасы, оған қа­тысты наразылықтар жайы, Украина жерінде орыс ті­лі­нің «еркін жүруі», сөз орайы келгенде қазақ жеріндегі тілдік ахуал төңірегінде де пікірін сұрап, ой-пайымын білуге тырыстық. «Менің білуімше, Қазақстанда қазақ тілін білмейтін, я болмаса сол тілде сөйлемейтін қазақтар бар­шылық. Оның үстіне, өзге тілдерді жақсы меңгерген қа­зақтар да жетерлік. Алайда, олардың қазақ тілін білмеуі – ойландырарлықтай жағдай. Десек те, бұл Саммит ар­қы­лы Қазақстан әлемге өзін жақсы жағынан көрсете білді. Дүние дидары қазақ аста­насына бұ­рыл­ды. Бұл, сөзсіз, айтар­лықтай үлкен қадам», дейді ол. Ал Саммит кезінде дидарласу сәті түскен ендігі бір журналист – Сауд Арабия­сын­дағы Жидда радиосының тілшісі Мұхаммед Юсуп. Қа­зақ тілінде емін-еркін көсі­ліп, әлемдік саясат жөніндегі ой-пайымын шешіліп айта­тын оны басында қазаққа бір жақындығы бар-ау деп ша­малағанымыз рас. Оған журналист болмыс-бітімінің қа­зақ ұлтына келетіні де әсер еткенін айтқанымыз жөн. Бекер ойламаппыз. Мұхаммед Юсуптың әкесі ұйғыр болға­нымен, анасы қазақ екен. Оның айтуынша, қазақы ұлт­тық салт-дәстүрді жақсы ұстанатын анасы өмір бойы қазақ тіліне деген адалды­ғынан еш айнымай кетіпті. Бұл орайда, М. Юсуптың өзі қазақтардың ортасында өс­пе­генімен, өз отбасында қазақ тілінде сөйлегенін, бұл осы тілді ұмытпауына көп септігін тигізгенін де айтып өтті. «Менің балаларым үйде қазақша сөйлейді. Жастайы­нан солай қалыптасуда. Тіл – кез келген ел үшін ең ізгі, қастерлі құндылық. Түркия­да түрік болып кеткен қа­зақтар көп екені белгілі, сол секілді Сауд Арабиясында да араб болып кеткен қазақ ұлтының өкілдері жетіп ар­ты­лады. Бұл қазақ тілін күн­делікті тіршілікте қолдан­бау­дың салдары. Сөйтіп, өз­де­рінің қазақ екендіктерін де ұмытады», дейді ол ішкі ойын жасыра алмай. Сауд Арабиясы Ұйымға мүше мемлекет емес. Десек те, осы ел өкілінің Саммитке қатысуы ЕҚЫҰ-ның дүние дидарындағы өзгерістерге бей-жай қарамайтынын, түрлі та­рап­тың ішкі мүддесін тү­сіну­ге деген ынтасын бай­қат­са керек. Осы орайда, жур­налист Ұйым­ға төраға бол­ған Қазақстан ту­ралы да өз байламдарын көкей­ге қо­нымды етіп түсіндіруге ты­рысты. «Бұл Саммит Қазақ елінің әлемге танылуына да түрткі болды. Әрине, азуын айға білеген небір алпауыт­тар­дың, ұстанған қағидат­тары әр түрлі елдер басшы­ларының бір тоқтамға келіп, бір пікір ма­ңына тоқайласуы қиынның қиы­ны. Құжатқа қол қойы­л­майтын, ешбір мә­мілеге келмей тарқасатын жи­ындар да болады ғой. Алай­да, Қазақстан бас­шысы­ның шебер саясаткерлігі, көшелі ойлау қарым-қабі­леті Астана Декларациясының қа­был­дануына алып келді», дейді Жидда радиосының тілшісі. Қазақстан келер жылы Ислам Конференциясы Ұйы­мы­на төрағалық етеді. Ал Сауд Арабиясы осы Ұйым ор­наласқан ел. Сөз орайы келгенде, журналист 40 жыл­ға жуық тарихы бар Ұйым­ның мақсаты Ислам елдері­нің сан-саладағы ынты­мақ­тас­ты­ғын нығайтуды көз­дей­тінін, оның Ислам әлемінде белгілі бір рөл атқаратынын атап өтті. «Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында жоғары деңгейдегі түсіністік орна­ған. Қазақстан дегенде оның бас қаласы – Астананы ай­туымыз қажет. Аз уақыт­тың ішінде осындай әсем қаланы тұрғызу – үлкен күш-жігерді қажет еткені анық. Екіншіден, Қазақстан өте қонақжай ел. Саммит кезінде ол жан-жақты көрінді. Бір сөзбен айтсақ, Қазақстан Астана Сам­митін түрлі қайшы­лық­тарға толы қиындық­тарға қа­рамастан, табысты аяқтады. Ұйымның негізгі құжаты қа­былданды», дейді М.Юсуп. Біз кездескен өзге ел жур­налистерінің де Қазақстан, оның Ұйымды басқару қары­мы, Саммитті өткізу қабілеті ту­ралы қысқаша ойлары осын­дай. Бұл – Ұйым құ­жатының қабылдануы қан­дай­лық қиын­ға соққанын, оған асқан төзім­ділік қажет екенін тек Саммитке қатыс­қан ел басшылары ғана емес, журналистердің де сезінгенін көрсетеді. Шынымен де, Қазақстан төріндегі Саммитің басты құ­жаты саналатын Астана Дек­ларациясын қабылдау, «мі­нездері бір-біріне мүлде кере­ғар келетін» елдерді бір жерге иіп әкелу оңайға түспегенін Мемлекет басшысының өзі айтқаны белгілі. Жетекші Ұйымға Қазақ­станның төрағалығы аяқта­луына жарты ай ғана уақыт қалды. Келер жылдан бастап Ұйым тізгіні өзге елдің қо­лына көшеді. Алайда, Еуро­падағы қауіпсіздік және ын­ты­мақ­тастық ұйымының та­рихына, оның ішінде 2010 жыл па­рағына – Қазақ­стан­ның төр­ағалығы, Астана Саммиті өш­пестей жазы­лары анық. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. ------------------------------------ Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.